«Фолиант» баспасынан Стивен Кингтің «Сол» туындысы «Үздік шетел әдебие...
Сүндет Сейітов. ӨЗІММЕН СҰХБАТ
1. Қазіргі қоғамдағы ақынның миссиясы?
- Ақынның миссиясы - халықты өлеңмен жұбату. Ғажап бір сезім мен сенімге бөлеу. Керек болса, шоу жасау...
2. Сіз үшін ақындықтың бергені?
- Маған ақындық не беріп еді... А-а, маған ақындық жүрек ауруы мен жан тазалығын берді...
3. Сіздің ұғымыңыздағы жан тазалығы?
- Сәби күлкімді сақтау. Сол күлкіммен адамды сүйсінту, оның да езуіне сәби күлкі жарату... Бұдан артық жан тазалығы туралы түсініктеме бере алмаймын!
4. Қоғамымыздағы пайда туралы түсінік?
- Біздің қоғамның бір жамбасы - пайдалану. Ал, бір жамбасы - пайда табу... Жантайса - материалы жақсарады. Шалқайса - әлгісі молаяды. Моральді пайда келтіру немесе пайда табу жоқ. Пайда - материалға құралған, өкінішке орай...
5. Ерлан Жүніс сұхбатында: "Бәріне ақын кінәлі", - дейді. Ақын бәріне кінәлі бола ала ма?
- Болады. Кінәсіз қалмайды да... Бүгін әкім кінәлі болса, ертең ақын кінәлі. Барлық уақытта солай. Ақын ретінде кінәлі болуым мүмкін, бірақ Сүндет болғаныма немесе сүндеттеліп туғаныма кінәлі емеспін...
6. Бала Сүндеттің арманы орындалды ма?
- Ақын болғым келді болдым. Ақын боп өмір сүргім келді, сүріп жатырмын. Ендігі арманым ақын боп жұмыс істеу...
7. Тағдыр ақынды түзейді дейді. Сіз осыған келісесіз бе?
- Келіспеймін десем, не үшін келіспегендігімді түсіндіре алмаймын. Келісемін. Енді бұны түсіндірейін: адам боп туған соң тағдырлы боласың. Құдай он екі мүшені "тағдырды көрсін, сезсін, естісін" деп берді. Көре-көре адам не надан боласың, бері кетсе хәкім, ары кетсе ақын боласың...
8. Өз ортаңызда кімді мойындайсыз?
- Тек мықты емес, жақсы өлең жазған ақынды да мойындаймын. Өз қатарымда мойындайтын, тіпті жақсы көретін ақын достарым бар. Бірақ, аттарын атамаймын...
9. С. Есенин: "ақын - ақындығымен емес, адамдығымен қымбаттырақ" - дейді. Осы ойды сіз қалай түрлендіресіз?
- Түрлендірмей-ақ қояйын. Бұл - аса маңызды емес. Маңыздысы - Есениннің осы айтқанын қолдау...
10. Бүгінгі қоғамда сөз арзан ба, қымбат па?
- Егер қымбат болса, мен сізге ұзын-сонар жауап бермес едім... Сөзге түсінбейтін дүбәра адам көбейген сайын сөз арзандап барады. Кейде өзім де сөзге тоқтай алмаймын...
11. Ақынның арманы?
- Әр кім өзі біледі... Менің арманым - аңызға айналу. Ең қарапайым арманым - ең дәмді тандыр самса жеу...
12. Ұпай түгендеу үшін бәріне бару керек пе?
- Шама келсе, барған дұрыс. Оқушы кезде көп сыныптастарым бестік алу үшін қолынан келгенін жасайтын, ал маған екі қойың бір сом еді. Ұпай түгендеу үшін бәріне бара алмайды екенмін...
13. Өзбектің ұлы ақыны Зулфия ханым 2008 жылы соңғы сұхбатында: "Ташкентте туған ақынның бәрі қайда болса да, Ташкентке, Ташкенттің табиғатында, өзбек жұртының тамырында болғанын сөзімен де, ісімен де дәлелдеп тұрады дейді. Сіз Ташкентте туған ақын ретінде не айтасыз?
