Қазақстандық полицейлер бірінші қыркүйектен бастап, жолдағы қозғалысты қайтадан таяқшалардың көмегім...
Ғұбайдолла Айдаровтың 50 жылдан кейін кітабы қайта жарық көрді
Бүгін Халықаралық Түркі академиясы көрнекті түрколог Ғұбайдолла Айдаровтың «Язык орхонских памятников древнетюркской письменности VІІІ века» атты ғылыми еңбегін қайта жарыққа шығарып, оқырманға таныстырды.
Осыдан 50 жыл бұрын басылып, бүгінде табыла бермейтін сирек кітапқа айналған іргелі еңбектің тұсаукесер рәсімі Ғ.Айдаровтың туғанына 100 жыл толуына арналған халықаралық конференция аясында ұйымдастырылды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен алқалы жиынға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, көрнекті түрколог Осман Фикри Серткая, Әзербайжан Республикасынан танымал ғалым Абулфаз Кулиев, белгілі қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай, Қырғызстан Манас атындағы университеттің профессоры Қонқобаев Қадыралы, Ресей Ғылым академиясы Уфа ғылыми орталығы Тарих, тіл, әдебиет зерттеу институтының ғылыми жетекшісі Фирдаус Хисамитдинова, ҚазҰУ Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры Жанғара Дәдебаев, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, танымал түрколог Ерден Қажыбек, сонымен қатар Ғ.Айдаровтың балалары, танымал ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Оқырманға жол тартқан жаңа басылым Орхон өзені аңғарынан табылған көне түркі жазба ескерткіштері тілін фонетикалық, лексикалық, морфологиялық және синтаксистік тұрғыдан жан-жақты талдап, қазіргі түркі халықтары тілдерімен сабақтастығын ашып көрсетеді. Автор өз зерттеуіне Тоныкөк, Күлтегін, Білге қаған, Онгин, Кули-Чор қатарлы маңызды ескерткіш мәтіндерін арқау еткен. Кітаптың соңында бірқатар ескерткіштердің мәтіні, транскрипциясы мен орыс тіліне аудармасы, грамматикалық форма көрсеткіштері және шағын сөздігі қоса берілген. Айта кету керек, Түркі академиясы жарыққа шығарған екінші басылымда бұрын техникалық себептермен кеткен қателіктер түзетіліп басылды.
Айта кету керек, конференция барысында ғалымның үлкен қызы, Сәуле Ғұбайдоллақызына Түркі академиясы тарапынан арнайы құрмет көрсетілді.