Ақыл ойдың айсбергі

ТАНЫМ
5903

Осынау өмірге ұлы Жаратушының ықыласымен ақын болып келуден өткен қандай бақыт болуы мүмкін. Бір сәт көзге ойша елестетіп көріңізші. Поэзиясыз әлем, адамзат қандай болар еді. Қаратүнек, қантөгіс, махаббатсыз. Адам баласының бойындағы барлық бақытсыздық өмірді сүйе алмаумен, поэзиясыздықтан болған жоқ па!

Әлем өте нәзік, ақын сол нәзіктікті аялап сүйеді. Өйткені, тұтас дүние ақынның жүрегіне сыйып кеткен. Адамзат ақыл-ойының басында ең бірінші ақындар тұр, қанша ғасырлар өтсе де ақын деп аталатын өзгеше жаратылыс иесі өзінің әуелгі табиғатынан өзгерген емес. «Мен бір жұмбақ адаммын» дегенді әулие Абай әсте тегін айтпаған, ендеше кез келген ақын өзінше бір жұмбақ әлем.   

Жиырмасыншы ғасыр адамы, замана ойшылы Олжас Сүлейменов әлемі де талай ұрпақты таңғалдырып, тамсандырумен өтетін жұмбақ та күрделі әлем. Ұлы даланың осынау мұзбалақ перзенті туралы аз жазылған жоқ. Әркім өзінше танып, өзінше зерделеумен келеді, ақын шығармашылығына ден қойған осынау жылдарда оның өзгелерден басты ерекшелігі ойының озықтығы мен тереңдігінде екендігін танып білгендеймін.

Дүбірге толы өткен жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында жер шарының алтыдан бір бөлігін алып жатқан, дүниежүзіндегі ең ұлы мемлекет – КСРО батыстағы бақталастарымен барлық майданда бәсекеге түскен болатын. Империялық билік басына Хрущев келіп, социализм қоғамында сәл де болса «самал» ескен сол 60-ыншы жылдарда халықтық көркем ойдың көкжиегі кеңіп, ұзаққа созылған ұлы отарлау мен саяси езгіге қоса ғаламдық алапат соғыстан әбден есеңгіреген кеңес халқы ес жиып, еңсе тіктеп, өмірге ой көзімен қарауға мүмкіндік алған қоғамдық санаға бетбұрыс әкелген кезең болатын.

Қаһарлы қыстан соң, шуақты көктемге жеткендей болған бұлттан шыққан күн көзін көргендей осынау тарихи сәтті Илья Еренбург «жылымық» деп әдемі атаған-ды. Бұл кеңес мемлекетінің барлық салада өркениетке құлаш ұрған құтты мешін жылы болатын. Егер империялық билік сол демократиялық жолдан таймағанда кеңес мемлекеті әлем алдында масқараға ұшырап, тарих сахнасынан абыройсыз жағдайда кетпеген болар еді.

Осы жылдары әдебиетке келген толқынның «асау алпысыншылар» деп аталуы әсте тегін емес. Кеңес әдебиетінде соцреализмнің темір шымылдығын қақырата сөккен бұл ақын-жазушылар – бірегей тәуелсіз ұлттық ой-сана қалыптастырған, сең бұзған таланттар болатын. Орыс Андрей Вознесенскийдің Кремльге галстуксыз келіп, Хрущевтің шамына тиіп, өлең оқитыны да осы кез. Қазақ оғланы Олжастың орман орыс жұртының ордасына арғымақпен атойлап кірген кезі де сол алпысыншы жылдар.

Поэзия көгіне ғарыштық жылдамдықпен көтерілген қазақ ақыны әлемдік әдебиеттің есігінен бұзып-жарып кірді. Ұлттық поэзияның туы ендігі жерде ғаламдық рухани кеңістікте желбіреді. Бұл қазақтың әлі толық еркіндікке қол жеткізбеген кезінде болған нәсілдік кемсітушілік өктемдік құрып тұрған уақытта ұлттың рухын асқақтатар шығармалар жазу нағыз ұлт ақындарының ғана қолынан келер азаматтық һәм әдеби ерлік болатын. Бұндай ерлікке апарған Олжастың бойындағы баһадүр ата-бабаларынан дарыған киелі рух емей немене?! Ол өлең тұлпарына ер салған, сонау елуінші жылдардың соңынан бермен қарайғы уақытта өз оқырмандарын тек таңырқатып тамсандырумен келеді.

Бірақ сол арғымақтың да аяғына кісен салып, жолын кескісі келгендер болды. Бірақ арғымақ өзінің арғымақтығын дәлелдеді. Ақынның бойындағы осы өр рухты бірінші болып аңғарған, кеңес классигі Леонид Мартынов «Литгазетада» ағынан жарылып былай деді: «Олжас Сүлейменов – орысша жазғанына қарамастан бар болмысымен қазақ ақыны». Арғымақ дарынның алғашқы шабысына кеңестік поэзия жанкүйерлері осылай куә болды. Сөйтіп қанша уақыттан бері бұйығып келген ұлы дала ұйқыдан оянып, самарқау қазақ қоғамы кенеттен дүр сілкінді. Бұл жарты ғасырға созылып жатқан ақын шығармашылығының «жұлдызды дәуірінің» бастауы болатын.

«Арғымақтар»
... Қыпшақтардың ой-хой құба жондары-ай,
Жер тарпыған тұлпарын айт, тұлпарын!
Шарайнадай сауырына қомдап ай,
Арғымақ жүр
Көк шалғынға –көк кілемге
Сүртіп мүйіз ұлтанын.
 
Берші менің тақымыма біреуін,
Жеті қиян жер түбіне асайын.
Арғымақтай аласұрған жүрегім
Оны қалай басамын?
 
Атылайын арғымақтың жалына,
Соңымда тек сақ-сақ күліп дос қалсын.
Балғын шалғын айналып көк жалынға,
Нөкер болып артымда ақ шаң топтансын.
 
Шаппай тұлпар кісінемес атпын деп,
Шабайықшы шаң қондырмай етіне.
Шабайықшы көп жыл тыныш жаттың деп.
Момын қырдың былш-былш ұрып бетіне.
(Әбіш Кекілбаев аудармасы)

Поэзияның аламан бәйгесіне қолау таймен емес, асау арғымақпен атойлап келіп қосылған Олжас ақын ғұмыр бойы сол шабысынан жаңылған емес. Өнер деп аталатын киелі де қасиетті өлкенің үздік өрені болып қалды. Дешті-Қыпшақ даласын дүр сілкіндірген бұл өлең барша қазақтың кеудесінен күмбірлей кісінеп, ұлттық ұранға айналғалы қашан!? Күн астында ұлы дала төсінде, кісіней шауып бара жатқан асау арғымақ өлеңнің әр жолынан елес береді.

