Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат. Арзан, жалған күлм...
Қасымхан Бегманов: Қазақ деп мұңға баттым мен, Қазақ деп жылап жаттым мен
Өмірбаян орнына жазылған өлең
Тамыздың туылыппын төртінде мен,
Сырым көп сендерге әлі шертілмеген.
Қолды сілтеп кетіп ем барлығына,
Қайтадан Алматыға келтірді өлең.
Иттей талап,
шеттетті,
қақпайлады,
Жан дос деген жақыным сатты айлалы.
«Ішкіш,
жүргіш,
жазғаны түк емес", - деп,
Жоғарыға жалалы хатты айдады.
Эфирлерден ән болып естілмедім,
Тым кеш сездім есімнің кеш кіргенін.
Шынымды айтып,
шырылдап,
шырқырап ем,
Сырларыма сенбеді ешкім менің.
Қатты батты,
жаныма сенбегені,
...Шыр айналды уақыттың дөңгелегі.
Бақытсыз көп ақынға қоса салдың,
Айырбастап біреуге сен де мені.
«Ешкім жаза
алмайтын»,-
жырың бар деп,
Шылауыма оралып,
шырылдар кеп.
«Ғайыперен,
қырық шілтен» алдамайды,
Өзімді-өзім алдаймын шыңым бар деп.
Боратқан етектегі есектілер,
Күн сайын жүрегімді өсек тілер.
Жетімдерге қайырым жасап едім,
Күліп жатты сыртымнан есептілер.
Итпен жылдас,
айлас боп арыстанмен,
Дүние екі келмейді алысқанмен.
Алматының аяулы кештерінде
Талай-талай бір жүрдім данышпанмен.
Күншілдіктің,
апыр-ау,
сыры неде,
Топ-топ қазақ...
бастары біріге ме?
Алыс ауыл,
мен сенің үмітің ем,
«Ақтадың», - деп айтпайды бірі неге.
Бірі айтпады-ау,
жылы сөз шіркіндердің,
Жылап тұрып...
тұлпардай сілкінгенмін.
Ей, пенделер,
сендерден жеріген соң,
Жалғыз барып бейітке күрсінгенмін.
Сезгем нұрлы жанымның тазарғанын,
Бізден кейін шыққандар...
жазар бәрін.
Қарайлама артыңа,
қайран менің,
Ақ сапарға аттанған ғазалдарым.
Бесік пенен бейіттің арасында
«Бесік пенен бейіттің арасында,
Қасымханжан, тарихта қаласың ба?» -
Деп сұрады ағамыз немқұрайлы,
Ақын аздай қазақтың даласында.
«Қаласың ба тарихта?» ойлы сұрақ,
Кернеп бара жатқандай бойды куат.
Қалғым кеп жүр тарихта Қасымхан боп,
Жақсы өлең жазылмай қойды бірақ.
Екінші әлі тынысым ашылған жоқ,
Сандықтағы талай жыр басылған жоқ.
Бұрын жарық көрмеген өлендерім -
Жүрегімнен халқыма шашылған от.
Бұрынғының соқпақты салтыменен,
Сырласамын Отанның халқыменен.
Жүріп өткен жерлерден қозғайын бір,
Жатырқама мені де, алтын өлең.
Қабар ит, не құлып жоқ есігімде,
Жұмысым жоқ
біреудің жесірінде.
Бейітке адам жасайды дайындығын,
Сонау сәби кезінде, бесігінде.
1979 ж.
Бозбаладайын сүйген қызынан алданған
Бозбаладайын сүйген қызынан алданған,
Кешегі сәби сезімдерімде қалды арман.
Елге соғуға қаймығам қара шалдардан,
Ұяттау болды-ау жәудір көз балапандардан,
Ұяттау болды-ау бірге өскен қара талдардан.
Кіндікті кесіп,
жаялығымды жуған ел,
Алыстап кетсем айып көрмегін, туған ел,
Қызғалдақ сыйлап,
баяғыдайын қуаң
бел,
Бала кездегі жүрегімдейін тула, көл!
Төбенде тырна қикуға басып caп құрсын,
Қажыған қарттар тымағын көкке лақтырсын.
Бәрі де жақсы-ау,
Бәрі де жақсы,
туған ел,
Боталап көзің,
Боталап көзім,
қайтейін,
Біраз нәрседен сыбағасыз сен қап тұрсың,
Біраз нәрседен сыбағасыз мен қап тұрмын.
1984 ж.
Шаңын қағып көшелер, кафелердің
Шаңын қағып көшелер,
кафелердің,
Ертеңгі күн қайғы мен әкелер мұң.
Қияңдағы ауылда күтіп жүрген,
Жайын ойлап мұңаям әкелердің.
Жайын ойлап мен жүрмін әкелердің,
Әкелерге бақытты әкелер кім?
Жарқ-жұрқ етіп шамдары күндіз-түні,
Жабылмайды есігі кафелердің,
Әкелерге бақытты әкелер кім?..
Оңтүстік, бізге бесік ең,
Тұсауымызды кесіп ең.
Шәмші ән болып ұшқанда
Шәуілдір жақтың кешінен.
Сол әннің әсем әуені,
Бәйтерек берді мәуелі.
Туған елімнің алдында
Ақ парыз деген әуелі.
Fасырлар көрген Шәуілдір,
Асылдар берген Шәуілдір.
Тарихта қалар ма екен-ау,
Қайран да біздің дәуір бұл.
Мүлгіген қауыз бақтардан,
Мөлт ете қалған шақтардан.
Қаршадайынан көз ілмей,
Қалың томдарды ақтарған.
Азаматындай Алаштың,
Жетім-жесірге қарастың.
Ғұламаларды әспеттеп,
Зиялылармен жарастың.
Сананда Сауран сыры бар,
Жанынды сенің кім ұғар.
Бойында бірге кететін,
Отырарыңның мұңы бар.
Қол сілтеп ғайбат сөздерге,
Илеуге бермей ездерге.
Жанымда болып сүйедің,
Мен жалғыз калған кездерде.
