Қазақстан алтынын жаппай сатып жатқанда, Өзбекстан алтын алудан әлемдік лидерге айналды

Inbusiness.kz

Жаңалықтар
632

Халықаралық сарапшылар айран-асыр, аң-таң: Қазақстан алтын резервтерін аяусыз қысқартып жатқан жаһандағы жалғыз елге айналды. Бұл туралы inbusiness.kz хабарлайды. 

Дүниежүзілік алтын кеңесінің (World Gold Council, WGC) хабарлауынша, шілде айында әлемдік орталық банктер арасында жалғыз Қазақстанның Ұлттық банкі ғана алтын резервтерін қатты азайтты.

Ұйым қазіргі уақытта бүкіл әлемдегі мемлекеттер бұл құнды метал қорын қарқынды түрде арттырып жатқанын еске салды. Ортақ тренд-үрдісті Қазақстан бұзды: ол керісінше, алтынын сатып құтылуда. Салдарынан, Қазақстанның алтын резервтері тек бір айда алапат 4 тоннаға азайып кетті.  

Осылайша, Қазақстанның жалпы алтын қоры 295 тоннаға дейін төмендеп кетті. Салыстырсақ, осыдан он жыл бұрын, 2014 жылы Қазақстанның алтын резерві 383,3 тоннаны құраған болатын. Ендеше қатты құлдырап кеткені байқалады. Мұндай қарқынмен азая берсе, болашақта Қазақстан мүлдем алтынсыз қалып, тақыр кедей елге айналмай ма?

Дүниежүзілік алтын кеңесінің соңғы есебінде айтылғандай, 2024 жылғы шілде, бір ғана айда әлемдегі орталық банктер жалпы жиынтығында 37,1 тонна алтын сатып алды. Бұл соңғы айлардағы ең жоғарғы көрсеткіш және өткен айдағыдан екі есе көп. Соның нәтижесінде жаһандық нарықта алтын бағасы шарықтап, тарихи рекорд орнатуда.

Бірақ тәуелсіз мемлекеттердің орталық банктерін бұл да тежей алмады. Олар төніп келе жатыр деп болжанып отырған әлемдік дағдарысқа дайындалуда. Мысалы, Өзбекстан екінші ай қатарынан алтын сатып алу жөнінен әлемдік лидерлердің біріне айналды.

Планетада биылғы шілдеде алтынның басты сатып алушыларының – көшбасшылардың үштігі қатарына Польша (14,3 тонна алтынды сатып алды), Өзбекстан (+10 тонна) және Үндістан (+5,4 тонна) кірді. Ары қарай Иордания (4,3 тонна), Түркия (3,8 тонна), Қатар (2,3 тонна), Чехия (1,6 тонна) және басқасы орналасты.

WGC аналитигі Кришан Гопаул орталық банктер тарапынан алтынға деген сұраныстың өсуін – олардың төл резервтерін әртараптандырып, диверсификациялауға және долларға деген тәуелділікті төмендетуге деген ұмтылысымен түсіндірді.

"Алтын бағасының жоғарылап бара жатқанына қарамастан, орталық банктер бұл бағалы металды белсенді сатып алуын жалғастыруда. Бұл жаһандық экономикалық күйзеліс жағдайында сенімді актив және болашаққа инвестиция ретінде алтынның тартымдылығының жоғары екенін куәландырады", – деді аналитик.

Назар аударатын жайт, түркі әлемі – Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан сияқты елдер биылғы жыл ішінде ең көп алтын сатып алып, ел қазынасын алтынмен толтырған жаһандық лидерлерге айналды. Бұл көркем көріністі Қазақстан ғана бұзып тұр.

"Қазақстан сияқты санаулы мемлекет алтын қорын қарқынды сатуда. Бұл жаһандық нарықта XAU (алтынның халықаралық коды) котировкаларының шамалы ғана төмендеп, коррекциялануына ықпал етті. Бүгінде алтын бағасы 1 Троя унциясы үшін 2516 долларды құрады (шілдеде ғана 2325 доллар тұратын). Алайда бұл да – тарихи рекордтардың бірі. Біздің болжамымызша, "аю тенденциясы" (төмендеу) қысқа мерзімге ғана созылады. Өйткені активтерін сатушылар көп емес. Әлемдік экономикада құбылмалы үрдістер күшеюде. Американың статистикасы да нашар болып шықты. Бұл инвесторларды, орталық банктерді доллардан алтынға қашуға итермелейді. Алтын құны 2575 доллар және одан жоғары серпін алады деп күтудеміз", – деді Amarkets брокері Алексей Караваев.

