(Әңгіме)Кәусар бастауыш мектептің табалдырығын қаладағы мектеп-интернатта аттады. Институтта оқитын...
Жұлдыз Тойбек. Ақын Кәрім Сауғабаев жайлы ойтолғау
КСРО Жазушылар одағының мүшесі, журналист, ақын Кәрім Сауғабаевтың туғанына – 80 жас
АҚЫН. ҚАЙРАТКЕР
Өткен күнге саяхат жасасам, көз алдыма алыстап бара жатқан небір аяулы күндер тізбегі елес береді. Тұлымшағым желбіреп тұңғыш рет жыр жолдарын жазған күндерім, сиясы кеппеген тырнақалдымды толқи оқыған сəттерім, ата-анамның қылығымды қызықтай қараған қайталанбас мезеттері мəңгі оралмастан тым алысқа кете барды.
Кәрім Жұмабекұлы туып-өскен Қарағанды облысы, бұрынғы Егіндібұлақ ауданы - қазақтың маңдайына біткен небір жақсылар мен жайсаңдардың мекені. Қасиетті топырақ қай заманда болсын дарынды ұл-қызға кенде болып көрмеген. Сондай дарынды ұлдарының бірі, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, үлкендердің ғана емес, балалардың да сүйікті ақыны бола білген Кəрім Жұмабекұлы Сауғабаев ағамыз еді.
Республикалық «Балдырған» журналынан жергілікті ақын ағамыз Кәрімнің балаларға арналған өлеңдерін оқығанда, өзіміздің сол бір балғын шақтағы қылығымызды тап басқанына таңданып, мәз-мейрам болушы едік. «Мойындау» атты тұңғыш жыр жинағы 1972 жылы жарық көрген. Айналаның бәріне пәктікпен қарайтын періште көңіл біз осындай өлең жазған ақынды жақыннан бір көрсек деп армандайтынбыз.
Сол арманым күтпеген жерден орындалды. Әкем Тойбекұлы Райымбек аудандық «Ленин туы» газетінде ауыл-селолық жерлерден жазатын белсенді тілшілердің бірі болатын. Сексенінші жылдардың басында жаз айында әкем екі-үш адамды түскі асқа үйге ерте келді. Суретін газет-журналдан ғана көріп жүретін Кәрім ағамды көргенде таң қалып тұрып қалыппын. Мен сілейіп тұрып қалсам керек, бір ағатай келіп шашымнан сипап өтті. Кейінірек білдім бұл кісі ақын Қанат Мақышев екен.
Қонақтарға қызықтай қараған мен өзімнен кейінгі тетелес сіңілілерімді алып дөңгелек үстелдің төменгі жағына жарыса отыра кеттік. Әкей марқұмның жақсы бір қасиеті қонақ келсе бізді қуаламайтын. Бұл жолы да ағалардың тауып айтқан сөздерін құлағымызға құйып алып отыра бердік. Үлкендердің сөздерін тырс етпей тыңдап отырған біз жаққа жақсылап қарап алған Кәрім аға бір кезде өлең оқысын. Ақынның өз аузынан оқыған мына өлеңдерін құрбыларымның көрмегенін, естімегенін қарашы деп іштей өкініп отырмын. Сөз арасында «Көкшетаудан келгенмін» деп сыр шертіп отырған Қанат аға да қалыспай жыр жолдарын түйдегімен төксін. Кенет орнымнан атып тұрып (қалай ұшып тұрғанымды білмеймін) өзімнің шығарған бір «шатпағымды» жатқа оқи жөнелдім.
- Бәрекелді,- деп үлкендер жағы мәз болысып қалды. Іле Кәрім аға:
- Реке, «Қазақстан пионеріне» өлең жазып жүрген осы балаңыз ба?-
деп сұрады. Әкем басын изеді де, үнсіз қалды.
Кейінірек аудандық «Ленин туы» газетінің редакторы Кәрім аға газет бетіне беруге бір топ өлеңдерімді суретіммен қоса сұратты. (суретте) Демек, ақын аға сол кездері өзі көрген бұлақтың көзін ашу керектігін қатты көкейіне түйіп кеткен екен-ау. Сонымен Кәрім ағаның алғысөзімен аудандық газеттің жарты бетіне өлеңдерім мен суретім жарыққа шықты. Мұны көргеннен кейін тіпті қанаттана түстім.
