Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мұғалімдерге берілетін гүлдер мен сыйлықтың қай уақытт...
Жетімін жылатпаған ел едік...
сурет ашық дереккөзден
Ата Заңымызда мемлекеттің ең басты құндылығы адам екендігі тайға таңба басқандай етіп нақты жазылған. Сол себепті де ана мен бала мәселесі біздің еліміз үшін аса маңызды міндеттердің бірі болып қала бермек. Мемлекет Басшысы жыл сайынғы Жолдауында да ана мен бала құқын қорғауды назардан тыс қалдырып көрген жоқ, деп жазды madeniportal.kz.
«Ұлың өссе, ұлы жақсымен көрші бол, қызың өссе, қызы жақсымен көрші бол» дейтін аталарымыз баланың тек үй-әулеттің ішінде ғана емес, өз қатарластарының ортасынан да көп нәрсені үйреніп, көп нәрсені жұқтырып әкелетінін жақсы білген. Сондықтан бала тәрбиесіне о бастан мұқият қарап, қасындағы жора-жолдастарының кім екенін, немен айналысатынын бақылап, біліп отырған. Бабаларымыз «Қызға қырық үйден тыйым, ұлға отыз үйден тыйым» дегенде олардың жастайынан жат әдеттерге бой алдырмауын қадағалаған.
Қыз бала мен ұл баланың екеуіне екі бөлек тәрбие берген: қызды болашақ отанасы, үйдің берекесі, отбасының ұйытқысы санап, жастайынан үй шаруасына баулығын. Ал ер баланы түздің адамы деп мал бағып, аң қағуға, жауынгерлік өнерге үйреткен.
Ертеректе әр ру жеке-жеке бір-бір ауыл болып көшіп-қонып жүрді және бір атадан тараған әулеттің бала-шағасын сол әулеттің үлкендер жағы бірлесіп тәрбиеледі. Өйткені ауылда бір бала бұзық болса, әйтпесе басқадай оғаш қылық көрсетсе, басқа балалар да одан көргенін істейтін болған. Сондықтан бала бойындағы кейбір келеңсіздіктерді байқаған ересектер қауымы «мынау мынаның баласы, мынау ананың баласы» деп бөлмей, бірлесіп тәрбиелеген. Үйде тек баланың әке-шешесі ғана емес, далаға шыққанда әулеттің, рудың бүкіл үлкендері бақылап отырған. Яғни ауыл балаларының тәрбиесіне бүкіл ауыл тұтас қатысқан. Ерсі қылықтарын көрсе, қатаң тыйып тастап отырған. Міне, ата-бабаларымыздың ру болып қауымдасып өмір сүруінің бала тәрбиесіне тигізетін осындай тиімді тұстары да бар.
Ру болып қауымдасып өмір сүрудің арқасында қазақ жетімін жылатпаған, жесірін жатқа бермеген. «Аға өлсе, ініге мұра» деп жесір қалған әйелді әмеңгерлік жолмен өзі қалаған қайындарының біріне әмеңгерлік жолмен қосқан, ал әмеңгер жеңгесімен бірге ағасының бауырларын да бауырына басып, өз баласынан кем қылмай өсіруге міндетті болған. Әмеңгерлік дәстүр арқылы бір жағынан үйленген жігіттің адамгершілік мінезіне де баға беретін. Мысалы, әмеңгер өлген ағасының балаларын кемсітсе, дұрыс ішкізіп-киіндірмесе, орынсыз жазаласа, қатаң қарайтын болса, ауылдастары мұндай адамдарды жақын жолатпайтын, жақтырмайтын болған, сыйламаған.