IОльга Ивановнаның тойында оның жақын достары мен жақсы таныстарының бәрі де болды.Көзге түсер ештең...
Қасымхан Бегманов: ТӨРТ ҚАҚПАЛЫ ТҮРКIСТАНҒА ТАҒЗЫМ
І
Аласапыран жылдарды, басыңнан талай кешiрдiң,
Қаншама шаңды жорықты, санадан сызып өшiрдiң.
Түркiстан ием, бiз үшiн, Тәңiрмен бiрдей есiмiң,
Алаштың алтын бесiгi-ай, мұңдасы жетiм-жесiрдiң.
Куәсi болған көнем-ай, керуен де керуен көшiмнiң,
Орыста қалған қалалар,борышта қалған далалар.
Бейжiнге тартар күрең жол,шолтиып қалай кесiлдiң.
Еңiреп туған талай ер, елеусiз ғана қап қойды-ау,
Қасқа жолында Қасымның, eскi жолында Есiмнiң.
Сынығы едi-ау олар да, тектiден туған асылдың,
Қазақтың қайғы-мұңдарын, топырағыңда жасырдың,
Қайран бiздiң төрт қақпалы Түркiстан,
Қасиетiңе аяулым, еңсегей бойлы Есiмдей,
Еңкейiп келiп бас ұрдым...
Асылдан да асыл Алашым,Ақтабан болған аңырап,
Сығанақ, Сауран, Құмкент, құлазып қалған қаңырап.
Көк бөрiдейiн көп Түрiк,бөлiнген кезде жан-жаққа,
Қазаққа қалған киелi, қастерлi қара шаңырақ.
Нұрға шомылмай бабалар,жайнамаздарын жаймаған,
Көне бiр тарих айналам, қараймын-дағы ойланам.
Қазақтарымның Намысы, ғасырлар бойы сақылдап,
Тайқазанымда қайнаған.
Көрген ол қасапханадай, Отырарымның ойранын,
Баһадүрлерiм өткiзген, байрақты алтын тойларын.
Көне кiтаптар қастерлi, заманалардан ап қашқан,
Құл Қожа Ахметтiң, сәулелi сұлу ойларын.
Алақаныңда Тұранды аялап ұстап уыспен,
Қазағым үшiн кетiскен, жатырлас туған-туыспен.
Бал татып тұрған зәмзамдай, суы бар сырлы құдықтан,
Атынан түсiп аңыздай, Абылай хан да су iшкен.
Ағаларым-ай ардақты, екi дүниеде сатпаған,
Опасыз дос бар тар жерге, жебесiн сипап сақтаған.
Ағайын аз ба маңымда, бәйгеге жабы баптаған?
Айналам толы нелiктен,қуыршақ академик пен жасанды әулие қаптаған.
Солардың бiрi жарты күн, жиренiп жалған дүниеден,
Қылуетке түсiп жатпаған.
Тартылды қанша айдындар, үйректер ұшып, қаз қонар,
Арын да сатқан азғынға, бәрiбiр бәрi аз болар.
Қарайды бiздiң өмiрге, Әзiрет Сұлтан iшiнен,
Жәдiгер көне жазбалар.
Өзектi жанды бұл өмiр, өлiмiмен жасқайды,
Өзгеше туған асыл ер, елiмдi алға бастайды.
Өркениетке жетсек те,бабалар жаққан бояулар,
Әлi күн бiзге, бауырым, құпия-сырын ашпайды.
Бодан ғып келген кешегi ел, бiр ойын iшке сақтады,
Қап-қара жылан алдыңда, ысылдап жатыр шаққалы.
Өзгесiн қойшы, қайтейiн,археологтар да аң-таң боп,
Киелi қалам, жасыңды, анықтап әлi таппады.
Жетесiз туған жетiм ұл, жауаптан қашып сырғақтар,
Базарға кетiп аналар, азайды сәби құндақтар.
Қақтырмай кiрпiк мазалап,түнiмен ұйқы бермейдi,
Жанымды жеген жегiдей, осынау мұңлы жұмбақтар.
Көктоғай қайда кешегi, ғашықтар жетiп алқынған,
Тоғайды қойшы, тәйiрi-ай, артық па ол да халқымнан.
Тереңге тартқан тарихты, отырып түбi талдармын,
Етекте қалған қазақты, тағы да тағы алдармын.
Қап қойған арғы жағыңда,шекара дейтiн сызықтың,
Моласы ғана болмаса, кешегi өткен шалдардың.
Еңсесiн имей ешкiмге, ерлерiм өткен төсiнен,
Түркiстанымның Мысырыңнан несi кем?
Қан тартып келген көп дұшпан, қара қойдай шулаған,
Садақтағы жебесiн, сары алтынға булаған.
Дулығалы батырлар, тебiнгiлерiн тепсiнген.
