Талғат Теменов: Баянның жасағаны интеллектуалды ұрлық

Жаңалықтар
946

Басқасы басқа, осы Баян туралы жазбай-ақ қойсақ деп едік. Әлеуметік желі ұлардай шуғалаған соң, көз жүгірткен ек. Баян барымта жасап, авторлық құқықты аяққа таптаған көрінеді. Сөйтсек, Баян ханым Мақсатқызы баяғыда өзі бас кейіпкері болған «Махаббат бекетінің» жалғасын түсіріп жатыр екен.

«Махаббат бекеті» қазақ экранына 1993 жылы шықты. Фильмнің сюжетін мен айтпасам да, жұрт жақсы біледі. Қазақ кино өнеріндегі махаббат тақырыбындағы ең үздік фильм деген аты бар «Махаббат бекетінің» экранизацияланғанына биыл 25 жыл болыпты.

Фильмнің режиссері – Талғат Теменов еді. Теменов тек режиссер ғана емес, Ләйлә Ақынжанова екеуі сценарий авторы болды. Фильм Теменовтың «Гүлнәз» повестінің желісінде түсірілгені тағы рас. Повесттің өзі сексенінші жылдары жарық көрген-ді.

Міне, осы фильмдегі басты кейіпкерді сомдаған, ол кезде есім-сойы елге беймәлім Баян дейтін бойжеткен еді. Жасы небәрі 19-да еді ол кезде. Арада 25 жыл өткенде өзі басты кейіпкері болған фильмнің жалғасын түсіретінін мәлімдепті.

Бәденді бикештердің "жаңалықтарын" жариялауға келгенде әркез даяр тұратын саржағал сайтсымақтардың бірі қалмай Баянның кезекті бастамасын жазып жатыр. Баянның «инстаграмм» желісіндегі жылт еткен жазбасын («Махаббат бекеті to be continued (ағылшын тілінен – жалғасын табады)», – деп жазды) жерден жеті қоян тапқандай қуана жазды.

Ол туралы Талғат Теменовтің өзінен сұрап білдік.

Баян керек болса, «Коровасының» жалғасын түсірсін

Талғат Теменов, режиссер:

- Нұргелді, сенесің бе, мен осы ақпаратты сол фильмді түсіріп жатқандардан емес, айдаладағы біреулерден естідім. Жасырмаймын, естіп таң қалдым. Тіпті, ұяттау болды.

«Махаббат бекеті» ол - менің фильмім. Оны мен айтпасам да, көзіқарақты жұрт жақсы біледі. Тіпті, керек десеңіз, мен «Махаббат бекеті» фильмінің режиссері, сценарий авторы ғана емес, повесттің де авторымын. Ол фильм менің повестімнің желісінде түсірілді ғой.

Сексенінші жылдардың басында «Гүлнәз» деген повестім «Жалын» журналына шықты.

Тұтқабай Иманбеков деген сыншының «Талғаттың гүлі мен назы» деген алғысөзімен жарияланды. Бұл повесть проза жанрындағы халықтың ықыласына ие болған шығарма еді. Кейін кино түсіру туралы ой келді. Себебі, Сергей Герасимов «Молодая гвардия» деген киносы арқылы өзінің барлық студенттерін жарыққа шығарды, елге танытты. Нона Мордюкова, Вячеслав Тихонов бастаған жас актерлар екінші курс оқып жүргенде-ақ, осылайша жарқ ете қалды. «Болмасаң да, ұқсап бақ» деген, мен де «студенттерім кино әлемін үйренсін» деген мақсатпен, кино түсіруді қолға алдым. Басты рөлді сомдаған Баян сол кезде бірінші курсты аяқтаған студентім болатын. «Қазақфильмде» бұған дейін де, кейін де қанша кино түсірілді. Бірақ, дәл «Махаббат бекетіндей» жүректерге жол тапқаны болмаған.

