Белгілі жазушысы Жолтай Жұмат-Әлмашұлының «Жизнь горькая и сладкая» атты кітабы Мәскеуде...
Антон Чехов. Ұшқалақ (әңгіме)
I
Ольга Ивановнаның тойында оның жақын достары мен жақсы таныстарының бәрі де болды.
Көзге түсер ештеңесі де жоқ, осы сияқты жай, қарапайым адамдарға күйеуге шығуының себебін ұғындырғысы келгендей, Ольга Ивановна күйеуіне қарай иек қаға сөйлеп, достарына:
─ Қараңдаршы, өзінде бірдеңенің нышаны бар емес пе? - дейді.
Күйеуі, Осип Степанович Дымов, дәрігер, лауазымды кеңесші шеніндегі адам. Екі ауруханада бірінде штаттан тыс ординатор болып, екіншісінде прозектор болып істейді. Күнде ертеңгі сағат 9-дан түске дейін ауруларды қабылдап, палатасында қызмет етеді, ал түстен кейін конкаға мініп алып екінші ауруханаға барып, онда ауырып өлген адамдарды сойып қарайды. Өз бетімен дәрігерлік істен табатын табысы тым аз, жылына бес жүз сомдай-ақ. Міне, бар болғаны осы. Ол туралы басқа не айтуға болар? Ал енді Ольга Ивановна мен оның жақын достарын, жақсы таныстарын онша қарапайым адамдар деуге болмайды. Олардың әрқайсысының да өзінше көзге түсер ерекшелігі, аз да болса, атағы бар, аты шыққан көрнекті деп саналатын немесе, тіпті, саналмаған күннің өзінде де болашағына зор сенім артуға болатын адамдар. Бірі драма театрының әртісі, ел сыйлайтын ірі талант, сымбатты, ақылды, момын ғана адам, дауыстап оқуға өте шебер, Ольга Ивановнаны дауыстап оқуға үйреткен сол болатын; енді бірі опера әншісі, ақжарқын жуантық адам, ылғи Ольга Ивановнаға күрсіне қарап: сіз өзіңізді - өзіңіз қор қылып жүрсіз, егер ерінбей, өзіңізді қолға алған болсаңыз, тамаша әнші болар едіңіз ғой дейді; одан кейінгілері - бірнеше суретші, олардың ішіндегі тәуірі - жанрист, анималист, пейжазист Рябовский дейтін өте сұлу, ақсары келген жас жігіт, жасы 25-терде, ол көрмеде көзге ілінген өзінің соңғы картинасын бес жүз сомға сатқан; Рябовский Ольга Ивановнаның этюдтерін түзетіп беріп, бәлкім, Ольга Ивановнадан суретші де шығар деген болатын.Одан соң бірі - тартқанда аспабы зарлап отыратын виолончелист, ол өзі білетін әйелдердің ішінде тек жалғыз Ольга Ивановна ғана өзіне ере фортепьяно ойнай алатынын ашығынан айтып жүреді, одан кейінгі бірі - жас та болса атағы шығып үлгерген, повестер, пьесалар, әңгімелер жазып жүрген әдебиетші. Тағы кімді айтайын? Тағы - Василий Васильич дейтін болатын, ол өзі барин помещик дилетант - иллюстратор және виньетист, орыстың ескі стилін, батырлар жыры мен эпосты қатты ұнатады, қағазға, фарфорға және ыс шалған табақтарға неше түрлі ғажап суреттер салады. Бәрі де сыпайы, момақан қолдары бос, дәрігер дегендеріңнің дүниеде барын тек ауырғанда ғана естеріне алатын тағдырдың еркесі - осы әртістер қауымындағылар Дымовтың атын естігенде жай бір Сидоров немесе Тарасов деген аттарды естігендей, зейін қоймайды, осылардың арасында Дымов жат, басы артық біреуіне, өзі басқаларға қарағанда бойшаң, жауырынды келгенімен де, кіп-кішкентай адам сияқтанып бұғып жүреді. Үстіндегі фрагы де біреудікі тәрізді, сақалы да дүкендегі сатушылардың сақалы сияқтанып көрінеді. Ал егер Дымов жазушы немесе суретші болса, жұрт оның сақалына қарап, Золяға ұқсайды екен дер еді.
Әртіс Ольга Ивановнаға: мына, ақ - сары шашыңыз, мына неке қияр көйлегіңізбен сіз көктемде үлбіреуік ақ гүлге малынып тұрған зифа бойлы шие ағашына өте ұқсайсыз, дейді.
