Мәшһүр: “Сайрам мешітіндегі тас бағанды кім орнатқанын жазайын. Ерте заманда Алатау, Қаратауды...
Есукей (Әңгіме)
Орталықтан шыққан екі-үш аттылы сау аяңдап, Сүйірбайда отырған малды ауылға таң ата, ерте ілікті. Бұлар –тамыз басталғалы қозыға тотияйын құйып жүрген мал дәрігері Есберген болатын. Қасында өзі құралыптас Өмірбек пен мектепті биыл бітірген Керімхан деген жас жігіт бар. Есбергендер келгенде отарын өріске шығарған шопан жігіттің аяғы үзеңгіде тұр екен, мал емдеушілерді қарайлаған сыңайлы.
-Ассалаумағаләйкөөм!-деді Есберген аттан түсер-түспестен, даусын әндете созып.
Аға шопан Надыр деген таспадай ұзын қарасұр кісі болатын, амандық саулықтан соң:-Дәрігер жолдас, өзің айтқандай қозыларды қалдырдым, көмекшілерің бар екен, алаңсыз шаруаңа кіріс, мен малға кеттім,- деп қысқа-қысқа сөйлеп, бытырап бара жатқан отарының соңына ерді. Астындағы жуан торы ат «борт-борт» желіп ауылдан ұзап бара жатты. Ол кетісімен Есберген көмекшілеріне: «Сендер шарбақтың аузын ыңғайлап, тотияйынды езіп, дайындала беріңдер, мен қазір сыныптасыма амандасып келейін»,-деді. Ойы малшының әйелі— Жадыраға амандаспақ. Жадырамен мектепте он жыл бірге оқыған Есберген бала күнгі танысына үнемі іштартып жүретін, қазірде сол қадетінен жазбай шопанның үйіне:
-Бұ келіншек төсектен тұрды деймісің,- деп есіктен дамбырлап сөйлей кірді. Мұны көрген Жадыра:
-О, Есукей, келіп қалдың ба? Тұрдық, тұрдық, сен келетін болған соң,..- деді ол да бала күнгі досы— Есбергенді қуана қарсы алып. Жоғары шық,-деді.
-Келдік, сен дайын болсаң мен дайын.
-Ей, саған қашан ес кіреді, дайын кезде далақтап оқимын деп Талғар аудың, ендігіңе не жорық.
-Жарайды, қойдық, сенікі жөн. Қозыларыңа тотияйын құямыз, түске жақын сусын дайындап қой.
-Е, айтсаң болды. Сол ма бұйымтайың.
-Өзің қалайсың? Ана дәу сені ренжітіп жүрген жоқ ба?-деді ол Жадыраның күйеуін меңзеген болып.
-Мықтысын. Ренжітсе не, ара түсетінбе едің?
-Қарап тұрмаспыз.
-Шікіннің. Сорың құрысын.
-Қорықпа, күйеуің малға кетті. Немене өзі, сені мүлде жуасытып тастаған ба? Сақа айғыр талаған байтал құсап, бетіңе ноқта түсіп, томпиып, монтыйып қалыпсың,- деді сыныптасын әзіл-шыны бар қағыта сөйлеп.
-Әй, әй, байқа,-деді келіншек, - басыңа пәле тілеме. Оданда Есенгүл апайдың қалы қалай? Аман-сау ма, соны айтсаңшы.
-Жаман емес, бірқалыпты жүріп жатыр.
Есбергеннің мал дәрігері болғанына да біраз жылдардың жүзі болған, отыздан асса да басқұрамай сәумеңдеп әлі жүр. Өзімен бірге оқыған ауылдастарының алды екіден, үштен балалы болған. Мектеп бітірісімен Надырдың қармағына іліккен Жадыраның өзі, үшіншісіне аяғы ауыр. Есберген де ел қатарлы бас құрағысы келген, бірақ соның сәті келмеді, қыз-келіншекке қырсыз да емес. Бірақ қолына құс қонбады, әзірге. Содан кейін бар ынтасы жұмысқа ауып, ертелі -кеш ферманың шаруасына басы бүтін жегіліп жүре берген.