Түркiстан үшiн өртенген, қасқайып тұрып тозақта,
Шүлдiрлеген талай жұрт, бiр ата боп бiржолата кеп сiңген.
Алшайтып тұрып арғымақ мiнген қазаққа!
Сайтан боп түбi кетпесем, күндер де бiр күн өлермiн,
Шалқамнан түсiп алдыңа, ақ кебiнменен келермiн.
Жатармын мәңгi ұйқыда, топырағыңа оранып,
Әр көктем сайын ән болып, құстармен қайта оралып.
Күмбездерiңдi қырандай, айналып ұшар талмастан,
Дәуiрге дәуiр ұласып, шайырға шайыр жалғасқан.
Өмiрге келер жаңа ұрпақ, осы Рухпенен көктейдi,
Қайда жүрсем де көкейден, киелi атың кетпейдi.
Бiр рет сүрген бұл өмiр, жырлауға сенi жетпейдi...
Мен жылар болсам, аяулым, өзiң деп қана жылармын,
Мен құлар болсам, аяулым,өзiң деп қана құлармын.
Мен сұрар болсам, аяулым, өзiң деп қана сұрармын.
Аман тұр мәңгi қасқайып, рухы қайран Тұранның.
Азиядағы Отаны, қастерлi ұлы Құранның.
ІІ
Түркiстан ием, тарихы түпсiз тереңiм,
Айдындарыңа аққулар қонған ел едiң.
Он сегiздерге қанат бiтiрер ертеңгi,
Өзiңде алғаш өрiлiп едi өлеңiм.
Тұрысың ғажап, көз салып өткен-кеткенге,
Сәлем де бiзден бiз көре алмайтын көктемге.
Алыстан арып ақ ниетiменен Аллалап,
Ат мiнгiзесiң ақ таяқ ұстап жеткенге.
Ғазалдарыммен тербесем деумен ғаламды,
Асқақ рухың сиқырлап алған санамды.
Киесi ғажап, иесi қазақ, Түркiстан,
Топырағыңа тапсырғам ғазиз анамды.
Заңдары қатал өтпелi мынау өмiрдiң,
Уақыт сен де көне шаһардан жеңiлдiң.
Хақназар ханның ұрпағы түгiл кешегi,
Ғаламатым ғой көзiндей Ақсақ Темiрдiң.
Оқыдық құран тiзерлеп мұңлы молаға,
Жасаурап жанар қарадық Ұлы Далаға.
Керiле түсiп алдымнан қашты қара жол,
Хан Кене кiрген Наурызбайды ертiп қалаға.
Қаруды бiлген ұсталар соққан затынан,
Аруды бiлген ақ кептер берген хатынан.
Әз Тәуке ханның Жетi Жарғысы сөйлейдi,
Келмеске кеткен заманалардың атынан.
Алашым менiң, айбарым, сұстым, асқағым,
Бал дәурен заман...өттi де кеттi, қас қағым...
Шiркiндер қалай сезiмдерменен ойнайды,
Тұран даламның сөйлетiп асыл тастарын.
Сап түзеп тұрып, Саураннан кiрпiш алдырған,
Далалық ұлы махаббатпенен салдырған.
Көктасты қашап, аспан астында Алашқа,
Бабалар бiздiң шежiре жазып қалдырған.
ІІІ
О, Түркiстан, шапағат бер, cабыр бер,
Сары даладан бақыт iздеп сабылды ел.
Сағым басқан қырда жатқан елеусiз,
Менi мұңға батырады қабiрлер.
Қабiрлерiм, өткен ғасыр, өткен күн,
Тарихы ол кеше өмiрден өткеннiң.
Мен қайғысын болмысыммен сезiнем,
Иесiнiң сандықтағы шекпеннiң.
Қандай ойға бастамайды мына қыр,
Қабiрлерге бәйiт арна, дұға қыл.
Еркектерге жылау қылмыс болса да,
Айдалада ағыл-тегiл жыла бiр.
Бәйiт арна, құрбандық шал, дұға қыл,
Дұға қыл да, жүрегiңмен жыла бiр.
Қабiрлерге қамқор Ана секiлдi,
Аруағымды қымтап жатқан мына қыр.
О, Ата жұрт, шапағат бер, сабыр бер,
Сахарадан бақыт iздеп сабылды ел.
Сағым басқан қырда жатқан елеусiз,
Менi мұңға батырады қабiрлер.
IV
Иесi қазақ,
Киесi ғажап!
Даналардың данасы!
Адамы алтын,
Қадамы жарқын,
Түркiстанның қаласы.
Астанам едiң,
Асқақ ән едiң.
Сүйген түркi баласы
Аруағым сенсiң,
Байрағым сенсiң
Түркiстанның қаласы!
Қастерлi салты,
Ақ пейiл халқы–
Көзiмнiң ақ-қарасы!
Даңқымды көкке,
Көтерген Меккем –
Түркiстанның қаласы!