Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарынан күнделікті қажеттіліктерге жұмсау үшін жаппай қаражаттарын ал...
Астанада қаңырап бос тұрған ғимараттан мәйіті табылған 14 жасар оқушы қыз: өлер алдында әлдекімнен қашып, жаны үшін арпалысқан
Фото: nemolchikz_official/Instagram
Қыркүйектің 10-ында Астанада қаңырап бос тұрған ғимараттан мәйіті табылған 14 жасар оқушы қыз біреудің қолынан қаза тапқан. Бұл туралы «НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Құқық қорғаушының айтуынша, бос тұрған ғимараттан қыз баланың мәйіті табылды деген ақпаратты полиция қызметкері хабарлаған. Қылмыстық іс қозғалған.
«Астана қаласы Байқоңыр аудандық Полиция департаментінің қызметкерлері «қыз бала газға уланып, жүрегі аяқасты тоқтап қалды» деген. Содан бері тергеу бір орнынан жылжыған емес. Қыздың ата-анасын «ертең хабарласамыз» деп алдап келеді», – дейді Дина Таңсәрі.
Оның айтуынша, сол күні оқушы мектептен кейін серуендеймін деп сұранған. Бірақ кеш қарая бастаған соң атасы оны іздей бастаған. Телефоны өшіп тұрған екен.
«Туған-туысы бірден полицияға қоңырау соққан. Ал сағат түнгі 10 шамасында полиция телефон шалып, баланың мәйітін таптық деген. БАҚ-та «баланың мәйітінде зорлық-зомбылықтың ізі жоқ деген» ақпарат таратылды. Алайда туған-туысының бізге жіберген суретінде оның қолында жара бар екені, әсіресе, екі алақаны мен жұдырығы қанағаны, шынтағы мен иығы қан жоса болғаны анық байқалады. Осыдан қарап-ақ өлер алдында ол әлдекімнен қашып, әлдекіммен төбелесіп, жаны үшін арпалысқанын түсінуге болады. Яғни, бұл жазатайым оқиға емес. Қыз бала ауырмаған, спортпен айналысқан. Әпкесінің айтуынша, ол қаңырап тұрған бос ғимаратта бір топ адаммен бірге болған. Не болғанын анықтау қалды», – деп жазады Дина Таңсәрі.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.