Жапония премьер-министрі Фумио Кишида сәрсенбі, 14 тамыз күні қаржылық есеп беру төңірегіндегі жанжа...
«Перзентханадағы өрт»: Жас отбасы 8 жыл күткен сәбиінен айырылып қалды
Сурет ашық дереккөзден алынды
Бакудегі Республикалық перинаталдық орталықта жеті нәресте қаза тапқан өртке байланысты орталықтың директоры мен бөлім басшыларына қатысты қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысы өтті, деп хабарлады MADENIPORTAL.KZ.
Oxu.Az хабарлауынша, бүгін Баку ауыр қылмыстар жөніндегі сотында судья Лейла Аскерова-Мамедованың төрағалығымен өткен процесте жәбірленушілерден жауап алынды.
Жәбірленушілердің бірі – өрт болған күні кезекшілікте болған күзет қызметкері Эльшан Наджафов. Ол өртті сөндіру және адамдарды эвакуациялау барысында атқарған іс-әрекеттері туралы айтып берді.
"Төртінші қабатқа көтерілгенімде, кувездің жанып жатқанын көрдім. Отты сумен сөндіріп, өрт сөндіргіштерді қолдандым. Ол жерде 10-15 минут болғанымда алты адамды қауіпсіз жерге шығарып үлгердім", – деді ол.
Тағы бір жәбірленуші Вагиф Абдуллаев оқиғаны былай сипаттады:
"Әйелімді орталыққа орналастырғаннан кейін өз ауданымызға қайттым. Үйге жеткенімде, жұбайым телефон шалып, өрт туралы хабарлады. Анам таксимен оқиға орнына барып, енеммен бірге баланы түтін басқан бөлмеден алып шыққан. Мен сол сәтте дереу астанаға қайта оралдым. Орталыққа келгенде, әйелім мен баламның әртүрлі ауруханаларда жатқанын білдім. Басшылықтың жұмысына көңілім толмайды. Мен – үйдегі жалғыз ұлымын, әйелім екеуміз сегіз жыл бала сүюді армандап, ем қабылдадық. Өкінішке қарай, оқиғадан кейін баламыз қайтыс болды", – деді ол.
Жәбірленуші Назрин Гурбанова да оқиға кезінде баласынан айырылғанын айтты.
"Оқиғаға 3-4 күн қалғанда мені үйге шығарған еді. Бірақ баламның денсаулығы нашарлаған соң оны тағы бірнеше күн ауруханада ұстау туралы шешім қабылданды. Оны басқа палатаға ауыстырған, сол жерде өрт шықты. Бала жарақат алып, қайтыс болды. Мен айыпталушылардың заң аясында жазалануын қалаймын", – деді ол.
Келесі сот отырысы 19 мамырға белгіленді.