Текті туған тұлпар-дарын тұяғынан от шашып әлі шауып келеді. Оған оны тәңірінің өзі о баста ен салып сыйлаған. «Әрбір ақын өз дәуірінің үні болуы керек» дейді ақын. Олжас өз дәуірінің үні де, ұлы да бола алған ақын. Оның ақындық асқақ даусын төрткүл әлем түгел естіді. О, қандай бақыт еді бұл?!  Иә, Олжастай ақыны бар алаш жұрты айтып айтпай бақытты.

Нағыз ұлт ақындарының творчествосы өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті байланыстырып тұратын тұтастықтан тұрады. Олжас өлеңдерінде тарих пен поэзия біте қайнасып кеткені сонша, бұл екеуін әсте ажыратуға келмейді. Сүлейменовті өзге ақындардан мейлінше дараландырып тұрған да оның осы қасиеті болса керек. Дәлірек айтқанда, өлеңдегі драматизмнің басымдылығы. Бұл ретте, ақын қаламынан туған «Жүректі қалай жұбатам», «Ақсақ құлан», «Құман жыры» секілді өлеңдері кеңестік тоталитаризм тұсында қалғып кеткен ұлттық сананы сілкіп оятқан, асқақ рухты шығармалар болатын. Түп тамырын халықтық эпостан, ұлы жыраулардан алатын Абай, Махамбет, Мағжандармен ұласып жатқан киелі рух Олжас қаламы арқылы ғаламдық кеңістікке көтерілді. «Қыш кітап» поэмасы мен әйгілі «АзиЯ» кітабы кеңестік цензураның құрсауын бұзып өтіп, алты құрлыққа сапар шекті.  Бұл тізгіндеуге көнбеген, «ежелден еркіндік аңсаған» алаш рухының сөнбегендігін, дүйім дүние алдында паш етіп, әйгілеген бұған дейін болмаған ерлік еді. «Қыш кітап» туралы талғампаз Еуропа оқырмандары ерекше ықылас тантытып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. «Комедия Франциз» драма театрының директоры әрі режиссері Антуан Битез француз ақыны Леон Робельдің аудармасында жарық көрген поэма бойынша арнайы спектакль қоюды қолға алған, алайда үлгере алмай өмірден озғанын автор осы поэманың кейінгі бір басылымына жазған алғы сөзінде ықыласпен еске алады.

Бұл Олжастың отар елдің ақыны ретінде, құрлық асып алаш рухын асқақтатып жүрген кезі болатын. Рабле мен Бальзактың, Гюго мен Фловердің отаны – отызында орда бұзған қазақ ақынына таңырқап қана қойған жоқ, тамсана қол соқты.

Қорғалжыңда әрбір қамыс-бұтаның,
Түбі толған қаз-үйрек пен құтаның.
Бір сиқырмен құс біткеннің миында,
Африканың кетті күні тұтанып.
 
Олар енді бұл арада қалмайды,
Еш құдірет ұстап тұра алмайды.
Бір айналып туған ұя үстінен,
Ыстық аққа қаратады маңдайды.
 
Аққу-қаздар, аққу-қаздар түз әні,
Уақыт солай ә дегенше ұзады.
Жібермейді туған дала бірақ та,
Жібермейді қимастықтың тұзағы.
 
Жібермейді қамысың да, қоғаң да,
Жібермейтін бір құдірет бар онда.
Бұтақтарды жалаңаштап қоңыр күз,
Бір қоңыр қаз ұшып түсті тоғанға.
 
Оның үшін назар бөліп тоқтама,
Телеграмма соғып және жоқтама.
Атала қаз бірқазан да емес ол,
Жай қоңырқаз екі-үш қадақ ет қана.
 
Бұл не деген батпан қайғы, батпан жер,
Қызыл мен ғой қызыл қан аққан жер.
Отаны деп туған көлін оттама,
Қайтып отан бола алады атқан жер.
 
Қараңыз бір, айналаны шолыңыз,
Аппақ қардай ақ мамық қой жолыңыз.
Көктем алып келіп еді "ұш" делік,
Ұшар еді жібермейді оны күз.
«Қорғалжың»

Осынау өлеңде қазақ халқы бастан кешкен бұкіл бір дәуірдің қасіретті де қанды шежіресі сайрап тұрған жоқ па?! Ақынның «Жүректі қалай жұбатам» деп аталатын таңғажайып өлеңі бар. Бұл жай өлең емес, поэзия тілінде жазылған тарих. Тұтас романның жүгін арқалаған, осынау өлеңді оқығанда бойыңа әлдеқандай рух бітіп, аруақтанып өз-өзіңнен көтеріліп кетесің. Ақын осы өлең арқылы тек қазақ қана емес, тұтас түрік жүртының рухын асқақтата, көтере жырлайды. Бұндай өр мінез Олжас секілді ақындарда ғана болады. Өлеңнің құдыреттілігі сонда ұлы дала дүр сілкініп, адамша орнынан тұрғандай әсерде боласыз. Әдебиет әлеміне ешкімге ұқсамас өз мінезін таныта келген бостан рухты ақын өзінің жарты ғасырға созылған поэтикалық сапарында әлемге әрдайым Хан Тәңірдің биігінен қараумен келеді.

Кеңестік тоталитаризм тұсында «Көтеріл қыпшақ» деп, дешті Қыпшақ даласын дүр сілкіндірген оның есімі әдебиетке «асау алпысыншы» деген атпен келген тегеурінді топтың ішінде өзінің дара ақындық «мені» мен оқшау ойлылығы арқылы ерекшеленеді. Олжастың сол тұстағы жастарға әсері мен ықпалын айтып жату артық. Ал коммунистік билік сырттай «ықылас» танытқаны болмаса, ақынды аса ұната қойған жоқ. Өйткені ақын мен билік басындағылардың көзқарастары сәйкес келе бермейтін. Оны әр екі жақ та,  тіпті сұңғыла оқырман да іштей жақсы білді. Өйткені кешегі алаш арыстарының рухы әлі сөнген жоқ еді. Көп өтпей оның да беті ашылды. Бітеу жара жарылды.

Нағыз ақын жазушы өзі өмір сүрген заманға оппозиция да болатыны тарихтан жақсы белгілі. Өйткені әрқандай қоғам таза әділеттен тұрмайды.   Ал шынайы таланттар өмір бойы әділеттің жақтаушысы болып өтеді. Кешегі кеңестік кезеңде Олжас Сүлейменов те өз заманына тұрақты түрде оппозицияда болды. Ақынның абырой-беделін асқақтатып, халқына сүйкті еткен де оның сол кесек мінездері болатын. Осы арада мына бір фактіге оқырман назарын аударуды жөн көрдік.