Бұған дейін «Мосфильм» қабырғасында «Адамдар арасындағы бөлтірік» атты фильм түсірдім. Бірақ, ел есінде екінші фильм көбірек қалды. Себебі, ол мәдениетімізге, мінез-құлқымызға тән кино болды. Гүлназдың образы қазақ қыздарының символына айналды. Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» повесінен соң қазақ-қырғыз арасында Әсел деген ат көбейсе, «Махаббат бекетінен» кейін Гүлназдар өмірге келді. Қазір олардың барлығы – жастары жиырмадан асқан арулар.

Айтпақшы, былтыр маған Баян хабарласты. Анау бір қайғылы оқиғадан кейін, ауруханадан шыққан кезі екен. Хабарласып, «Талғат Досымғалиевич, бір бомба дүние жасайық» деп, осы «Махаббат бекетінің» жалғасын түсіру туралы айтты. Әзіл-шыны аралас әңгімемізден кейін, мен «көрейік» деп қоя салдым.

Одан кейін, ол менің көмекшіммен бір мәрте ғана сөйлескен. Біз фильм түсіруге келісімімізді бермедік. Сонда олар:«Біз осыған қарап қалған жоқпыз» деп кетті.

Одан кейін Ахат Ибраев деген біреу хабарласты. Одан басқа ешкім хабарласқан жоқ. Мен келісімімді берген жоқпын.

Бұл не масқара? Менің көзім тірі. Мен соның жалғасын түсіре алмай жүргендіктен түсірмей жүргем жоқ.

Маған осыған дейін де жұрттар хабарласып, неге «Махаббат бекетінің» жалғасын түсірмейсіз деп сұрады. Төлеген ақынның өлеңі бар ғой. «Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты, мен өлемін өзімнің биігімде» дейді. Сол сияқты бұл шығарма өз биігінде қалуы керек.

Әлгі фильмнің синопсисін жіберген. Сценариін жазған адам қалай ұялмады? Тірі адамның шығармасын қайта жазып шығуға қалай қолы барды? Не режиссері, не сценаристі, не продюсері хабарласқан жоқ. Хабарласса да мен қарсы болар едім.

Өзіңіз ойлап қараңызшы, егер Ресейде Михалковтың шығармасын біреулер қайталап түсіріп жатса, қандай шу болар еді?..

Менің 10-нан аса фильмім бар. Кемінде 5 басты рөлді сомдаған адам бар. Ертең солардың әрқайсысы менің фильмімді жалғасын түсіріп жатса не болғаны? Менің театрда 15-20 шақты спектакльім бар. Ертең сол спектакльдерді басқа режиссер келіп, қайталап қойып жатса ше? Бұлай болмайды.

Бұл - ұрлық. Интеллектуалды ұрлық. Мен - авторымын. Менің шығармама менің рұқсатымсыз неге тиседі?

Өздерінің де фильмдері бар ғой. Керек болса, Баян «Коровасының» жалғасын түсірсін.

Былтыр тағы осы әңгіме сөз болды. Сценарийін тіпті көрсеткен де жоқ. Мен бірден бас тарттым. «Болмайды» дедім. Сөйтсем, Баян бұл іске шындап кіріскен секілді, менің рұқсатымсыз, маған бір ауыз айтпай әлгіндей дүние жасап жатыр екен.

Иә, «Қазақфильм» пленканың иесі шығар. Бірақ, мен фильмнің режиссері ғана емеспін, мен сценарий авторымын. Мен повесттің авторымын. Менен рұқсат сұраған да жоқ. Маған ешкім келіп, «осындай фильм түсіріп жатыр едік. Сценарийіне көмектессеңіз" деп те айтқан жоқ.

Есуімше, олар сол менің фильмімнің музыкасын да алыпты. Сол фильмнен кадрлар алған. Оған кім рұқсат берген?

Автор ретінде мен бұған келіспеймін. Егер Америкада немесе Еуропада болсақ, бұл үшін Баян жауап беретін еді.