- Ташкентте туған ақын - тегін ақын емес... Олар болашақта энклопедияда немесе мәңгілік тарих бетінде қалады. Ал, маған жақсылап ойлану керек. Ташкент жайлы айтар болсам, Ташкент - ғажап қала!
14. Сізге Ташкент не берді?
- Ташкент маған өмір берді. Түсінікті талант, түсініксіз мінез берді. Рязань Есенинге не берсе, Ташкент Сүндетке дәл соны берді...
15. Біз Нұр-Сұлтан (бұрынғы Астана) қаласын махаббаттың, арманның қаласы дейміз. Сіз үшін Ташкент қандай қала?
- Ташкент - мен үшін шедевр қала. Табиғаты керемет. Ауа райы 50+. Маған ұнайды.
. . . Сіз атаған Нұр-Сұлтан - Қазақстанның астанасы. Мен атаған Ташкент - Өзбекстанның астанасы. Ташкент - саябақтың қаласы, Нұр-Сұлтан - саясаттың қаласы...
16. Биыл "Жастар жылы" жылы болып белгіленді. Сіз жастар жылы жарияланғанда қуанғандардың қатарында болдыңыз ба?
- Қуанбадым. Бәлкім қоғамдық көлікте үлкендерге орын бермесем немесе жастар жылы ғой деп үлкендер бізге орын берсе қуанар ма едім... Бұл жылы да ешқандай өзгеріс болмайтын сияқты.
17. Өлеңдеріңізде ақиқат басым ба әлде көңілжықпастық басым ба?
- Ақиқат емес, шынайылық басым!
18. Француз әдебиеті сыншыларының мынадай сөзі бар:
"ақын - болашақты сөзбен болжайды", - дейді. Сіз осыған қосыласыз ба?
- Әрине. Сөзбен де, көзбен де болжайды.
19. Сүндеттің таңнан кешке дейінгі өмірінде ақындық басым ба әлде адамдық басым ба?
- Егер мен бір күн адам болмасам, бірнеше күн ақын болмаспын. Адамдық басымдық бермесе, ақындық қайдан болсын. Адамдық болмаса, ақындық болады деп ойламаңыз. Есіңізде болсын!
20. Адамға жақсылық жасау бүгінде азайып кетті деп жатамыз...
- Ол ежелден көп һәм аз еді. Азайып кетті деп қарлығашты айтсақ болады...
21. Сізге өлеңнен басқа не қызық?
- Күнә болса да, ұят болса да айтайын: қызық - секс. Сексті жыныстық қатынас деп түсіну қате. Секстің негізгі мағынасы - қарым-қатынас. Демек, маған айналамдағы адамдармен дидарласқан, сырласқан қызық екен. Күлмеңіз...
22. Бірінші орынға нәпсіні әлде арды қоясыз ба?
- Сіздің ойыңызша нәпсі деген не? Меніңше нәпсі - адамның сезімі, құмары. Нәпсі сізді емес, сіз нәпсіні дұрыс пайдалана білу керексіз. Пайдалана алсаңыз, ар бірінші орынға шығады. Ары қарай өзіңіз ойланыңыз...
23. Төсек қатынасы деп айтып қалдыңыз. Халықтың қаперінде ақындар "қатынқұмар, жүргіш" ретінде де сақталған. Батыс, Орыс әдебиетінен белгілі...
- Дұрыс айтасыз - жүргішпіз. Бір орында отыра беруге де болмайды ғой... Ақынның адалы бар, арамы бар. Арақты ақыннан басқа ешкім ішпейтін сияқты. Сұлуды ақыннан басқа ешкім құшпайтын сияқты. Бәленің бәрі Шымкенттен шығады дегендей, бәленің бәрін ақын жасайдыға апармаңыздар. Ақын - молдаға қарағанда мейірімді. Батыс, Орыс әдебиетінен белгілі деп қалдыңыз. Олардың әдебиетін білем. Олардың поэзиясы мен прозасынан жүргіштікті байқамаппын...
24. Жан ауруы дегенді қалай қабылдайсыз?
- Дәл сіз сияқты қабылдаймын...
