Сәбит Мұқанов. Толстой туралы

ӘДЕБИЕТ
2645

АЛЕКСЕЙ ТОЛСТОЙ ТУРАЛЫ

Заманымыздағы ең биік жазушының біреуі — Алексей Толстойды жиырмасыншы жылдардың аяқ кезінен көріп жүргенмен, жақын танысуым 1942 жылдың күзінде.

Ұлы Отан соғысы аса қызу жүріп жатқан шақ. Барлық істе де жігер-әбігершілік... Сондай күндердің біреуінде, сол бір тұста Қазақстан Орталық Партия Комитетінің үгіт-насихат бөлімін басқаратын Бөлебай Исабеков, Жазушылар одағында қызмет атқаратын маған телефон соқты.

— Алло!— деді ол,— Сәбитпісің?

— Ия!..

— Тауға бармаймысың?

— Неге?

— Алексей Толстойға!

— Толстойға?!

— Ия, ол кеше түнде поезбен келген Ташкенттен... Тауға орналастырғамыз...

— Мен, яғни... Жазушылар одағының президиумы председателі неге білмеген оны?!

— Жолдас Скворцовқа (сол кездегі Орталық партия комитетінің секретары С. М.) Өзбекстан Орталық Комитетінен телефонмен хабарлаған екен, маған ол кісі өзін, ғана барып қарсы алып орналастыр,— деді...

— Аһа!..

Олай дейтінім Николай Александрович Скворцовтың, өзі басқара отырған республикадағы ұлт кадрларын, оның ішінде жазушыларға елеусіз қарайтыны бір бұл жолы ғана емес те, сондай көкірлік мінезінен кейін жазаға тартылып, одақтық совхоз министрлігінен де алынды. Бүкілодақтық Орталық Партия Комитетінің мүшелігінен де шығарылды. Осындай мінезі бар Скворцовқа өкпелегенмен, Толстойға өкпелеуге дәлел жоқ, сондықтан Исабековке еріп тауға кете бардым. Бетіміз Қазақстан Министрлер Советінің Алатау қойнауындағы демалыс үйі.

Жылдың қай тәулігіндегі қандай күні болса да, Алатау мен оның қойнауындағы табиғаттың тамаша емес шағы жоқ.

Ең жаман деген тұманды, жаңбырлы, боранды күндерінің өзінде, кейде төбесі, кейде төсі, кейде ылди-өрі қылаңдап қалатын Алатау аймағының қиялдағы бір ертектер сияқты елестейтін кездері болады. Ал, бүгін ауа райы шаңқақ ашық, күн райы маужыраған шуақ, сондықтан жаз айларында таудың ақ сәукелесі сияқтанып ең биік шоқыларының ұшар басына шығып кететін қар кейінгі бір күндерде бері қарай төмендеп, жоталары қапталдаңқырағандықтан, таудың сай-саласындағы теректердің жапырақтары қызғылттанып, қайыңдарының, жапырақтары сарғылттанып, шырша-қарағайлары жасылданып... дегендей, түрлі түске боялғандықтан, жолдың екі жақ сайларындағы, бөктерлеріндегі жеміс ағаштарының тұна піскендігінен күздік бүгінгі күнінің көркі қиялдағы ешбір жұмаққа бергісіз!..

Исабеков телефон арқылы хабарлап қойғандықтан басында қоңыр түсті «береті», үстінде тоқыма фуфайкасы, қолында таяғы бар Алексей Николаевич бізді есік алдындағы гүл газонының қасында қарсы алды. Мінезі жылдамдау Бөлебай мені Алексей Николаевичке таныстырмақ болғанда:

— Тәңірім-ау,— деді ол, әдеттегі салтына сай жуан дауысымен қоңқылдай мұрнынан күліп,— Сәбит Мұқановпен неше жиналыста кездеспедік біз!.. Қайталап айтайын—жиналыстарда!.. Былайша әдеттегі жағдайда кездесіп керген емеспіз!.. Оның сәті енді түсті дейміз!...