─ Жоқ, сіз бері қараңызшы! - дейді оған Ольга Ивановна, әртістің қолына жармаса кетіп, қапелімде қалайша осылай бола қалды дейсіз ғой? Тыңдаңыз, тыңдаңыз... Мен сізге айтайын, әкем Дымовпен бір ауруханада істеп жүрген. Әкем байғұс ауырып жатқанда Дымов күні-түні бірдей соның төсегінің жанында болды. Қандай жанқиярлық десеңізші! Тыңдаңыз деймін, Рябовский,.. сіз де тыңдаңыз, жазушы, бұл өзі өте қызық. Жақынырақ келіңдер. Қандай жанқиярлық, қандай шын жаны ашығандық десеңізші! Мендағы талай таңды әкемнің жанында отырып көзіммен атырдым, сөйтіп жүргенде, бақсам, жігітіңнің көңілін тауып әкеткем екем! Дымовым мен дегенде есінен айырылыпты. Тағдыр дегенің де қызық қой өзі. Ал әкем қайтыс болғаннан кейін кейде үйге келіп, кейде көшеде кездесіп қалып жүрді де, бір күні кешкісін ойда-жоқта, тап төбеден түскендей етіп сөз салғаны бар емес пе... Сол күні түнімен жыладым, бірақ өзім де өлердей ғашық болып қалыппын. Сонымен аяғында, өздеріңіз көріп отырғандай, жұбайы болдым. Аюдай бітімінде бір асқақ алып күштің нышаны бары рас емес пе? Қазір бетінің төрттен үші бізге қарай бұрылып, жарық күңгірттеу түсіп тұр, ал тура қараған кезде маңдайын байқаңдаршы. Рябовский, осындай маңдай туралы сіз не айтар едіңіз? Дымов, біз сені әңгіме қылып отырмыз, - деді ол күйеуіне дауыстап. - Бері кел Мына Рябовскийге адалдық қолыңды ұсын... Міне, осылай. Дос болыңдар.
Дымов ақпейіл, аңғал күле Рябовскийге қолын беріп жатып:
─ Өте қуаныштымын. Менімен бірге Рябовский деген біреу бітіріп шығып еді, сіздің туысыңыз емес пе? - деді.
II
Ольга Ивановна 22-де, Дымов 31-де. Тойдан кейін екеуі тамаша тұрып жатты. Ольга Ивановна қонақ бөлменің қабырғасына өзінің және басқалардың рамалы, рамасыз этюдтерін жағалай ілді, рояль мен жиһаздардың маңын қытай қолшатырымен, мольберттермен, аламыш шүберектермен, кішкене бюсттермен, фотосуреттермен толтырды... Ас ішетін бөлменің қабырғасына нашар қол суреттер жапсырып, шабата, орақ іліп, бұрышқа шалғы мен қол тырма сүйеп қойып еді, тап орыс елінің ас бөлмесі болды да қалды. Жатын бөлмені таудың үңгірі сияқты болсын деп төбесі мен қабырғалығына қара мәуіті ұстап, керуеттің үстіне Венеция фонарын іліп, босаға жаққа ұстаған адам мүсінін қойды. Мұны жұрттың бәрі де ұнатып, екі жастың отауы, тіпті жақсы екен десіп жүрді.
Ольга Ивановна күнде сағат он бірлерде төсегінен тұрғаннан кейін рояль ойнайды немесе күн бұлтсыз ашық болса, майлы бояулармен сурет салуға кіріседі. Одан кейін сағат бірге қарай өзінің тігіншісіне жүріп кетеді. Ольга Ивановнаның да, Дымовтың да қаржы жағы тапшы, әрең жетіп тұратын болғандықтан, жаңа киімдерімен жұрт көзіне жиі көрініп, таңдандыру үшін Ольга Ивановнаға да, оның тігіншісіне де неше түрлі амал істеуге тура келеді. Қайта бояған ескі көйлектен, түкке жарамай қалған тюльдердің, шілтер, мақпал, масатылардың құрақтарынан, тіпті керемет, көз сүйсіндіретін әйелдердің көбі арман етіп жүретін көйлек шыға келеді. Тігіншіден шыққаннан кейін Ольга Ивановна әдетте, театрдағы жаңалықтарды білу үшін және қойылғалы жатқан жаңа пьесаның бірінші қойылымына немесе болғалы жатқан бенефиске билет ала кету үшін таныс актрисаларының біріне барады. Одан шыққаннан кейін суретшінің шеберханасына немесе картиналар көрмесіне бару керек, одан кейін әйгілілердің біреуіне - шақыра кету үшін немесе визит қайтару үшін немесе тіпті жай әңгімелесіп қайту үшін - барып шығу керек. Барған жерінің бәрінде де жұрт жарқын, достарша қарсы алады, оны жақсы, сүйкімді, таптырмайтын адам деседі... Өзінің қадір тұтатын көрнекті адамдары Ольга Ивановнаны өз адамыңдай, тең құрбысындай қарсы алады, олардың бәрі де, егер Ольга Ивановна әр нәрсенің соңына бір түсіп кетпесе, осындай талантымен, талғамымен, ақылымен бұдан белгілі адам шығады деседі. Ольга Ивановна ән салады, рояльда ойнайды, бояумен сурет салады, мүсін жасайды, әуесқойлардың спектакльдеріне қатынасады, бірақ осының бәрін жүрдім-бардым емес, талантпен орындайды ол иллюминация үшін фонарь жасаса да, киініп жасанса да, біреудің галстугын байлап берсе де - осының бәрін аса көркемдеп, сәнімен, сүйкімді етіп істей біледі. Ал енді әйгілі адамдармен тез танысып, араласып кетуге келгенде оның таланты әсіресе жарқырай көзге түседі. Біреудің сәл аты шығып ел аузына іліксе - ақ болғаны, Ольга Ивановна онымен дереу таныс бола қалады, сол күні-ақ достасып, үйіне шақырады. Әрбір жаңа адаммен танысу ол үшін нағыз мейрам. Әйгілі адамдарды құдайдай сыйлайды, мақтаныш етеді, күнде түсінде көріп шығады. Ондай адамдарға өте әуес, әуестігі ешқашан басылған емес. Ескі таныстар кетіп, ұмытылып, олардың орнына жаңалары пайда болады, бірақ бұл жаңаларына да тез-ақ көзі үйреніп, көңілі суынып қалады, содан кейін басқа ұлы адамдарды аңсайды, тағы табады, тағы іздейді. Сонда не үшін іздейді десеңізші?