Қазір де келе іске кірісіп кеткен олар сәскеге дейін шарбаққа қамалған қозының жартсынан астамын тотияиынға «тойғызып», өндіріп тастады. Күн ысый бастаған кезде ғана көмекшілері босаңсып «сусын ішейік, шөлдедік» деген соң, үшеуі шопанның үйіне шөл басқалы кірген. Жадыра: Қонақтарға «төрге шығыңыздар» деп дастархан жайып, сусын әкеліп қонақжайлылық танытуда. Шөліркеген жігіттер бір-бір аяқ қымызды тастап алған.
-Недеген қымыз, балдай тәтті!- деп, қымызды қызықтаған Есберген, Жадараны «сыныптасым» деп, өткен-кеткенді айтып отырды. Өмірбек пен Керімхан оған аса мән бере қойған жоқ, сусындарын ішіп орындарынан тұрған. Есберген болса Жадырамен әзілдесіп, мектептегі сыныптастарын еске алып, көмекшілері шығып кеткен соң да бөгелектеп, үйден кенжелеп шықты.
Түс ауа шарбаққа қамалған қозыны тоияынға тойғызуға айналғанда өрістегі отар да ауылға құлады. Жүз шақты қозы қалған екен Есберген қалғанын түстен кейін бітірмек болып үзіліс жасады.
Бұл уақытта Надыр шопан аттан түсіп, үйге беттеген. Сәлден соң мал емдеушілер шопан үйінің дастарханда бас қосып, жұмыс жағдайын айтып отырды. Ет желініп, сорпа ішіліп болған, шопанның әйелі «қымыз алыңдар» деді. Соны тосып отырғандай Есберген:
- Жадыра, айналайын бал бармағыңмен бағанағыдай тағы бір құйшы,- деді. Мына сөзге Надыр шопан елеңдеп, Есбергенге алая қарады. Ол болса қаннен -қаперсіз. Кеңкілдеп күліп, шара толы қымызды сіміріп алып, ас қайырып шығып бара жатып:
- Жадыра, жаным, біз кеттік, қызыметіңе, ниетіңе көп-көп рақымет,-деп үйіріле сөйлеп, есік тұтқасына қол созды.
Келіншек Есбергеннің не дегенін түсініп болғанша ол үйден шығып кеткен. Надыр шопан Есбергеннің сөзі мен қылығын теріс түсінді ме, о жағы белгісіз, әйтеуір, бір жақ бүйірі бүлік ете қалып, қызғанышы тез тұтанды:
-Ей, анау не деп тұр? Есуас! –деді нығырлай сөйлеген Надыр шопан оқты көзін әйеліне ата қарап.
-Недеді ол?-деп әйелі мұның өзіне сұраулы жүзін бұрған.
Надырдың басына ыстық жалын бұрық ете қалды. Мынау қай басынғаны.
-Ей қатын, сен шыныңда айт. «Жаным, айналайын» дейді, «қызметі» несі оның? Өзі не сұрап тұр?
Күйеуінің ұшқын атқан суық жанарынан тайсақтаған әйелдің аузына сөз түспей:
–Ту, сенде,.. ол менің он жыл бірге оқыған сыныптасым емес пе. Әзілдеп, әрнені айта береді. Соны білмейсің бе?! -деді. Бір жағынан Жадыраның өзі де Есбергеннің не дегенін онша ұқпай қалып, сенімсіздік танытқандай болған.
Түрі біресе сұрланып, біресе қабарып ызаға булыққан Надыр:- Мен ол аусарды тәубесіне келтіремін, кімді басынып жүр?.. Есукей дегенің осы ма? Оны неге өйтіп «Күшім-ай» деп еркелетесің, ол кімің сенің?-деп кәдімгідей ашуға булыққан.
Жадыра не күлерін, не ашуланарын білмей, аузына сөз түспей тұрып қалған. Мектепте жүргенде сыныптастары оны «Есукей» деп атап кеткен. Ол оның екінші аты секілді. Жадыра ойын жинап үлгергенше күйеуі апыл-ғұпыл атып тұрып, далаға жұлқына шықты. Келіншек күйеуінің төрде тұрған қосауыз мылтықты ала шыққаны байқамай қалған.