Алқа топтарда мақталған,
Ертеңге хатсың сақталған.
Арыстан бабаңа жетесін,
Алыс та алыс жақтардан.
Қарттарым қимай көз ілсін,
Тайларым тұлпар сезінсін.
Арттағы момын жұртымның
Ендігі сөзі өзіңсің,
Ендігі көзі өзіңсің.
Отқа оранған Отырар
Жанып жатыр Отырар отқа оранып:
«Ояныңдар,
адамдар, аттаналық»,-
Дегендейін қарлығаш шырылдады,
Қос қанатын қаға алмай шоққа қарып.
Қара дауыл азынай жан ұшырды,
Топыраққа талайдың қаны сіңді.
Қас қағым сәт күл болып бықсып жатты,
Құшағына ап Отырар арыс ұлды.
Көре алмады ешкім де ұшқан құсты,
Серпе алмады еңседен басқан мысты.
Жалыққандай Отырар жер бетінен,
Түтін болып бір күнде аспанға ұшты.
Сексеуілдер сыңсиды боз далада,
Бассыз дене... Қарашы қозғала ма?!
Жанып кетті ғұлама кария да,
Жанып кетті сымбатты бозбала да.
Атпайтұғын мұндайда таң да ұзақ бір,
Тапталмады тұяққа жалғыз ақ гүл.
Зұлымдығын дұшпанның бетіне айтқан,
Дар ағашта жас ақын салбырап тұр.
Жусандайын өртенді серілері,
Қорғау үшін туған жер сені, мені.
Аман қалған, дариға-ай, сол апаттан,
Мұңын шағып домбыра еңіреді.
Атан түйе орнынан тұра алмапты,
Дел-сал болып Жер-ана сұлап жатты.
Ағарандап атқан таң туған жердің,
Көкірегіне әлсіз бір шырақ жақты.
Тұра алмады Қаратау жүресінен,
Жалпақ әлем жараға тілесін ем,
Деуші еді-ау қос ғашық келіп-кеткен
Шындарыңа солмайтын гүл өсірем.
Қанқұмарлар дүниені улады,
Уақыт-емші жараны таңуда әні.
Құмға айналған кешегі гүлзар қала
Жүрегінде ақынның жануда әлі.
1977 ж.
Дүние
Дүние кызыл-жасылды,
Сан ұрпақ саған бас ұрды.
Толқын да толқын қазақтың
Топырақ жүзін жасырды.
Өткізіп қилы ғасырды,
Ырысым жатқа шашылды.
Тау менен тасқа соқтым мен,
Халқым деп ғазиз басымды.
Ноғайлы болып аңырадым,
Отырар болып қаңырадым.
Ақтабан болып шұбырып,
Далада қалды сандағым.
Семей де болып сенделдім,
Ертіс те болып емделдім.
Қасіретіңмен қайысып,
Қызығыңды кем көрдім.
Нарын да болып ұлыдым,
Арал да болып құрыдым.
Желтоқсан болып борадым,
Лақтырып тағдыр құрығын.
Төрі ме деп жұмақтың,
Дүние, сені ұнаттым.
Асан қайғыны зарлатып,
Йассауиды жылаттың.
Кесіле жаздап тілім де,
Үзіле жаздап ділім де.
Қиямет-қайым жолдармен
Тұралап жеттім бүгінге.
Тағдырдың шәлкес сұрағы,
Көңілде күй боп тұр әлі.
Бөлініп қалған даламнан,
Бейіттер үнсіз жылады.
Дүние-ай,
сені нетермін,
Мен-дағы бір күн өтермін.
Керуен де керуен ұзаған,
Бабаларыма жетермін.
Дүние-ай,
сені нетермін,
Көз жұмар мәңгі жетер күн.
Сайын да сайын даламды
Кімдерге тастап кетермін.
Жүрегін жаудың қақ тілген,
Алшайтып тұрып ат мінген.
Қазақ деп мұңға баттым мен,
Қазақ деп жылап жаттым мен.
Көзімде мұңның табы бар,
Ернімде шөлдің зары бар.
Жетім ботадай боздадым,
Сөз ұғар біреу табылар.
Алдыма түсті-ау жабылар,
Жабылардан да жалығар.
«Қазақтың зарын айтты-ау» деп,
Мені де жоқтар, сағынар.
Шеттегі көше,
жүретін ойнап бір бала,
Шалқаңнан жатып
қараушы ең ұшқан тырнаға.
Кешір сен,
досым, жасы емес көздің, басқа емес,
Көтеріп сені тұрғызып алар жыр ғана.
Еске алу ауыр,
еске алу ауыр, сол түні
Өзіңді түгел Оңтүстік еске ап толқыды.
Шығарып сені баратты соңғы сапарға,
Машиналар мен адамның шексіз толқыны.
Желбіреп желмен
қап-қара сенің шаштарың,
Қара жер жұтты
қара көздердің жастарын.
Қаралы хабар кернеді, досым, сол түні,
Тұнжырап тұрған қаланың мұңлы аспанын.
Қайғысыз,
қамсыз осындай әсем шат күнде,
Өмір аспаннан
жұлдыз боп мәңгі ақтым де.
Қаралы әуен ойнады туған көшенде,
Жаттың сен қарап жарқырап тұрған ақ күнге.
Елжірей сүйген сезімтал жүрек соқпайды,
Тірлікте мына осыдан өткен жоқ қайғы.
Кіріп келер деп есікке қарап елендеп,
Аяулы анаң, сүйкімді жарың жоқтайды.
Әкесіз күнін сәбилер қалай батырсын,
Арманың сенің ұлыңды алға шақырсын.
Шуылын естіп машиналардың сен бүгін,
Биіктен туған қалаңа қарап жатырсың.
Қырық жыл бойы үміттің жібін үзбедік,
Көктемдер менен жаздар да өтті, күз келіп.
Қара ормандар мен қара жолдардан сарылып,
Оралмай қалған сіздерді біздер іздедік.
Ұлы Отан үшін азапқа қилы көндіңдер,
Сағынған жардың түсіне түнде ендіңдер.