Сағат төрттен кеткенде ол үйінде, күйеуімен бірге тамақ ішеді. Күйеуінің кішіпейілділігіне, парасаттылығына, ақпейілдігіне елжірей ырза болып, мәз бола шаттанып отырады. Әлсін-әлі ұшып түрегеліп, күйеуінің басын құшырлана құшақтап, шөпілдете сүйеді.
─ Сен, Дымов, ақылды, ардагер адамсың, - дейді ол, - бірақ бойыңда бір үлкен мінің бар. Көркемөнерге тіпті де, көңіл қоймайсың. Музыканы да, сурет салуды да керек қылмайсың.
─ Соларыңды ұқпаймын, - дейді күйеуі, момақан ғана жауап қайырып. Өмір бақи жаратылыстану ғылымдарымен және медицинамен шұғылданып келем, сондықтан көркемөнерге көңіл бөлуге ешқандай уақытым болмады.
─ Бірақ мұның масқара кемшілік қой, Дымов?
─ Несі масқара? Сенің таныстарың жаратылыстану ғылымы мен медицинаны білмейді, бірақ оларға бұл жөнінен кінә қоймайсың ғой. Әркімнің өз кәсібі бар. Мен пейзаждар мен операларыңды ұқпаймын, бірақ ақылды деген адамдардың біразы бұл іске барлық өмірлерін сарп етсе, ал екінші біреулері соған толып жатқан ақша төлейтін болса, сірә, мұның да керегі болғаны ғой деп топшылаймын. Ұқпайтыным рас, бірақ ұқпау бір басқа да, керек емес деп табу бір басқа ғой.
─ Әкелші, адал қолыңды қысайыншы!
Түскі тамақтан кейін Ольга Ивановна таныстарына жүріп кетеді, одан кейін театрға немесе концертке барады, сөйтіп үйіне түн ортасы ауғанда қайтады. Күндегісі осы.
Сәрсенбі күндері Ольга Ивановнаның үйінде кешкі мәжіліс болады. Мұндай мәжілістерде үй иесі де, қонақтар да карта ойнамайды, билемейді, әртүрлі көркемөнерлерімен көңіл ашады. Драма театрының әртісі өлең оқиды, әнші он салады, суретшілер Ольга Ивановнаның толып жатқан альбомдарына сурет салады, виолончелист мақам тартады, Ольга Ивановнаның өзі де сурет салып, мүсін жасап, әнге қоса фортепьяно ойнайды. Жатқа оқу, музыка тарту, он салу тоқтаған кездерде, олар әдебиет туралы, театр, сурет салу өнері туралы әңгімелесіп, айтысып жатады. Әйелдер болмайды, өйткені Ольга Ивановна актрисалар мен өзінің тігіншісінен басқа әйелдердің бәрін де тұйық, пасық деп есептейді. Әр мәжілісте де Ольга Ивановна есіктің қоңырауы шылдыраған сайын елең ете қалып өңі мейірленіп "Әне келді!" дейді, оның "келді" дегені жаңадан шақырылған әйгілі біреу болады. Дымов қонақ үйге кірмейді, оның бар-жоғын ешкім ескермейді де.
Бірақ дәл сағат он бір жарымда ас ішетін бөлменің есігі шалқайта ашылып, Дымов әдетінше ақпейіл, момақан ыржия күліп, қолдарын уқаластыра шыға келеді де:
─ Кәне, мырзалар, дәмге рақым етіңіздер, - дейді.