«Бірде мені Қазақстан компартиясы орталық комитетіне шақырды. Идеология жөніндегі хатшы Саттар Имашовтың қабылдауында болдым. «Ересек Лениндік» сыйлық жөнінде ойланатын кез келді. Ленин туралы поэма керек. Бұл бюроның тапсырмасы. Қолайлы да тиімді тапсырыс, кірісіп-ақ кеттім.  Бірақ поэма жүрмей қойды. Өмірімде творчество азабы дегеннің не екенін сонда ұқтым. Есесіне «Қыш кітап» поэмасы жазылып, ол дәл Лениннің 100 жылдық мерекесі қарсаңында жарыққа шықты. Саттар Нұрмашұлы тітіркене қабылдады. Ол аумағы атшаптырым кабинетінде ерсілі-қарсылы жүріп, маған сұрақ қоюмен болды. Біз саған кім туралы жаз деп тапсырма бердік? Сен кім туралы жаздың? Вавилон жезөкшесі туралы жаздың. Саған бұл үшін Лениндік сыйлық емес, Вавилон сыйлығын беру керек. Мен өз кейіпкерімнің жезөкше емес, ғибадатхананың абыз әйелі екенін түсіндіруге тырыстым. Әйткенмен иландыра алмадым-ау деймін. Келесі Лениндік сыйлыққа дейін екі жыл уақыт бар. Соған дейін Ленин туралы поэма дайын болсын. Келесі дайындаған кітабым «АзиЯ» болды. Кеңестік кезеңде Лениндік сыйлықтың лауреаты атану кеңес ақын-жазушылары үшін қандай арман, мәртебе еді. Ленин туралы ортанқол поэма жазу Олжасқа қиын ба еді. Олай болса, ақынның шабыт құсы неге шамырқанды? Оның орнына «Қыш кітап» секілді ұлы дастан неге соншалық зор шабытпен жазылды? Орысша өскен Олжасты көне түркі тарихы неге еліктірді? Оның аңсары неге оған ауды? Бұл сұраққа да толық жауапты ақын творчествосынан таба аласыз. Оны бұл жолға бастаған, оның ту сыртында тұрған ұлы аруақтар болатын. Поэма кеңестік кеңістікті көктей өтіп, шетел  оқырмандарына жол тартты. «Біздің бөлшек-бөлшек әлеміміз талайдан бері мұндай зор дауысты естіген жоқ еді. Біз Сүлейменовті, сондықтан да, Гильгамеш, Гюго, Хлебников секілді ұлылардың табиғи танымал мұрагері деп білеміз,» - деп жазды поэманы француз тіліне аударған Леонь Робел.

Тарихтан мәлім, әлем тарихында әрқандай халық өзінің ұлттық  болмысын төл мәдениеті арқылы айқындайды. Ал мәдениеттің сарқылмас қайнар көзі, терең арналарының бірі - әдебиет.  Әдебиет арқылы халықтың көркем ойы, дара ұлттық «мені» қалыптасады.  Шүкір, бұл тұрғыда қазақ халқы бақытты халық. Жиырмасыншы ғасырда қазақ әдебиеті әлемнің озық  әдебиеттерімен терезе теңестіре алатын шынайы кәсіби әдебиет деңгейіне көтерілді. Әуезовтің әйдік эпопеясы талғамы терең әлем оқырманының ең сүйікті кітабына айналды. Ал алпысыншы жылдары әдебиетке тосын мінез таныта келген үркердей тегеурінді топтың арасында асау арғымақпен атойлап келген Олжастың асқақ даусын мұхиттың арғы-бергі беті түгел естіді.

Содан бергі уақыттың барлығында ол мың құбылған мына әлемнен тек өзі ғана білетін таза ақиқатты іздеп, шарқ ұрумен келеді. Өзінің жарыққа шығар сәтін зарыға күтумен жатқан сол күнәсіз ақиқаттың жарық дүниемен қауышу жолында ол жарты ғасыр ғұмырын сарп етті. Бұл ретте оның Сұлтан Бейбарысты алғаш тапқан қазақ екенін айта кету орынды.

Кеңестік билік басындағылардың кегін қозғап, дүниеге славяндық сыңар көзбен қарап баға беретін кертартпа классиктер мен азуы алты қарыс академиктердің төбесіне жай ойнатқан «АзиЯ» кітабына ерекше шүйліккен ұлы державалық идеалогияның тұтқасын ұстаушы сұр кардинал М.А.Суслов «АзиЯ» кітабын «ұлтшылдық пен түрікшілдіктің энциклопедиясы» деп атады. Осылайша, бодан ұлттың өкілі бола тұра бостан рухты ақын перзент екенін тұтас әлем алдында дәлелдей алды. Олжас туралы айтылып, жазылып жатқан қаншама мақтау мен даттауға толы пікір көзқарастар әліге дейін толастаған жоқ. Солардың ішінде ең әділ айтылған сөз қазақ әдебиетінде Қадыр Мырзалиевтің қаламына тиесілі болыпты. Олжас өлеңдерін қазақ тіліне тігісін жатқызып аударған Қадыр ақын екені барша жұртқа белгілі. Сүлейменовтің ақындық және азаматтық тұлғасы туралы әйгілі «Иірім» кітабында жеріне жеткізіп жазған.

Мырзалиев мақтауға сараң, барынша талғампаз кірпияз талант екені әдебиетші қауымға жақсы таныс. Сөйте тұра, Олжас замандасы жөнінде ағынан жарылып ақтарыла жазады. Мәселен, өзі аударып құрастырған Олжастың қазақ тілінде жарық көрген екі томдық таңдамалы шығармалар жинағына жазған «Құбылыс»  атты мақаласында ақынның туа бітті тектілігі мен ақындық даралығын терең зерделейді. Дәлірек айтқанда, Олжастың ақындық дара «менін» бөле жара айшықтап көрсетеді. Әлем әдебиетін сарқып оқыған сұңғыла суреткер Олжас туралы ойын былай түйіндейді: «Тамыры туған топырағында, ұшар басы замана биігінде». Өте әдемі айтылған. Ал ақынның азаматтық, қайраткерлік тұлғасы жөнінде кесіп айтқан адам Президент Н.Назарбаев болды. «Маған еуразияшылдық идеяларын зерттеуге және дамытуға көп ретте Олжас Сүлейменовтің творчествосы қозғау салғанын жасырмаймын. Ол халықаралық қоғамдық өмірде бірегей құбылысқа айналып, антиядролық насихатта, бейбітшілік пен қарусыздандыру жолындағы күресте, ядролық сынақтан зардап шеккендерге көмек көрсетуде баға жетпес роль атқарды. Бұл қозғалыс және оның лидері қоғамдық пікірді әзірлеп, Семей ядролық полигонын жабу туралы шешім қабылдауымда маған өте қатты көмектесті. Олжас өзінің дұрыстығын дәлелдей және ұстанатын қағидаттары үшін күресе отырып, әрдайым ашық та адал әрекет ететінін, беделге, шен мен атаққа қарамайтынын атап өткім келеді. Осыған орай, оның қай кезде де тілеулес еместері, соның ішінде әлемнің күштілері қатарынан да тілеулес еместері аз болмаған. Бірақ та нақ осы қасиеттерінің арқасында ол елімізде және дүниежүзінде зор беделге ие болды. Анықтама үшін айта кетейін, саяси аренаға қайта құру кезінде ғана шыққан көптеген қоғамдық қайраткерлерге қарағанда Олжас Сүлейменов үлкен саясатқа есімі әбден танылып үлгергенде келген. 1976 жылдың өзінде бұл есім үлкен кеңестік энциклодепияға кірген болатын, ол кезде аталған кітапқа кеңестік лидер М.Горбачев әлі енгізілген жоқ еді. Мен кейбір ұлтшыл-радикалдардың оның атына айтқан жазғыруларын қабылдамаймын. Ол – өз Отанының шынайы патриоты, оның мұқтаждықтарын түсінетін әрі осы жердегі бейбітшілік пен тұрақтылық мүддесі және біздің халқымыздың амандығы үшін әрекет ететін шынайы патриоты». Ақын 70 жасқа толған жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Менің досым Олжас» деп аталатын мерейтойлық мақаласындағы тебіреніске толы жүрекжарды осынау сөздері халық жадында. Осы мақалада Олжастың қарсыластары туралы да қадап айтылды. Олжастың қарсыластары ауыл арасының аттылы жаяу өсекшілері не ары кетсе ру аралық соғыстың ұрда-жық қаһармандары емес, әлемнің күштілерінен екен. Мұны өзге біреу емес, бүкіл бір елдің президенті тасқа басып айтып отыр. Ал Олжекең өзі болса «мен осы деңгейге ұлы достарым мен көкжал жауларымның арқасында жеттім» дейді. «Қазақта досың да, дұшпаның да ер болсын» деген ертеден келе жатқан қанатты сөз бар. Сүлейменов бұл салада да бақытты. Тағдыр оған айнымас адал ұлы достарды да, өзіне лайық көкжал жауларды да берген. Ал оған қарсы уақ-уақ шәуілдеп дауыс көтеріп жататындар – кәдімгі Крыловтың қандендері мен Атлант мұхитынан акула аулағысы келетін біздің заманның Дон Кихоттары.

