Комаға түскен сарбазға халықтан қомақты қаражат жиналды

Коллаж: ulysmedia.kz

Қоғам
208

Әскерде жүріп, бас жарақатын алған қатардағы жауынгер Ербаян Мұхтар 6 айдан бері комада жатыр. Жылу жинаған халық оның анасына 139 млн теңге жинап берді, деп хабарлайды madeniportal.kz Ulysmedia.kz тілшісіне сілтеме жасап. 

Сарбаздың еміне 139 млн теңге жиналғанын анасы әлеуметтік желіге жариялады.

– Ербаянның отбасы бүкіл Қазақстан халқына зор алғысын білдіреді. Керемет қолдауды көріп көзімізден жас шықты. Бірер күннің ішінде мемлекет айлар бойы жасамағанды аз уақытта ғана атқардыңыздар. Қазақстандай елде сіздердей азаматтардың барына қуаныштымыз, – делінген жазбада.

Ербаянның отбасы халықтан “жылу жинауды тоқтатайық па, жоқ па?” деп кеңес сұрайды.

– Адамдар бүкіл елді аралап шығыңдар деп кеңес береді. Саниавиацияның өзі 25-60 млн теңге аралығындағы сома екен, – делінген жазбада. 

Желіде тараған Ербаянның емхана керуетіндегі суреті адамның жанын түршіктіреді. Күннен күнге солып бара жатқан сарбазға бас сүйегі ауыр зақымданған, маңдай мен мен самайдан тиген қатты соққыдан миы ісіп кеткен, қарақұсы сынған деген диагноздар қойылып отыр. Сарбаз шұғыл Түркиядағы клиникалардың бірінде емделуі керек. Оған шамамен 30 млн теңге қаражат керек.  Мамандар науқас клиникада кем дегенде 3 ай емделмесе беті бері қарамайтынын айтады. Осы мақсатта Ербаянның еміне халықтан қаражат жиналып жатыр. Ол үшін арнайы Instagram парақша ашылған. 

ЕРБАЯННЫҢ АДВОКАТЫ - ИНГА ИМАНБАЙ

«Кеше Ербаянға қатысты үлкен резонстың көтерілгені сіздердің арқаларыңыз. Ол туралы ең болмағанда бір сөз жазған әрқайсыңызға ризамын. Түскен кейін Ербаянның ісі бойынша видеопост болады. Кеше Ұлттық ұлан жасаған мәлімдемеге қатысты ойымды айтатын боламын», - деді ол әлеуметтік желіде.

ҰЛТТЫҚ ҰЛАН НЕ ДЕЙДІ

Ұлттық ұланның хабарлауынша, қатардағы Ербаян Мұхтардың бас жарақатын алу фактісі бойынша ҚР ҚК 440-бабы 4-тармағының 3-бөлігіне сай қылмыстық іс қозғалған. Бұл жерде әскери қызметшілер арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық ережелерін бұза отырып, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені мәселе болып отыр.

«Қазіргі уақытта барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Тергеу барысы ҚР ІІМ ӘТД басшылығының бақылауында. Қатардағы жауынгер Е.Мұхтардың ата-анасының талабы бойынша оңалту ем-шаралары аяқталғаннан кейін үйіне шығарылғанын хабарлаймыз. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігінің емдеу мекемесі ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери-медициналық басқармасымен бірлесіп оған мүгедектікті ресімдеу бойынша көмек көрсетеді», — делінген хабарламада. 

Бұдан бөлек, Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығы Ресей Федерациясының В. М. Бехтерева атындағы психиатрия және неврология Ұлттық медициналық зерттеу орталығына, С. М. Киров атындағы Әскери-медициналық Академиясына және Профессор А. Л. Поленов атындағы Ресей ғылыми-зерттеу нейрохирургиялық институтына, сондай-ақ консультациялық көмек беру және ауруханаға жатқызу мәселесін қарастыру үшін Түркия елшілігіне хат жолдағаны белгілі болды. 

КОМАҒА ТҮСКЕН САРБАЗ

Еске сала кетейік, Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 бөлімінде былтыр құлап, комаға түскен, биыл сәуірде оянған сарбаз Ербаян Мұхтарды туған-туыстары Астанаға жеткізе алмай отыр. Ulysmedia.kz редакциясына хабарласқан олар президенттен көмек сұрап, үндеу жариялаған еді. 

Ербаянның анасы Гүлсім Қамиева мен әжесі Күләш Смайылова Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жоғарғы сотқа, Қазақстан халқына тағы үндеу жариялады. Гүлсім Қамиеваның ұлы – қатардағы жауынгер Ербаян Мұхтар былтыр мамырда мерзімді әскери қызметке алынған. 2023 жылдың 4 желтоқсанында түнде Алматыдағы Ұлттық ұланның №5571 бөліміндегі дәретханада құлап, бас-миының ашық жарақатын алған. Орталық клиникалық ауруханасының анықтамасы бойынша, сарбаздың бас сүйегі жарылып, желке сүйегі сынған, ауыр ми жарақатын алған. Әскери бөлім «сарбаз дәретханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды» деген. Ербаян Мұхтардың әкесі де, шешесі де бұл нұсқаға сенбейді.

Жаңалықтар

Алматы қаласының қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған ауданаралық сотында атышулы іс бойынша...

Жаңалықтар

Бұған дейін хабарлағынымыздай, Алматыда екі оқушы қыз биік үйден құлап өлген еді. Марқұм балала...