Мектеп бітіргеннен кейін сол жылдардағы шұбартаулықтардың бастамасымен бір жыл шопандар жастар бригадасында еңбек еттім. 1985 жылы «ақын-жазушы боламын» деп ҚазМУ-дың журналистика факультетіне барып түстім. Алматының әсем аясында жан-жақтан жиналған жастардың ырду-дырдуымен, күнделікті конспект жазумен жүріп, екінші курсты тәмамдағанымды да аңғармай қалдым. Жазғы демалыста Балқантаудың бауырына орналғанмын. Автобекеттен ауылға баратын автобусты күтіп тұрғанымда Кәрім аға кездесе кетті. Жөн сұрасқан соң:
- Өлең жазып жүрсің бе?- деп сұрады. Мен үнсіз жанарамды төмен салғанмын. Сол сәт үсті-басыма бажайлай назар салып тұрған ақын:
- Қарындасым, иығыңа ақ шағаладай көйлек ілген соң шабыттың
ауылы сенен алыс қалған шығар?!- деп жеңіл күрсінді.
Тура төбемнен түсті. Оқуға түскелі өлең жазбағанмын. Қысылғаннан бірдеңе деп ақталған болдым. Онымнан түк шықпағандай.
Ақын қасымнан ақырын жылыстай берді. Өкпелеп кеткендей болып көрінді маған. Бірақ осынау бір-ақ ауыз сөзімен мені ойландырып кетті. Күні бүгінге дейін сол сөз жадымнан шығар емес...
Көзінің тірісінде Кәрім аға өзінің туған жері Едірейді, Балқантауды төбесіне ту етіп көтеріп, жырына арқау етті. Оған ақынның «Балқантаудың басында» және «Үшқара оттары» атты кітаптары куә.
Тоқсаныншы жылдардың ортасындағы ауумалы-төкпелі уақыттың өзінде ел туған жерінен үдере көшіп кетіп жатқанда, ақын аға киелі топырақтан кетпей, елінің мұңын шағып, жоғын жоқтаушы болып Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне көлемді-көлемді мақалалар жариялап жатты. Туған жердің жаршысы бола білді.
Бүгінде өмірден өтіп кеткен Кәрім аға туралы көп толғанамын. Ақын жүрегі нәзік, сезімтал. Жақсылық көрсе, балаша мәз болып қуанады, жамандық көрсе жүрегі жылдам жараланып қалады. Қасиетті Қаз дауысты Қазыбек бабасының атындағы аудан тарап, Балқандау елінің жұрты тоз-тоз болып боса бастаған сол бір нарық жылдарының салқыны ақын жүрегін жаншып жіберді ме? Әлде ақынымызды барында алақанға салып, аялай алмадық па?!
Балқантауға барғанда аңқылдап алдымнан шығатын Кәрім ақын бүгінде арамызда жоқ. Ақын жүректің мәңгілік дамылдағанына біраз жылдар өтті. Алайда ақынды өлтірмейтін оның өлеңі бар. Сол өлеңге ие болып қасиетті Қаранұраның аяулы қызы, ақынның айнымас жары Майраш Ақашқызы қалды. Кәрім ақынның барын түгендеп, жоғын жоқтап, шамасы жеткенше қалған мұрасын жариялатып, қазақ руханиятына қосуға ат салысты.
Тағдыр екеуін сонау студенттік кезде кездестірді. Кәрім Қарағанды педагогикалық институтында оқып жүрген кезінен елім, жұртым, туған жерім деп азаттық мұратын жалаулатты, қоғамға бала көзбен емес есейген оқыған, азамат ретінде қарап, ұлттың басына келер қиыншылықты, болып жатқан өзгерістерді сезе жүріп күрес жолына қалай түскенін байқамай да қалды. Қазақ тілінің қолданысқа енуі кеміп, мектептер жабылып, балабақша орысшаланып, оқығандар балаларын орыс сыныптарына беріп, жоғарғы оқу орындары тек орыс тілінде оқыта бастады. Жиналыс орысша жүрді, тіпті қазақы деген ауылда құжатты орыс тілінде толтыру талап етілді, бұл әсіресе ауыл адамдарына қиын болды. Кәрімнің елге барған сайын жүрегі ауырып қайтатын, осының бәрі жалындап тұрған жас жігіттің жүрегіне от салды, ана тіліне деген аяушылығы рухына жігер берді. Мұндай жағдайда үнсіз отыруға болмайтын, әйтеуір бір нәрсе істеу керектін, курстасы, белгілі қаламгер Мақсым Омарбеков екеуінің таңдаған жолы қазақ намысын ояту болды.
