Ертең - оразаның соңғы күні, яғни ауыз бекітеміз. Алайда, ертең кешке тарауиx намазы оқылмайды. Ал ж...
Алматыдағы ЖОО-ның профессорлары «Таза Қазақстан» акциясын қолдады
Фото: Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті
Алматыдағы ЖОО-ның профессорлары «Таза Қазақстан» акциясын қолдады, деп хабарлайды madeniportal.kz.
«Таза Қазақстан» – еліміздің табиғатын қорғау, экологиялық мәдениетті нығайту және азаматтардың экологияға жауапкершілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған ауқымды республикалық бастама. Бүкіл ел бойынша қоршаған ортаны қорғауға бағытталған түрлі шаралар өтіп жатыр. Алматы қаласының жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушылары акцияны қолдап, өз студенттерімен бірге сенбілікке шығып, табиғатқа қамқорлық танытып, экологиялық мәдениетті дамытуға белсене атсалысуда.
Азаматтық Авиация Академиясының профессоры Гүлназ Қажымұратқызы Тулекова «Таза Қазақстан» акциясының қаланы көркейтуге зор ықпалын атап өтіп, «бұл шараның басты мақсаты – қоршаған ортаны ластанудан сақтау, туған жерге деген сүйіспеншілікті ояту» деп бөлісті. Табиғаттың тазалығын сақтауға үлес қосу – әрбір азаматтың міндеті екенін айтқан профессор Алматының көркі мен тазалығын сақтауға шақырды.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры Лаззат Алдибаева да экологиялық мәдениетті дамытудың әркімнің қарапайым әдеттерінен басталатынын баса айтты. Оның ойынша, «су мен жарықты үнемдеп жұмсау, қоқыс тастамау сияқты қарапайым қадамдар арқылы экологиялық мәдениетімізді арттыра аламыз». Профессор экологияға қамқорлықты тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.
М.Тынышпаев атындағы ALT университетінің профессоры Дәулетхан Найман студенттерімен бірге сенбілікке шығып, өз университетінің маңайындағы аумақтарды тазарту арқылы қоршаған ортаға қамқорлық жасауды дәстүрге айналдырғанын айтты. Студенттер қоқыстарды сұрыптап, қайта өңдеуге жіберуге атсалысуда және болашақта бұл бастаманы жүйелі түрде жалғастыруды жоспарлап отыр.
Ал Қазақ ұлттық университетінің профессоры Салтанат Тумажанова «Таза Қазақстан» акциясын жаһандық экологиялық мәселелерге жауап ретінде қарастырып, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Ол студенттер мен оқытушылардың бірлесе отырып университет аумағын тазарту жұмыстары арқылы жастарды табиғатты аялауға тәрбиелейтінін айтты. «Осы бастамалар арқылы біз таза және жасыл болашаққа қадам басамыз», – деді ол.
Осылайша, Алматының профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттері «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы бастаманы қолдай отырып, олар туған жерге деген сүйіспеншілікті, табиғатқа деген құрметті болашақ ұрпаққа жеткізуде.