Сонсоң жұрттың бәрі де ас ішетін бөлмеге шығады, онда әрқашан да үстел үстінде табақтарға салынып тартылған устрицалар, жұқалап кесілген шошқа немесе бұзау еті, сардиналар, сыр, уылдырық, саңырауқұлақ, шынысымен арақ және екі графин шарап жасаулы тұрады.
─ Менің сүйікті метр - д отелім! - дейді оған Ольга Ивановна қуана алақандарын қауыстырып. Сен өзің тамашасың! Мырзалар, маңдайына қараңыздаршы! Дымов, бірқырын тұршы. Мырзалар, әлпеті Бенгал жолбарысы сияқты болғанымен, шырайы маралдың шырайындай момақан, сүйкімді емес пе. Ой, қалқашым!
Тамақ үстінде қонақтар Дымовқа бір қарап қойып, іштерінен: "Шынында да жап-жақсы жігіт" дейді де, ізінше оны ұмытып тағы да баяғы театр, музыка, сурет салу жайын әңгіме етеді.
Бұл екі жас осылай тату-тәтті, бақытты тұрып жатты. Алайда, алғашқы ләззатты айдың үшінші аптасы онша қуанышты болмай, тіпті қайғылы болып өтті. Дымов ауруханада тілме ауруын жұқтырып, алты күн төсек тартып жатты да, амалсыздан әдемі қара шашын сыпыртып алғызып тастады. Ол күндері Ольга Ивановна күйеуінің қасында жылап отырып алды, ал тәуір бола бастаған соң Дымовтың басына ақ орамал байлап қойып, соған қарап бәдәуидің суретін салуға кірісті. Бұған екеуі де мәз болды. Күйеуі сауығып, жұмысына бара бастағаннан кейін үш күн өткенде тағы бір көңілсіздікке тап болды.
─ Мені қырсық айналдыра берді, мамасы! - деді Дымов бір күні тамақ ішіп отырғанда. -Бүгін төрт өлікті сойып көріп едім, екі бармағымды бірдей кесіп алыппын. Оны үйге келгенде ғана байқадым.
Ольга Ивановна шошып кетті. Дымов езу тартып күлді де, ол түк емес екенін өліктерді сойып қарағанда қолын талай рет кесіп алғанын айтты.
─ Жұмысыма беріліп кетемін де, байқамай қалам, мамасы, - деді ол.
Ольга Ивановна өлік уы жайыла ма деп үрейленіп, түн сайын құдайға жалбарынып жүріп еді, бірақ түбі қайыр болды. Сөйтіп тағы да баяғы қайғысыз - қаперсіз, тату-тәтті өмір қайта басталды. Қазіргі өмірлері жап-жақсы, ал алда, алыстан күлімдеп, неше түрлі қуанышқа бөлеймін деп жаз келе жатыр. Әне сонда бақыт дегенің тасып төгілетін болады! Сәуірде, мамырда, маусымда - қаладан алыстағы саяжай, серуен, этюдтер, балық аулау, бұлбұл әнін тыңдау, одан кейін шілдеден бастап түу күзге дейін суретшілер Волгаға сапарға шығады, ол сапардың ішінде, сосъетенің1белгілі мүшесі ретінде, Ольга Ивановна да болады. Ол осы бастан өзіне жолда киетін екі кенеп костюм де тігіп қойды, жолға бояулар, қылқаламдар, кенеп және палитра да сатып алды. Сурет салуда мұның қанша ілгерілегенін байқау үшін Рябовский күнде келіп тұратын болды. Ольга Ивановна салған суреттерін көрсеткенде ол екі қолын қалтасына бойлатып, еріндерін жымқыра пысылдап:
─ И - о... Мына бұлтыңыз тым бажырайып тұр екен: кешкі сәуле реңі берілмеген. Бергі планыңыз былжыраңқы, оның үстіне, ұғып тұрсыз ба, онша ұқсамайды да... Ал мына лашығыңыз бірдеңеге қақалып, аянышты дауыспен шиқылдап жатыр... Мына бұрышты қараңғырақ ету керек еді. Жалпы алғанда жаман да емес... Мақтауға болады, - дейді.
Ол неғұрлым түсініксіз сөйлеген сайын Ольга Ивановна оны соғұрлым оңай ұғады.
III
Троицаның екінші күні түстен кейін Дымов ол-пұл тамақ, кәмпиттер сатып алып, саяжайдағы әйеліне жолға шықты. Оны екі жетіден бері көрмегендіктен сағынып қалған еді. Вагонда да, кең тоғайдың ішінде өзінің саяжайын іздеп келе жатқанда да қарыны ашқаны, шаршағаны сезіліп, саяжайға барғаннан кейін әйеліммен кешкі тамақты оңаша отырып ішіп, сонсоң жатып ұйықтаймын ғой деп ойлады. Қолындағы уылдырық, сыр және балық етін салып алған түйіншегіне көңілдене қарап қояды.