Олар мемлекеттік жаншу машинасынан тайсалмастан еркін ойдың кептерін көкке еркін қалықтатқан, кешегі «Алашорда» партиясы көтерген ұлы мұраттардың өлмегендігін дәлелдегендей елін сүйген ерлер партиясын негіздеп /ЕСЕП/, азат ойдың тұғырын биік ұстаған қазақтың біртуар ұландары Бүркіт Ысқақов, Жаппар Өмірбеков, Махмет Темірұлы сынды ағалардың ісін ертеңгі күнге асырды. Істің артының жақсылықа апармайтынын олар білді, біле тұра соған барды, елінің ертеңгі егемендігі үшін бастарын тіккен еді. Олардың азат ойға шақырған парақшалары Қарағандыдан шығып, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, басқа да қалаларға жол тартып жатты. Әрине, кеңестік қырағы комитетшілер оларды алысқа ұзатпады, адымдарын аштырмай құрсауға түсірді. Іс әшкерленген соң, жөргөкте тұншықтыру басталған, алдымен комсомол қатарынан аластатылды, соңынан оқудан шығарылды.
Майраш Ақашқызы Кәрім ақынға тұрмысқа шығарда ақындық атағы білініп-ақ тұрған, алайда оның күрескер атағы одан да екпіндеп тұрған-ды. Айдың аманында үкіметке қарсы шыққан жігітті қыздың ата-анасы онша жақтыра қоймаған. Естулерінше Сібірдің орманынан әупірімдеп қалған. Бұл сөзді естігендердің көңіліне секем кірген. Ол кездегі ұрпақ жадынан отыз жетінің қорқынышы әлі кетпеген. Бәлкім, үлкендердің есіне Сәкен, Бейімбет одан қалса туысы Есжан, Ералыдан айырылғандары түскен болар. Ақмола іргесінде болғандықтан бәрі көз алдарында өтті десе де болады. Жетпегені енді күйеу балаларының да халық жауы болып шыққандығы. Майраштың бүгінгі қадамы қателікке, бақытсыздыққа ұрындырса не істейміз деп ата-анасының, бауырларының жүректері сыздаған-ды, түн баласында көз ілмей талай таңды атырған. Бірақ алған бетінен қайтпай тұрған Майрашқа сүйсініс те білдірген. Қылар қайрандары болмай, бөгет бола алмайтынын түсінген әке – шешесі:
– Аталары – Тілен батыр емес пе, алған бетінен қайтару мүмкін емес, – деп батасын берген.
Сөйтіп, баяғыда елі іші егесінде жылқыларын барымталап, сырымта қайтарып, аты шыққан шалғай, таулы елге келін болып түседі. Бұрын Қу, келін болып түскенде Егіндібұлақ, кейінірек Қазыбек би атанған аудан Кәрімнің есімін Алашына жайды. Кәрімнің арқасында өнер адамдарымен, қазаққа аты шыққан ел ағаларымен, танымал тұлғалармен тонның ішкі бауындай араласты.
Жұрт арасында өнер адамдарына жар болу қиын ба, оңай ма деген сауал қалмай келеді. Жауабы қилы болып қайтарылатын болғандықтан солай шығар деп ойлайды. Әйтпесе ақын да кәдімгідей өзіміз сияқты ет пен сүйектен жаралған емес пе? Адам алдымен өзін жарылқайды, өзін сүйеді. Артық сезімі қалғанға бұйырады. Ол баласы болуы мүмкін, ол арысы болуы мүмкін, ол ақын болу мүмкін. Кәрім сондай ақын бола білді. Майраштың еркін жаулап алды.