Қырық жасын «АзиЯ» кітабымен қарсы алған Олжас сексенін «Мың бір сөз» сынды ғасыр кітабы атанған ұлы еңбекпен қарсы алып отыр. Қырық жыл бойы ол туған халқына, исі түркі жұртына қалтқысыз қызмет етумен келді. Оның қаламынан туған ұлы кітаптар ұлы тарихтың ұлы туындысы болып қалды. «Түбінде ақиқат тарих кітабы жазылатына сенемін» дейді Олжас.  Сол ақиқат кітабын  жазушылар да Сүлейменовке соқпай өтпесі анық.

Иә, қарт тарих сөйлеп жатыр. Диалог үзілген жоқ. Ойлау жүйесі өзгеше қалыптасқан әлемдік ауқымдағы ұлы тұлғаның қаламының даусы бүгінде асқақ естіледі. Пушкин «Ұлт ақыны болу – ұлылық» деген.  Шынында да, ұлт азаматы болудан ұлт ақыны болудың жолы ауыр. Ал соның екеуі бірдей бір тұлғаның бойынан табылса ше? Нағыз бақыт деген сол емес пе? О. Сүлейменов сондай тұлға.

Ғасырлардың қараңғы түнек қабатынан ақиқаттың ауылын ақын қырық жыл бойы іздеді. Сол жолда өзі тасқа басып жазғанындай махаббат жайындағы дастандар мен сүйкімді де сұлу лирикалар жазылмай қалды. Бұл нағыз ақын үшін үлкен құрбандық еді. Есесіне ол іздегенін тапты. Ешкім таппаған, ешкім айтпаған ақиқатты тауып айтты. Сөйтіп ол поэзияда ғана емес, әлемдік тарихнамада да ұлы төңкеріс жасады. «Менің досым болды. Ол ғылымға атақ алу үшін араласты. Ал мен шабуылдау үшін келдім» деп жазған-ды Олжас Омарұлы. Иә, ол ұзаққа созылған ғылымдағы қырғи қабақ соғыстың жеңімпаз қаһарманы атанды. Бүгінде Сүлейменовтың сол тұстағы сотқарлығы мен басбұзарлығы ақиқатты танып білуде соқырға таяқ ұстатқандай болғанын оның кешегі бітіспес жауы саналатын қарсыластарының өздері шартсыз мойындады. «АзиЯ» империя астанасы Мәскеуде басылды. Ақиқат салтанат құрды. Ақынның алдынан азат еркін дүниенің есігі айқара ашылды. Ол бақытты еді. Халқы азаттық алды. Арманына жетті. Ақынның «Грекиямен қоштасу» деген өлеңін оқып отырып, тарих пен поэзияның бір қамшының өріміндей болып кеткеніне қайран қалдым.

«Тарихты да мал сойғандай мүшелеп,
Таратады бүгін менен кешеге.
Махаббат та мықын, төске бөлініп,
Тыр жалаңаш шыға келді көшеге».
Өркениет тарихының өрен жетістігі мен қоса әкелген трагедиясы небәрі бір шумақ өлеңге қалай сыйып кеткен?!
«Грекия негізіңді өзіңнің,
Шойнақ, шолақ мүгедектер қалаған».

Еуропа өркениетінің отаны ежелгі Эллада туралы жазылған осы өлең арқылы ақын тарихқа тағы бір мәрте түрен салғанын бәлкім өзі де білмей қалған шығар. Еуроцентристік көзқарастағы оқымысты ғалымдарға бұл өлең ұнай бермесі анық.  Ал тұтас түркі жұртының рухын асқақтатып, көкірегінде мақтаныш сезімін туғызатыны ақиқат. Олжастың бойындағы осы «қайшылықты» біздің мәдениетті қауым әлі толық түсіне алмай келеді. Түсінсе де, біржақтылы ғана. Қазіргі Еуропа ежелде түркілердің мекені болғанын біздің ақынымыз қырық жылдан астам уақыттан бері ғылыми зерттеулерінде үзбей дәлелдеумен келді.

Бірде ақынмен қысқа ғана сұхбаттасқаным бар. Сонда ол «менің арманым – елімнің тарихын, нағыз тарихын қараңғы қапастан жарық дүниеге шығару.  Соны әлемнің барлық жерінен іздеп жүрмін. Көбін таптым»,- деген-ді. Иә, ол мына өмірден алудайын алған, табудайын тапқан жан. «Көп ақындар өмір бойы ылғи да мен кіммін деген сауалға жауап іздеумен өтеді. Ал мені біз кімбіз деген сауал қызықтыратын» дейді тарланбоз талант. Ол мына әлемнен өз халқының алар тиесілі орнын іздеді. Дәлірек айтқанда, ұлттық «менін» іздеді. Және соны тапты. Жасыратыны жоқ, біз өзіміздің ғасырлар бойы қалыптасқан дара ұлттық, халықтық «менімізден» ажырап қалған ел болатынбыз. Ал ұлттық меннен ажырау ұлттың түбегейлі жойылуы деген сөз. Кешегі кеңестік империя кезінде біз сондай қауіп астында өмір сүрдік.

