2021 жылдың 3 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігінің ұйымдастыр...
Ақтөбе облысында әскери тікұшақ апатқа ұшырады. Адам шығыны бар
Фото: ТЖМ
Ақтөбе облысында әскери тікұшақ апатқа ұшырап, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды madeniportal.kz ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, оқиға Ақтөбе облысы Сарыжар ауылының маңында болған. Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтына тиесілі Ми-8 тікұшағы оқу-жаттығу кезінде дұрыс қона алмаған.
«Бортта экипаждың 3 мүшесі болған. Екі адам ауруханаға жеткізілді, оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Экипаждың бір мүшесі қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, авиациялық оқиғаның себебі техникалық ақау болуы мүмкін», – делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Министрлік барлық мән-жайды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Оқиға орнында ведомствоаралық жедел топтың мамандары жұмыс істеп жатыр.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 9 қараша күні сағат 11:40-та 112 пультіне хабар түскен.
«Оқиға орнына ТЖД күштері мен құралдары: 5 техника және 23 адам жіберілді. Оқиға орнына келген ТЖМ құтқарушылары өртті сөндірді. Ми-8 тікұшағында 3 адам болған. Біреуі қаза тапты. Екі жараланған адам Як-40 ұшағы арқылы Ақтөбе қаласына жеткізілді», – деп хабарлады ведомство.