Нәзір – заманының заңғары

Фотосурет ашық дереккөзден

ТАНЫМ
91

Нәзір Төреқұлұлы 1892 жылы қасиетті Түркістан маңындағы Қондоз деген жерде туған. Әкесі Төреғұлдың көзі ашық, заманының білімді азаматы болса керек, баласына білім беру керектігін түсінген.

 Нәзір 1900-1903 жылдары Қоқандағы медреседе, 1903-1905 жылдар арасында орыс-тузем мектебінде, 1905-1913 жылдары Қоқан коммерциялық училищесінде, 1915-1916 жылдары Мәскеу коммерциялық институтының экономика факультетінде оқыған. Көріп отырғандарыңыздай сол замандағы өте жоғары білімді азамат болған.  1918-1919 жылдары Ферғана облыстық Ревком төрағасы, Халық Ағарту Коммиссары, 1920-1922 жылдары Түркістан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы, 1922 жылдан КСРО Халықтары Орталық баспасы басқармасының төрағасы (Мәскеу) болып қызмет атқарған. Сол жылдарда қазақ, орыс, өзбек, тәжік тілдерінде журналдарда редакторлық қызмет атқарған, көптеген мақалалар жариялаған.

1924 жылы Орынборда бүкіл қазақ съезіне қатысып, жаңа түрік әліпбиін енгізу комиссиясының төрағасы болып сайланған. 1926 жылы Бакуде түркістантанушылар съезіне қатысып, латын қарпі туралы сөз сөйлеген. 

Нәзір дінді жақсы біліп, тақуалықты бойына сіңіргеніне қарамастан қазақ мүддесіне келген кезде біржақтылыққа бармайды. Білімділігінің нәтижесі болар, ұлтының алыс болашағына көз тігіп, қазақ әліпбиі жасалар тұста араб әрпін емес, латын әліпбиін жақтайды. «Орыс әліпбиінің майданы тар. Араб әліпбиі тек арабтарға керек, орыс әліпбиін орыс, бұлғар секілді елдерден басқа ешкім пайдаланбайды, онымен жазбайды, латын әліпбиінің майданы кең. Мұнымен кеңірек майданға шығамыз» деп латынға көшуді ұсынған. Осыдан бір ғасыр бұрын айтылған білімділер сөзін әлі де іске асыра алмай келеміз. 

Ел Нәзірді біраз уақытқа дейін Қоқанда туған, ұлты-өзбек деп жүрді. Нәзірдің өзі замандасы Шәріп Байшораға: «Мен өзбек емеспін, Түркістан шаһарында дүниеге келіп, Қоқанда өскенмін, яғни өзбекке сіңіскен қазақпын» - деген екен. Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов: «Нәзір өзбек, тәжік тіліндегі тұңғыш оқулықтардың авторы. Нәзір атылысымен өзбек тіліндегі «Шарқ» журналына «Нәзір Төреқұлов – өзбек ұлтының ұлы перзенті» деген мақала шықты. Мен Нәзір Төреғұлұлы туралы Ташкент архивіндегі деректерде өзі жазған құжаттарда «ұлтым қазақ» деп көрсеткенін білетін едім деген. 

Нәзірдің әкесі ескіше, орысша сауаты бар, көбінше заң ісімен айналысқан, өз уақытының білімдар кісісі болған. Нәзір Төреқұловтың тағы да бір таңғаларлық әрекеті – Түркістан Республикасы Орталық Комитетінің Төрағасы болып қызмет істеген жылдарында дін мәселесіне үлкен мемлекеттік қайраткерлер бара алмайтын қадамдар жасағандығы. Оның барлық мекемелерде демалыс күнін жексенбіден жұмаға көшіру туралы үкімет қаулысына (7.12.1921 ж) қол қоюы. Бұл әрекет одан кейінгі ондаған жылдарда Орта Азия халықтарынан шыққан бірде-бір биік лауазымдының түсіне де кірмеген шығар. Сонымен қатар жиырмасыншы жылдардың бас кезінде-ақ мұсылмандардың кәделі мейрамы – Құрбан айттың үш күнін де демалыс күндері деп жарлық шығарған да Нәзір болатын. Біз бұл деңгейге әлі де жете алмай келе жатырмыз. Міне, осыдан былай қарайғы өмірінде Кеңес Үкіметіне қызмет ете жүріп, қазақтың, діннің мүддесін тынбай қорғады. ҰҒА академигі Рахманқұл Бердібаевтың айтуынша «Кеңес үкіметі орнағаннан кейін басшылық қызметті иеленгендердің көбі дін мәселесіне теріс қарағаны белгілі. Ал Н.Төреғұлұлы діннің адам баласы тарихындағы өзгеше мәнін әуел бастан-ақ анық түсінген. Сондықтан да белсенділердің дүрмегіне қосылмаған, діннің қасиетін жоғары бағалаған». 

«Ислам және коммунизм» деген мақаласында Нәзір исламның пайда болу тарихын айта келіп, оның көптеген ұлттар мен ұлыстарды бірлестіруіндегі пайдалы қызметін көрсетеді, адамның ождан, наным-сенім бостандығына шек қоймайтынын мәлімдейді. 