Ол саяжайын іздеп тапқан кезде күн де ұясына батқан еді. Қызметші кемпір әйелінің үйде жоқ екенін, бірақ кешікпей келуге тиіс екенін айтты. Саяжай көрмеге тым жұпыны, төбесі аласа, ішкі қабырғалығына жай ғана ақ қағаз жапсырылған еденінің тақтайы кедір-бұдыр, қиюы қашқан, небәрі үш-ақ бөлмесі бар. Бір бөлмеде кереует тұр, екіншісінде орындықтарда, терезе алдында сурет салатын кенептер, қылқаламдар, майланған қағаздар, еркек адамдардың пальтолары мен қалпақтары әрқайсысы әр жерде шашылып жатыр, ал үшінші бөлмеде бейтаныс үш еркек отыр екен. Екеуі шоқша сақалды қара торы, үшіншісі сақал-шашын тегіс қырған жуантық адам, сірә, актер болса керек. Үстел үстінде самаурын қайнап тұр.
─ Сізге не керек? - деді актер жуан дауыспен Дымовқа жатсына қарап. - Ольга Ивановна керек пе еді? Күте тұрыңыз, қазір келеді.
Дымов отырып күте бастады. Қара торының біреуі Дымовқа маужыраған пішінмен еріне қарап, өзіне шай құйып алды да:
─ Бәлкім, шай ішерсіз? - деп сұрады.
Әрі қарыны ашып, әрі шөлдеп отырса да Дымов тәбетін бұзғысы келмей, шайға отырмады. Көп ұзамай-ақ біреулердің келе жатқан дыбысы, сонымен қабат өзіне таныс күлкі естіді, есік сарт етіп ашылды да, кең етекті қалпақ киген қолында жәшігі бар Ольга Ивановна жүгіріп кірді, оның соңынан үлкен қолшатыр мен бүктемелі отырғыш көтеріп, көңілді пішінмен, екі беті албырап Рябовский келді.
─ Дымов! - деп айғайлап жіберді Ольга Ивановна қуанғанынан қызарып кетіп, - Дымов! -деді ол тағы, алақанымен басын Дымовтың төсіне қойып, - Сен екенсің ғой! Неге мұнша ұзақ келмей қойдың? Неге? Неге?
─ Уақыт қайда, мамасы? Жұмыстан бас ала алмаймын, босай қалған кезде пойыз тұра келмейді.
─ Ой, сені көргеніме қандай қуаныштымын! Түні бойы түсіме кіріп шықтың, ауырып қалмаса игі еді деп қорқып ем. Аһ, қандай сүйкімді екеніңді, қандай дер көзінде келгеніңді білмейсің де ғой! Менің жанымды сақтап қалатын сенсің. Бір сен ғана құтқарып аласың! Ертең осында бір ерекше той болмақшы - деді ол күле сөйлеп, күйеуінің галстугын байлап жатып. - Стансадағы Чикельдеев деген жас телеграфшы үйленеді екен. Сұлу жас жігіт, былай, ақылсыз да емес көрінеді, түрінде өзінің бейне аюдай бір күш бар... Түріне қарап жас варягтың суретін салуға болар еді. Осы саяжайдағылар түгел соған баратын болдық, тойында боламыз деп уәде бердік... Бай адам емес, жалғыз басты, ұялшақ неме екен, тойына бармағанымыз, тіпті, ұят болар еді. Көз алдыңа былай келтіріп көрші, түскі ғибадаттан кейін неке қиылады, сонсоң шіркеуден шығып бәріміз жаяу, қалыңдықтың үйіне барамыз... ұғып тұрсың ба, тоғай іші, құстар сайрайды, шөп үстіне көлеңке арасынан күн түсіп, көкпеңбек көгалдың ішінде қызыл-жасыл киінген біздер келе жатамыз, - тіпті ерекше, бейне француз экспрессионистерінің суретіндегідей шықпай ма. Бірақ сонда, Дымов, мен шіркеуге не киіп бармақшымын? - деді Ольга Ивановна жылағысы келгендей бетін тыржитып. Мұнда еш нәрсем де жоқ, түгім де жоқ! Көйлек те, гүл де, биялай да... Сен мені құтқаруға тиіссің. Құдай мені құтқару үшін сені осында айдап әкелген ғой. Кілтті қолыңа ал да, қымбаттым, үйге барып, киім ілгіштегі менің алқызыл көйлегімді әкеп бер. Білесің ғой, киімдердің ен бергі шетінде ілулі тұр... Одан кейін кілеттің ішінде оң жақта жерде екі қағаз қорап бар. Соның үстіңгісін ашсаң, ылғи бір жатқан тюль, әртүрлі қиқым-сиқымдар болар, солардың астында гүлдер бар. Гүлдерді ептеп алғайсың, жаншылтпағайсың, жаным, әкелген соң ішінен өзім қарап теріп алам... Сонсоң биялай сатып ал.