— Меніңше де солай сияқты,— дедім мен.

— Біздің бөлмеге кірейік,— деді Алексей Николаевич, қолдасқаннан кейін,— онда менің жұбайым отыр, жас келіншек...

— Білеміз,— дедім мен.

Бөлмеге кірсек, бұрын да былайша көріп жүретін Людмила Илинична жинақы отыр екен, ол амандықтан кейін бізге кішіпейілдік көрсетіп, стол үстіндегі жеміс пен шарапқа шақырып еді:

— Өз жемісіне өзін шақырмас болар,— деді Алексей Николаевич әйеліне сүзіле, жымия қарап,— және столдағы жемістен гөрі, ағаш бұтағынан үзіп жеген жеміс тәттірек болар. Қонақтар бейіл болса тысқа шығып, бақшаны аралап-серуендеп қайтайық.

Біз демалыс үйін қоршаған кең жеміс бақшасын аралай, таудың биігіне қарай ерлеп кеттік. Бұл кезде шепке шығатын жеміс атаулының алынып болған кезі. Ағашқа шығатын жемістердің де тез пісетіні сиреп, әзіргі жиналмай тұнып тұрғаны — апорт алмасы ғана да. Сол жылы. жеміс өте шығымды болғандықтан Алматының алмалары да, оның ішінде апорты да өсер шегіне жеткен еді. Алексей Николаевич бұтақ басында беті қызара құлпырған үлкен апорттың біреуін үзіп ап ұстағанда қаусырған екі уысына да симай кеп тұрды. Аса көркем және аса үлкен алмаға таңдана қараған Алексей Николаевич, салмақтап көріп:

— Мұндай алманың қанша тартарын білер кісі бар ма «кен?— деді.

— Бар,— дедім мен күлімсіреп.

— Николай второй!

Патша ма?!—деді Алексей таңданған кескінмен.

— Ия,— дедім мен күліп.

— Қайда?! Қалай?.

Петербургта 1913 жылы.. Сол жылы Романов тұқымдарының таққа отыруына 30 жыл толуын тойлағанын білеміз. Той кезінде Питерде Россиядағы ауылшаруашылық көрмесі ашылған. Сонда Түркістанның генерал-губернаторы Куропаткин осы апорт алмасын қойған.

Бір алманың салмағы 1085 грамм тартқан. Патша губернаторға осы алма үшін сыйға алтын медаль берген. Бұл — документте сақталған факт.

— Бұл таңданудан да жоғары факт екен!— деді Алексей Николаевич,— сонда өсіруші кім болған сондай алманы ?

— Ең алдымен, апорт алмасының ата тегі Орел облысында...

— Кәдімгі РСФСР-дің?!..

— Ия!

— Қалайша?

— Өткен ғасырдың орта тұсында, Алматы қаласы іргесін жаңа ғана қалап жатқан шақта, Орел уезінен осы араға Редько фамилиялы орыс крестьяны көшіп келеді. Оны ат, арбасымен, семьясымен Орелден Алматыға бір жыл жүріп келген екен дейді. Өзі бағбан адам болса керек, Орелде де апорт алмасын өсірсе керек, содан бір жас шырпысын құмыршаның топырағына отырғызып, жолшыбай баптап алып келеді де, Алматының топырағына тігеді. Шырпы аз жылда алма ағашына айналып жеміс береді, бірақ жаңа топырақта көлем жағынан да, дәм жағынан да, көрік жағынан да ата-бабасынан әлдеқайда озып, көлемінен екі-үш есе үлкен болады, дәм жағынан,— дүние жүзіндегі ең шырын алма болады!.. Кәзір бұл алма, Алматы төңірегіндегі түрлерінің ең молы және ең тәттісі. Жер шарында Алматыдан басқа жерде мұндай апорт өспейді. Шет мемлекеттер мұны алтынға алады!.

— Тамаша!— деді Алексей Николаевич шаттанып. Міне қайда, Алматы топырағының қасиеті. Орел апортының Алматыда бұлай өркендеуі, орыс пен қазақтың мызғымас достығының айғағы сияқты екен!..