Әр көктем сайын жапырақ болып ағашта,
Қыратқа гүл боп, бәйшешек болып өндіндер.
Батса да жара сыр бермедіндер тістеніп,
Жылап ояндық, қорқынышты біз түс көріп.
Сағыныштардай шемен боп қалған кеудеде,
Әр көктем сайын ораласындар құс болып.
Қырық жыл өтті соғыстан соқ да сан қилы,
Қаншама ана боздағын ойлап жан қиды.
Айналам толы жайнаған жүзді сәби мен
Сіздер қорғаған гүлдердің иісі аңқиды.
Қырық кеп-кетті көктем мен күзің, жазың да,
Барсындар сендер сұлу қыздардың назында.
Барсындар сендер мұңлы әуендердің қаншама
Аналар салған, балалар салған сазында...
Бақыт жайлы баллада
…Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде,
Көп кещеге мен несіне кектенем.
Бізге бақтың сірә қолы жетер ме,
Мұқағали, Төлегенге жетпеген.
Жұматай Жақыпбаев
Тағдыр.., билік еркіндігін шектеген,
Ғарыш жаққа олар босқа кетпеген.
Бақыт, бағың керек емес маған да,
Қолы кеше Жұматайға жетпеген.
Өткен күндер көз алдымда көлбеген,
Сағыныштың саздарымен тербеген.
Пәтеріңді, қызметіңді неғылам,
Қасым менен Жұматайға бермеген.
Құлазумен Кеңсай жаққа қарадым,
Іздегенмен таппай өтіп барамын.
Ұлт бақытын таба алмадым шарқ ұрып,
Бәлкім түбі сен табарсың, қарағым.
Жадымда әлі алыс қалған кез де ескі,
Сезіп өстім тірі пенде сезбесті.
Он алтымда мөлдіреген қыз болып,
Бақыт маған бір-ақ рет кездесті.
Ол ақырын ұзай берді қасымнан,
Ұзай берді… іздеп келем жасымнан.
Маған қайтып жолықпады сол бақыт,
Жан-жағына шуақ болып шашылған.
Елес болды сан сәулелі шақтарым,
Бәрін жиып көкірегімде сақтадым.
Сыйлар едім о, адамдар, сендерге,
Бақытты іздеп жер бетінен таппадым.
Өмір – майдан, шатыласың, шатасың,
Тағдыр жолы… кетіп бара жатасың.
«Бақытты бол, бақытты бол, балам» деп,
Шалдар маған беріп жатты батасын.
Ащысын да, тұщысын да татасың,
Жазықсыздан таяқ жеп те жатасың.
«Өмір жолың ұзақ болсын, балам» – деп,
Әжелерім беріп жатты батасын.
Түп-түзу деп айта алмаймын жолдарым,
Қара қайғы көкірегімді торладың.
Адамдарға тек жақсылық тілеген,
Қалқам неге мен бақытты болмадым?
Ойша шолып өмірімнің жолдарын,
Сырлас болған дарындарды қолдадым.
«Бақытты бол» деді маған қанша адам,
Қалқам неге, мен бақытты болмадым?
Қиял шіркін қияларға шарқ ұрды,
Ұстап өттім әдет, ғұрып, салтымды.
Бақытсыздық себебін сен сұрасаң,
Бақытты деп кім айта алар халқымды.
Бір аңыздан құралады, бір аңыз,
Бақытсыздық себебін сіз сұраңыз.
Бақытты деп кім ойлайды мына қыз,
Не сыйлайды білесіз бе, мына күз?
Құйтырқылау сұрақ қойды, қағытты,
Дарынсыздар бар билікке жағыпты.
Туған елі болса егер бақытсыз,
Шын ақындар бола алмайды бақытты.
Өтті бастан қанша көктем, қанша ақпан,
Тіршілік бұл құлазытқан, шаршатқан.
Жұматайды оқығандар біледі,
Биікпіз біз, байлық пенен мансаптан.
Уақыт түбі барлығынан шектейді,
Осы бір ой көкейімнен кетпейді.
Бір-ақ рет берілетін өмірде,
Бақытыңның қолы маған жетпейді.
***
Қасиетті құпиям бар санамда,
Ол қасиет бартын менің анамда.
Жұматайды жабырқатқан қара жол,
Бүгін міне, қолын созды маған да.
Не айтамын, алып сатар заманға,
Заманына лайық туған наданға.
Кеңшілікті елемеген сол иттер,
Тұра-тұра ұмтылады маған да.
Тап-тап беріп, ырылдап кеп таламақ,
Жүрегімде қалған содан қара дақ.
Тең жартысы өтіп кеткен өмірді,
Қара түнде ойға батам саралап.
Өтіп кеткен сол бір нұрлы шақтайсың,
Ей зарлы өмір сен де бір күн тоқтайсың.
Бақыт іздеп әуре болма бауырым,
Халқың іздеп таппағанды, таппайсың.
Әрбір күнің ойсыз, мұңсыз атпаған,
Жаныңда жүр сұр жебесін сақтаған.
Бақытты іздеп не қыламын әуре боп,
Қанша ғасыр іздеп қазақ таппаған.
Бақытсызбын, ере көрме, қал еркем,
Үмітім бар жетер деген ел ертең.
Халқым кешке бақытты боп көз ілсе,
Бақытты боп оянамын таңертең.
***
Арықтардан су ағады жосылып,
Көктем таяу… сүйеніш ғой осы үміт.
Үкіметі тастап кеткен Алматы,
Құлазиды меніменен қосылып.
Басым қатып толқын-толқын ойлардан,
Мезі болған у-шуы көп тойлардан.
Достарыңның бірі сатқын, бірі жау,
Бұл күндері бақталасқа айналған.
Олар талай нұрлы істерден сырт қалды,
Аң-таң болып қарақұрым жұрт қалды.
Ертең тағы алыс елге аттанам,
Еске алмаймын, ойламаймын қырттарды.
Бұл қала үшін келіп кетер жан қиғым,
Сосын оның қас-қабағын аңдимын.