Нәзір діни тақырыпта жазылған мақала өлеңдерді де қалт жібермей, түзетулер енгізіп отырады. 1925 жылы орыс басылымындағы Е.Федоровтың «Орта Азиядағы діннің болашағы туралы» атты зерттеуіне қарама-қарсы пікір айтып, жан-жақты талдап, кем-кетігін көрсетеді. Сәкен Сейфуллиннің «Айт күні» атты өлеңіндегі:

          Бүгін айт, құрметті күні Исламның

          Мейрамы күллі момын мұсылманның.

          Есігі сегіз ұжмақ ашылған күн,

          Халықтың рахмет нұры шашылған күн.

          Тәңіріне шүкірлік қылып, тілек тілеп,

          Сәждаға барша момын бас ұрған күн.

          Сәулесі түскен күні ақиқаттың

          Қалдырған ізгілігі Мұхаммедтің .

          Ортақтық, туысқандық, қайырымдылық

Құшағы ашқан күні махаббаттың,-деген өлеңіне «Сабаз, Исламды білмейді. Ақиқаттың қай күні түскенін, «туысқандықтың» қай күні құшағын ашқанынан хабары жоқ.» - деп талдап, замандастарынан діни сауатты өлең жазуын талап еткен. 

1927 жылы «Муштум» басылымында жариялаған мақаласында «Ислам және коммунизм пәлсапасын һәммеге ұғындырмаққа бір ғана өлшем болса керек. Имандылық, имандылық һәм имандылық. Мәскеуде тақуа болып күн кешірмектің жолын таппай, өзім де қапалымын. Оның басты себебі – иманнан жұрдай бола бастағанымыз»-деген. Мәсекуде жүріп, биліктің бір шетін ұстап жүріп мұндай сөз айту-Ерлік.

Сонымен қатар, Нәзір бүгінгі күннің өзінде өзекті болып табылатын фамилия мәселесінің қазақша жазылуын сол кезде-ақ тілге тиек етті. «Темірқазық» журналында «Ұлы ма? –Ов па?» атты мақаласында «Біздің қазақ хат жазып, қол қойса, кісі атын жазса орысшалап кетеді. Жаманбай Аманбайов» деп. Біздің түркі тілінің салты, заңы осы, бұрынғы билер бізге белгілі өздерінің ғана аттарымен: Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Едіге, Ноғай, Жәнібек, Әйтеке, т.с.с. Біз өз жұртымыздың тіл заңына түссек, елге жылдам жақындасамыз, елге жақындасқан сайын ел ағартқан іс гүлдейді.  Сөйтіп біз айтайық дегеніміз «ов» -ты орысқа қайтарып, қазақтың таза тілінің салтын қолдану керек. Бұдан былай қол қойғанда  «Байтұрсынұлы Ахмет, Дулатұлы Міржақып, Қожанұлы Сұлтанбек» деп жазуымыз дұрыс» дейді. Бір ғасыр өтсе де жөнделе алмай келеміз.

Мәскеуде қызметте жүрген жылдарда Қазақстаннан шеттетілген Ә.Бөкейханов, М,Жұмабаев, Ә.Байдильдинге жұмыс тауып беріп, оларға баспана жағынан көмек көрсетті. Қазақ тілінде «Темірқазық» журналын шығаруды ұйымдастырып, оған Ә.Бөкейханов, А,Байтұрсынов, М.Жұмабаев секілді зиялыларды тартты. М.Жұмабаевқа үлкен қамқорлық көрсеткен.

Ғани Мұратбаев Нәзір мен Тұрар жайында: «Маған екеуі де ұнайды. Тұрар ұстамды, сөйлескен адамына көп көңіл бөліп, үйіріле қалады. Нәзір тіктеу, бітіспес, бірбеткей, сөйлескен кісінің сөз саптауынан не айтатынын білетіндей, оның сөзін өзі жалғастырып, әңгімелеп кетеді. Жұмыс үстіндегі жинақылығы мен батыл қимылы жағынан әскери адамға ұқсайды. Ол қаншама оқымысты бола тұрса да, қарапайым адам. Үстінен нұр төгілгендей, қандай әсем». Нәзір большевик болса да Алаш зиялыларымен жақсы қарым-қатынаста болды. 1917 жылдардан Әлихан Бөкейханмен хат жазысып, ұлттың мүддесі үшін Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейханға Шәңгерейді, Шоқан, Ыбырайды бірігіп, кітап шығарайық деп ұсыныс жасаған. Шәңгерейді, Ыбырайды, Ахмет, Шоқанды Нәзір жазбақ болған. 

1928 жылы Сауд Арабиясындағы КСРО–ның бас консулы, төтенше елшісі, өкілетті министрі болып тағайындалды. Низами атындағы Ташкент педагогика институның профессоры Сейдуәлі Тілеуқұлов: «Нәзір әсіресе Құран Кәрімді жатқа айтатын еді. Сегіз тілді меңгере білді, сыналған мемлекет қайраткері ретінде танылды, нәтижесінде ең жауапты қызмет жүктелді. Қазақтан шыққан тұңғыш дипломат  Кеңес мемлекетінің сыртқы саясатын жүзеге асыруды, екі ел арасында саяси және сауда қарым-қатынасын нығайтуға көп үлес қосқан. 1929 жылы Сауд Араб мемелекетінің королі Ибн Саудтың қабылдауында болып, достық байланыстың негізін қалады.