Темекі шегіп, әлде нені әңгіме етіп тұрған Есберген Надыр шопанның ақырған даусына жалыт қарады. Сүйірбайдың боз шабдар адырлары да, тосын дауысқа үрке қарасқан. Ащщы дауыс, тордағы арыстанша қапалы да, қаһарлы естілді. Мынау әлгіндегі дастархан басында отырған жайдары Надыр емес, тіпті бөтен біреу секілді, аршындай басып мұны түтіп жіберердей төніп келіп:
- Оңбаған, жаңағың не сөз!? Әйеліме не дедің? Не сөз, деймін, мен саған?! Әйеліме не дедің? Қолында мылтық. Мына кереметті көрген көмекші жігіттер тым-тырақай безіп кетті. Үлкені Өмірбектің өзі шегіншектеп баз қораның қақпасын паналаған. Сол ақ екен ащуға булыққан Надыр мылтықтың үңірейген аузын Есбергенге кезеген қалпы «гүрс» еткізді. Есбергеннің есі ауып бара жатты, қақ маңдайдан осып өткен ауыр соққыдан, кескен теректей, гүрс етіп, қотанның ортасына сұлап түсті. Мына сұмдықты көрген Өмірбектің басы зеңіп, жер қозғалып, дүние дөңгелеп бара жатты. Мылтық атылғанды көзін жұма қалған ол, Есбергеннің серең етіп құлағанын ғана көрді. Сол ақ екен, тұрған жерінен атқып шыққан Өмірбек басы ауған жаққа тұтып жөнелген. Дүрсілдеген жүрегі атқылап ауыл іргесіндегі адырдан асып, алқын-жұлқын безіп келеді.
-Құдай-ау, не сұмдық! Не сұмдық! Екі құлағы тарыс бітіп қалған. Аяғы аяғына тимей, тұтып келеді, тұтып келеді. Надырдың мылтығы мұныда құртатын секілді. Желкесіне төніп, жақындап қалғандай.
Оқыс атылған мылтық даусынан соң ауыл үстін өлі тыныштық басты. Надыр болса айылын жиятын емес, құлап жатқан Есбергеннің басынан аттап өттіп:
- Әй дәрігердің қағылған-соғылғандары, қайдасыңдар? Мына өлімтіктеріңді арбаға салыңдарда тез қайқайыңдар!-деді. Қорқып қораға тығылып қалған Керімхан басын қылтылдатып, Өмірбекті іздеген болды. Сөйткенше болған жоқ Надыр шопан ырдуан арбаға ат жегіп, оған Еспергеннің мәйтін тиеп, бетін ит қораның үстінде тұрған өзінің ескі шапанымен жапты.
–Бала, -деді сонсоң Керімханға бұрылып:
- Енді бөгелме, осы бетіңде тарт. Бұл ит, ала жаздай «тотияйын» деп мазаны алып еді, бәлем, тотияған жерің осы шығар, Есукей мырза. Осы тойғанымен барсын енді!»,- деді.
Бұл кезде Өмірбектің де аяғы-аяғына тимей Сүйірбайдың сыртында отырған жылқышы аулына жан ұшырып зырқырады. Екі ауылдың арасы бір қауым жер, Өмірбекке ол есеп болған жоқ, дедектеген қалпы Жайым ақсақалдың аулына өлдім-өштім деп жете құлады.
Мұны көрген ауыл иессі:
-Астаппыралла! Мынау Өмірбек қой, бұған не болған!?-деп, қаны қашып, өңі тозған Өмірбектің жүзіне үңілді.
-Ей, жарқыным, тірімісің? Не болды? Аманшылық ба? –дейді. Жігітте тіл жоқ.
-Апыр-ай, мынаған не болды?-деп ауыл адамдары әрі-сәрі әбігер. Сол-ақ екен:
-«Су, су» деп Өмірбек тілге келді. Бір ожау суды басына қотарып демін басқан ол әзер дегенде үн қатып:
-Өлтірді, өліп қалды,- деді.
-Кімді айтасың, жаным-ау?-деп ауылдың үлкені Жайым ақсақал есі шыға қорқып, Өмірбектің жүзіне өңешін соза үңілді. Анау болса «өлтірді, өліп қалды» дегеннен жазар емес. Мән жайды түсіне алмаған Жайым ақсақал.