Тарихта елін сатқан опасыз патшалар туралы мысалдар көп. Ал ұлтына опасыздық жасап «әйкәпір» атанған ақындар жоқ. Керісінше ұлтының бостандығы жолында басын берген ақындар жетеді. Құдайға шүкір, бұл салада біздің қазақ халқы бақытты. Алаш елінің азаттығы жолында бастарын берген ақындар қанша. Олжас Сүлейменов сол тектілердің жалғасы. Оны қазақтан бөліп қарастыру үлкен қателік. Кез-келген ұлттың ұлттық ерекшелігі, бірінші кезекте, оның экономикалық жетістіктерімен емес, мәдени құндылықтарымен, дәлірек айтқанда, рухани мүмкіндіктерімен өлшенеді. Ал мәдени дамудың тарихында ұлттың мақтанышына айналған бірегей жарқын тұлғалар болады. Қазақ халқы үшін Олжас Омарұлы сондай тұлға. Оның есімі қашан да болсын барша қазақстандықтардың жүректерінде мақтаныш пен сүйіспеншілік сезімдерін туғызумен келеді. Ол далалық мәдениеттің ту ұстаушысы ретінде бүгінгі өркениет әлемінен өз туған халқының алар лайықты орнын айқындау жолында тынымсыз еңбек етуден жалыққан емес. Оның бүкіл саналы ғұмыры осы игілікті де ұлы іске арналды.  Осынау ұлы мұрат жолында ол шаршаған емес. Бұл дегенің нағыз ұлт ақындары ғана атқара алатын ұлы миссия емес пе?!

Еуропа өркениетінің отаны - ежелгі эллиндер мен галдардың елінде тұрғылықты тұрып жұмыс істеу қазіргі ғаламдық мәдени үдерістерді бағамдауға зор мүмкіндік беретінін ақын жақсы түсінеді. Ол қарт құрлықтың төрінде отырып адамзат тарихына барлау жасау үстінде.

Уақыттың сүзгісінен тек күні үшін күлік жеп, күйкі тірлік кешпеген, ұлттық мүддені бәрінен  жоғары қоя білген ұлы ақындар ғана өте алады.  Кешегі кеңестік кезеңнің қатал мектебінен сүрінбей өткен Сүлейменов феномені өзге қазақ ақындарынан айрықша көрінетіні сондықтан. Бір ғана «АзиЯ» кітабының өзі қоғамдық санаға қаншалықты бетбұрыс жасағаны белгілі. Сол тұстағы қазақ жастары үшін Олжас ұлттық қаһарман болып саналатын. Солай болды да.

Ол – өз заманының өрен жүйрік ақыны, озық ойлы ойшылы. Ол – келешекке керуен тартқан көсем тұлғалы азамат.  Қадыр ақын айтқандай, «Тамыры туған топырағында, ұшар басы замана биігінде». Бүгінгіше айтсақ, жиырмасыншы ғасырда қазақ топырағында туған бірегей ғарыштық тұлға. Ғарыш демекші, ақынның 25 мүшелісі адамның ғарышқа ұшуы секілді ғасырда бір болатын ұлы оқиғамен тұспа-тұс келді. Адамзат ақыл ойының ұлы жетістігі саналатын бұл ғасыр кереметі ақынның дүниетанымына түбегейлі өзгеріс енгізбей қойған жоқ. Қазақ жерінің киелілігі сонда адамзат ғарышқа алғаш рет қазақ топырағынан қанат қақты. Демек ғарыш пен қазақ жерін бір құдырет байланыстырып тұр. Осы ұлы оқиғаға орай «Адамға табын, жер, енді» сынды поэма арнап, Дешті-Қыпшақ даласынан түлеп ұшқан дауылпаз ақынға дүйім дүние дүркірете қол соқты. О, Алаш жұрты, сен қандай бақытты едің!? Қасиетті қазақ топырағы сен қандай құдыретті едің, Олжастай оғлан ұлды туған!? Содан бері әлемде қаншама өзгерістер болды. Құдыретті империя - кеңестер одағы да күйреді. Сол тұста құбылысқа айналған таланттар тасада қалып, жазған шығармалары күйреген империяның күл-қоқысы астында қалды. Иә, аталмыш поэмада жастыққа тән асау албырттық сезіледі. Сол заманға сай ұраншылдық байқалады. Біздіңше, поэма оқырманға сонысымен ұнайды. Және сол кездегі Олжасқа жарасып тұр. Ол жөнінде ақынның өзі: «Өмірге қызылды-жасылды бояулармен көрінетін көзілдірікпен қарап жүрген кезде жазылған дүние» ғой деп еске алады. Әйтсе де, осы поэма ақынның есімін бүкіл әлемге әйгілі еткен ақжолтай шығарма болды.

Ол – ат жалын тартып мінген сәттен бастап, өз тағдырын туған халқының тағдырымен байланыстырып келген жан. Қайда жүрсе де, қандай ортада болса да, қазақ халқының атына кір келтірмей, өз сөзімен айтқанда, «академиялық айтыстарда, цехтарда, поэзия кештерінде, қала берді, Алматы және Мәскеу көшелеріндегі қызылшеке төбелестер кезінде де өзін өзгенің алдында дәлелдей алған ар-ұжданның ақыны».

Сексенінші жылдардың ортасынан басталған кеңестер одағындағы қайта құру жаңғырығы мен демократия дабылы бұл елде бұрын-соңды болмаған ұлы өзгерістер тудырды. О. Омарұлының қайраткерлік тұлғасының жарқырай көрінген кезі де осы тарихи бетбұрыс кезеңімен тұспа-тұс келді. Ол жылдары Олжас төрағалық ететін Қазақстан Жазушылар одағы ұлттық ойдың ұйытқы ордасына айналғанын, Одақ үйіне кіріп шыққан адам іштей түлеп, рухани күш-қуат алып шығатынын бүгінде жазушы қауымның өздері сағынышпен күрсіне еске алады. 80-ші жылдардың соңында Сүлейменовтың бастамасымен құрылған «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы Кремль  көсемдерінің түн ұйқысын төрт бөлді. Халық өзінің жанашыр перзентін көріп тәңірге тәубе етіп жатты. Алла тағала алашқа тағы бір арыстан тұлғалы азаматты сыйлаған еді.  «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» деп Абай айтқандай, халқына қорған, ұлтына ұран болар оғлан ұлға қалай сүйінбессің. «Қазақстан шошқалар аунайтын балшық емес» немесе «Ортағасырлық деңгейде қазақ ауылдарына соңғы жетпіс жылда жеткен жаңалық анда-санда қатынайтын автолавка мен туберкулез ауруы ғана». Ақын бұл сөздерді империя ордасы Кремльге қарсы қасқайып тұрып айтқан. Ол кезде бүгінгі бейбіт заманның батырлары Олжастың үстінен «ұлтшыл-пантуркист» деп бұрқыратып арыз айдап жатты.