Алатау аясының тамаша көркіне елтігендей, одан әрі Алексей Николаевич біраз уақыт үн-түнсіз аяңдады. Оның жан күйін аңғарғандай, біз де келелі кеңес қозғамай, уақ-түйек репликалармен қанағаттандық. Ол сөздеріміз құлағына кірмегендей, өйтуіне ыңғайсызданғандай ара-тұра «не дедіңіздер?» деп сұрап қояды болмашы сөздерді қайталағымыз келмеген біз жәй әншейін дей саламыз...

— Лидочка!— деді Алексей әйеліне, әлден уақытта, төңірегін қоршаған жоталарға да, алыста сағыммен көгере бұлдыраған қайқаң далаға да томпақ үлкен көзін түйілдіре қарап,— не деген ғажап суреттер бұл? Не деген ғажап сұлулық!..

— Қазақстанды құмдақ дала деп түсінетін кім?.. Бұл сияқты тамаша табиғатты мекендеген елде арман бар ма?— Осы тамашаны түгел және толық суреттеген көркем шығарма қазақ әдебиетінде бар ма— деген сұрау қойды маған Алексей Николаевич.

— Шет пұшпақтап бар, түгел және толық сипаттаған жоқ.

— Ұят екен ол!..

— Бәрімізге де,— дедім мен күліп,— туған жерінің әдемілігін түгел қамтып толық сипаттап кеткен жазушы жоқ қой дүниеде... Мүмкін де емес қой ол.

— Рас, деді Алексей Николаевич,— орыстың, бай табиғатын суреттемеген жазушы бар ма? Шағын жазушыларды былай қойғанда, Пушкин, Тургенев, Лев Николаевич Толстой, Горький сияқты ірі суретшілер де оның сұлулығы мен байлығын сипаттауына жетеді ол!..

— Рас!.. Сонымен қатар, ешбір елдің табиғаты, суреттеу жағына ешбір жазушының сыбағасына тиген емес. Мәселен, Кавказ бен Қырымды тұрғын жазушыларына қосыла, ұлы Пушкин мен Лермонтов та тамаша қып жырлаған жоқ па?

— Рас!..

— Ендеше, қазақ жерінің байлығы мен көркемдігін тұрғын жазушыларына қосыла сипаттауға Сізді де шақырамыз, Алексей Николаевич! Қазақтың кең даласының сыртқы көрінісі ғана емес, іші де ғажап бай. Мысалы, бейнелеп айтқанда қазір жауға атылып жатқан он оқтың, тоғызын қазақ жері беріп жатыр!..

— Білем! Соғыс бітіп, дүние тиышталғасын келуге тырысам...

— Бұл сөзіңізден «тырысам» дегенді алып тастаңыз!..

— Болсын!

Алексей Николаевич аздап жөтеліңкіреп келе жатқан еді...

Мана аздап тымаураттым деген. Сонысын еске алғандай. Тау арасын біраз кезгеннен кейін:

— Енді үйге оралсақ қайтеді?— деді Людмила Ильинична.

Сол бір қарсаңда, славяндық комитеттің Москвада мәслихаты болуға әзірлік жүріп, Толстойды шақырған екен, оған Алексей Николаевич бірер күнде ұшпақ екен. Сондықтан ба әлде бұрын көрмеген елдің мәдениеті мен әдебиетінен хабардар болғысы келгендіктен бе,— Алексей Николаевич менен қазақ фольклоры мен қазақ әдебиетінің жайын сұрап кетті. Білгенімді айтуға тырысқан менің кеңесімнің Людмила Ильиничнаның ішін пыстырғандай болып:

— Басқа бір кеңеске кешсек қайтер еді?— деді ол.

— Мақұл,— дедім мен.

— Онда қазақ ақындарының немесе жазушыларының өміріне байланысты кеңес айтыңыз!— деді Алексей Николаевич.

