SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, TikTok-та Бекболат және Шымболат Ыбырайлардың видеоүндеу...
Думан Рамазан – Түркі әлемінің ең үздік драматургі
Сурет автордан
Жыл сайын ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшылығы «Театр» газетімен бірлесе отырып, Халықаралық Анадолы театрының марапаттау рәсімінде Түркі әлемінде театр саласында қызмет етіп жүрген жетекші өнер қайраткерлеріне «ТҮРКСОЙ халықаралық театр марапаттары» тапсырылады. Осыған орай жақында Түркияның мәдени астанасы Ыстамбұл қаласында кезекті марапаттау рәсімі өткізілді. Оған дүниенің төрт бұрышынан құрметті қонақтар жиналды. Түркияның белді де белгілі театр саңлақтары қатысты.
ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Ыстамбұлдағы дипломатиялық өкілдіктердің өкілдері, Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі Мемлекеттік театрлар бас директорының орынбасары Сүкун Ышытан, театр әртістері мен өнер сүйер қауым қатысқан кеш "Тиатро" газетінің негізін қалаушы Назиф Услуның ашылу сөзімен басталды. Услу өз сахнасында ұйымдастырған марапаттау рәсімінің ауқымы кең екенін және Түркияның шетелден әрі көптеген қалаларынан театр өнеріне үлес қосқан әріптестерін Ыстамбұлда көргеніне қуанышты екенін жеткізді.
ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев ашылу сөзінде "Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы" атынан қатысушыларды құттықтап, 10-шы Халықаралық Анадолы театрының марапаттау рәсімінде театр әртістерімен бірге болғанына қуанышты екенін айтып, ТҮРКСОЙ қызметі туралы қысқаша ақпарат беріп, ұйымының түркі халықтары арасындағы халықаралық іс-шаралар өткізетін үлкен мекеме екенін атап өтті. Ол ТҮРКСОЙ-дың түркі мәдениеті мен өнеріне қосқан ең маңызды жобалары театр өнерін дамытуға арнаған маңызды жұмыстар екенін және биыл Түркі әлемінің мәдени астанасы Қазақстанның Ақтау қаласында 3-ші Халықаралық ТҮРКСОЙ театр фестивалін және Алматы қаласында 3-ші Халықаралық Түркі әлемі студент театры фестивалін ұйымдастыратынын жеткізді. Ол ТҮРКСОЙ аясында өз қызметін жалғастырып келе жатқан мүше елдердің театр режиссерлерінің Бас ассамблеясы жыл сайын жүргізіп жатқан жұмыстардың арқасында Түркі әлемі театрлары арасындағы ынтымақтастықтың жылдан жылға кеңейіп келе жатқанын баса айтты. Бас хатшы Раев марапатқа ие болған барлық өнерпазды құттықтап, түркі әлемінің театр өнерін дамыту жолындағы еңбектеріне табыс тіледі және "Тиартро" газетінің ұжымына және осы шараны ұйымдастыруға атсалысқандарға алғысын білдірді.
Салтанатты шарада "Тиатро" газетінің Халықаралық Анадолы театры марапаттары кеңесі, Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы, Түркия театры, мәдениетаралық театр алаңы, Фракия және Балқан елдері театрлар одағы, Эгей театрлар одағы және Еуразия театрлар одағының шешімімен өз салаларында табысты өнерпаздар марапатталды. Осы халықаралық байқаудың Әділқазылар алқасының шешімімен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы-драматург Думан Рамазанға “Түркі әлемінің ең үздік драматургі” атағы берілді. Салтанатты жиында оны халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы, әйгілі жазушы-драматург Сұлтан Раев мырза мен “Театр” еларалық басылымының бас редакторы, театр сыншысы Нұрхан Услу ханым тапсырды.
Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев:
"Думан Рамазан бауырымның драмаларымен бұрыннан таныспын. Драманың қыр-сырын жетік білетін, ой-орамын тереңдеткен мықты драматург. Тарихи тақырыпта да, қазіргі заман туралы да әбден зерттеп-біліп жазады. Ішкі қарама-қайшылық пен эпикалық шиеленісті ерекше бір жүйелі стильде баяндайтын айқын артықшылығы бар.
Думан – қазақ драматургиясындағы ерек көрініс, эстетикалық құбылыс, жаңа белес. Оның соңғы жылдары ұлттық сахнада жасаған тарихи полотнолары бүгінгі театрдың биігіне сайма-сай. «Керей - Жәнібек», «Абылай ханның арманы», «Жошы хан» және басқа да тарихи драмаларында ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерге деген тарихи көзқарасты қапысыз бейнелеген. Астанадағы Қ. Қуанышбаев атындағы ұлттық драма театрының сахнасында қойылған «Жошы хан» тарихи драмасы қазақ мәдениетіндегі жаңа кезеңнің басталғанын паш етеді", – деп жоғары баға берді.
Бұдан бөлек, 10-шы Халықаралық Анадолы театры марапаттары аясында биылғы марапаттау рәсіміне ТҮРКСОЙ-ға мүше елдерден 2024 жылғы марапаттарын алуға келген Әзербайжан әртісі, театр және кино актері Фахреттин МАНАФОВ «Түркі әлемі театрының ең үздік ер адам актері» аталымында; «Түркі әлемінің ең үздік театр режиссері» аталымы бойынша Қырғызстан режиссері Ұланмырза КӘРІПБАЕВ; «Түркі әлемінің үздік декорацияшысы» аталымы бойынша Мукими атындағы Өзбекстан мемлекеттік музыкалық театрының бас суретшісі Жалолиддин РАХИМОВ; «Түрік әлемінің үздік театр хореографы» аталымы бойынша Türkiye Dokuz Eylül University, Бейнелеу өнері факультеті, Сахна өнері бөлімі доценті Сибел ЕРДЕНК; «Түркі әлемі театрынығ ең жақсы әйел актрисасы» аталымы бойынша Солтүстік Кипр Түрік республикасы театр актрисасы Айла ХАШМЕТЛИ марапатталды.