Қазақстан көрге тыққан серіңді,
Елім саған абақты боп көрінді.
Тарасыңды, Федорыңды тұсаған,
Петроград кешіре гөр жерімді.
Ленинград кешіре гөр жерімді.
 
Бекер тауда тумадым деп қаламмен,
Басқа болмай, қазақ болдым амал не?!
Бәрібір мен басқа болып тусам да,
Жезқазған әкеледі вагонмен.
 
Тұмса жердің топырағы, тасы асыл,
Астық елім шарықтайсың тасасың.
Бәрін де сен сынап болдың, ал енді,
Сынауларға тыйым салу жасасын.!
«Жапан дала жабайы»

Ақынның бұл асқақ даусын төрткүл дүние түгел естіді. Нәтижесінде жұмыр жердің жүрегін жаралаған алып аждаһа полигондардың үні өшті. Ардагер ақынның бұл ерлігі дүниежүзінің бейбітшілігін сақтаумен дамытуға қосқан аса зор үлесі еді. Сонымен қоса, ол халықтар арасындағы мәдени байланыстарды дамытуда да көп еңбек сіңірді. Әлі де болса бұл салада тынымсыз әрекет етуде.

Жаңа тарих кітабының алғашқы бетіне ақын «азаттық, бостандық» деген сөздерді бірінші болып жазды. Ел тәуелсіздігін жариялаған сәтте «жаса Қазақстан» деп, бар дауыспен жар салған оған көз нұрын қандырып сүйіне қарамаған, қуана қол соқпаған Алаш баласы болған жоқ. Жақсылықты жанына серік етіп, ырым көретін қазақ сол жылдары жаңа туған сәбилеріне Олжас деп жарыса ат қойып жатты. Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербетіліп өскен сол Олжастар атжалын тартып мініп, ел кәдесіне жарап қалды. Соңғы жылдардағы деректерге қарағанда, жаңағы Олжастардың қатары он мыңға жетіп жығылатын көрінеді. Оо, қандай бақыт бұл! Бұндай зор құрметті көзінің тірісінде көрген өзге бір ақынды басқа халықтарда болмаса, дәл қазір қазақ топырағында кездестіру қиын болар. Ақынға деген халықтың шынайы махаббаты осы емес пе?!

Ғылыми-прогресс жедел қарқын алған қазіргі өркениетті әлемде ақыл-ойын жоғалтпаған халық қана өзінің шынайы ұлттық болмысын сақтап қала алады. «Өркендеу арқылы халықты сақтау» дейді ол. Ал бұл ретте ұлттық әдебиеттің алар орны мен атқарар миссиясының маңызы қаншалықты зор болатыны айтпаса да түсінікті. Дүбірге толы бүгінгі дүниенің аламан бәйгесінде ол әрдайым олжалы оралумен келеді. Ұлттық әдебиеттің бір ұлы жетістігі Олжас шығармашылығы екендігі еш дау тудырмайды. Тарих сахнасына табиғат сыйлаған таланты мен дарыны арқылы көтерілген тарлан боз тұлға әлемдік ақыл-ой алыптары қатарынан өз орнын ойып тұрып алуы ұлттық мақтаныш емей немене?!

Олжас - ұлттық бренд, ұлттық эталон. Кезінде ол туралы Ш.Айтматов ағынан  жарылып былай деген болатын: «Олжас өзінше тұрған шың, асқар тау. Олжастың қолынан шыққан жазулардың бәрі біздің замандастарды қызықтырмай қоймайды. Олжастың жазғандарынан қазақ елі әдебиетінің, мәдениетінің қаншалықты өсіп, өрлеп бара жатқанын көреміз».

О. Сүлейменов поэзиясының басты ерекшелігі - ондағы ақындық пафостың күштілігі мен тылсым тереңдік. Сондықтан да оның өлеңдері құпия құмарлықпен оқылады. Сүлейменов өз оқырмандарына сұлулық пен іңкәрлік сезіміне қоса, қайсар рухты сыйлайды. Оның сыры, түптеп келгенде, тағы да сол туған текке, қазақтың таңғажайып фольклорына барып тіреледі. Оның поэтикалық геройлары жас ұрпақты шынайы отансүйгіштік сезімге баулиды. Ол тарихты ақынның көзімен танып, поэзия тілінде түсіндіреді. Оның тарихи зерттеу еңбектерінің өзі поэзиямен өрілген. «АзиЯ» - поэзия тілінде жазылған қаһармандық дастан. Оның ақындық музасы да тарих. Ол көне тарих кібатының уақыт дауылы жұлған парақтарын жинастырудан шаршамайды. Оның іздегені бүтіндік пен тұтастық.  

«Түн ұйықтамадым, күндіз күлмедім. Қызыл қанымды ағыздым, түрік ұрпағы үшін». (Күлтегін жазуы) Тасқа қашап жазылған тарих кітабынан осынау жолдарды ажыратып оқыған ақын алғаш рет ақиқатпен бетпе-бет келді. Тас бетіндегі тағдырлы жазулар оны ұлы тарих қойнауына жетелей берді. Сол сәттен  бастап ақынның жан әлемінде ұлы бір төңкеріс басталды. Сан ғасырлық тарихтың терең сырына қаныққан сайын, оған социализм қоғамы сайқал әйел сияқты сезіле берді. Қоғамды жайлап алған өтірік ақынды мезі етті. Ал ақынның іздегені ақиқат болатын. Ұлттық топыраққа терең тамыр тартқан, өршіл рухқа суарылған Олжас поэзиясы қоғамдық формация өзгерген тұста да бағасы артпаса кеміген жоқ.

Қас жауыңды ел алдында жазықты,
Жерге тығып жіберіпсің қазық қып.
Қайсар бопсың, бірақ сенің жырыңның,
Арт жағында жатады бір нәзіктік.
 
О, даланың жолбарысы, көкжалы,
Көкжал бөрі қай кезде де олжалы.
Өзіңнен бе, сөзіңнен бе әйтеуір,
Сенен кепті дейді ханның ажалы.
 
Дұшпаныңнан қайтты кегің қайт десе,
Айтып сапсың ақиқатты айт десе.
Қандай бақыт ақын болып туғаным,
Сені ақын деп таныр ма едім әйтпесе.
«Махамбетке»

Рух жалғастығы деген осы емес пе? Егер мен ақын болып тумағанымда, сені ақын деп таныр ма едім? Менің ақын болып туғаным қандай бақыт. Сені тани білдім, дейді ақын. Иә, құдай Олжасты ақын қылып жаратқаны қазаққа қандай бақыт болды десеңізші. Ол таулардан бата, даладан алғыс алған. Өмірде жолы болған ақжолтай ақын. Көшпенді халықтар мәдениетінің әлемдік өркениет тарихынан алар орнын айқындау Олжас шығармашылығының алтын арқау күре тамыры. Оның оза шауып, төске өрлеп, дүниежүзілік даңқ тұғырына көтеріле алуының шын сыры да осында.