- Қарағым, сен сабыр етші. Кім өлседе құдайдың ісі. Жөндеп түсіндірші, -деп тұтыққан жігіттің қасына тізе бүкті. Сөйтіп әзер дегенде ес жиған Өмірбек мәселенің мән жайын баян қылды.
Суық хабарды естіген Жайым қария дереу кеңшардың орталығына кісі шаптырды. Өзі асығыс Сүйірбайға жүріп кетті. Ақсақал Надырдың аулына жақындап қалғанда Сүйірбайдың боз адырларын балақтап келе жатқан ат арбаға қарсы кездесті.
Жайым аттан түскенде арбаны жетектеп келе жатқан жас жігіт көлікті тоқтатып, ақсақалға жалтақтап қарай берген.
- Шырақтарым, не болды? Оның мұнысы не?
Ат жетектеген Керімхан ақсақалдың сұрағына күмілжіп ештеңе дей алмады. Тәрізі ол да қорқып қалған болу керек.
-Атып тастағаны рас ба?-деді Жайым шал арбада жатқан кісінің мәйтіне қарап.
-Сұмдық екен. Жарайды, төбелессін, ұрсын, соқсын,.. Ал, атып тастау деген не масқара.Соншалық бұл не істеді оған?..
-Білмеймін, не болғанын. Үйден жүгіріп шықты, қолында мылтығы бар екен соны көріп, мен қашып кеттім. Мылтық алтылғанын естідім. Қарасам Есаға шарбақтың ортасында құлап жатыр екен,-деп бала мандымды ештеңе айта алмады.
-Маңдайынан атыпты.
-Е, -деп басын шайқаған Жайым ақсақал арбаға жақын келіп, Есбергеннің бетін жапқан ескі шапанның шетін көтеріп мәйіттің жүзіне көз жүгіртті. Өңі күреңіткен Есбергеннің маңдайынан шыпшыған қанның қарайып қатқан ізі көрінді. Екі қастың ортасы көгеріп ісініп тұрған секілді. Сенбеске лажы қалмаған Жайым шал мәйіттің берін жауып:
-Ит Надыр, қояншық, енді не боласың!?- деді күбірлей сөйлеп.
-Жүре бер, балам,.. біздің ауылға қарай жүр. Туысқандарына хабар жібердік кешке дейін келіп қалар,- деп Жайым да үзеңгіге аяқ салды.
Есбергеннің өлімі туралы хабар сағатында сарнап өзенді өрлеп, өрдегі аулға түгел тарады.Тоқырауын бойын жайлаған ел дүр ете қалды. Бұрын соңды мұндай оқиғаны көрмеген ел, әңгімені сан-саққа жүгіртіп: «Надыр да бір жуас атаның баласы еді, неге өйтті екен» десті. Енді бірі: «Жуасты тапқан екенсің, нағыз қызыл көз пәленің өзі», деді.
Талтүсте Есбергенді сұлатып салған Надыр шопан сұп-сұр болып үйіне кіріп келгенде әйелі өзін қоярға жер таппай, күйеуіне жасқана қарап:
-Не істедің? -деді. Күйеуі болса айылын жиятын емес:
-Енді қайтып бұл үйдің есігін ашпастай етіп, тозақтың түбіне жөнелттім. Мұны естіген Жадыра үйден атып шыққан. «Мүмкін емес, атып тастамаған шығар» деп жүрегі атқақтап қора жаққа қарағаны сол еді, қотанның ортасында серейіп жатқан адамды көрді. «Сол» деді ішінен үстінде көгілдір жейдесі бар еді. Сол-ақ екен тұла бойы дірілдеп, босағаға сүйеніп отыра кеткен. «Надыр-ау, не жазығы бар еді оның?» деп бейшараны аяп көзіне жас алды. Әке шешеден тұл жетім жалғыз апасы бар еді», деп жан дүниесі құлазып, күйеуінің мына әрекетін түсіне алмай, «кісі өлтіргер адаммен қалай тұрамын» деп уайым шекті. Тіпті ақылға сияр емес, бұ қалай?» деп, ойы шатасып, меңірейіп ұзақ отырды.
Бұл уақытта Надыр шопан атына мініп кішкентай ұлы Сәдірді алдына алып, қойын өріске айдап кеткен.
