Ресейде Aromabook, Scentbook деген баспалар бар. Алма туралы өлең болса, алманың иісі шығады. Өте та...
"Халық көмірді қазір сатып ала бастамай, суықтың түсуін күтетін болс проблема болады" - Тұрар Жолмағамбетов
Фото: inbusiness.kz
Халық дәл қазірден бастап көмір ала бастамаса, күн суытқанда жаппай алу проблема болуы мүмкін, деп хабарлайды madeniportal.kz.
Сұйытылған мұнай газын толығымен биржа арқылы өткізуге көшу 2022 жылдың басында автогаз бағасының еселеп қымбаттауына және халық толқуына соқтырғаны белгілі.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов биылғы қысқы жылыту маусымында көмір тапшылығының болмайтынына сендірді. Бірақ бұл нақты емес. Болашақта туындауы ықтимал тапшылыққа билік өкілдері әлден халықты айыпты етіп қойды.
"Қазақстан өз ішінде жалпы көлемі 8,6 миллион тоннасын тұтынады. Іс жүзінде әзірге жылу-электр орталықтарына соның 1 миллион тоннасы ғана жеткізілген. Дефицит болмай ма дегенге келсек, Қазақстанда көмір бар. Біз көмірдің барланған қоры бойынша да, өндіру көлемі бойынша да әлемдік ондыққа кіреміз. Бізде оны жеткізетін теміржол жылжымалы құрамы толық дайын. Вагондар паркі ұлғайтылды. Жергілікті әкімдіктер де даярлыққа келтірілді. Енді барлық мәселе өтінімдерге тіреліп тұр. Егер дәл қазір сатып ала бастамай, жұртшылық суықтың түсуін күтетін болса, онда проблема болады. Міне, сонда көмір тапшылығы туындауы мүмкін", – деді Тұрар Жолмағамбетов.
Оның түсіндіруінше, бір теміржол тұйығы күніне ары кетсе 100 машинаны қабылдай алады екен.
"Егер бәрі қар түскенше қамсыз отырса, онда кейін сұраныс шырқау шегіне жеткенде, күніне 500 машинаға тиелген көмір де жетпей қалар еді. Мұндай көлемді бірде бір оператор еңсере алмайды. Сондықтан біз ел арасында ақпараттық науқан жүргізіп: "суық түскенін күтпеңіздер, ертерек көмір сатып алыңыздар!" деп айтып жатырмыз. Бүгінде көмір бар, жылжымалы құрам да бар. Біздің ендігі міндетіміз – сол көмірдің саудасын өңірлер арасында бөлу. Тамыз айы тыныштау өтуде. Қыркүйек айында көмірдің тұйықтардағы қорын ұлғайту керек, сондай-ақ халыққа да еркін сатып алатындай мүмкіндік жасау қажет", – деді комитет төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов.
Дегенмен, көмір бағасы қымбаттап үлгерді. Шұбаркөл, Майкүбі, Қаражыра көмірлерін тасып, жылда табыс табатын Алексей есімді кәсіпкер биыл көмірдің тоннасын 21 000 теңгеден сатып жатқанын айтты.
"Елордада, Қарағандыда сатамыз. Көлігі жоқ болса, үйге дейін жеткізіп береміз. Сарай-қорасына дейін кіргізіп беретін адамдарымыз бар. Бірақ мұның бәрі бөлек ақыға жасалады. Зейнеткерлерге жеңілдік жасаймыз. Тоннасына 21 мың теңгеден сұрап отырмыз, сұраныс аздау болғандықтан, баға бойынша келісімге келуге болады. 19 мың теңгеге түсіре аламыз. Бірақ қыркүйектен бастап, дәстүрлі түрде баға көтеріледі. Ол кезде дүрбелең-ажиотаж басталады", – деді Алексей.
Ал, Астана әкімдігінің дерегінше, елордада Шұбаркөл көмірінің орташа бағасы – 16 400 теңге, Қаражыра – 17 400 теңге, Майкүбі көмірі – 13 500 теңге. Бірақ бұл ресми бағалар. Алыпсатарлар баға белгілеуде еркін.
Салыстырсақ, Астанада бұрынғы жылдары Қаражыра көмірінің 1 тоннасының орташа құны 14 500 теңге, Шұбаркөл – 13–14 мың, халыққа ең қолжетімді Майкүбі көмірінің бағасы – 11 мың теңге болатын.
Елордада бүгінде сапасы мен сорты жоғары Шұбаркөл көмірін 17–18,5 мың теңгеден де табуға болады. Алайда ызғарлы маусым жақындаған сайын, бұл мүмкіндік күн сайын қолдан сусып бара жатқанын ұмытпаған жөн.
Оның үстіне билік қарқынды түрде көмірді биржа арқылы сатуға шығаруда. Салдарынан, қазіргі бағалар да арман болып қалуы мүмкін.
Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов күн ерте суытқанда және халық арасында жоғары сұраныс туындағанда алыпсатарлар осы қатты отынның құнын тоннасына 35 мың теңгеге дейін шарықтататынын еске салды. Сонда көмір өндіруші алпауыттармен ымыраласқан трейдерлер жұртшылыққа және қазандықтарға арзан бағамен жеткізілуге тиіс "әлеуметтік көмірді" вагондармен және жүк көліктерімен шетелге бірнеше есе қымбат бағамен өткізді.