Үкіметі көшіп кеткен Алматы,
Көшесінде жалғыз қалып қаңғимын.
Мынау дүкен сатады тек қарулар,
Бомба қойған… атыс-шабыс, жарулар.
Кептелісте тізіледі көліктер,
Жол сұрайды асыққан кей арулар.
Әр күн сайын не сұмдықты есітті ел,
Сіресіп тұр құлыпталған есіктер.
Жын ойнаққа айналғандай кафеге
Селт етпейді суық қарап мешіттер.
Осындай бір тіршілік бұл арбасқан,
Жас баласы жағаңа кеп жармасқан.
Менің нәзік көңілімдей мұңайып,
Құлазып тұр қысқы Алматы қар басқан.
Үзік елес сол бір сырлы шақтардан,
Құстар үні естілмейді бақтардан.
Түніменен құлазиды Алматы,
Көшелері аршылмаған ақ қардан.
Жастық шақта талайлармен достасқан,
Вокзал мынау қимай тұрып қоштасқан.
Кесіп-кесіп, бөліп алған барлығын,
Бұл шаһардан жер таппайсың бос жатқан.
Басым ауған жаққа тартып барамын,
Баласы едім кеше ғана даланың.
Тұрғынымыз бұл күндері, қарағым,
Үкіметі көшіп кеткен қаланың.
Төлегенге оралу
Белдерден асып қайырылмай кеткен қара жол,
Шолпандай таңғы дара еді ол.
Далалық біздің шалдардай сергек дана еді ол,
Кей сәтте сәби бала еді ол.
Жалықпайтұғын жағаға қарай толқындай тулап қайтудан,
Теңіздей шулап айтудан.
Қасқая шапты-ау,
алдынан сонда ай туған,
Алыбым едің заманаларға сай туған.
Сыбырлап қана іздейтін мына күз біздің,
Махаббатына өртеніп кеткен жүз қыздың.
Оның жырына жер менен көгің теңселген,
Қаранарым еді ол ел сенген.
Ұлы даланың қырына,
Шыңыраудай түпсіз сырына,
Жасындай аққан Жанарбектердің жырына.
…Жауыз боп кетсең бұл күнің ертең болар мұң,
Келгенде уақыт жауқазындайын солармын.
Оралмайтұғын көктемді іздеп жүріп мен,
Төлеген жырға қайтадан қалқам оралдым.
Жарқырай берші адастырмайтын жұлдызым,
Жанымен сүйген артыңнан ерген ұл-қызың.
Жаныммен сүйген сен туған жақтың бұл жылдар,
Жаза алмай жүмін, жаза алмай жүрмін бір қызын.
Жүрек шіркінде қырық қатпарлы сыр жатыр,
Жазылмай қалған жыр жатыр.
Ал анау текті де туған сол қыздың,
жатырында,
алтын айдарлы ұл жатыр.
Сол бір ұл, бәлкім,
туылмай белімде кеткен,
Бір шырын қалған кенезіп ерінде кепкен.
Несін айтайын сендерге, қалқаларым-ау,
Армандай сұлу қалған-ды жерімде көктем.
Қаталсың уақыт…
жанардан жасты үзгіздің,
Адамдар емес, ұққандай сырды
тоналған мұңлы күз біздің.
Маңдайға әжім сызғыздың,
Жүрекке қатқан ерімес, сірә, мұз біздің.
Төлеген жырға оралдым қайта ормандай,
Елім деп өткен сормаңдай.
Махаббатына өртеніп кеткен жүз қыздың.
***
Ана арудың бойында балам кетіп барады,
Жанарында әкемнің заман кетіп барады.
Алысуға дұшпанмен, күннен күнге, бауырым,
Шамам кетіп барады.
Толқын, толқын, толқын боп қазақ өтіп барады,
Қазағымды қорлаған мазақ өтіп барады.
Жұмақ емес, даламды тозақ етіп барады
Өлгеніңде көзіңе құмы тұрып қалады.
Дәстүрім мен салттарым ұмытылып барады,
Күннен күнге қайтейін төзім бітіп барады,
Жетесізге айтуға сөзім бітіп барады.
Сұлулыққа лап етер сезім бітіп барады,
Ойнап күлер бал дәурен кезім бітіп барады.
Жүрегінде шалдардың ғалам кетіп барады,
Мойнымда ескі дос жалаң кетіп барады.
Осылай да осылай дәурен өтіп барады,
Қадекеңдей асылым әулием өтіп барады.
Ойлап тұрсаң жаныңнан бәрі кетіп қалады.
Сондықтан да көңілім қаралы ғой қаралы
Ұғар менің мұңымды елді ойлаған саналы
Қайран менің жүрегім жаралы ғой, жаралы.
***
Қай қырда қалдың, қиылып туған ай сындым,
Қай жырым менің үзілді
ұшына жетіп қай шыңның.
Жабылып бәрің,
соңыма менің түсердей,
Жолыңды кестім қайсыңның.
Дүниені кезіп архив ақтарып, сары қағаздарға үңілдім,
Сұқсырдай мынау сүмпиген сұрқыңнан сенің түңілдім.
Сорақы болды-ау бүгінгің,
Құлжабайұлы Мәмбетке барып жүгіндім.
А, анау қырғыздағы сыр бүккен он бір жыраның,
Құпия сырын білгенде,
шешем бүгін өлгендей,
ағыл да, тегіл жыладым.
Баурайында гүл аңқыған қолаттың,
Шолтаң етіп өте шықты-ау шолақ күн.
Бір татысқан дәм тұздан да қорықпай,
Ғайбат сөздерді соңымнан менің бораттың,
Болмаса тек еліккен…
бірер ессіз кей кісің,
Бүгінгі есті қазақты саған сенер деймісің.
Қаршта-қарш шайнасып,
Ұлы тарихшымен оңашада ойласып,
Қара қазанға қойды асып.
Мұстафа Шоқай жолымен өткенде жүріп көктемде,
Алысқа сапар шеккенде –
Құс ұшырып төбемнен,
ит қосқанмен топтасып,
Ана иттермен соттасып,
мына иттермен қоштасып.