Мен Мәшһүр-Жүсіптің көзі тірісінде өзіне мазар салдыру оқиғасын айтып ем:

— Қызық екен,— деді Алексей Николаевич,— бірақ бұл елім әңгімесі екен; сіз енді өмір әңгімесінің қызғылықты біреуін табыңыз

Мен 1937 жылдың декабрінде, бір топ қазақ әдебиетшілерімен Жамбылдың Грузияға, Шота Руставелидің юбилейіне барғанын сипаттай кеп, сол жолы, 91 жастағы Жамбылдың өзін күткен 19 жастағы сестра грузинкаға ғашық болғаның осы трагодрамасын маған қалай баяндағанын айтып беріп бетіне қарасам, Алексей Николаевич орамалымен көзін сүрте бастаған екен.

— Не болды саған, Алеша?!—деді әйелі оған.

Не деген ғажап әңгіме!— деді Алексей Николаевич, орамалын бетінен алып,— адамның өмірді сүюінің ғажап бір бейнесі екен мынау!..

Ол күні түнді еңсеріп ажырасқан біз, ертеңіне Жазушылар одағының кеңсесінде кездестік. Ол кезде Алматыда: Маршак, Адалис, Шкловский, Михалков, Паустовский, Ильин, тағы бірнеше көрнекті орыс жазушылары тұратын. Оларға және Алматы жазушыларына Толстой Ұлы Отан соғысы туралы бір жарым сағаттық баяндама жасап берді. Баяндамада жұрт оның Отанын шексіз сүйетіндігімен қатар, жауға мейрімсіз екендігімен қатар, мемлекеттік ойы да ірі адам екенін аңғарды.

Кешті менің пәтерімде өткіздік. Орыс жазушыларынан ерлі - зайыпты Толстойлардан басқа Михаил Зощенко болды. Толстоймен ол бірге өсіп, біте қайнаған сырласы екен. Қазақтан атақты ақын Нұрпейіс Байғанин, Ғабит Мүсрепов және Ғабиден Мұстафин қатынасты. Жасы сексенді алқымдағанмен, Нұрпейістің денесі тік, беті қанды сұлу кісі еді. Әдемі аппақ сақалды оның ажары мен сұлулығына қарап «осы заманның пайғамбары сияқты екен» деп отырды Алексей Николаевич. Бұрын ол қазақ ақындарынан Тбилиси де (1937 жылы ) Жамбылды көрген екен де, кәрілігі жеткен ақынның жырлауына қанағаттана алмаған екен. Енді қуатты дауысымен Нұрпейіс жырлап жібергенде үн екпініне, жыр ырғағына қайран қалған Алексей Николаевич:

— Шын ақынды жаңа көрдім ғой!— деді шаттанған кескінмен,— қазақ тілін білмесем де, не айтқанына түсініп отырғандай болдым. Бұл шынында да жырдың пайғамбары екен!..

Ac үстінде бір қызық болып қалды. Мен, әрине, құрметті қонаққа арнап қой сойдым да, ет піскенде алдына бас әкеліп тарттым. Қазақ ғұрпын білмейтін адамдар, әдетте, мұндайда қиналып қалады. Қайда, кімнен сұрап алғанын кім білсін — Алексей Николаевич алдына тарелкаға салған бас барғанда, қазақтың байсалды шалының біріндей оңтайлап ұстады да, екі құлағының бірін Нұрпейіс қартқа, бірін Зощенкоға кесіп беріп, «әйелді ерекше сыйлайтын едім» ден екі көздің бірін зайыбым Мәриямға, екіншісін Людмила Ильиничнаға ұстатты.

Астан кейінгі мәжіліс ән-күйге айналып кетті. Біраз күннен кейін, Алексей Николаевич Ташкенттен маған төмендегідей хат жазды:

«1942 жыл. 10 ноябрь.

Қымбатты достым, Сәбит!

Хатыңызға ұзақ уақыт жауап қайтармауыма кешірім өтінем. Мейрам алдында жұмысты көп істеуге тура келді.

