Е.Үсенұлы: Белгілі ақын Дәурен Берікқажыдан кейін сенің де жазушылар одағы мүшелігінен шығатыныңды м...
Қаламгер мұрасына құрмет: Табыл Құлыястың «Таңдамалы» еңбегінің тұсаукесері өтті
Фото: MadeniPortal.kz
Қаламгер мұрасына құрмет: Табыл Құлыястың «Таңдамалы» еңбегінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Астанада көрнекті жазушы, журналист, архивтанушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Табыл Құлыястың 90 жылдығына арналған «Таңдамалы» шығармалар жинағының VI томының тұсаукесер салтанаты өтті.
Іс-шара 7 ақпан күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында ұйымдастырылды. Тұсаукесерге зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, әдебиеттанушы ғалымдар, студенттер мен әдебиет сүйер қауым жиналды.
Кеш барысында Табыл Құлыястың шығармашылық жолы, қазақ әдебиеті мен журналистикасындағы орны кеңінен сөз болды. Қатысушылар қаламгердің архив деректеріне сүйене отырып жазған еңбектерін ерекше атап өтті. Оның шығармалары тарихи шындықты көркем тілмен жеткізген құнды туындылар ретінде бағаланды.
Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимов Табыл Құлыясты қазақ сатирасының сындарлы классигі ретінде сипаттады.
«Табыл Құлыяс – архив пен әдебиетті қатар меңгерген қаламгер. Оның сатиралық әңгімелері мен прозалық еңбектері қоғамның шынайы келбетін көрсетеді», – деді ғалым.
Ғалымның айтуынша, жазушының шығармалары қазақ тілінің байлығын, ой тереңдігін, философиялық қуатын айқын көрсетеді. Табыл Құлыястың публицистикасы мен сатиралық туындылары арқылы белгілі бір тарихи кезеңнің тынысы, қоғамдағы қайшылықтар мен адам тағдыры көрініс табады.
«Таңдамалы» жинағының алтыншы томына автордың әр жылдары жазған публицистикалық мақалалары, тарихи-танымдық еңбектері мен ой-толғамдары енген. Бұл том қаламгердің шығармашылық мұрасын жүйелеп, кейінгі буынға жеткізуге бағытталған.
Жиында сөз алғандар бұл жинақтың жас журналистер мен зерттеушілер үшін маңызды дереккөз болатынын атап өтті. Сонымен қатар, Табыл Құлыястың еңбектері қазіргі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтпағаны айтылды.
Табыл Құлыястың 90 жылдығына арналған бұл рухани кеш – қазақ әдебиеті мен архив ғылымына елеулі үлес қосқан тұлғаның еңбегін ұлықтауға арналған тағылымды шара болды.