Тамтығым қалмай кетседе,
Шәуілдеген көп итке сыр берместен өткенмін,
Шуағына шомылып күзбен сол бір көктемнің.
Талқыға түскен тар шақта бұлт ете қалған сол ағам,
Жүрегі оның жаралған екен қоладан.
Намысымды таптаған,
ортаңнан сенің таппаған,
Бақыт дейтұғын итіңді, сол бір итінген,
Табам ба барып моладан.
***
Жаратушым мені еркін жүрсін деген шығарсың,
Бұл өмірдің қадірін білсін деген шығарсың.
Анамды алып… жылап ап, күрсін деген шығарсың,
Асу бермес биікке ұмсын деген шығарсың.
Қиянатқа осынау төзсін деген шығарсың,
Махаббаттың қадірін сезсін деген шығарсың,
Таңғажайып дүниені кезсін деген шығарсың,
Жалған достан біржола безсін деген шығарсың.
Шын сүйді ғой сүйгенін жазсын деген шығарсың,
Шоқай жолын екшелеп қазсын деген шығарсың.
Жағда шалмен сырласып қалсын деген шығарсың,
Сыбағасын өмірден алсын деген шығарсың.
Дүниені шарлап бір қайтсын деген шығарсың,
Жүрек сырын жыр етіп айтсын деген шығарсың.
Қазақ қызын ес-түссіз сүйсін деген шығарсың,
Көңіліне бір мұңды түйсін деген шығарсың.
Ақ қағазға дастан ғып құйсын деген шығарсың,
Сол сүйгенін өзгеге қисын деген шығарсың.
Жаратушым көңілде, жүрегімде тұрарсың,
Көз жетпейтін көкжиек, қол жетпейтін шынарсың.
Менің мұңлы у-шулы өмірімде тұрарсың,
Сәл жұмбақтау, қайғылы өлімімде тұрарсың,
Соңғы минут, соңғы сәт көңілімде тұрарсың,
…Терең ұққан жас ұрпақ өксіп-өксіп жыларсың.
***
Жиделібайсын – көзімнің жасы ыршыған,
Санама жетті-ау ғасырлар сыры сыңсыған.
Бабамнан қалған қайғылы мұңы өлкенің,
Жазира белді, көгілдір көлді көркемім.
Кеудемде қатқан шеменді мұздай ерітерім,
Өзің деп өткен шалдардың сырын шертемін.
Олардың бәрі бейітте жатыр тізіліп,
Көзімнің жасы үзіліп
Тырналар кетті көкжиек асып тізіліп
Жан ұқпас мұңлы сырымды, тұрғандай мына күз ұғып.
Қаншама ұрпақ
ауысқан сыр ғой біртіндеп,
Ертіп кетердей ғайыптан біреу бір күн кеп.
Олардың бәрі жалғаннан өтті арманда,
Байсынға бірге барар ма екенбіз шіркін, деп.
Соларды көріп өстім мен,
Сәби болғасын сұрай алмадым ешкімнен
Содан да болар жалғыздық дертін кештім мен.
Қажытты-ау түнде қамалап ойлар қаңғырған,
Сағыныш дерті жүректе қайта жаңғырған.
Ұлттан ұлттың десекте қалқам кемі жоқ,
Сан ғасырларға созылған дерт бұл-емі жоқ…
Ұлы сахара шапандай болды-ау жеңі жоқ,
Жиделібайсын атамекенім-теңі жоқ.
Жиделібайсын жанардан жас қой төгілген,
Жүрегім бе екен атқақтай соғып егілген.
Қабырғам ба екен біртіндеп тұрып сөгілген,
Құйрықты жұлдыз ағып бір түскен көгімнен.
Жұлынған жағам, жат жанның кеткен қолында,
А, ана Самарқанның Байсынға барар жолында
Әлішер досым екеуміз қанша мұңдастық,
Байсыннан соққан шерлі жел үнін тыңдастық.
…Амал жоқ кері Ташкенге барар қырды астық
Байсын, мен саған түбінде бәлкім соғармын,
Өзіңе қарай құстайын қанат қағармын.
Қабірі қалған әжем мен онда бабамның,
Жоқ іздеп шыққан жолаушы едім кім білсін,
Жоғымды содан табармын..
***
Білемін сіздер өшсіздер,
Қан жоса болып үзіліп кеткен Қаддафименен ыржақтап
суретке түскен ессіздер.
Ессіздер мынау ғаламды жайлап барады талқандап,
Бораған оқтың астында қорғансыз ару қалқам қап.
Ессіздің бірі шыныдан шығып кетердей
ары да бері талтаңдап
Өлген патшаны жүгірді аспақшы болып арқанды ап.
Есіме түсті-ау сол сәтте баяғы Саддам Хусейін,
арқанды салған мойнына,
Қара жер менен қанішер қанға тойды ма?
Түршіктіргендей денемді,
Ливиядағы бүгінгі ессіз той мына.
Экрандардан қан шашқан…
сұмдық, кім күткен,
Дүние мынау төңкерістерден дүрліккен,
Үмітін үзіп қарап тұр бала тірліктен.
Атыс-шабыстан мына әскерлер де сүрліккен.
Алаулап атар ақ таң мен,
жарқырап шығар күн күткен.
…Түсіме кірді ақ әжем түнде
пештің түбінде жүн түткен.
Ақ әжем қайран аруағың желеп-жебеген,
Торыққан кезде демеген.
Түсіме кірді-ау шіркіндер,
Жылап ояндым, тағы да тағы бір күн бер
Айжамал ана аяулы,
Көңілі бәлкім қаяулы.
Жаза алмай асау жырымды,
Тағы да көзім ілінді.
Түсім бе мынау өңім бе,
Мазаңды алдым ба сенің де.
Ары да бері ауған ел,
Қос-қостап бие сауған ел.
Әлішер досым, жан-жүрегімізді ауыртты-ау,
Өзбекке сіңіп біржола Жиделібайсын,
Жаңажол жақта қалған ел.