Бұған Үкімет пен әкімдер тосқауыл қоя алмай келеді. Мысалы, әкімдіктерге өзіне сеніп тапсырылған өңірге көмір жеткізу уәкілеттігі берілген операторларды және олардың сұрайтын бағасын қадағалау жүктелді. Егер жергілікті шенеуніктер костюм киіп, жол талғамайтын премиум-көліктерімен тексеруге сау ете қалса, көмір сатушылар "арзандатылған бағамен" сатып жатқанын айтып, алдаусырата салар еді. Сондықтан әкімдік қызметкерлеріне "тұрғынның" терісін жамылып, қарапайым сатушы ретінде хабарласу, тіпті қажет болса, "бақылаулық сатып алулар" (контрольная закупка) жүргізу жүктелді.
Сондай-ақ, 2023 жылдың соңында қабылданған Үкімет қаулысында бұдан былай көмір экспортымен кім және қандай шарттар бойынша айналыса алатыны бекітіліп, біршама шектеу енгізілді.
"О бастан көмір өндірумен айналысқан жер қойнауын пайдаланушылардың, өңдеушілердің тізімін жасадық. Көмір экспорттауға рұқсат тек осы салада бұрыннан жұмыс істейтін кәсіпорындарға ғана берілді. Біз басқа барлық жаңа субъектілерге шектеулер қойдық. Осылайша, әлеуметтік көмірдің сыртқа шығарылуына жол берілмеуге тиіс. Сондай-ақ соңғы 2–3 жылда көмір жеткізілімдерін цифрландырудамыз. Бұрындары көмір кен орнынан тұтынушы қолына тигенше, ортада 7–8 делдал отырып, бағаны айтарлықтай өсіретін. Біз көмір сатуды біртіндеп биржаға шығарамыз. Бастапқыда 10%-дан бастадық, бүгінде бұл көрсеткіш 50%-ға жетті. Биржаға делдалсыз, тек тікелей аймақтық көмір операторлары жіберіледі", – деді Тұрар Жолмағамбетов.
Салада экспорт бойынша да, биржа ойыншылары бойынша да жаппай шектеулер енгізіп, бәсекелестікті шектегенімен тек қазақстандық шенеуніктер мақтанады. Сонымен бір мезгілде, 7–8 делдалды жойса да, көмір бағасы екі жылда екі еседей қымбаттап кетті. Бұл да мақтанатын жайт емес.
Ресми мәліметке жүгінсек, республика бойынша небары 9 тауар биржасы жұмыс істейді, бірақ іс жүзінде көмір соның тек үшеуінде ғана сатылады. Яғни, бұл сала да монополияландырылып, доминанттар талауына тасталған.
2024 жылдың басынан бері көмір бойынша шамамен 16,9 млрд теңгеге 1,1 мыңнан астам биржалық мәмілелер жасалыпты. Еуразиялық сауда жүйесі тауар биржасы" АҚ-да жалпы сомасы 793 млн теңгеге 112 мәміле, "Каспий" тауар биржасы" АҚ-да 13,1 млрд теңгеге 439 мәміле жасалды, "Modern Trading Solutions" тауар биржасы" АҚ-да жалпы сомасы 2,8 млрд теңгеге 628 мәміле жасалды. Көмір саудасы толығымен биржаға өтсе, үйін пешпен жылытатын бұқараның жағдайы не болатыны белгісіз. Өйткені биржада тек нарықтық баға ғана бар, "әлеуметтік арзандатылған баға" деген оған жат.
"Көмірдің негізгі биржалық саудасы, әдетте қыркүйек-қазан айларында өтеді. Өңірлік көмір разрездері ішкі нарыққа жоспарланған көлемнің тек 50%-ын тауар биржасы арқылы өткізу туралы міндеттеме алды, бірақ іс жүзінде 100%-ын биржа арқылы өткізеді", – дейді антимонополиялық агенттіктің Биржалық бақылау департаментінің директоры Әсел Ортақбаева. Егер биржа арқылы сату тиімсіз болса, жүз пайыз сонда сатпас еді.
Қарағанды тұрғыны Вадим Макаров билік ең алдымен, осы сектордағы олигополияны жою керек деп санайды.
"Көмір саудасын мафия жайлаған. Миллиардтаған қаражат айналады, оның қайда кетіп жатқаны беймәлім. Менің кәсіпкер ұлым жолдастарымен бірге қаржыларын салып, КамАЗ, Shacman, бульдозерлер сатып алды. Тікелей разрездерден көмір жеткізу және сату бизнесімен айналысқысы келді. Кіре алмады, тіпті әлдекімдер соққыға жығып кеткен. Тұйықтарда да орындар таратып алыныпты. Сырттан ешкім тұмсық сұға алмайды. Әкімдіктер де сауда алаңына жер бөлмей қойды", – деп қапаланады Қарағанды тұрғыны.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бұл нарықтағы бәсекелестік ортаның жай-күйіне қатысты жүргізген талдау тіксінтетін бір жайтты анықтады. Көмірді бөлшек сату нарығын ен жайлаған ойыншылардың жыл сайын саны өзгермейді, демек, қатарына ешкімді жібермейді деген сөз.
Астанада 2022 жылы 8 субъекті болса, 2023 жылы 9 болған, біреу ғана қосыла алды. Өзгесінде өзгеріс жоқ: 2022 және 2023 жылдары Алматы қаласында – 8, Шымкентте – 10, Ақмола облысында – 41, Абай облысында – 25, Түркістан облысында – 16, Жамбыл облысында – 30, Алматы облысында – 26, Жетісу облысында – 21, Қостанай облысында – 25, Қызылорда облысында – 29, Қарағанды облысында –36, Ақтөбе облысында – 5, ШҚО-да – 13, Павлодар облысында – 11, СҚО-да – 22.