Жадыраның жаны күйзеліп, Есбергеннің мәйтін қашан алып кеткенін де білмей зеңіп қалған. Бұл өмірде мұндай сұмдықты көргенше көрмегені жақсы еді. Дырдай азаматты ит құрлы көрмей атып тастағаны қалай? Тіпті басына сияр емес, бұ қалай?- деп бір сөзін он қайталап, түсініксіз қалде мең-зең. Құрсағындағы сәбиін ойлады. Алаңсыз жүгіріп жүрген балалық шағы есіне оралды. Одан әрі ойы тентіреп, шатысып жүре берген. Әлден уақытта:
-Апа,апа,-деген дауыстан есін жиды. Сөйтсе әкесімен бірге өріске кеткен 5-6 жасар баласы Сәдірбек екен:
-Апа, әкем айтты, «Күшімай өлген жоқ, тірі, қорқып талып қалған» деді. Жадыра әуелгіде мына сөзді түсіне алмай, баласына үнсіз қарап қалған. Сонсоң:
- Не дедің? Есукей тірі деді ме?- деп қайта сұрады.
-Жоқ,- деді бала,- Күшімай тірі, қорқып талып қалды,- деді.
-А, әкең сөйдеді ме, тірі деді ме?! -деп келіншектің қас қабағы түйіліп, баласын жаңа көрендей үңіле қараған.
***
Күн екіндіге құлағанда ырдауан арба Жайым ақсақалдың аулына жетті. Керімхан ақсақалдың айтуы бойынша, мәйітті «көлеңкелеу жер деп», мал қамайтын үлкен баздың ішіне арбасымен әкеп кіргізді. Көң исі кернеген қораның іші салқын екен. Жас жігіт атты доғарған соң, арбаны қораның ортасына қалдырып, сыртқа шығып кетті. Бұл уақытта маңдайына мылтықтың дүмі тиіп, ауыр соққы алған Есберген шым-шымдап есін жинай бастаған. Әуелі кірпігі қозғалды. Саусағының ұшына жан кіріп, аяқ- қолы жыбырлай бастады. Сонда да ол қозғалмай бірқауым жатты. Көзін ашқанда беті-басы тұмшалана жабулы тұрғанын сезді. Артынша қолы ербең етіп бетін бүркеген Надырдың ескі шапанын түріп тастады.Танауына шуаш араласқан қидың исі келді. Өзінің қайда жатқанын, неге жатқанын түсіне алмай ойы тайғанақтап тұрақтар емес. Басы зілмауыт. Өз денесі өзіне бағынбай тағы бір қауым қозғалмады. Артынша арбаның үстінде жатқанын сезді, сырттан абыр-күбір сөйлеген адамдардың даусы естілгендей болды. Сол сәтте ол кеудесін тік көтеріп алып жан- жағына көз тастады. Басына бірден келген ой: «Арбаның үстінде отырғаным қалай?» деген сұрақ онсыз да шайқалған миды зырық еткізген. Сол ақ екен құлағының дәл түбінен гүрс етіп атылғаны мылтықтың үні мен маңдайына шақ ете түскен мылтықтың дүмі, жарық ете қалған көзінің оты еміс-еміс есіне оралғандай болды. Басқаны ойлауға шамасы жоқ еді. Ырдуан арбаның биік қорабынан тізесі дірілдеп, «тірі сықылдымын» деп, қалтақтап әзер түсті. Осы кезде баз қораның қақпасынан біреулердің сұлбасы көрінгендей болды.
Аттын отқа қойып қайта оралған Керімхан арбадан түсіп жатқан Есбергенді көргенде есі шығып кері қашты. Апалақтап ағаш үйдің алдында тұрған Жайым, Өмірбек, Әзбергенге қарай жүгірді. Қолы ербеңдеп, «түрегелді, түрегелді» дей берді.
