2021 жылдың 21 маусым күні Алматы қаласында Халықаралық Түркі академиясы мен әл-Фараби атындағы Қаза...
9 жасында 9 көлік иеленген шабандоз Хамза туралы не білеміз?
Фото: видеодан скрин
Бала кезден аламаннан топ жарып жүрген шабандоз биыл Көшпенділер ойындарында да жүлделі 2-орынға ие болды. Анасының айтуынша, ол 9 жасында 9 көлік, 1 пәтер, 70-80 миллион теңге иеленіп үлгерген. Massaget.kz тілшісі ат құлағында ойнайтын баламен және оның анасы Динара ханыммен сұхбаттасты, деп хабарлайды madeniportal.kz massaget.kz тілшісіне сілтеме жасап.
Небәрі 9 жасында Қазақстан түгілі әлемді шабысына қаратқан Хамза Марланұлы жарысқа қалай дайындалғанын, Жұмыртұяқ туралы көпшілік біле бермейтін мәліметтер айтты.
"Көшпенділер ойындары жақсы, ойдағыдай өтті. Жұмыртаяқпен 5 ай дайындалдым. Бізді әкем дайындады. Жұмыртұяқ "Ақылбай" шаруашылығына тиесілі. Жылқы Марат ағаның (қожалық иесі - еск.) шаруашылығында тұрады, өзіміздің қолтумамыз, сол қожалықтан шыққан. Әкем, Марлан Бектенов - бапкер, шабандоз - мен", - дейді бала.
Шабандоз 4-сыныпта оқиды. Анасының айтуынша, жарысқа байланысты сабақтан жиі қалады. Мектепте көтермелеу жоқ, өзіне тиесілі бағаны алады.
"Мектепте мұғалімдер "мақтанамыз, мақтан тұтамыз" деп айтады. Мектепте мені бәрі таниды. Бірақ сабақты 3-ке оқимын", - дейді бала.
Хамза болашақта жоғары деңгейдегі, әлемдік аренада өнер көрсететін шабандоз болғысы келеді. Ол екі қыздан кейін дүниеге келген. Ата-анасы ат ұстарын еркелетіп өсірген.
"Хамза - екі қыздан кейін дүниеге келген ұл. Сондықтан ол өте ерке болып өсті. 4 жасында әкесі өз тәрбиесіне алып, ат қораға апарып, атқа мінгізді. 5 жастан бастап бәйгеге шығып жүрді, 6 жасында алғашқы көлігін жеңіп алды. Жылқыға деген ынтасы жақсы, әкесі жанында, бапкері, өзі бәрін үйретеді", - дейді анасы.
Хамзаның аттан құлаған кезі көп болған. Алайда бала бұдан қорқып қалмаған. Динара ханымның айтуынша, шабандоздың аяғын шығарған, жамбасын да шытынатқан, басын да жарған кезі болған. Қазір денсаулығы жақсы.
"Бәйгеден кейін ерні көгерген жоқ. Бұл шаңнан шығар. Денсаулығы жақсы. Бұл бәйгеде жиі кездесетін жағдай. Тісі, беті шаң болып тұрады. Үйдегілер тұмауратып жатқанда, Хамза аттың жанында жүрген соң ауырмайды. Оның да пайдасы бар", - дейді анасы.
Хамзаның анасы ұлының ауқымды бәйгесі мен еншілеген сыйлары туралы сөз қозғады.
"Қазір 9 жасында 9 көлік, 1 пәтер, 70-80 миллион теңгедей иеленіп отыр. Биылғы ауқымды бәйгесі "Жолан жүйрігі" мен "Көшпенділер ойындары" болды. Кемел Тоқаевтың асында да бірінші болып келді. Тарихта қалатын бәйгелер ғой. Жүлдені ат иесімен бөлісеміз. Мұнда жылқы иесінің пайызы, бапкерінің пайызы, жылқыны баптайтын баланың пайызы мен шабандоз баланың пайызы бар. Сонда жүлде 4-ке бөлінеді. Жеңіп алған пәтер Астанадан берілді. Жеңіп алған көліктерді сатып жібердік. Жылқыны баптауда қандай да бір ерекшелік жоқ. Бәрі не береді, сол беріледі. Бұл - маңдай термен келген жеңіс. Атың бабыңда тұрса, міндетті түрде шабады ғой", - дейді Динара ханым.
Динара ханым алдағы жоспарларымен бөлісті.
"Бауыржан Мырзабаев секілді шапса деген арманымыз бар. Шетелде арнайы мектеп бар екен, соған жіберсек деген ойдамыз", - дейді ол.