Одан басым зеңгіп кетіп, қазір қағаз бен сияға қарағым да келмейді. Совет әдебиетінің жиырма жылдығы туралы, Ғылым академиясының 18 ноябрьде шақырылған салтанатты сессиясында жасалатын баяндамамды бүгін ғана жазып бітірдім. Өзім Свердловқа ноябрьдің 12-13 де ұшам, Людмила Ильинична ертең Москваға жүреді.

Бүгінгі және кешегі хабарлардан (соғыс хабары С. М.) алған әсерлеріме қарағанда мұз қозғалып, екінші майдан ашылған сияқты. Оқиғаның өрбуі біздің болжалды жерімізден шықпауы кәдік. Басқаша болуға да тиісті емес, біздің уақыттағы әдіс-айла күткен де, күтпеген де мезгілде соққыны беруі мүмкін. Меніңше, майдан туралы жазылған, айтылған, жорамалданған сөздердің бәрі біздің одақтастардың ойдағы қимылынан немісті шатастыру үшін қолданылған болу керек. Лиэпптегі соққы да осыған жатады. Менің шамалауымша, немістермен итальяшкалар (Италияны сықақтауы ғой. С. М.) Солтүстік Африка мәселесінде де мейлінше шатасты. Одан айрылу, негізгі тамағынан айрылу деген сөз; ішіне бүкіл Аппеней жарты аралын қоса, панасыз күнгей Франция соққы астында қалды деген сез; қазір Орта Теңізде ауаның және судың сұрапыл соғысы басталуын да ойлану керек; оның артынан, үсті-үстіне, күтпеген жерлерде, одақтастардың десанты түседі.

Көрдіңіз бе, үйде отырып әдіс-айла туралы бал ашатындарды көргім де келмейді, сөйте тұра, өзім де сонымен шұғылданам.

Сізбен танысуымыз, екеуміздің де (әйелі мен өзі С.М.) көңілімізде аса жылы сезім қалдырды. Сізді Москвадағы үйімізде күтеміз. Людмила Ильинична Сізге және жұбайыңызға сәлем жолдайды.

Жамбылға ең ыстық сәлемімді жолдаймын. Көктемге қарай, апрельде, сізбенен бірге барып, Совет Одағының бірінші ақынына сәлемдесерміз.

Сіздің үйде, достық столының төңірегінде дәмдес болған тамаша ақынға ыстық сәлемімді жолдаймын.

Қолыңызды қатты қысамын.

Сіздің Алексей Толстой.

Менің адресім: Москва, Спиридоновка 2, Горькийдің үйі».

Осы хаттан кейін, газеттер Алексей Николаевич Толстойдың Свердловта болып, СССР Ғылым академиясының сессиясында әдебиет туралы баяндама жасағаның онда қазақ әдебиеті туралы да айтқанын хабарлады. 1943 жылдың бірінші январы күні: «Алматы, Артиллерия көшесі, 35-үй, Сәбит Мұқановқа. Жаңа жылда ыстық сәлем жолдаймын жетістіктер мен бақыт тілеймін, Алексей Толстой» деген телеграмма алдым.

Одан кейін, Москваға барған шақтарымда, Алексей Николаевичтің үйінде бірнеше рет болып, достық дастарханнан талай-талай рет дәм татып, талай рет жылы әңгімелескенім бар. Солардың ішінен ерекше біреуін қысқаша баяндай кетейін.

1944 жыл, февральдың 17-сі, мен Орталық «Правда» газетінің жұмсауымен Прибалтика майданына баруға жиналып, «Москва» мейманханасында отырмын. Жүрісім асығыс болғандықтан, Толстойдың үйіне телефонмен ғана хабарласып, майданнан қайтарда ғана соғуға уәделестім. Сол күні кешке номерімнің телефоны сылдырлады.

— Алло!

— Сәбитсіз?— деді әйел дауысы. Тани кеттім — Людмила Ильинична. Сәлемдескеннен кейін:

— Тәуір костюмың (бұл семьямен, бұл кезде «сен» деп сөйлесуге әдеттенгенбіз. С. М.) бар ма, Сәбит?

