Жастар табиғатты таза ұстауға шақырады

сурет ашық дереккөзден

Қоғам
90

Бүгінде Қазақстанның барлық аймақтарында «Таза Қазақстан» акциясы қызу жүргізіліп келеді. Аталған жалпыреспубликалық шара сәуір айында басталып, бүгінге дейін оған әлденеше он мыңдаған адам қатысқан. Соның арқасында  ауылдық және қалалық жерлерде, табиғат аясында әлденеше мәрте тазалық жұмыстары жүргізіліп, әр өңірден тонналаған қоқыс пен қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды, деп хабарлайды madeniportal.kz.

Солтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің Қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы Г. Байбосынованың айтуынша, жастар тек осымен тоқтамай, одан кейін қала  аулалары мен көшелерді, көпшілік пайдаланатын қоғамдық орындарды тазартуды, абаттандыруды әлі де жалғастыра бермекші.

– Тазалық – жинаған жерде емес, шашпаған жерде болады деген сөз бар. Әркім өзінің айналасын, тұрған үйін таза ұстаса, қоқысты тек арнайы жәшіктерге салса, мұндай былығу болмас еді. Өкінішке орай, тұрғындардың бәрі саналы емес, қоғамдық орындарға біреудің мүлкіндей қарайды, жанашырлық танытпайды. Кейбір бұзақылар тіпті спорттық алаңқайлардың, балалар алаңдарының жабдықтарын қасақана сындырып, бұзып, іске алғысыз қылып кетеді. Отырған жерлерін шашып, ас-су қалдықтарын тастай салады, – дейді Гүлбақыт Байбосынова.

Қандайда бір келеңсіздіктің салдарымен емес, себептерімен күрескен маңызды. Сол себепті Қызылжар қаласында өткен экологиялық қауіпсіздік акциясында спикерлер жастарды қоршаған ортаға қамқор болуға шақырды. Сондай-ақ біреулердің рұқсат етілмеген орындарға қоқыс төгіп жатқанын көрген адам, оған бейжай қарамай, дереу құзырлы органдардың өкілдерін шақырып, тәртіп бұзушыны жөнге келтіруге де белсене араласу керектігі айтылды.  Экологиялық акцияның негізгі мақсаты да сол – өзің ғана тазалықты сақтап жүрмей, басқаларды да осы игілікті іске үлес қосуға шақырып, өзгелердің қаланы, көпшілік орындарды шашып-бүлдіруіне жол бермеу.

Ақпарат үшін айта кетейік, солтүстік қазақстандық жастар «Таза Қазақстан» акциясын 27 сәуірде бастап, күні бүгінге 300 тонна қоқыс жинаған. Бұл жұмыстарға бес мыңнан астам еріктілер атсалысқан.

Мен өзім осы қаланың тұрғынымын. Біздің аталарымыз осы қалаға ертеден келіп, қоныстап тұрып қалған екен, осы жерде әкем дүниеге келген, енді мен де осында өсіп жатырмын. Қала өзіме ұнайды, болашақта ешқайда тұрақты қоныс аударып кету ойда жоқ. Бұйырса, біздің балаларымыз да Қызылжардан ешқайда көшпейтін шығар деген ойдамын. Мен сүйікті шаһарымыздың таза болғанын, сырттан келген меймандарды қызықтырып, көз тартып тұратынын қалаймын. Бірақ кейбір санасыз адамдардың өзі өмір сүріп жатқан ортаға салғырт қарап, күл-қоқыс тастап кететініне налимын. Ондай бейбастақтармен қоғам болып, көп болып күресуіміз керек, ондай лас әдеттерге жол беруге болмайды,– дейді Қызылжар қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің 3-курс студенті Ерболат Байболат.

Ерболат «Таза Қазақстан» жалпыреспубликалық тазалық акциясына басынан бастап қатысып келе жатқанын, келесі жылы да одан қол үзбей, қала тазалығына өз үлесін қоса беретінін жеткізді.

 

Жаңалықтар

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы энергетик сусындарға қатысты пәтуа шығарды, деп хабарлайды ma...

Жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысында зорлау туралы көрінеу жалған хабарлау оқиғасы анықталды, деп хабарлайды ma...