Бұл жайында 1927 жылы Сыртқы Істер Халық Комиссарының Сталинге жасаған құпия хатында Нәзірге қатысты: «Мұсылман әлемі мен дүниетанымының ірі білгірлерінің бірі болып табылатын, әрі нәзік саясат жүргізуге бейімді Төреқұлов жолдастың кандидатурасын елшілікке ұсынуды ұйғарып отыр.  Төреқұлов жолдастың өзі де Мороккодан Индонезияға дейінгі мұсылман әлемін шолуға мүмкіндік беретін осы қызметті атқаруға ықылас білдірген.  Нәтижесінде 1928 жылы елшілік қызметке аттанды.

Қызмет атқару барысында сол елдердің әдебиеті, тарихы жөнінде ғылыми мақалалар жазған. Сауд Арабиясында Нәзір өте жоғары сыйлы адам болды. Кеңес Одағымен ортасындағы сауда-саттық, достық, келісім дегенге қол жеткізілді. Өзінің айтуынша: «Сенім грамотасын тапсыруды арнайы  Лялятүл –Қадр (Қадір түніне) сәйкестендірген екен. Бұл өте ерекше құрмет. Нәзірдің өзі де Кеңес Одағының үлкен ресми қызметінде жүріп, бірнеше рет қажылық парызын өтеген. Талай рет Умраға барған. Тақ мұрагері Фейсалмен достық қарым-қатынаста болған.

Екі жақтың ынтымақтаса әрекет етуіне барын салып қызмет етіп жүрген Нәзірдің хаттарына КСРО-дан 1936 жылдан бастап салқын жауап келе бастайды, соңында оны елге қайтарады. Одан кейін барған елшіні де Араб елі онша қабылдамайды. Нәзір ұсталғанын естіген Сауд Араб елі КСРО-мен біржолата байланысты үзеді. Тек 1990 жылы ғана қалпына келтіріледі. Қазақстан 1994 жылы Сауд Араб елімен арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. 

Белгілі ғалым Бейсембай Кенжебаев «Біз барғанда Әлихан Бөкейханов Нәзірдің кабинетінде отыр екен. Таныстырды, кейін білсем, Мәскеуде тұратын Әлихан Бөкейхановты Нәзір аударма ісіне тартып жүр екен. 

Нәзір кабинетінде біз түркі дүниесінің көптеген азаматтарын көріп, кездесіп жүрдік. Ол өз әңгімесінде түркі тектес халықтардың ауыз әдебиетін  жүйелеп шығарғысы келетінін айтқан еді. 1936-1937 жылдары Мәскеу мен Ленинградта Шығыс халықтары институтының ғылыми қызметкері, оқу ісі жөніндегі проректоры болып жүрген кезінде ғалым ретінде отандық тіл біліміне үлкен үлес қосты. Оның «Жат сөздер», «Ұлт мәселесі және мектеп», «Қазақ-қырғыз үшін жаңа әліпбиі» сынды еңбектері мен өзге мақалаларында емле, әліпби, терминология жүйесі ғылыми негізде талданып отырған. Сондай-ақ қаламгердің әдебиеті туралы пікірлері ерекше. Қазақ, өзбек әдебиетінің туындыларына сын жазған.

          Ұлты үшін толассыз еңбек еткен есіл ерге туған жерінен топырақ та бұйырмады. Тек ақталып, есімі еліне қайтқанда ақын Мұхтар Шаханов:

          Біздің елде заманында ғалам назар аударған

          Өзге түгіл өз ұлтынан шеттетілген Таулар бар.

          Ол Тау сенсің –Нәзір аға, қазағымның нар Тауы,

          Дәуірінің қасиеті, өр рухты арқауы.

          Ортаймапты әлі сенің алғыр, асау дарының

          Талай елге шашсаң-дағы жүрегіңнің жарығын.

          Қаншама жыл саған құйған азаматтық арынын,

          Туған жерге оралғаның жақсы болған алыбым.

         

Туған жердің топырағы бұйырмаған есіл ерді елге жеткізетін азаматтың табылмағандықтан Ресейде тұратын бір ауыз қазақша білмейтін, қазақ жерін көрмей өскен қызы Әнел ұлтының Нәзірді жақтап жатқанын естіп, өзін әкесінің туған жеріне жерлеуді өсиет етіпті. Тағдырдың талқысына түскен қыздың әке алдындағы міндетін осылай орындағысы келгені ме, кім білсін... 

1937 жылдың 17 шілдесінде қамауға алынып 3 қарашасында есіл ер атылып кете берді. 

 

Ерғали ДІЛДӘБЕК

Жаңалықтар

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы энергетик сусындарға қатысты пәтуа шығарды, деп хабарлайды ma...

Жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысында зорлау туралы көрінеу жалған хабарлау оқиғасы анықталды, деп хабарлайды ma...