— Оны неге сұрадың?

— Бір себеппен, кейінірек айтам. Маған бар-жоғын айт.

— Жоқ деп ойлайсың, ба, сонда?

— Майданға бара жатырмын деген жоқпысың? Мүмкін қара дүрсін киініп келген боларсыз?

— Солай-солай. Бірақ қосалқаға алған, тәуірім де бар.

— Ендеше соныңды ки, сөйт те, кешкі сағат сегізге, біздің үйге кел.

— Сонша сәндендірудің себебі не?

— Бізде бүгін американдықтар болады.

Оның алдында: «Толстой Америка өкілдігімен, әсіресе өкіл Гарриманмен танысып араласып жүреді» деп естігем.

Людмила Ильиничнаның бұйрығын орындап, «барымды киіп, байлаушымды салып» дегендей. Спиридоновкаға келсем, төңірегі биік тақтай ауламен қоршалған қақпа алдын¬да, жарығының, жоғарғы жағы бүркелген (соғыс кезінде солай еді ғой) электр шамының түбінде милиционер түр екен. Ол менің паспортымды көрді де, қолдағы тізіміне қарап «кіріңіз!» деді. Бұл арада бұрын болмайтын милиционердің қазір тұруына қарап, ішімнен «Америка дипломаттары үшін қойған ғой» деп жорамалдадым.

Оқушыларға ескертуге ұмытып барады екем: Толстой маған адресін бергенде, «Горькийдің үйі дегенді босқа жазбаған. Бұрын «Спиридоновка, 2» қазір «Алексей Толстой көшесі, 2» аталатын үй, Россиядағы ең ірі капиталистердің, бірі Павел Рябушинскийдің меншігі екен. Революция жылдары Рябушинский советке қарсы болып, шетелге қашқаннан кейін, өзге үйлерімен қатар, бұл үй де қалалық шаруаның қарамағына көшіп, 1931 жылы Максим Горькийге берілген. Қазірде оның семьясы осы үйде тұрады. Үй — екеу: бірі (негізгісі) Горькийдікі, екінші (отау сияқтысы) Толстойдікі. Бұл да көп бөлмелі, екі.қабатты көркем үй, онда қазір Толстойдың әйелі басқаратын музейі бар.

Тақырыбымызға көшейік: мен Толстойдың үйіне кірсем, коридорда Людмила Ильинична және Толстойдың сол кездегі секретары,— капитан Калинин тұр екен. Сыртқы киімімді шешкеннен кейін, Людмила Ильинична менің үстіме қарады да:

— Дұрыс!— деді.

— Неге сонша сұқтандың?— дедім мен күліп.

— Енді қалай?— деді Людмила Ильинична,— американдықтар!... Қазір одақтасымыз болғанмен де сен совет жазушысысың және ұлттық жазушысың. Олар сенің қалай киінуіңе, үлкен мән береді.

Калининнің бастауымен, қонақ қабылданатын үлкен, салтанатты бөлмеге кірсем, электр жарығын сөндіріп, «камин» аталатын пеште жанған отынның сәулесінде бірнеше кісі отыр екен.

— Шамды жақ!— деген дауысы естілді Алексей Николаевичтің.

Калинин электр шамын жаққан шақта әуелі Толстой, оған ере қасындағылары өре тұра келісті. Танымайтын адамдардың бәрі арықтау, ұзындау, мойындары қылқиғандау, галстук орнына бантик байлаған, сымпыс шалбарларының балақтары қушиған тарлау біреулер. «Американдықтар осылар болар» деп жорамалдадым ішімнен.

