Жуырда Парламент Мәжілісінде «Кинематография туралы» Заң жобасы мен оған ілеспе «Қ...
Әлем қазіргі қазақ әдебиетімен танысады
Ұлыбритания, Испания, Франция, Ресей және Қытай аудармашылары мен әдебиетшілері, аударма және баспа ұйымдарының өкілдері шығармалары қазіргі қазақ әдебиеті антологиясына енген авторлармен кездесу үшін Қазақстанға арнайы сапармен келді.
«Бұл жоба Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағыттарының бірі. Жоба тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті мен мәдениеті, музыкасы мен бейнелеу өнерін, хореография, кино және театр саласындағы жетістіктерді әлемге танытуды мақсат етеді. Соның ішінде, аталған жоба аясында қазіргі қазақ прозасы мен поэзия жинақтарын 6 тілге аудару қолға алынды», - деді Ұлттық аударма бюросының баспасөз қызметінен.
Биыл аударманың көркемдік сапасын арттыруға бағытталған бірқатар арнаулы шаралар жоспарланған. 14-қаңтарда Астанада және 16-қаңтарда Алматы қаласында сол шаралардың алғашқысы саналатын кездесулер өтті. Жиында Ұлыбритания, Испания, Ресей, Франция және Қытайдан келген аудармашылар мен әріптес ұйымдардың өкілдері жұмыс барысы жайлы баяндамалар жасап, авторлармен пікірлесті.
Бұған дейін хабарланғандай, қазақ әдебиеті жинақтарын ағылшын тіліне аудару, басып шығару және тарату жұмысы Кембридж университеті баспасының қатысуымен іске асып жатыр. Танымал университет баспасы жобаға тәжірибелі аудармашылар мен беделді әдебиетші мамандарды тартқан. Британдық әріптестер «Мәдени индукция» (Cultural Induction) тәжірибесін қолдануды ұсынды. Ол аудармашылар мен редакторлардың түпнұсқа мәтін (елдің) мәдениеті мен оның мазмұнына терең үңілуіне жол ашады. Осы сапар барысында антология жобасына қатысушы шетелдік мамандар қазақстандық авторлармен аудармаға байланысты туындаған сұрақтарын талқылап қана қоймай, Қазақстан мәдениеті, тарихы және қазіргі тыныс - тіршілігімен жақын танысады.
«Бұл біздің жылдар бойы күткен жобамыз. Өйткені әдебиеттің басқа тілдерге аударылуы екі елдің арасына салынған көпір сияқты. Ол - поэзия арқылы, проза арқылы, жалпы әдебиет арқылы ұлттар арасын жақындастыратын дәнекер. Бүкіл бір ұлттың ойлау жүйесі, салт- санасы, жүрегі, рухы осы әдебиет арқылы танылады. Сондықтан озық шығармаларымыздың әлемнің тілдеріне аударылуының маңызы зор», - дейді Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы қазақ әдебиеті жинақтарын аудару жобасы қалай жүріп жатқаны туралы кеңінен ақпарат беріп, шетелдік аудармашы мамандармен таныстырып өтті.
Ал ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлық иегері Есенғали Раушанов: «Қазіргі қазақ әдебиеті антологияларын өзге тілдерге аудару жобасы дер уақында қолға алынған шара деп есептеймін. Себебі, қазақ әдебиеті бұған дейін осыншалықты деңгейде, кең көлемде насихатталған жоқ. Алты тілге бірдей аудару деген өте көлемді жұмыс. Әсіресе, әдебиеттің тірегін ұстап тұратын екі жанрдың (поэзия мен проза) тұтас қамтылуы ол өте жақсы дүние. Өзге бірде бір елде мұндай жобалар мемлекеттік қаржы есебінен қаржыландырылмайды», - деп жобаның маңызына тоқталып өтті. Қазіргі қазақ әдебиеті антологиясын испан тілінде сөйлетуге Испания мәдениет министрлігі қолдау көрсетіп, әйгілі «Сервантес институты» кеңесші ретінде қатысады. Жобаға Еуразия және Орталық Азия елдері әдебиетін аударуға маманданған тәжірибесі мол аудармашылар тартылған.
Антологияның француз тіліндегі нұсқасын дайындауға Париж қаласының мэриясы және Франция ұлттық кітап орталығы қатысса, орыс тілінде мәтін аудармасы мен әдеби редакциясы жұмысын үйлестіруге Ресей Жазушылар одағының мәскеулік ұйымы, ал жинақты басып шығару мен таратуға М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің баспасы атсалысады.
Қазақ әдебиетінің жинақтарын қытай тіліне аудару, басып шығару және таратумен Қытай Халық Республикасының «Ұлттар баспасы» айналысады. Жинақтарды араб әлеміне Египет Араб Республикасының Мәдениет және білім орталығы таныстырады.
Жоғарыда аталған серіктес-ұйымдар аударма, басып шығару, тарату-насихаттау жұмыстарына 50-ден аса маман тартты. Қазіргі таңда ағылшын, француз, орыс және испан тілдеріндегі жолма-жол аударма жұмысы аяқталды. Қытай және араб тілдеріндегі жолма-жол аударма жұмысы жүріп жатыр.
Астана және Алматы қалаларында өтетін кездесулер аясында қазақ ақын-жазушылары мен шетелдік мамандар қазіргі көркем әдебиетті аударуға қатысты ортақ мәселелерді талқылайды. Авторлар мен аудармашылар жеке-жеке сұхбат құрады. Бұл аударманы түпнұсқа мәтінге мейлінше жақындатып, оның көркемдік сапасын қамтамасыз етпек.
Жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен жүзеге асуда.