─ Жақсы, - деді Дымов. - Ертең барған соң беріп жіберермін.
─ Ойбай-ау, ертеңің не? - деді Ольга Ивановна таңырқай қарап. - Ертең қай уақытта үлгересің оны? Алғашқы пойыз сағат 9-да жүреді, ал 11-де некелерін қияды. Жоқ, қалқам, бүгін баруың керек, бүгіннен қалдыруыңа болмайды! Ертең өзің келе алмайтын болсаң, біреуден беріп жібер. Ал, барсайшы енді.., Қазір пойыз келуге тиіс. Кешікпегейсің, жаным.
─ Жақсы.
─ Аһ, сені жібергім келмей-ақ тұрғанымды қарашы,- дегенде көзіне жасы мөлтілдеп келіп қалды.- Өзім де аңғалмын, қайдан сөз бердім екен сол телеграфшыға, - деді Ольга Ивановна.
Дымов бір стақан шайды асыға ішіп, бір тоқашты қолына алды да, ыржия күліп, стансаға қарай кетті. Ал ол әкелген уылдырықты, сырды, балық етін екі қара торы мен актер соғып алды.
IV
Шілденің айлы тынық бір түнінде Ольга Ивановна Волга пороходының палубасында, біресе суға, біресе көрікті әсем жағаға қарап келе жатты. Қасындағы Рябовский оған мына судағы қарайған көлеңкелер шынында көлеңке емес - түс, осы ғажайып жалтылдап жатқан сиқырлы судың алдында, тұңғиық аспанның астында, мына, біздің өміріміздің баянсыз екенін басқа бір ізгі, мәңгілік рақат өмір барын білдіріп мұңая мүлгіген жағалаудың алдында тұрғаныңда барлық өмірден безіп, өліп кетсең, тек қиялда ғана қалсаң қандай жақсы болар еді деп толғайды. Өткен өміріміз пасық, сұрықсыз, алдағысы - түкке арзымайды, ал тіршілікте бір-ақ кездесетін мына әсем түн әлі-ақ өтіп кетіп, мәңгілікке шомады, сондықтан өмір сүрудің керегі не деп тұр.
Ал Ольга Ивановна құлағын біресе Рябовскийдің сөзіне, біресе түннің тынығына тігіп, мәңгі жасаймын, ешқашан да өлмеймін деп ойлады. Мына, бұрын өзі ешқашан көрмеген фируза түстес су, аспан, өзен жағалауы, қарауытқан көлеңкелер, көңілін кернеген әлденендей бір қуаныш - міне, осының бәрі оған келешекте өзінің ұлы суретші болатынын, сонау әріде, айлы түннің аржағында, түпсіз ғайыпта оны бақ, атақ, халық махаббаты тосатынын айтып тұрғандай еді... Кірпік қақпастан алысқа көз тігіп қарап тұрғанда оған қаптаған халық жылтылдаған от елестегендей, салтанатты музыка үні, мәз болған дауыстар естілгендей болды, ақ көйлек киген өзі соның ішінде жүргендей, жан-жағынан гүл жауып тұрғандай көрінді. Қасында шын ұлы кемеңгер, құдайдың қалаулы адамының өзі таянышқа сүйеніп тұрған сияқты сезінеді... Ол адамның осы күнге дейін жасағанының бәрі де ерекше әсем, жұрт көрмеген жаңа, ал оның келешекте, некен-саяқ қана кездесетін таланты ер жетіп есейген кезде жасайтыны, тіпті тамаша, әлдеқайда жақсы болады, осының бәрі оның жүзінен-ақ, сөйлеген түрінен-ақ, табиғатқа көз қарасынан - ақ танылып тұр. Мына көлеңкелер туралы, табиғат өңінің кешкі құбылыстары туралы, ай жарығы туралы ол ерекше, өз тілімен айтып бергенде, осының табиғатқа да құдіреті жүреді-ау деп қаласың. Өзі өте сұлу, оқшау, басқа жұрт сияқты емес, дербес, құс сияқты еркін өмір сүреді.
─ Салқын түсейін деді, - Ольга Ивановна қалтырап кетті.
Рябовский оны плашына орап алып, мұңая сөйледі:
─ Мен сіздің ықпалыңызда тұрғандай сезінемін. Құлыныңызбын. Бүгін неге мұнша сұлусыз? Өзің келе алмайтын болсаң, біреуден беріп жібер. Ал, барсайшы енді.., Қазір пойыз келуге тиіс. Кешікпегейсің, жаным.
─ Жақсы.
─ Аһ, сені жібергім келмей-ақ тұрғанымды қарашы,- дегенде көзіне жасы мөлтілдеп келіп қалды. - Өзім де аңғалмын, қайдан сөз бердім екен сол телеграфшыға, - деді Ольга Ивановна.