Толстой маған қарсы жүріп, құшақтасып, сүйісіп амандасты да, «мынасы кім?» дегендей маған таңдана қараған қонақтарына:

— Совет Одағында «қазақ» атты халық бар, оның саны — Бүкілодақ халқының екі процентіндей. Бұрын Россия колониясы болған, Октябрь революциясы азаттық берген бұл халық, бұрын да өжет, батыр болған, қазір тіпті өжет, тіпті батыр!... Оған дәлел, Москва түбінен жауды қууда аса зор қайрат көрсеткені өздеріңізге мәлім — гвардиялық сегізінші дивизия — қазақстандық. Бұл соғыста ерліктері дүние жүзіне ертегі болып кеткен Совет Одағының Батыры деген зор даңққа ие болған 28-дің жетеуі қазақ!.. Басқа майдандарда да қазақтардың батырлығы ғажап. Қазақтың жігіттерімен қатар, екі қызы... (аттарын сұрағандай, Алексей Толстой маған қарады. Мен: Маметова, Молдағұлова деп жібердім). Иә, иә, солар! Осы екі қыз бүкіл советтік шығыста, Совет Одағының Батырлары деген зор атаққа ие болды!.. Бұл кісі,— деді Алексей конақтарына мені нұсқап,— осы батыр елдің жазушысы Сәбит Мұқанов

Қонақтар қолшапалақтап жіберді. Жиналған жұрт ас бөлмесіне шақырылғанда, Людмила Ильинична мені іркіп қалды да:

— Алексей Николаевичтің саған достық тапсырмасы бар еді,— деді.

— Ия?

— Сенің маскүнем емесіңді білеміз. Ретті жерде жақсы ниетінің де мәлім. Бізге бүгін сенің ішкенің керек.

— Неге?

— Американдықтарды ішкізу үшін. Олардан бұрын мас болмауына сенеміз.

— Мас болып қалсам қайтем?

— Оқасы жоқ. Өз үйін,. Жанжал шығаратын кісі емессің. Баптап жатқызамыз.

— Болсын!— дедім мен.

— Тағы бір сұрау,— сен шошқа етін жейсің

— Колбаса болмаса, былайғы етіне дағдыланбаған кісі едім. Колбасаны өзімше «мал еті» деп жеймін...

— Түсінікті... Ал, сен өзің біз үйіңде қонақ болғанда қойдың басын алдымызға тарттың ба?

— Тарттым.

— Ендеше,— деді Людмила Ильинична күліп,— біз сенің алдыңа шошқаның басын тартамыз!.. Шошыма!.. Шошқаның емес, торайдың, яғни өйткені кішкене семіз торайдың өзін. Сен оны өз еліңнің салтымен, бүгінгі қонақтарға үлестіресің.

— Мақұл!

Кең столдың үстінде тамақ та, ішімдік те мол екен. Оған қоса, екі доңғалақты кішкене арбаның үстіне тұтаса орнап, қолмен тоқылған кішірек бөшке келді. Оның іші лық толған «орыстың ащысы» екен. Естуімше, американдықтар ғана емес, бүкіл Европа «орыстың ащысы» тұрғанда, өзге арақ-шарапқа пысқырмайды да.

Мәжілісті басқару маған тапсырылды. Мен әуелі «ащыны» үлкен бокалдарға толтыра құйдырдым да, алдымда сопақ табақшаға етпетінен жатқызған семіз торайды бөлшектеместен бұрын, қазақтың басты үлестіру тәртібін түсіндіріп алдым. Содан кейін торайдың қалқиған бір құлағын майлы түбімен молырақ қып ойып ап, «бұл сіздің сыбағаңыз!» деп, Гарриманға ұсындым: «Жеп тауысасыз,— дей бердім оған және пышақпен кескілемей, қолыңызға тұтамдай ұстап тұрып асайсыз!»

Торайды қонақтарға бөлшектеп үлестіргеннен кейін, «Ал, кәне, одақтастардың жеңісі үшін!» деп, көлемі стакандай бокалға құйған «ащыны» төңкере тастадық.