Мұны көрген Жайым қария:
- Алла сақтасын, мынаны қандай бүйі шақты?- деп Керімханға бұрыла бергенде, елдің көзі қора жаққа ауып, бәрі тілдерін жұтқандай ауыздары аңқиып қалған. Әлгінде ған Керімхан жүгіріп шыққан тас қораның аузында ербиіп Есберген тұр еді. Мұны көрген ауыл адамдары өз көздеріне өздері сенбей, бір жағынан бойларын қорқыныш биледі ме, таңырқады ма, әйтеуір, бір түсініксіз үрейге бой алдырып, ес жия алмай қалған. Тек Жайым ақсақал ғана сабырын сақтап:
-Өй, айналайын, аман екен ғой, аман екен ғой! Өліп тірілді деген осы екен ғой! -деп Есбергенге қарай еңкеңдеп жөнелді. Келе сала о дүниеден оралған «сабазды» баурына тарта құшақтап, үсті басын сипалап:
-Тірімісің, қарағым? Еш жерің ауырмай ма?- деп оны үйге бастаған.
Суық хабарды естіген Есбергеннің жалғыз апасы Есенгүл Жайым ақсақалдың аулына шұғыл жетті. Соңынан ерген жалғыз баурының неден жазым болғанын біле алмай; жамандыққа қия алмай; жүрегі алып ұшып келген ол, көліктен түскенде буын-буыны босап, көз алды жасаурап кеткен. -«Апырмай! Ат жалын тартып азамат болғанда,.. баурым-ай!-деп жүрегі езіліп, еңкілдеп жылап, көліктен түсе берді. Есік алдында мұны тосып тұрған адамдар қопарыла Есенгүлге қарай жүрді. Ауылдың үлкені Жайым қарияның көзі күлімдеп бұған жақындай беріп:
- Есенгүл, қарағым, қорықатын ештеңе жоқ, баурың тірі, деді. -Бір ажалдан аман қалды. Мұны естіген Есенгүлдің есі шығып кетті. Не қуанарын, не қайғырарын білмей, бойын екіұдай сезім билеген Есенгүл баурын көргенше асықты.
Жайым ақсақал:
-Жүр, қарағым, жүр үйге кір,- деп Есенгүлді үйге бастап, бір ажалдан қалған бауры Есбергенмен қауыштырған.
-Қарағым не болды, саған ана иттің баласы мылтық кезепті ғой, оңбағанды заң орнына тапсырам,.. Тал түсте адам ату деген не сұмдық?!- деп Есенгүл ызбарлы сөйлеген. Апасының сөзіне таңырқаған Есберген:
-Жоға, әпкетай ол мені атқан жоқ, атса өстіп отырам ба? Басым айналып құлап қалдым, күн өткен болу керек деді. Үйдегілер бір-біріне қарасып, ештеңенің парқына бара алмай «Бұ қалай?» дескен.
Бірақ Есенгүл оған қараған жоқ, Есбергенді қолтықтап көлікке отырғызып орталыққа алып кетті. Дәргер Есбергеннің аздаған миы шайқалғанын айтып, ісіп кеткен екі көзіне май жағып «біраз уақыт қозғалмай жатыңыз» деді. Әпкесі Есенгүл «аны сұмырайды сотқа беремін» деп жатып ашуланды. Есберген болса «сот, милиция» дегенді атамаңыз, деп жолатар емес. Баурының кісі түсінбейтін мінезіне ыза болған Есенгүл:
-Әлде сен өзің кінәлімісің, оның әйелімен жақындығың бар ма? –деп сұрақты қақ маңдайдан ұрғандай қойды.
-Әпкетай, о не дегенің? Біреудің әйелінде нем бар менің. Оның әйелі—Жадыраны сіз білесіз ғой, ол менің сыныптасым, бар айтқаным: «Жадыра, қызметіңе рақымет, шөлдесек тағы келеміз» деген сөз ғана. Ана Надыр ноқайдың оны қалай түсінгенін қайдан білейін.
-Ендіше неге милицияға беруден қашып отрсың? Мен соны түсінбеймін.
-Мен оны милицияға берсем ол сотталып кетеді ғой. Ал оның екі баласы бар. Жадыраға обал. Оның бетіне не деп қараймын.
-Е, жүр сол, елдің қоры боп; көрінген ит пен құстан таяқ жеп. Осыны айттқан Есенгүл үйден ашуланып шығып кетті.
