Ясунари Кавабата. Әкелеріміз бен шешелеріміз

Фотосурет ашық дереккөзден

ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ
78

Барлықтарыңыз бес минутқа көздеріңізді тарс жұмып, жым-жырт күйде, әке-шешелеріңіз туралы ойлап көріңіздерші. Ата-аналарыңыз сіздерді қандай жақсы көретінін, зарыға күткен жүректің қаншалықты мейірімге толы даладай дарқандығын сезіндіңіздер ме? Қазірдің өзінде бұл сезім көңіліңізді толқытады ғой. Көзіңізді жұмып ойланбай-ақ, қарапайым ғана айтсақ ертелі-кеш бала деп соққан қос жүректің шапағатын сезе алдыңыздар ма?

Бұл әңгіме де сол абзал жандардың ұлылығын ұғындыратын оқиғалардың бірі. Оқиға Кобеден аттанып, жырақтағы Хоккайдодағы Хакодате қаласына қарай беталған кемеде болды. Кеме Сетунайкай теңізін артқа тастап, Шима жағалауына жақындап қалған болатын. Палубада отырғандардың ішінде жасы қырықты алқымдап қалған көркі көз сүріндірерлік бір сымбатты әйел бар еді. Сұлудың қасында қызметші-жалшылары  одан бір сәтке ажырамастан айналып-үйіріліп жүрді. Қызық болғанда онымен бірге дәл осында 40 жастың ар жақ бер жағындағы үстіндегі киімі тозыңқы тағы бір ер адам отырды. Оның момақан бейнесі де көз тартарлық еді. Жанында ертіп жүрген үш баласы бар, үлкен ұлы 7-8 жастар шамасында. Өздері шетінен ақылды әрі сүйкімді балақайлар, дегенмен балалардың киген киімдері айтарлықтай кір-қожалақ еді.

Әлгінде сөз болған мәртебелі ханым жарлы әке мен оның балаларын сырттай байқап отырды, соңында ол өзінің қызметшісін шақырып алып құлағына бірдеңе деп сыбырлағандай болды. Содан кейін қызметші балалардың әкесінің жанына келіп:

– Не деген сүйкімді балалар, қандай бақытты.

– Рахмет! – деді әкесі. – Бұлардан кейін әлі омыраудан шықпаған бір сәбиіміз бар ғой. Біз сияқты қоңыр қалталылар үшін балалары көп болса күнкөріс одан сайын қиындай түседі. Енді бұл туралы айтудың өзі ыңғайсыз, қайда тастаймыз бұларды, тек осылардың қамы үшін бір үйлі жан Хоккайдеге жұмыс тауып істеуге бара жатырмыз.

– Осы айтқаныңыз рас болса, мен сізге бір өтінішімді жеткізгім келеді. Менің қожайыным Хакодатеда қаласындағы бай адам, бір ірі компанияның бас директоры. Оның өмірі өте жайлы болғанымен бір кем дүние демекші, қырықтан асқанға дейін байқұстың өз кіндігінен баласы жоқ. Ханым бағанадан бері сіздерді байқап отырған сияқты. Қысқасы, мақұл көрсеңіз балаларыңыздың біреуін асырап алғысы келетінін айтып мені жіберді. Егер бала ол үйге барса, әрине, байдың бүкіл дәулетіне мұрагер болып, өзі де баянды ғұмыр кешеді. Ал сізге сыйақы ретінде 100 иен тарту етеміз.

– Рахмет! – деді ол, әуелде бірден келісуге ниеттеніп, бірақ мұның жөн емес екенін ойлап, алдымен әйелімен ақылдасу керектігін айтты. Сол күні кешке кеме Сагаминай теңізіне жеткенде ерлі-зайыптылар үлкен ұлдарын жетелеп мәртебелі ханымның қабылдауына барды.

– Жарайды онда, осы баланы өзіңізге қабылдаңыз!

– Мәртебелі ханым бірден мақұлдап баланы алып ата-анасына 100 иен сыйақысын беріп шығарып салмақ болды. Ол тым ерте кездегі 100 иен ғой, қазіргімен салыстырғанда 1000 иен деңіз. Бала мен ата-анасының қоштасатын сәті де жетті. Ерлі-зайыптылардың көздерінен жас парлап, қимасын қалдырып каютадан шықты. Алайда келесі күні азанда кеме Хоусо түбегінен айналғанда, не себептен екенін білмейміз, әкесі бес жасар екінші ұлын ертіп, сылбыр басып мәртебелі ханымның каютасына кіріп бара жатты. 

Ол Ханымға келіп:

– Кеше түнде көп ойландық. Мейлі қандай кедей болсақ та ең үлкен ұл біздің отбасының ізбасары ғой, сондықтан оны басқаға беру дұрыс емес екен. Мүмкін болса үлкен ұлдың орнына мына екінші ұлды алсаңыз қайтеді? 

– Әрине, болады, – деп ханым қуана келісті.