Бозақтай мынау топырақ басқан мұңлы да,
шерлі қаласын,
Қазақтың анау шетелге кеше
сатылып кеткен баласын.
Шалдардың қайтем жатжұртта жылап
мәңгіге қалған моласын
Созақтың сонау Қаратау асқан
Бабайқорғандай саласын
…Жиделібайсын, Майдамталдайын даласын,
А ана Ташкеннің түбіндегі Қауыншыдайын қаласын,
Есіңе түбі аласың!
Беу, он сегіз мың ғаламат ғалам қайтейін,
Жаза алмай жанның жарасын
Жанарға сыймай, қимайда, қимай барасың
Қамшыменен маңдайдан жібергендейін тартып кеп,
Қадекеңменен, Тұмағаңдардан артық па ек,
Бізден де ертең қаласың!
Түк көрмегендей боласың!
Төрт қақпалы Түркістанға тағзым
Аласапыран жылдарды,
басыңнан талай кешірдің,
Қаншама шаңды жорықты,
санадан сызып өшірдің.
Түркістан ием, біз үшін,
мәңгілік қымбат есімің,
Алаштың алтын бесігі-ай,
мұндасы жетім-жесірдің.
Куәсі болған көнем-ай,
керуен де керуен көшімнің,
Орыста қалған қалалар,
борышта қалған далалар,
Бейжінге тартар күрең жол,
шолтиып қалай кесілдің...
Еңіреп туған талай ер,
елеусіз ғана қап қойды-ау,
Қасқа жолында Қасымның,
ескі жолында Есімнің,
Сынығы еді-ау олар да,
тектіден туған асылдың.
Қазақтың қайғы-мұңдарын,
топырағында жасырдың,
Қайран біздің төрт қақпалы Түркістан,
Қасиетіңе, аяулым,
еңсегей бойлы Есімдей,
Еңкейіп келіп бас ұрдым...
Асылдан да асыл Алашым,
Ақтабан болған
аңырап,
Сығанақ, Сауран,
Құмкент,
құлазып қалған қаңырап.
Көк бөрідейін көп Түрік,
бөлінген кезде жан-жаққа,
Қазаққа қалған киелі,
қастерлі қара шаңырақ.
Нұрға шомылмай бабалар,
жайнамаздарын жаймаған,
Көне бір тарих айналам,
қараймын-дағы ойланам.
Қазақтарымның Намысы,
ғасырлар бойы сақылдап,
Тайқазанымда қайнаған.
Көрген ол қасапханадай,
Отырарымның ойранын,
Баһадүрлерім өткізген,
байрақты алтын тойларын.
Көне кітаптар қастерлі,
заманалардан ап қашқан,
Құл Қожа Ахметтің,
сәулелі сұлу ойларын.
Алақанында Тұранды аялап ұстап уыспен,
Қазағым үшін кетіскен,
жатырлас туған-туыспен.
Бал татып тұрған зәмзәмдай,
суы бар сырлы құдықтан,
Атынан түсіп аңыздай,
Абылай хан да су ішкен.
Ағаларым-ай ардақты,
екі дүниеде сатпаған,
Опасыз дос бар тар жерге,
жебесін сипап сақтаған.
Ағайын аз ба маңымда,
бәйгеге жабы баптаған?
Айналам толы неліктен,
қуыршақ академик пен
жасанды әулие қаптаған.
Солардың бірі жарты күн,
жиреніп жалған дүниеден,
Қылуетке түсіп жатпаған.
Тартылды қанша айдындар,
үйректер ұшып, қаз қонар,
Арын да сатқан азғынға,
бәрібір бәрі аз болар.
Қарайды біздің өмірге,
Әзірет Сұлтан ішінен,
Жәдігер көне жазбалар.
Өзекті жанды бұл өмір,
өліміменен жасқайды,
Өзгеше туған асыл ер,
елімді алға бастайды.
Өркениетке жетсек те,
бабалар жаққан бояулар,
Әлі күн бізге, бауырым,
құпия сырын ашпайды.
Бодан ғып келген кешегі ел,
бір ойын ішке сақтады,
Қап-қара жылан алдында,
ысылдап жатыр шаққалы.
Өзгесін қойшы, қайтейін,
археологтар да аң-таң боп,
Киелі қалам, жасынды,
анықтап әлі таппады.
Жетесіз туған жетім ұл,
жауаптан қашып сырғақтар,
Базарға кетіп аналар,
азайды сәби құндақтар.
Қақтырмай кірпік мазалап,
түнімен ұйқы бермейді,
Жанымды жеген жегідей,
осынау мұнды жұмбақтар.
Көктоғай қайда кешегі,
ғашықтар жетіп алқынған,
Тоғайды қойшы, тәйірі-ай,
артық па ол да халқымнан.
Тереңге тартқан тарихты,
отырып түбі талдармын,
Етекте қалған қазақты,
тағы да тағы алдармын.
Қап қойған арғы жағында,
шекара дейтін сызықтың,
Моласы ғана болмаса,
кешегі өткен шалдардың.
Еңсесін имей ешкімге,
ерлерім өткен төсінен,
Түркістанымның Мысырыңнан несі кем?
Қан тартып келген көп дұшпан,
қара қойдай
шулаған,
Садақтағы
жебесін,
сары алтынға булаған.
Дулығалы батырлар,
тебінгілерін тепсінген.
Түркістан үшін өртенген,
қасқайып тұрып тозақта,
Шүлдірлеген талай жұрт,
бір ата боп біржолата кеп сіңген,
Алшайтып тұрып арғымақ мінген қазаққа!
Сайтан боп түбі кетпесем,
күндер де бір күн өлермін,
Шалқамнан түсіп алдыңа,
ақ кебінменен келермін.
Жатармын мәңгі ұйқыда,
топырағыңа оранып,
Әр көктем сайын ән болып,
құстармен кайта оралып.
Күмбездеріңді қырандай,
айналып ұшар талмастан,
Дәуірге дәуір ұласып,
шайырға шайыр жалғасқан.