Бірге өткізген әрбір күндері, жылдары көз алдында. Бір күні Алматы кетіп бара жатады, бір күні Алматыдан келе жатады. Үйлерінде есік болғанымен құлпы болмады, келушілер, әрине, өнер іздеп келетін, өлең іздеп келетін. Соның арқасында кіммен ғана сыйласпады? Танымал сазгер Ілия Жақановтың отбасымен сыйласты, үйге жарқырай келетін Ақселеу Сейдімбекті, әдемі әнімен шаңырағын думанға толтыратын Қайрат, Ескендір, Қапашты сынды дауыстарын көктегі қудың қиқуына қосқан әншілерді қалай ұмытсын! Олардың әрбір келіп, кеткені жатқан бір тарих. Жайық, Тұрсымбек ағайды, «жеңгей» деп сызыла әзілдейтін, әдебиеттің қас сарбазы Оралханды, баладай күлкіге толы сезімі бар Әбдірахманды, Кәдірбекті, әлемге әйгілі әртіс Асанәлі ағай сияқты қазақтың марқасқаларын талай күтіп, алдарына ас тартқан еді. Бір келгенінде:
– Кәрімге орта керек, ол көшпесе төрт баланы Алматыға алып өзің көш, артыңнан өзі-ақ келеді, – деп еді академик Рымғали Нұрғалиев.
Қазақтың бұлбұл қыздары Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова келе жатқан көрінеді дегенде:
– Соларды ауыл аралатып келемін, – деп қуанып, есі шығатын.
Кісіні алалауды білмейтін, өзінен кейінгі талабы бар жастардың басқан қадамына сүйсініп, қолтығынан сүйеп демеп жіберуші еді.
Еркеш Ибраһим ақын «Теміртау толғауы» деген кітабын сыйлап тұрып:
Ақын досым, дауылды інім, Кәрімім,
Едірейдің дауысындай әр үнің.
Балқантаудай жаңғырыққан дарының,
Тәттібеттей күйдің басып тамырын... –
деп қол қойып, тілек жазыпты.
Ал Тұманбай Молдағалиев ағасы «Махаббат оты сөнбейді» деген кітабына :
Ағам да жоқ, інім де жоқ бір туған,
Соңдықтанда жағам көптеу жыртылған.
Бір інім боп жүрші жаным қасымда,
Ақын десем ең аяулы жұртымнан.
Сенде де сеңген ағам бар деп алдында
Мен де қамқор боп жүрейін сыртыңнан, – депті.
Ақынның жанын ақын ғана түсінеді деген осы!
Ақселеу, Ілия, Тұманбай ағаларымен, Жайық ақсақалмен хат жазысып, көкірегі ояу, көздері ашық, ойы сергек жандармен хабарласып, өзіне күш -қуат алғандай қанаттанып жүретін.
Зымырап уақыт өтіп жатты. Кәкең бір ауданның білдей Бас редакторы. Ел басына қиыншылық түссе газетке жүгінетін.
1985 жылдың көктемі еді. Аудан басындағы комсомол-жастар шопандар бригадасы көптің тілегі қабыл болып құрдымға кетті. Жер-жерде құрылған сондай бригадалар талай ұл-қыздарымыздың түбіне жетті, жастық шақтың арманы орындалмай адыра қалды.
Жастар мектеп бітіруге таянған кезде Кәрімнен маза кететін. Хат-арыз толастамай ағылып жататын. Сол кезде шенеуніктердің сорына айналған бюрода, «халық жауы» атанып қызметтен қуылады. Майраш сол күні мектептен кеш шығады. Үй іші көңілсіз екен. Абыржып қалып, отағасының қасына таяп:
– Иә, отағасы, не болды? – деп сұрайды.
– Не болсын, ойларына келгендерін іске асырды. Өзім сенген көзі ашық ағаларым, институттан қуылғанымды айтып табалады. Әсіресе, «халық жауы» дегендері жаныма батып кетті.
Сонда Майраш:
– Жә, жетеді. Мен қарапайым жүргізушінің қызымын, редактордың әйелі болып туған жоқпын. Болған іске болаттай болайық. Креслоңды алса да, қолыңнан қаламыңды ешкім тартып ала алмайды. Шай ішейік, қалғанын уақыт көрсетеді, – деп басу айтып, азаматын сабырлылыққа шақырған. Әрине, ақын ағаның жұмыссыз қалуы отбасы үшін оңай болмады. Жұмыстан шығарылған соң күндіз келетін ағайындар, жақын достар түнге ауысты. Ел амандығын тілеп, өздері де мұны құп көрген. Көшеге шықса қарапайым халықтың амандығы түзу, шенеуніктер болса теріс айналды. Адам шіркін оғанда көнеді екен-ау.