Бір дүние анық. Олар бұны өнер жасайын деп түсіріп жатқан жоқ. Ақша табу мақсатында жасап жатыр. Сондықтан, керек болса Еуропалық, Бүкіләлемдік авторлық құқық қорғау ұйымдарына шығуға дайынмын.

Мен Баянды интелектуалды, өресі биік адам деп қабылдамаймын

Ермек Тұрсынов, Қазақ кинематографистер одағының төрағасы, режиссер:

- Бұл жерде былай ғой. Біз өзі өркениетті елде өмір сүріп жатырмыз ғой. Авторлық құқықты қорғаудың өркениетті жолдары бар. Авторлық құқықты қорғау ұйымдары бар. Біздің елде де авторлық құқықты қорғайтын агенттік бар. Олар заңды түрде жұмыс жасап жатыр. Мен де сол агенттіктердің көмегіне жүгінген кездерім болған.

Бір дүние анық. Ол – кез келген шығарманың немесе туындының авторы болады. Авторлық құқықты бұзу – қылмыс. Ол үшін жауапкершілік артылады. Авторлық құқықты бұзғандар заңмен жауап береді.

Егер мен өзім түсірген фильмдерде өзге автордың шығармасының қандай да бір элементтерін қолдансам, немесе бір жазушының цитатасын пайдалансам, міндетті түрде «авторы мына кісі» деп көрсетемін. Ол солай болуы керек. Егер мен ұрланған материалды немесе материал элементіне авторды көрсетпесем, ол үшін маған айыппұл салынады. Бұл өте қарапайым дүние.

Талғаттың сондай повесті барын білемін. Ол кітап болып шыққан. Мен Мәскеуде сценаристер мен режиссерларды даярлайтын жоғарғы курста оқып жүрген кезім. Бір күні менің жатақханама Талғат келді. Мәскеудегі Голушкина көшесіндегі жатақхана. Сол кезде Талғат маған өзінің бірнеше шығармасын көрсеткен. Соның ішінде осы «Махаббат бекеті» де болған. Мен оны жақсы білемін.

Бір кездері мен Талғаттың «Адамдар арасындағы бөлтірік» деген сценарийіне көмектескенмін де. Сондықтан, «Махаббат бекетінің» Талғаттың шығармасы екені рас деп айта аламын.

Ал енді Баянның осындай фильм түсіріп жатқанын естімеппін. Талғаттың айтуы бойынша ғана білемін. Жалпы мен Баянның шығармашылығын аңдып, «ойбай, сол не түсіріп жатыр екен» деп қарамаймын. Мен Баянды сондай бір интеллектуалды, өресі биік адам деп қабылдамаймын. Оның түсіргені фильм емес. Жәй бір мазақ қой.

Біз «Қазақфильмге» хабарластық. Есім-сойы Абай деген азаматтың байланыс нөмерін іздеп таптық. Өзі заңгерлік бөлімінде қызмет істейді екен.

«Баян ханым 1993 жылы жарық көрген «Махаббат бекеті» фильмінің кадрларын әлі алған жоқ. Алайын деп жатқаны рас. Бізден ресми сұрады. Бірақ, ол сұрау әлі қарастырылу үстінде. Авторлық құқық ескеріле ме деген мәселеге келсек, біз Талғат ағаға хабарласып ескерттік. Баянмен сөйлесуін, екеуі келісуін сұрадық. Мен комментарий бере алмаймын. Бізде сарапшылар кеңесінің төрағасы Бекболат Шекеров деген кісі бар. Сол кісі сізге ресми пікір береді», - деп қысқа қайырды.

Біз бүгін бұл мәселеге қатысты Баян ханымға хабарласып едік, байланысқа шыға алмадық. Алдағы уақта, Баян Мақсатқызының пікірін де білуге тырысамыз.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

Жаңалықтар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алтын, күміс, қорғасын, мырыш және басқа да қатты пайдалы қазба қ...

Спорт

Қазақстандық Шавкат Рахмонов пен ирландиялық Иан Гэрри арасындағы айқасқа екі аптадан сәл-ақ астам у...