Осы бетпен қызу кеткен мәжіліс, бір кезде, американдықтардың біреуінің бүлінуіне соқты. Тым жіңішкелеу, тым ұзындау, тым жұқалау бұл чиновник ұсынған бокалды басынан-ақ түптей қотарып отыр еді. Сөйтіп отырып шама - сын білмей қалған ол, бір сәтте, мойынын ине жұтқан иттей қылқылдатып отырды да, дастарханға лақ еткізіп құсып кеп жіберді. Онысына бүкіл американдықтар жерге кіре ұялған кескін көрсетті. Көрсете берсін: өзгелері де сөйтуге жақын отыр...

Одан ар жағы менің көзіме бұлдырап кетті. Бір, кезде көзімді ашсам оңаша бөлмеде, шешінген қалпыммен төсекте жатырмын!.. Басым зеңгіп әкетіп барады!.. Қимылдауым ақ мұң екен, бөлмеме Калинин кіре берді.

— Қайда жатырмын?— деген сұрауыма:

— Осы үйде, яғни Толстойдың үйінде,— деді Калинин. Іле Алексей Николаевич өзі кіріп:

— Жігіт екенсің, Сәбит!— деп, төсегіме асыла отырды да, мені құшақтады.

— Американдықтардың жайы не болды?— дедім мен.

— Түгелімен бүлінді. Көбін машиналарына көтеріп мінгізді. Меніңше, олар «орыстық ащысы» не нәрсе екенін осы жолы бірінші рет білді!..

Мен бұл «сырқаттан» екінші күні әрең айықтым. Оған дейін Толстойлар мені үйінен жіберген жоқ. Енді араққа жүрегіміз айныған біз, арақсыз тамақпен ғана қанағаттанып, ара-тұра әңгіме соғамыз. Оған Толстойға сәлемдесуге келген Всеволод Иванов, Леонид Леонов сияқты жазушылар араласады. Өзге әңгімелердің арасында, Толстой маған Мәшһүр-Жүсіп пен Жамбылдың грузин қызына ғашық болған әңгімесін қайта-қайта айтқызатын.

Жазылып номеріме қайтарда, Толстой маған өз шығармаларының біреуін сыйламақ болып іздесе, авторлық бір-бір данасынан басқалар тарап кеткен екен. Тарамаған жалғыз ғана кітап қалған екен, ол «Азаптарға саяхат» (Хождение по мукам) оны да біреуге бермек болып, алғашқы жақ ақ қағазының бұрышына сиямен жазып қойған екен. Сия резинкамен сүртілгеннен кейін, Алексей Николаевич өз қолынан пышақпен қырды да, беттің таза бұрышына «Қымбатты қазақ досым Сәбитке. Оны ыстық сүюші Алексей Толстойдан!» — деп жазып берді. Ол кітап күні бүгінге дейін шкафымның берік жерінде сақтаулы.

Бір жыл өткеннен кейін үйіне барсам, қыл тамақпен ауырған Алексей Николаевич әл үстінде екен. Өз халының үмітсіздігін жасырмай айтқан ол:

— Жамбыл тірі ме,— деп сұрады.

— Тірі,— дедім мен. — Дегенмен, майданда екі бірдей баласы қайтыс болғандықтан, ол кісі де қазір шөгіп, төсекте жатып қалды.

— Онысы аянышты екен! Менің арманым: ұлы ақынмен жүздесе алмадым. Қазақстанға да қайтып орала алмадым. Енді, бәріне де менің соңғы секундтарын соғып жатқан жүрегімнің ең ыстық жерінен жолдаған сәлемімді алып бар!

Қыл тамақтың кесірінен 1945 жылы 23 февральда қайтыс болған Алексей Николаевич Толстой, көлденең пәле килікпегенде, Жамбылдың жасына еркін жететін кісі еді.

Совет елінде өз атын алтынмен жазған Алексей Николаевич өзге жақын достарымен қатар, менің есімде де өмір бойы сақталады!

Бұл естеліктің қысқарақ түрі. «Казахстанская правда» газетінің 1945 жылы, 18 мартта шыққан 54 санында «Памятные дни» деген атпен жарияланды.

1950 жыл, 30 декабрь.


author

Сәбит Мұқанов

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...