Дымов бір стақан шайды асыға ішіп, бір тоқашты қолына алды да, ыржия күліп, стансаға қарай кетті. Ал ол әкелген уылдырықты, балық етін екі қара торы мен актер соғып алды.
Өзі өнбойы көзін айырмай, қадала қарап қалған көзқарасынан адам шошығандай, соны сезген Ольга Ивановна оған тура қараудан қашты.
─ Сізге өлердей ғашықпын... - деді күбірлеп аузын Ольга Ивановнаның бетіне тақай. - Бір ауыз сөз айтсаңыз болғаны - өмір сүруден қаламын, көркем өнерді біржолата қоямын - деп күбірледі қатты тебіреніп. - Сіз де маған ғашықпын деңізші, айтыңызшы...
─ Олай демеңіз. - Ольга Ивановна көзін жұмды. - Ол қиянат қой. Сонда Дымовты қайтем?
─ Дымовың не? Қайдағы Дымов? Дымовта менің не шаруам бар? Менің білетінім - мына Волга, ай, сұлу табиғат, өз махаббатым, өз шаттығым, ал Дымов деген мен үшін атымен жоқ... Аһ, мен ештеңеңді де білмеймін. Өткеннің керегі жоқ, маған тек бір сәт ерік берсеңіз болғаны... бір мезет қана.
Ольга Ивановнаның жүрегі тулап кетті. Ол күйеуін ойлағысы келіп еді, бірақ өткеннің бәрі - тойы да, Дымов та, кешкі мәжілістер де түкке тұрғысыз, сүреңсіз, қажетсіз сияқты көрінді... Шынында да, Дымовың кім ол? Дымовтың керегі не? Дымовта мұның не жұмысы бар? Сол Дымов дегенің өзі табиғатта бар дүние ме, әлде құр түс, елес емес пе?
"Ондай қарапайым адамға осы күнге дейінгі алған бақыты да жетер, - деп ойлады Ольга Ивановна бетін қолымен басып. - Басқалар мейлі, сөгіп жамандай берсін лағнет айтсын мейлі, тап соларға ерегіскеннен азамын, жолдан таямын... Тіршілікте әр нәрсені де бастан өткізу керек қой. Құдай-ау, қорқынышты да, қуанышты да қандай күшті еді!"
─ Ал қалай? Не дейсің? - Суретші күбірлеп Ольга Ивановнаны құшақтап, әлсіз қарсыласқан қолын құшырлана сүйіп тұр. - Сен мені сүйесің ғой? Иә? Иә! Ой, бұл неткен түн еді! Не деген тамаша түн!
─ Иә, қандай әсем түн! - Ольга Ивановна сыбырлап, Рябовскийдін жасқа толы көздеріне қарап, сонсоң тез ғана төңірегіне көз жүгіртіп алып, оны құшақтап ернін құшырлана сүйді.
Палубаның арғы шетінен:
─ Кинешмаге келіп қалдық! - деген дауыс естілді.
Біреу сылбыр жүріп келеді. Буфет қызметшісі екен, жандарынан өтіп бара жатыр еді.
─ Бері қараңызшы, бізге шарап әкеліп беріңізші, - деді оған Ольга Ивановна бақытқа толған көңілімен әрі күле, әрі жылай сөйлеп.
Көңіл толқынысынан өңі қашқан суретші орындыққа отырып, Ольга Ивановнаға өміріне, ырза бола көзін жұмып, қалжырай күліп:
─ Шаршадым, - деп басын бортқа сүйей салды.
V
Қыркүйектің екісінде күн жылы, тынық, бірақ бұлыңғыр болды. Таңертеңгісін Волганың бетінде аздаған тұман бар еді, ал сағат тоғыздан былай жаңбыр сіркірей бастады. Аспан жадырар түрі жоқ. Шай үстінде Рябовский Ольга Ивановнаға сурет салу ешбір жақсы ат әпермейтінін, іш пыстыратын өнер екенін, өзінің суретші емесін, тек ақымақтар ғана мұның таланты бар деп ойлайтынын айтып отырды да, кенет өзінің ең жақсы деген этюдін пышақпен қырғылай бастады. Шайдан кейін терезенің алдында Еділге тұнжырай қарап отырды. Еділдің де сәні кеткен ажарсыз, сұрықсыз суы да салқындаған сияқты көрінеді. Төңіректің бәрі де көңілсіз қоңыр күздің жақындап қалғаның аңғартады. Жағалаудағы құлпырған жасыл кілемдерді де, суға түсіп тұрған алмастай жарық сәулелерді де, алыста мұнартқан көріністі де, сәнге, салтанатқа жарайтынның бәрін де табиғат Волгадан сыпырып алып, келесі жазға дейін сандығына салып қойған сияқты, ал Волганы маңайлай ұшып жүрген қарғалар оны: "Тыржалаңаш! Тыржалаңаш!" деп мазақтап бара жатқан сияқты еді. Олардың қарқылдағанын тыңдай отырып, Рябовский өзінің сарқылғаны, талантын жоғалтқаны туралы, бұл өмірдегінің бәрі де тиянақсыз, баянсыз, ақымақтық екені туралы, мынау әйелге басын шатпауы керектігі туралы ойланды... Бір сөзбен айтқанда, ол көңілсіз, ренжулі еді.