Өмірге келер жаңа ұрпақ,
осы Рухпенен көктейді,
Қайда жүрсем де көкейден,
киелі атың кетпейді.
Бір рет сүрген бұл өмір,
жырлауға сені жетпейді...
Мен жылар болсам, аяулым,
өзің деп қана жылармын,
Мен құлар болсам, аяулым,
өзің деп қана құлармын.
Мен сұрар болсам, аяулым,
өзің деп қана сұрармын.
Аман тұр мәңгі қасқайып,
рухы қайран Тұранның.
Азиядағы Отаны,
қастерлі ұлы Құранның.
Түркістан ием,
тарихы түпсіз тереңім,
Айдындарыңа аққулар қонған ел едің.
Он сегіздерге қанат бітірер ертеңгі,
Өзіңде алғаш өріліп еді өлеңім.
Тұрысың ғажап,
көз салып өткен-кеткенге,
Сәлем де бізден біз көре
алмайтын көктемге.
Алыстан арып ақ ниетіменен
Аллалап,
Ат мінгізесің ақ
таяқ ұстап жеткенге.
Ғазалдарыммен тербесем деумен ғаламды,
Асқақ рухың сиқырлап алған санамды.
Киесі ғажап,
иесі қазақ,
Түркістан,
Топырағыңа тапсырғам ғазиз анамды.
Заңдары қатал өтпелі мынау өмірдің,
Уақыт,
сен де көне шаһардан жеңілдің.
Хақназар ханның ұрпағы түгіл кешегі,
Ғаламатым ғой көзіндей Ақсақ Темірдің.
Оқыдық құран тізерлеп
мұңлы молаға,
Жасаурап жанар қарадық
Ұлы Далаға.
Керіле түсіп алдымнан қашты
қара жол,
Хан Кене кірген
Наурызбайды ертіп
қалаға.
Қаруды білген ұсталар
соққан затынан,
Аруды білген ақ кептер
берген хатынан.
Әз Тәуке ханның
Жеті Жарғысы сөйлейді,
Келмеске кеткен
заманалардың атынан.
Алашым менің,
айбарым,
сұстым,
асқағым,
Бал дәурен заман...
өтті де кетті, қас қағым...
Шіркіндер қалай сезімдерменен ойнайды,
Тұран даламның сөйлетіп асыл тастарын.
Caп түзеп тұрып,
Саураннан кірпіш алдырған,
Далалық ұлы махаббатпенен салдырған.
Көктасты қашап, аспан астында Алашқа,
Бабалар біздің шежіре жазып қалдырған.
О, Түркістан,
шапағат бер,
сабыр бер,
Сары даладан бақыт іздеп сабылды ел.
Сағым басқан қырда жатқан елеусіз,
Мені мұңға батырады қабірлер.
Қабірлерім,
өткен ғасыр,
өткен күн,
Тарихы ол кеше өмірден өткеннің.
Мен қайғысын болмысыммен сезінем,
Иесінің сандықтағы шекпеннің.
Қандай ойға бастамайды мына қыр,
Қабірлерге бәйіт арна, дұға қыл.
Еркектерге жылау қылмыс болса да,
Айдалада ағыл-тегіл жыла бір.
Бәйіт арна,
құрбандық шал, дұға қыл,
Дұға қыл да, жүрегіңмен жыла бір.
Қабірлерге қамқор Ана секілді,
Аруағымды қымтап жатқан мына қыр.
О, Ата жұрт,
шапағат бер, сабыр бер,
Сахарадан бакыт іздеп сабылды ел.
Сағым басқан қырда жатқан елеусіз,
Мені мұңға батырады қабірлер.
Иесі қазақ,
Киесі ғажап!
Даналардың данасы!
Адамы алтын,
Қадамы жарқын,
Түркістанның қаласы.
Астанам едің,
Асқақ ән едің,
Сүйген түркі баласы.
Аруағым сенсің,
Байрағым сенсің,
Түркістанның қаласы!
Қастерлі салты,
Ақ пейіл халқы -
Көзімнің ақ-қарасы!
Даңқымды көкке,
Көтерген Меккем -
Түркістанның қаласы!
Сыймай аққан арнаға түбі өзендей толармын,
Үзілетін жанардан бір тамшы жас болармын.
Мән бердім де бір күні жауларымның сөзіне,
Өзім шығып өзімнен қарап көрдім өзіме.
Денем менің дене емес,
көрмесі екен сырқаттың,
От кешіп кеп көктеген сынығы едім ұрпақтың.
Жоқтық пенен ақындық жағаласып туады,
Күзгі тамшы жүзіңді қайта-қайта жуады.
Кеудемдегі лаулаған сөндіреді өртті кім,
Қаршадайдан қазақ деп келе жатқан дерттімін.
Сағынышпен өтті айлар,
сағынышпен өтті түн,
Бұлың-бұлың бұл күнге жетпеді кім, жетті кім?
Шалқып жатқан арнасы түбі өзендей толармын,
Үзілетін кезіңнен бір тамшы жас болармын.
Көше ақындары
Көше ақындары,
көше ақындары арғымақтары даланың,
Алшаңдай басып келе жататын тротуарында қаланың.
Білмейді оны бүгінгі мынау тәртібі жақсы жас ақын,
Мен көрген сол бір көше ақындары шараппен
шөлін басатын.
Зар кезеңдер мен тар кезеңдерде қазақты
олар сатқан жоқ,
Көше ақындары
жер астында да тып-тыныш
ұйықтап жатқан
жоқ.
Өмірде сол бір
көше ақындары
жеңілгендер жақта еді,
Көз жасыменен топырақтарға көмілгендер жақта еді.
Олар хақында сөйлейді өксіп, өкініп, кейде шаттанып,
Мұнлықтарымнан мұра боп-қалған
сыр шерткен ескі дәптері.
Жабығып жалғыз бейітке барар үн-түнсіз
жап-жас жесірлер,
Еркеліктерін
кешірді ел,
енді мұрасын зерттеп шешіңдер.