25. Жүрегіңіз жиі шаншый ма?
- Иә
26. Еңсеңіз езетін мұң ба, ой ма?
- Жоқшылық...
27. Төле би бабаңыздың жатқан жерінен осында келдіңіз. Ендігі ескіге бет бұрып, тарихи дастан жазатын ойыңыз бар ма?
- Төле би жатыр деп, жата бергім келмеді. Менің жүрген жерім күн мен айлы болсын, бабамның жатқан жері жайлы болсын!
Тарихи дастан жазбаймын. Негізі көлемді бір дүние жазуға ерінем. Солай ерініп жүріп шағатай тілінен орта ғасырлық Хафиз Хорезми, Мухаммад Салық, Мухаммад Шайбониханның ғазалдарын қазақ тіліне аудардым. Тек тәржіма...
28. Сізге Омар Хайям жақын ба?
- жоқ...
29. Рудаки?
- Бәлкім мен оларға жақын шығармын?
30. Шағатай тілінен тәржіма жасап жатырсыз. Түркі халықтарының әдебиеті бір -бірімен байланысы жағынан қаншалықты деңгейде?
- Зор деңгейде!
31. Сіз Маяковский жақын ба, Есенин жақын ба?
- Есенин. Екеуміз бір күнде, бір уақытта туғанбыз. Оған қоса маған Луй Арагон да жақын. Үшеуміз бір мезгілде туғанбыз...
32. Жоқшылық деп қалдыңыз. Жоқшылық адамды неге үйретеді?
- Шүкіршілік пен төзімнен басқа ештеңеге үйретпейді.
33. Жоқшылық - кемдік пе?
- Жоқ. Артықшылық...
34. Сіз небәрі 21 жастасыз. Сіздің жасыңызда Қ. Рысқұлбеков ерлік көрсетті. Қазіргі жиырма бір жастағы еркектің бойындағы қасиет қандай деп ойлайсыз?
- 21+...
35. Әдебиетте өлеңдеріңізге баға мен пікірді аға буында кімнен күткіңіз келеді?
- Менен мықты, тәжірибесі мол тұлғалардың бәрінен пікір күткім келеді...
36. Қалам мен ақ парақ берсем, не жазасыз?
- Құстар ұшып барады... Сурет салам. Қол қойып тастаймын...
Менің нағашы жұртымнан қасқа суретшілер шықты. Оның бірі, өзім "Ұлы мүсінші" деп санаймын, ол - Талғат Серікбаев. Со сияқты суретші болғым келген. Өкінішке орай ақын болып кеттім...
(орманға кетіп бара жатқан пілдің суретін салар едім... )
37. Сүндеттің жүрегін тербейтін "Сұлулар галереясына" кірейікші... Поэзияңызда әйел бейнесі белгісіз кейіпте елестейді. Нақты кім екенін көре алмаймыз.
- Дұрыс сезеді екенсіз. Мен көбіне сұлуларға гүл сыйламасам, өлең арнамаймын. Сіздерге белгісіз ару тек маған көрінеді. Ол өмірде жоқ. Осыдан он жыл бұрын денесі паршаланып, қанжоса күйінде "Құдай атасына" кеткен. Сол қыз...
38. Жастар әдебиетінде, яғни қатарыңызда Әділет Шопен, Нұркен Нұрғазы, Мұқағали Кенжетайұлы бар. Осы үшеуінің қайсысының шығармалары Еуропалық үлгіге жақын?
- Үшеуі де үш түрлі. Әділет - Батыс, Нұркен - Солтүстік, Мұқағали - Оңтүстік сияқты. Енді осыған қарап, кімнің Еуропаға жақын екенін табыңыз. Меніңше үшеуінің де Еуропаға қатысы жоқ. Кәдімгі жаңа қазақ поэзиясысының жаңа сарынды ақындары.
39. Сізге ғашықтық не беруі мүмкін?
- Ештеңе!
40. Сүндет, сұхбатымыздың соңғы сұрағы болсын. Сүндеттің келешек пен өткенін сабақтастыратын ең маңызды нәрсесі не?
- Күлкі...
--
Мейірхан Топанбай