Ол адамзат қоғамының ұлы дүбір көшінде кейіндеп қалған алып Азиясын аяушылық сезіммен жырға қосады.

Заман емес қасыреттен толатын,
Ынталы да талапты ол болатын.
Тапқаныңды табан асты жоғалтып,
Азиям-ай жатты алауың гүл атып.
«Азия алаулары»

Жалпақ Азияны зар еңіретіп жылатқан осынау өлеңді оқыған әрбір азиялық қалай күрсінбесін. Қалай аһ ұрмасын, Олжасқа қалай ырза болмасын! Тарих поэзия тілінде  адамзатқа өз қасірет мұңын шағып тұрғандай.

Ақын ол шынымен ақындық атқа лайық болса бір ғана ұлттың аясында қалып қоймайды. Өз ұлтын беріле сүйген нағыз ақындар күллі адамзаттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтай алады. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», дегенде Абай адам баласының бір-біріне жаттығы жоқтығын айтады. Адамға деген жанашырлық пен шынайы сезім нағыз ақындарда болады. «Қысым көрген халықтардың патриотымын» дейді Олжас. Бостандық, бейбітшілік, адамгершілік секілді қастерлі ұғымдардың сырын терең түсіне алған, адам баласын шексіз махаббатпен сүйе алатын ғазиз жүректен шығатын сөз бұл.

Ұлы даланың ұлы тарихы, түптеп келгенде, ұлттық поэзияда жатыр. Басқа халықтардан көшпенді қауымның басты айырмашылығы да сонда. Дәстүрлі қазақ қоғамының ең ұлы жетістігі – таңғажайып ұлттық поэзиясы. Олжас өлеңдерінің түп-тамыры сол ғасырларға созылып жатқан ұлттық поэзия жыраулық дәстүрде жатыр. Оны өзгеден оқшау етіп көрсетіп тұрған құдырет те сол. Орысша оқып, орысша жазатын Олжастың нағыз қазақ ақыны болып қалуының негізгі себебі – туа бітті тектілігінде. Олжас бүгінгі шыққан биігінде ұлттың ұлы ақыны болып қала беруіне болатын еді. Бірақ ақынның жанына тыныштық бермеген «осы біз кімбіз?» деген сауал. Осы сауалға жауап іздеген ақын келесі кезекте әлемдік тарихнамаға ауыз салды. Әуелде оның бұл қадамына күдікпен қараушылар болды. Ақынның тарихпен айналысуы деген не сұмдық, бір-бірімен мүлде қиылыспайтын бір түзудің бойында жатқан параллельдер ғой. Түркілер және славяндар қалай бір-бірімен туыспақ? Шынымен де, дала мен Русь бір-біріне ықыласты болған ба? Бұл ненің шағылысуы болды сонда деген секілді кекірт мінезді классиктер мен  кеудемсоқ кеңес ғалымдарына майдандасқан ғылыми айтыстар кезінде ойсырата соққы берсе, жылдар өте келе «параллельдің қиылысуы», «таңбалар тілі», «атам заманғы түркілер» кітабы арқылы жаңағы салмағы зілмауыр ғасырлық сұрақтарға дүйім дүниенің көзін жеткізе отырып жауап берді. Бұның соңы поэзия мен тарихтың қосындысынан туған симфониялық дастан, ұлы тарихтың ұлы кітабы «Мың бір сөз» этимологиялық сөздігіне ұласты. Ең ғажабы, осынау кітаптардың қай қайсысы да өлең тілінде жазылғандығы. Оқыған кезде әлдебір құпия құмарлық пайда болып еліктіріп әкететіндігі. Сүлейменовты оқудың өзі бір ғанибет. Ақынның әрбір өлеңдерін, көсем сөздерін, ғылыми  трактаттарын оқыған сәтте өз-өзіңнен рухтанып кетесің. Ақынның көптеген ой толғаулары бүгінде афоризмге айналып кеткен.

Жомарт табиғат оның бойына бөрік пен серілікті қатар сыйлаған. Осынау бүркіт қабақ оғлан ердің бойында бағзыда өткен баһадүр бабаларынан ауысқан бір қасиет бар. Ел-жұртын іңкәр етіп, өзіне магниттей тартып тұратыны да сол қасиетінде жатса керек. Тектілік пен кісілігі, тәкаппарлығы мен сұстылығы тұла бойынан қашанда мен мұндалап көрініп тұрады. Данагөй бабасы Олжабай батыр: «Менің қаным жетінші ұрпағыма барғанда дүниенің тілін білетін ғұлама (білге) болады» деп қалай тауып айтқан. Дәл осы сөз Олжастың дара ақындық әрі азаматтық «менін» қалыптастыруға негіз болды десек қателеспеспіз.

Олжас ақынның азаматтық өр тұлғасы жарқырап көрінген тұс өткен ғасырдың 80-ші жылдарының орта шенінен бастау алғаны белгілі. Ақынның желтоқсан оқиғасы кезінде көрсеткен ерлігін Алаш жұрты әлі ұмытқан жоқ.  Енді осы туралы ақынның тасқа басылған өз сөзін оқып көрелік. «1987 жылы ҚКП Орталық комитетінің марттағы пленумында орталық комитет мүшелерінің, менің сөзімнен басқа, «Қонаевтың жеке басына табынушылықты әшкерелеген барлық сөйлеушілердің сөздері түгелдей «Қазправда» мен «Социалистік Қазақстанда» жарияланды.

Пленумда мен Колбинді «жергілікті прагматиктердің қолдауымен желтоқсан өртіне өзі үшін жұмыртқа пісірмекші болған - идеалист» - дедім. Бұлай дегенде, сол кезде өте-мөте белсенділік көрсеткен Орталық комитет хатшылары – Меңдібаев пен Камалиденовті меңзеген едім. Және де залда отырған Орталық комитет мүшелеріне қарата: «Сіздерге не болған? Осы отырған әрқайсыңды осы дәрежеге жеткізген Димаш Ахметұлы емес пе еді? Кезінде Құдайдай құрметтедіңдер. Ал бүгін мінбеден қарасам, ол залда жалғыз отыр. Айналасындағы орындықтар бос. Үзілісте ешқайсың қасына барып сәлемдесуге жарамадыңдар. Уақыттың және өзіміздің қалай өзгергенімізді біліп, жақсы-жаманды сараптау үшін биыл 37-ші жылғы нәубеттің елу жылдығын атап өтуіміз керек», - дедім». Қылышынан қан тамған қызыл империя тұсында бұлай сөйлеу өліммен бетпе бет келу емес пе? Қазақ топырағында Олжастан бұрын басын бәйгеге тігіп сөйлей алған бір адам болса, ол Жұмабек Тәшенов болуы керек. Одан басқа тұлғаны өз басым әзірге естіген емеспін. Сонда Олжасты осындай көзсіз ерлікке бастап апарған қандай құдырет болды дерсіз. Біздіңше, ол ата-бабадан дарыған оның қанында бар тектілік пен өжетбеттілік сонау Олжабайлардан, Махамбеттерден дарыған қасиет. Сол ұлы құдырет Алаш рухы аяққа тапталған тұста шамырқанып оянған. Ол сұқ саусағын безеп тұрып, аруақтанып сөйлегенде Колбиннің қасында отырғандар не күйде болды екен?! Естері ауып, тілдері күрмеліп қалған-ды. Олжасты тыңдаудың өзі оларды өлімге бастағанмен бірдей еді. Колбин кете-кеткенше оның көзіне тура қарауға батылдары жетпеген басұрмандар именшік әдепті келіннің рөлін ойнап өткен жоқ па еді. Осының барлығы күні кеше болған. Ол кезде бүгінгі бейбіт заманның батыры саналатын классиктеріміз өздері ойлап тапқан «ауызды бағып, артты қысып» философиясымен өмір сүріп жатты. Олар және өз ұрпақтарын да солай тәрбиелейтін. Қайсыбіреулері орайдан тауып Олжастың жолына тор құруға ұмтылған. Иә, творчестволық оппозиция мектебі кеңестік дәуірде де осылай жалғасып жатты. Оның көрнекті өкілдерінің бірі – Олжас болатын.