Артында қалған жас жетімдердің
қабырғалары қатпаған,
Көше ақындары сырласы түгіл,
көз таныстарын сатпаған.
Далалық заң бұл ауызша қалған
бұрынғы өткен
шалдардан,
Запы боп әбден
топырағы өзге қазаққа
қатал заңдардан.
Жазады түбі олар
жайында,
айтады түрлі мінбеден,
Достары түгіл, дұшпандары да көре
алмай кеше күндеген.
Тағы бір кеше көше ақыны өтті
опасыз мынау жалғаннан,
Сұлулықтар мен зұлымдықтарға
сәбидей бейне таң қалған.
Салқын өзендер сахарамызға асыққан асып арнадан
Талайларының баласы түгіл,
моласы тіпті қалмаған,
Қара жер менің көкелерімді
құшағына алған, жалмаған.
Жасай алмаған қатал тағдырда ары да бері қақпақыл,
Том-том боп қалған ата мұралар қазақы нұрлы
сапта тұр,
Көше ақындары
басында мұңлы Мағжан мен қайсар
Қасым тұр,
Соңынан шапқан
жас тұлпарлардан
екі алып солай басым тұр.
Көше ақындары ерке ұлдары,
серке құлдары халықтың,
Солардың мен де көзіндей болып
бетінде жердің қалыппын.
Оралды көктем, құстар да қайтты,
тағы да жарды өрік гүл,
Сендерден бізді
жер жарықтықтың үсті мен асты беліп тұр.
Адал сүт еміп, өмірі мендей
өлеңмен өткен қарағым,
Өзек өртейтін көп ойларымды айта алмай
елге барамын.
Даласын сүйген тектілерім-ай, кектілерім-ай, қайтейін,
Сендермен бірге сан армандарым
кетті менің-ай, қайтейін.
Елеусіз етті сұрама, жаным, жылама, жаным, қайтейін,
Оңаша қалып көзіңнің жасын бұлама, жаным, қайтейін.
Көк аспандағы көк байрағымды
көре алмай ерте көз жұмған,
О, менің қайран ғұламаларым, ғұламаларым, қайтейін.
Арыла алмастан ұлттық арман, ұлттық асқақ ойлардан,
Асылдарым-ай,
аулақтау жүрген қызыл жалаулы тойлардан.
Көше ақындарын ұмытпаңдаршы,
ұмытпандаршы, адамдар,
Солар ғой кеше Алаштың үстін
алты қаздайын айналған.
Туған ауылда
Осы ауылдың бір кезде өндірі едім,
Өткенді ойлап жан-жаққа телміремін.
Арманшыл ем, пәк едім, алғаш рет
Осы ауылда өлең боп мөлдіредім.
Түрлі-түрлі басымнан көшіп көктем,
Адамдық тағдырымды шешіп кеткен.
Жанашырлар ертерек мәңгі ұйқыға,
Анау қырға қоштаспай кешіп кеткен.
Бар қайғысын сол мұнды бөліп қырдың,
Қасқа жолмен көшеңе келіп кірдім.
Жүз жылдық сағыныштың сазыменен,
Туған ауыл, оралып келіп тұрмын.
Жапырағы желге ұшқан күз не дейді,
He ой салар мына елең сізге мейлі.
Елегізіп әлдене күтетұғын,
Бұл ауылда мені ешкім іздемейді.
Тоғай мынау ойнаған баяғыда,
Анам қайта құшағын жаяды ма.
Жаутаң қағып топ бала қарай берді-ау,
Бейтаныс жолаушыны аяды ма?
Алла білер қаншаға шабарымды,
Алдан қандай жақсылық табарымды.
Туған ауыл, өзіңнен ұзап барам,
Жасаураған жасырып жанарымды.
Қол бұлғап қалды артымда
бозбала кездің аспаны,
Алыстап кетті-ау ақырын махаббат дәурен дастаны.
Көзден кетсең де, көңілден кетпей бір қойдың, қайтейін,
Алматы жақта кездескен бала қыз он бес жастағы.
Үзілмей тұрған үміттің
сәулесі суда ойнаған,
Қаратау қарт пен айбынды Алатау болып ойланам.
Досым деп білем сендерді өткен-кеткенге қарамай,
Жердегі барлық адамдар адалдықтарын жоймаған.
Төредей ойлар төбеден
туған бір жаңа айға ұқсап,
Өткен түн кетті көңілге бал дәурен шақтай қайғы caп.
Жалғанның жалған екенін білетін досым аңқылдап,
Кездескен сәтте сызданбай, бір жүрген кездей
жай құшақ.
Қайғысын жүрмін көтеріп
осынау сырлы ғаламның,
Бір сәуле көрдім көзінен өзімнен туған баламның.
Жүрегім қан боп жылады-ай,
қымбаттым еді жалғанда,
Үлгілідегі* қалқиған бейіті ғазиз анамның.
Төбемнен өтті түстікке тізіліп қанша тырналар,
Жабықсаң жалғыз, бауырым, жылқышы
аққан қырға бар.
Есінде қалмай ешкімнің елес боп кетсем бір күні,
Есіңе ал мені, жағаңда асыр caп өскен жылғалар.
Перзенті едім мен-дағы
сағымы жүзген даламның,
Тырнама бетін, бауырым, сыздап бір тұрған жарамның.
Есінде қалсам, қалам мен, қызғалдак өскен Күреңбел,
Құдіретімен жыр жазған қағаз бен мынау қаламның
Есірік жылдар серік боп
ешкідей жалтақ ептіге,
Жанарым талды-ау кеткен мен өткендер жаққа көз тіге.
Түтіп жегелі тұрғанға тентек ұлыңды өзіңнің,
Текті жер, текті топырақ, бермессің түбі тепкіге.
Өзін де өскен еліктен сырларын бүккен ормандар,
Мен құсап әбден сағынып,
бәріне шыдап болғандар.
Біздің ғұмыр бұл сарғайған желге ұшар сары жапырақ,
Жапырақтарыңды соғатын
қарадауылдан қорғаңдар...