Алайда сол күні кеште балалардың шешесі 3 жасар қызын ертіп тағы келді, ол қатты ыңғайсызданып:

– Айтуға аузым бармай тұр... Бүгін таңертең сізге әкелген екінші ұлым қас-қабағынан тартып жүріс-тұрысы мен сөйлеген сөзіне дейін жарықтық енеме қатты ұқсайды. Шынымды айтсам, менің жүрегіме сол сәтте енемді далаға тастап кеткендей ауыр тиді. Сонымен қатар үйдегі отағасыдан да ұят болды. Оның үстіне ол енді бес жаста, бізді мәңгі ұмыта алмайтынын ойласам жүрегім сыздайды. Енді ұлдың орнына мына кішкентай қызымды алмастырып беруге келісесіз бе?

Мәртебелі ханым, қыз деген сөзді естісімен көңілсізденіп қалса да, бірақ ананың қатты күйзеліп тұрғанын көріп шарасыздан келісуге мәжбүр болды. Іс мұнымен бітпеді, келесі күні түстің алдында кеме Хоккайдеге жақындап қалған кез болатын, бұл жолы ерлі-зайыптылар екеуі бірдей әлгі ханымның каютасына келді. Олар ханымды көре салысымен ештеңе айта алмай еңіреп жылап жіберді…

– Не боп қалды? – деп сұрады ханым. «Шынымен қиын-ақ болды» дегеннен арыға бара алмай жалғасты жылай берді. Бірнеше рет сұрағаннан кейін барып отағасы жылап тұрып:

– Негізі бұлай жөн-жосықсыз сөйлеуге болмайды ғой. Кеше кешке әйеліміз екеуіміз бәрін мұхият ақылдасып, енді баланы қимай мұнда қайта келмейміз деп мықтап бекіндік. Бірақ ол тым кішкентай болғандықтан өйтіп қалмай ма, бүйтіп қалмай ма деп алаңдап, екеуміз түні бойы көз ілмедік. Ештеңеден хабары жоқ бейкүнә сәбиді бұлай бере салу әке ретінде маған да оңай болған жоқ. Сондықтан берген ақшаңызды қалпын бұзбай қайтарып берсек, қызымызды өзімізге беріңізші. Бұдан айырылып тірі жүргенше бір үйлі жан бірге аштан өлгеніміз артық...

Бай ханым бұл сөздерді естігенде өзі де еріксіз мұңайып көз жасына ие бола алмады.

–  Мен қателесіппін, шынымды айтсам өз кіндігімнен бала болмса да сіздердің бала деп соққан жүректеріңізді әбден түсіндім әрі соған қызығып отырмын. Жарайды, баланы өздеріңізге қайтарып берейін. Ал ақшаға келсек оны маған ата-ананың жүрегінің не екенін ұғындырғандарыңыз үшін берген сыйым деп қабылдаңыздар. Оны Хоккайдо да тірлік етуге қажет қаражат ретінде пайдаланыңыздар.

Әлқисса, көпес көңілді бай ханымның көмегінің арқасында байқұс әке Хакодате қаласындағы белгілі бір компанияға жұмысқа орналасты да, ошарлы жанның тірлігі оңала бастады.

Қалыңдық күймесі

Қар жауған күні бір бұғы артқы ауладағы бамбук тоғайынан құлап, бастауыш мектептің ауласына түсті. Сонымен балалар оны тірідей ұстап алып қолға үйретіп алды. Осы бір оқиғаның өзінен-ақ бұл арасан ауылының таулары қаншалық жасыл болса, тұрғындары да көктем көңілді жайсаң жандар екенін аңғаруға болады. Бұл ауылда жар дегенде жалғыз қоларба бар, әрі оның сиқы өте күлкілі көрінетін. Салмағы кемінде жүз елу келідей келетін еңгезердей бір еркек Арбаның үстінде отыр. Ал оны құртақандай ғана әйел адам тырбыңдап тартып келеді.

«Бұл күлетін нәрсе емес, ағайдың аяғы ауырады, сондықтан апай оны арбаға салып арасанға апарып жүр» деп үлкендер жағы қанша ұрысқанмен бәрібір балалар бұл көрініске күлмей тұра алмады. Кейбіреуі тек күліп қана қоймай әуелі тентектік те жасайды. Олар әлгі арбаның алды артын орап шуласады.

  • Әй, тобанаяқ Кацугоро!

– Мә, мынау құмырысқаның құбыжықты сүйреп келе жатқанындай ғой. 

Бастабында әйел біраз намыстанып беті ду етіп, оңашада көз жасын сығымдап та алатын, үйренісе келе бұған мән бермейтін болды. Өйткені күнде осылай. Соған бола күніне құр босқа ашуланып жүре ме!? Әр күні ертелі-кеш күйеуін арбаға отырғызып арасанға апарады. Негізі күйеуі осы ауылда таудан ағаш тасып жүргенде жардан құлап, белін зақымдап алған, сыртқы жарақаты жазылғанымен аяқтан тұра алмай қалған еді. Арасанға түссе жазылып кете ме деп үміттенген... Алайда тау аңғарындағы арасанға жету үшін шамамен бір шақырым жер бар, алпамсадай ер адамды арқалап апару мүмкін емес. Сондықтан ол алыстағы темір жол бекеті орналасқан базардан осы ескі қоларбаны сатып әкелген болатын. Осы арбаның арқасында тек арасанға ғана емес, күйеуі бұрынғы егістік жерін көргісі келсе де, жапакеш әйел зілдей арбаны сүйреп оны сонда апаратын.