Ақынның жүрегі нәзік. Сәл жылы сөз естісе, күннің көзіндей жарқырап шыға келеді, пәс хабар жетсе көңілі жабырқап, қирап, күйреп қалады. Қызмет бабындағы әділетсіздік, айналасындағы кейбір екіжүзді жандардың жәдігөйлік іс-әрекеттері ақын жүрегіне салмақ салды.
Майра апай бір сөзінде:
— Ағаларыңның өлеңінің бәрі ауылда туды. Ауылдың бір таусылмайтын күйбең тірлігімен алыса жүріп өлең жазды. Кейде көшеде өлең шумақтарын ойлап келе жатып, жанынан өткен адамдарды байқай бермейтін сәттері болатын. Әділетсіздікке қарсы шығатын. Баяғыда Егіндібұлақтың мектеп бітірген түлектеріне аттестат бермей, комсомол - жастар шопандар бригадасына күштеп жібергенде «Қазақ қашаннан бері қызын қойдың соңына салып қоюшы еді?» деп шырылдап ара түсем деп жоғары жақтан да әжептәуір таяқ жеген кездері болды, - деп толғанды.
Сөйткен ақынның адал жары Майраш өткен жылы дүние салды. Бар арманы - Кәрімнің көзі тірісінде іске асыра алмай кеткен жазған дүниелерін бұзып-жармай ел қолына түгел тигізу еді. Балаларға арнаған кітаптарын бір том етіп, үлкендерге арналған өлеңдерін де том-том етіп шығарсам деп жүр еді. Сонымен қатар бүкіл қызметін, қажыр-қайратын, шығармашылығын арнаған туған жері Балқантау бауырында есімі қалса деуші еді...
Несі бар, Кәрім десе Балқантауды, Балқантау десе Кәрімді ойға алатынымыз сөзсіз. Кәрімдей Балқантауын жырлап өткен ешкім жоқ.
Есімі республикаға белгілі, балалар әдебиетінде өзіндік орны бар сыршыл ақын, қарымды қаламгер, КСРО Жазушылар одағының мүшесі Кәрім Сауғабаевтың есімі жыр сүйер қауымның жүрегінде ұмытылмасқа жатталып қалды. Өзге ақындардан бір ерекшелігі Кәрімнің өлеңдерінің көпшілігі балаларға арналды. Ал балаларға өлең жазу - теңіздің түбінен маржан тер- гендей қиын екенін екінің бірі біле қояр ма екен?!
Тірісінде бір рет те шығармашылық кешін жасай алмай арманда кеткен Кәрім ағаның, ең болмағанда, облыс көлемінде еске алу кешін ұйымдастырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен қатар тартымды жырын балаларға тарту еткен ақын есімін балалардың білім алатын ордасы мектептерге беру мәселесін қолға алатын кез жетті.
Осыдан біраз жыл бұрын көмірлі қаланың «Шығыс» шағын ауданында қоныс тепкен №36 қазақ орта мектебінде Кәрім Сауғабаевқа арналған үлкен еске алу кеші өтті. Оны аталмыш мектептің директоры Бағдат Қыстафина мен ардагер ұстаз, иманды болғыр Күләш Төлегенова апай ұйымдастырды. Бір ғажабы, мұнда ақынның туған өңірі - Егіндібұлақтан көшіп келіп, еңбек етіп жатқан мұғалімдер де, білім алып жатқан оқушылар да жеткілікті екен. Кәрімнің өлеңдерін жатқа оқығанда аузымызды ашып қалдық десем артық айтпаған болар едім. Ақынын пір тұтатын осындай мектепке неге ардақты ақын Кәрім Сауғабаевтың есімін бермеске?! Өмір бойы жырына арқау еткен өткен Балқантаудың бауырында да мектептер тұр емес пе?! «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр» дейді демекші, ақынымызды ардақтап, барымызды қадірлеп, төбемізге көтеріп жатсақ, кәнекей!
Сөзімнің соңын ақынның:
Ағаларды іні болып сыйладым,
Інілерге қаталдықты қимадым.
Кітап болды қадірлеген дүнием,
Алтын, күміс жимадым... деген өлең жолдарымен аяқтағым келеді.
Жұлдыз ТОЙБЕК
Кәрім Сауғабаевтың шәкірті,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
НҰР-СҰЛТАН қаласы.