Айта кету керек, Қазақстанның Ұлттық банкі шілде айында 4 тонна алтын сатса, оның алдында, маусым айында бұдан да көп – елдің 6 тонна алтынын сатып жіберді. Сөйтіп, шілдеде әлемде алтынын сатып жіберіп жатқан антилидерге айналды. Қазақстаннан кейін тұрған Моңғолия тек 0,7 тоннасын ғана саудаға шығарған.

Халықаралық сарапшылар жыл ішінде, дүниежүзінде қаражат тапшылығына ұшыраған бірнеше мемлекет – Сингапур, Қазақстан, Филиппин, Таиланд, Германия және Кабо-Верде алтындарын сатуға мәжбүр болғанын айтады.

Журналистер Қазақстанның сонша көп алтынды сатып жатуының мәнісін сұрап, Ұлттық банкке сұрау жолдады. Ол әзірге ресми мәлімдеме жасамады.

Өз кезегінде экономист Ғалымжан Айтқазин Қазақстанда бюджеттік дағдарыс басталғанына, ол Үкіметті Ұлттық қордан алатын ақшаның көлемін ұлғайтуға мәжбүрлеп отырғанына назар аудартты.

"Қаржы министрлігінің дерегінше, биылғы 7 айда республикалық бюджетке 10,3 трлн теңге ғана кіріс түскен. Бірақ оның небары 6,1 триллионы немесе 59%-ы – салықтық түсімдер. Қалғаны трансферттер мен "Қазатомөнеркәсіптің" акцияларын сату сияқты салықтық емес түсімдер. Осы кезеңде республикалық бюджеттің шығысы 12,3 триллион теңгеден асты. Биылғы қаңтар-шілдеде ғана республикалық бюджет Ұлттық қордың 3,3 триллион теңгесін трансферт түрінде алып, жеп қойды", – дейді экономист.

Ғалымжан Айтқазин таяуда Парламент шұғыл қарап, қабылдауға тиіс, 2024 жылдың нақтыланған республикалық бюджеті жобасында Үкімет биыл жалпы көлемі 23,4 триллион теңге шығындауды жоспарлап отырғанын қаперге салды. Салдарынан, сарапшының байламынша, Үкімет пен Парламенттің бюджет тапшылығын ұлғайтудан басқа амалы қалмайды.

Сөйтіп, бюджеттік, экономикалық дағдарыс белгілері байқалады. Қазақстанның бюджетін құтқару үшін Үкімет осы қыркүйек айында Ұлттық қордан тағы миллиард долларға дейін қаражат алатын болды. Бұл ақпаратты Ұлттық банк жариялады. Егер соған барса, кейінгі кездегі кезекті тарихи антирекорд орнауы мүмкін.

Миллиардтаған долларлық тасқынның биржаға төгіліп, ұсыныстың артып жатқанына қарамастан, теңгенің құнсыздануы жалғасуда. Егер доллар тасқыны күрт кемітілсе, ұлттық валютаның жағдайы қиындауы мүмкіндігін сарапшылар жоққа шығармайды.

Дәл осы кезде Өзбекстан ел қазынасына алтын сатып алу жөнінен әлемдік лидер атанды. Өзбекстанның Орталық банкі биылғы маусым айында – 9 тонна, шілде айында – тағы 9,6 тонна алтын сатып алды. Осының арқасында Өзбекстанның Орталық банкінің алтын қорының физикалық көлемі (құйма түрінде) 374,8 тоннадан асып кетті. Соның арқасында Өзбекстан тек Орталық Азияда ғана емес, посткеңестік кеңістікте Ресейден кейінгі лидерге айналды.

 

Жаңалықтар

Атырауда 5-қабаттан құлаған бала жансақтау бөлімінен палатаға шығарылды, деп хабарлайды madeniportal...

Жаңалықтар

Ақтауда кәмелет жасына толмаған қыздардың соққыға жығылғаны видеоға түсіп қалған, деп хабарлайды mad...