Арада бірер күн өткен де Жадыраның өзі келді. Есбергеннің екі көзіне шапқан ісік: қарайып, көгеріп, сарғыштанып, байынан таяқ жеген әйелдің көзі сықылды ұсқыны кетіп жатқан. Қайта Есенгүл әпкесі беріп жіберген дәрі-дәрмекті жаққаннан бері торсиған ісігі оңала бастаған. Осындай жағдайда жатқан Есберген Жадыраны көргенде аузына сөз түспей:
-Жадыра!-деп орнынан қопаңдап ұшып тұрды. Келіншек болса:
-Өй, өй тұрма! Қалың қалай, аманбысың өзің?- деп, Есбергеннің мына сиқын көріп абыржып, әрі жаны ашып: -Сүйегі аман ба?-деді.
-Аман, аман. Үйде жатырмын, тірі қалғаныма қуанып.
-Милицияға неге бермедің?
Есберген сәл ойланып отырып:
-Жадыра, одан саған не түседі, сенің балаларың не болады, аяғың болса ауыр үшінші балаға.
-Мен үйден кетіп қалдым, көрінгеннен қызғанып бір күні мені де атып тастап жүрер. Бармаймын енді,-деді келіншек Есбергенге мұңын шаққандай әжептеуір жабырқай сөйлеп.
-Жарайды, ащуың тарқаған соң барарсың, қателігін ол да түсінер, кешірім сұрар,- деп дұп- дұрыс сөйлеп отырды да:
-Жалпы, оған бармасаң бармай-ақ қой, менің басым бос, үйім де бос, қазірден бастап осында қал да, шай-пайымызды қайната бер,- деді.
-Ей, жында, қашан серьезный адам боласың, бірдеңені дұп-дұрыс айтып отырасың да аяғын бұралқы сөзге бұрып, бала боп кетесің.
-Жадыра, жаным ау, басын оқ тесіп кеткен адамда қандай ақыл болады, әйтеуір, кірелі шығалы ес қалды.
Келіншек оның сөзіне күлген жоқ, қайта мұңая қарап:
-Ұшығынан сақтасын, қайтемін енді!? –деп өзі кінәлі болғандай қинала сөйлеген.
-Жарайды, жарайды, әзіл ғой. Ал шын мәнінде менің пікірімді естігің келсе, сіздің жігітіңіз ерекше еңбекқор, адал адам. Кемшіліксіз адам болмайды, әрине. Қызғанса жақсы көргені. Сен де оған адалсың, білемін. Ол жігіт көп болса екі-ақ күн шыдар, сонсоң өзі-ақ келеді, сенен кешірім сұрайды, сонда барарсың. Екеуің бақытты болыңдар, мен соған тілектеспін. Жадыра Есбергеннің мына сөзін естігенде жанары боталып, көңілі босап кетті. Соны сезген Есберген:
- Ал енді сөздің аяғын бұралқы сөзге бұрайын ба?-деді. Көзі жасаурап отырған Жадыра еріксіз езу тартып «иә» деген.
-Әнеукүні-деді Есберген,- сенің батырың мені талтүсте сұлатып салған соң өзіме- өзім келе алмай, ана дүниеге қоржынымды арқалап кетіп барады екем, сенің батырың қуып келе ме деп артыма қарауға жүрегім дауалар емес. Сен болсаң көрінбейсің; сонда бір кішкентай бала, жеңімнен тартып сенің атың Есукей ме? Менің де атым Есукей, жүр бірге қайтайық, о жаққа бар ма, деді. Көзімді ашып алсам: қой қорада, арбаның үстінде жатырмын. Айналама қараймын қорады менен басқа тірі жан жоқ, мен ғана, оның өзінде арбаның үстінде жатырмын. Не керек сөйтіп есімді әзер жидым.
-Бұнымен не дегің келді? Мұның әзілге ұқсамайды ғой,- деді Жадыра.
-Есіңде жүрсін Есукей дегім келді.
Содан бері көп жыл өтті. Есберген де аман-есен, үйлі-жанды болған. Қазір ауданда жауапты қызмет атқарады. Айтпақшы, жақында Надыр шопанның аулында болдым. Көліктен түсіп жатқанымызда жеті-сегіздер шамасындағы бір бала жүгіріп келіп сәлем берді.
-Дәу жігіт бол, қарағым! Атың кім сенің?- дедім. «Есберген» деді ол. Осы кезде үй жақтан «Есукей, балам, келген кім?» -деген Надыр шопанның даусы естілді. Есіме баяғы оқиға түсіп жүрегім бір түрлі шым ете қалды.
Жанболат Башар