Сүлейменов – қазіргі заманғы орталық Азия көркем ойының көкжиегін кеңейтуші тұлға. Сонымен қоса, ол тұтас түрік өркениетінің жоқшысы әрі жақтаушысы. Бұл оның жарты ғасырдан астам уақытқа созылып жатқан творчестволық қызметінен көрінеді. Күлтегін тасын елге оралту жөніндегі идеяда Олжекеңнен бастау алады. Атағы жер жарған ақынның абырой арғымағы арыған емес. Тарихи жаңа дәуірде қазақ мемлекетінің беделін көтеруде ол әлемдік масштабта тынымсыз еңбек етуде. «Мың бір сөз», «Параллельдің қиылысуы» секілді кітаптарының жарыққа шығуы ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміздің ғаламдық ауқымда мойындалуы болды. «АзиЯ» кітабы бұл күнде әлемнің көптеген тілдеріне аударылып басылды. Бұл кітап тәуелсіздік кезеңінде жас ұрпақтың бойында бірегей шынайы ұлттық ой-сананы қалыптастыруда айрықша маңызға ие болып отыр. Әлемдік тарихнамаға өзгеше тың концепция ұсынған оның кітаптары бұл салада таңғажайып құбылысқа айналуда. Ол тарих пен тілтанудың озық үлгісін жасай білді. Әлгі бір «сұрланған» дүниенің ар жағынан сүйкімді де сұлу әлемнің есігі айқара ашылды. Ол ғасырлар қабатында қамауда қалған күнәсіз ақиқат болатын. Сол ақиқатты тапқан ақын болды. Өйткені нағыз ақындардың өмір бойы іздейтіні ақиқат. Ал оған жетудің жолы ақынның өзі тасқа басып жазғандай «ұжымаққа барар жол – алдаспанның жүзіндей». Иә, нағыз ақиқаттың ашылуы тамұқта да еркіндік таңы атқанмен бірдей. Ұжымақ пен тамұқтың арасын бөліп тұрған көпірдің аты ақиқат. «Адресім Азия» деп дүйім дүниеге жар салған ақын тұтас континент атынан сөйлейді. Бұлай сөйлеу Олжасқа жарасады. Одан өзге бір қазақ ақыны бұлай жар салса, ол құр даурығу болар еді. Бұл өзге ешбір ақынның маңдайына жазылмаған бақыт.

«АзиЯ» кітабына байланысты тағдыры талқыға түскен ақын сол тұста біржола майып болып кеткенде, тек қазақ қана емес, тұтас түркі мәдениеті үшін үлкен жоғалту болған болар еді. Авторы арашаланғанымен кітаптың жолы кесілді. «АзиЯ» кітабы тиранияның түрмесіне тоғытылды. Кеңестік билік басындағылармен шовинстік пиғылдағы ғалымдар Сүлейменовті осы кітап үшін кешіре алмады. Қажет десеңіз, олар сол көзқарастарынан әлі де толық арыла алған жоқ. Олар көшпелі өркениет, түркілік мәдениет дегенге тыжырына қарауын тоқтатқан емес. Әйтсе де, ақиқат салтанат құрмай, шындық жеңбей қоймайды екен. Ресми Мәскеу ақыры «АзиЯны» мойындады. Атом ғасырында алаш жұрты темір қоршаудың ішінде тұрып әлемге осылай тіл қатты. Ақын арқылы. «Олжас – орыстың ақыны» дейді  бәзбір жазармандар. Бұл енді барып тұрған бейшаралық. Олжас шыққан таудың етегінде қалып, есін жия алмай жүргендер сайда тұрып оған қарсы садақ атқысы келеді. «Өз өмірімде мен досын сатқан адам емеспін. Анама да өтірік айтып көрген жоқпын. Қазақстан қазіргідей жол айрығында тұрғанда туған халқыма да жалған уәде бере алмаймын», деген болатын ол әлгіндей саяз ойлы жазармандарға қайтарған жауабында. Бұл нағыз ақынның ғана аузынан шығатын сөз. Өйткені ақын ешқашан өтірікпен қоңсы қонып, ғұмыр сүрмейді. Өлеңнің жауы – өтірік. Өтірік ұялаған көкіректен ар перзенті таза поэзия тумайды. Ал бізде өтірікпен өмір сүріп жүрген ақындар қаншама. Олар, түптеп келгенде, ақын емес, азғындар. Халыққа кір келтіретіндер де сондайлар. Өйткені халыққа өтірік айтқаннан, халықты алдағаннан ауыр қылмыс жоқ.

Бүгінде ол мағынасыз айтыстардан әрдайым бойын аулақ ұстайды. Жалған патриотизм мен надан ұлтшылдықтың халық пен мемлекет үшін қаншалық қауіпті екенін жақсы түсінеді. Халық пен халықты бір-біріне қарсы қоюдың тек қан төгумен аяқталатынын, ұлтты аман алып қалудың жолы өзгелермен сыйластық арқылы өркениетті қоғам орнату екенін қазіргі дүниежүзілік дамудың сара жолы білім мен мәдениетте қалғанын дәріптеуден жалыққан емес. Бұл жолда ол ақындық һәм азаматтық арына ақау түсірмей тынымсыз еңбек ету арқылы өз халқының абырой беделін әлем алдында асқақтатумен келеді. Біз оны бұл жолда әлі де талай биіктерден көретінімізге сенеміз. 

Мұқаш Қожахметұлы

Abai.kz

author

Олжас Сүлейменов

АҚЫН

Жаңалықтар

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда ғана қайырымдылыққа аударған қазақстандықтардың қаржысын жымқы...

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...