Бір күні бастауыш мектепте дүрбелең туды. Мүмкін мұның себебі тау аңғарынан келетін өзеннің суы да тартылып бара жатқан аптап ыстықтан болар. Екінші сыныпта оқитын бір қыз алаңда есінен танып қалды. Ол жедел көмек көрсеткен соң бірден есін жиды, бірақ бәрібір оны дәрігерге апару керек болды. Сондықтан алдымен оны үйіне жеткізу қажет еді. Ол үшін зембіл мен оны көтеретін адам керек, алайда еш жерден тақтай табылмады.

– Мұның жарасы жеңіл ғой! Менің қоларбама отырғызып апарсаңдар қайтеді? – деп, әлгі әйел мектепке жүгіріп келді..

– Дұрыс айтасыз, расында табылған ақыл.

– Рахмет! Тек арбаны тартуға бір ер адам көмектессе бола ма?

– Ер адам керек дейсіңдер ме? Мақтанғаным емес, бұл ауылда қоларбаны тартатын бір адам болса ол менмін! – деді әйел паңдана.

Содан кейін науқас қызды арбаға отырғызған соң ол тіпті жорта жүгіре жөнелді. Шынында өзі айтқандай ол үшін кішкентай қызды арбамен алып жүру оған түк емес еді. Осы оқиғадан кейін көңілінде ештеме жоқ балалар қатты әсерленіп, ешқайсысы оның арба тартқанына күлмейтін болды. Онымен қоймай, кейін балаларға қатысты қандай да бір іс болса, мектеп оны сөзсіз арбасымен шақыратын болды. Сол себепті де балалар бұл қоларбаны жанашыр жақындарындай көрді. Арасанға апарып емдеткенінің арқасында күйеуінің ауруының беті бері қарап ауырсынуы басылғанымен, зақымданған аяғын ешқашан еркін қозғай алмайтын боп қалды. Шаруашылықтың шалғайын қайыру жұмысы әйелі мен қызының мойнына түсті. Ал күйеуі тек үй жағында бамбук себетін тоқумен айналысты.

Жылдардың өтуімен күйеуінің себет тоқу шеберлігі барған сайын жақсарып, тұрмыстық жағынан жеңілдік әкелгенімен, әйелі мәжбүрлі түрде екі адамның жұмысын атқарып жүрді. Әр дайым күйеуін арасанға апаруға тура келді. Сондықтан оның жұмысы бір басына жетерлік ауыр еді. Сонымен қатар қызды бағып-қағып, еңбекке жарамды ету де оңай емес, ал оны құтты орнына қондырмаса тағы болмайды. Қыздан кейін ержетіп қалған бір інісі бар. 

Оның қызының ұзатылу рәсімі де төтенше таң қаларлық болды. Қыз нағыз жас келіндей құлпырып киініп, қоларбаға отырып алды да, арбаны анасы өзі тартып ұзатып салды. Ауыл адамдары бұған күліп жатты. Бірақ бұл жолғы күлкі бұрынғылардан мүлде бөлек болатын. Онда зәредей келемеж жоқ, керісінше ақжарма көңілден туған құттықтауға толы шаттық күлкі-тұғын.

Бұл ұзату салты байырғы тау еліндегі ана мен қыздың қарапайым да шынайы, махаббатының көрнісі еді. Мұндай сәттер сірә де екінші рет қайталанбайтын да шығар. Ауылдағылардың қатты толқығанының бір дәлелі – содан бері баласы үйленетін әр отбасы үнемі осы әйелдің көмегіне сүйеніп жас келінді оның арбасымен алып келуді дәстүрге айналдырды. Сөйтіп жұртшылық аңдаусызда бұл шаруа әйелдің қоларбасына «Қалыңдық күймесі» деген әдемі ат қойды. Арбаның қызметі тек келін түсірумен ғана шектелмейтін, ауырып қалған немесе жарақаттанған бала-шағаны түгел сол арбамен үйлеріне жеткізетін.

Қазір сол балалардың бәрі есейіп кетті.

Тіпті кейбір жасөспірімдер:

– Апай қартайып, өздігінен жүре алмай қалған жағдайда мен ол кісіні өз арбаммен арасанға апарамын. Бұл – біздің апайға айтар алғысымыз, – дейді.

Қытай тілінен аударған Тұрдыхан Қондыбай

СҰХБАТТАР

Қаламгер мұрасына құрмет: Табыл Құлыястың «Таңдамалы» еңбегінің тұсаукесері өтті, деп ха...

СПОРТ

Қытайда туып-өскен ұлты қазақ спортшы Ақнар Адақ Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалала...