Вачкажец тау жотасындағы қону алаңынан Камчаткадағы Николаевка ауылына ұшып келе жатқан МИ-8 тікұшағ...
Сенатор тиктоктың қауіпті екенін айтып, бірнеше ұсыныс білдірді
Фото: parlam.kz
Сенатор Геннадий Шиповских Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздікті сақтау үшін TikTok-ты бұғаттау керек деп санайды. Бұл туралы ол премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды madeniportal.kz Halyq Uni тілшісіне сілтеме жасап.
TikTok әлеуметтік желісі әлемнің түкпір-түкпірінде үлкен танымалдылыққа ие. Елімізде де бұл желіні қолданушылар саны артпаса, кеміп жатқан жоқ. Көрші елге тиесілі бұл платформаны кең креативті жанрда жасөспірімдерді кәсіпке, білімге, ел тарихына қызықтыруға пайдаланып та жүр. Бірақ ондай контент саны өзге контентпен салыстырғанда шөлге тамған тамшыдай. TikTok-тағы контенттің басым бөлігі қандай сарында екенін мен айтпасам да өздеріңіз байқап жүрсіздер, - деді Геннадий Шиповских.
Оның айтуынша, қазір көптеген мемлекет әртүрлі себепке байланысты TikTok-қа ішінара тыйым салған. Оның бірнеше себебі де бар:
- Біріншіден, балалардың психикалық денсаулығына алаңдау. TikTok-тағы кейбір контент балалардың мінез-құлқына теріс әсер етіп, оларды жалған идеяларға жетелеп, тәуелділікке әкелуі мүмкін. Қырғызстан осы мақсатта платформаға тыйым салып, балалардың психикасын қорғауға бағытталған қадам жасады.
- Екіншіден, киберқауіпсіздік – қазіргі цифрлық әлемнің басты мәселесінің бірі. Франция мен басқа елдер TikTok пайдаланушыларының дерегін жинау әдісіне күмәнданып, желіге шектеулер енгізді. Қазақстанда да киберқауіпсіздікке назар аудару өте маңызды. Өйткені, жеке және мемлекеттік мәліметтердің қорғалуы ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты.
- Үшіншіден, мәліметтер құпиясы да үлкен алаңдатушылық туғызады. Канада TikTok-тағы деректердің қауіпсіздігіне байланысты шектеу шараларын енгізген. Бұл платформада пайдаланушылар туралы мәліметтерді жинау және оларды сақтау тәсілдері күмәнді болуы мүмкін. Сондықтан, бұл – Қазақстан үшін де өзекті мәселе.
- Төртіншіден, қоғамдық тұрақтылықты сақтау бағытында да шектеулер қажет. TikTok-та жалған ақпарат пен арандатушы мазмұндағы ақпараттың таралуы елдегі әлеуметтік тұрақтылыққа теріс әсер етуі ықтимал. Жалған ақпараттың кеңінен таралуы қоғамда дүрбелең тудырып, қоғамдық пікірді бұрмалауы мүмкін.
- Бесіншіден, адамның денсаулығына физикалық-моральдық тұрғыда қауіп төндіруі. TikTok-та соңғы уақытта стрим форматында өткізілетін жарыстар кеңінен таралып, олардың аясында жеңілген адамға жеңімпаз тарапынан әртүрлі тапсырмалар беріледі. Аталған тапсырмалар бір қарағанда қызық әрі көңіл көтеруге бағытталған секілді көрінгенмен олардың кейбірі адамның денсаулығына физикалық және моральдық тұрғыда елеулі зиян келтіретінін байқаймыз. Мысалы, «зеленка іш», «аузыңа шамды сал», «іш киіміңді көрсет» және осы секілді бұйрықтар адамның өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін.
Сенатор бұл мәселенің Үкімет мүшелерімен бірге бірнеше рет көтерілгенін, алайда әлі күнге дейін нәтиже жоқ екенін айтты. Соған байланысты бірнеше ұсыныс жасады:
TikTok платформасы экстремизмді, радикализмді, сепаратизмді, шектен тыс қауіпті және моральдық құндылықтарға қайшы контенттерді анықтау және шектеу бойынша нақты алгоритмді ұсынуы керек. TikTok платформасы жас балаларды онлайн қауіпті контенттен қорғау мақсатында YouTube Kids секілді балаларға арналған арнайы желі ұсынуы қажет.
13 жасқа толмаған балалардың TikTok-қа ата-анасының телефонынан кірген жағдайда Face ID технологиясы арқылы бұғаттау механизмін қарастыру керек. Олай болмаған жағдайда елімізде TikTok платформасын бұғаттауды сұраймыз, – деді сенатор.