Ольга Ивановна екінші бөлмеде кереуеттің үстінде, зығырдың талшығы сияқтанған әсем шашын саусақтарымен салалап, өзін біресе қонақ бөлмедегідей, біресе жатын бөлмедегідей, біресе күйеуінің кабинетіндегідей сезініп отыр; кейде оны қиялы театрға, тігіншіге, әйгілі достарына алып ұшады. Олар осы кезде не істеп жүр екен? Ольга Ивановнаны қаперіне ала ма екен? Маусым басталып қалды, кешкі мәжілістер жайын ойластыратын мезгіл де жетті. Ал Дымов ше? Сүйкімді Дымов! Жазған хаттарында әйелінің тезірек қайтуын момақан ғана, балаларша жалынып өтінеді. Ай сайын жетпіс бес сом ақша жіберіп тұрады, ал бір жолы, суретшіге жүз сом қарыздар болып қалдым дегенде, жүз сом да жіберді. Неткен қайырымды, кеңпейіл адам! Саяхат Ольга Ивановнаны шаршатып, жалықтырды, оның енді мына мұжықтардан, өзеннің дымқыл тартқан иісінен тезірек кеткісі келді, селодан - селоға көшіп, шаруалардың үйлерінде қонып жүргенде үстіне жабысқан кірден арылғысы келді. Егер Рябовский жанындағы суретшілерге жиырмасыншы қыркүйекке дейін олармен бірге жүруіне уәде етпеген болса, бұлар бүгін-ақ кетіп қалар еді-ау. Сонда, тіпті, жақсы болатын еді!
─ Құдай-ау, мына күннің көзі қашан шығады? - деп тұр Рябовский зарланып. Күншуақты суреттейтін пейзажды бұлт күні сала алмаймын ғой енді!..
─ Бұлтты күнгі этюдің де бар ғой, - деді Ольга Ивановна бөлменің аржағынан шыға бере. Есіңде ме, оң жағында орман сол жағында сиырлар, қаздар жайылып жүр. Қазір соны аяқтасайшы.
─ Е! - деді суретші тыжырынып, - Аяқтасайшы деуін! Мені не істейтінін білмейтін сондайлық ақымақ деп ойлайсыз ғой шамасы!
─ Сен маған басқаша қарайтын болып кеттің ғой осы! - Ольга Ивановна күрсінді.
─ Онда, тіпті, жақсы болғаны.
Ольга Ивановнаның беті дірілдеп кетті де, пеш жанына барып жылап жіберді.
─ Дұрыс болды, жетпей тұрғаны осы еді. Қойыңыз енді! Менің де жылауға мың себебім бар, бірақ жыламай-ақ тұрмын ғой.
─ Мың себеп бар деуін! - Ольга Ивановна өкси сөйледі. - Себебіңіздің ең мықтысы -менен бездіңіз. Солай! - Ол еңкілдеп жылап жіберді - Шынын айтсам, арамыздағы махаббаттан ұяласыз. Суретшілерге білдіргіңіз келмейді, бірақ оны жасыруға болмайды, бар жайды олар әлдеқашан - ақ біліп болған.
─ Ольга, бір-ақ өтінішім бар сізден. Суретші жалбарына сөйлеп, қолын жүрегіне басты. Жалғыз-ақ, азаптамаңыз мені! Басқа тілегім жоқ!
─ Онда мені әлі де сүйемін деп ант етіңіз!
─ Бұл дозақ қой! - Суретші тістене сөйлеп, орнынаң атып тұрды. - Ақырында мен не Волгаға түсіп өлермін не жынданып кетермін, сірә! Маза берсеңізші маған!
─ Ал, өлтіріңіз, өлтіріңіз мені. - Ольга Ивановна айғайлап жіберді. - Өлтіріңіз!
Ол өкси жылап, арғы бөлмеге өтті. Үйдің сабанмен жабылған төбесін сыбдырлата сабалап, жаңбыр жауа бастады. Рябовский басын екі қолымен ұстап, ерсілі - қарсылы жүрді де, бейне біреуге бірдеңені дәлелдеп бергісі келген адамдай, фуражкасын киіп, мылтығын иығына салып, үйден шыға жөнелді.
Ол кеткеннен кейін Ольга Ивановна төсекте ұзақ уақыт жылап жатты. Әуелі оған Рябовский қайтып оралғанда өліп жату үшін у ішкен жақсы болар еді деген ой келді, одан кейін өз үйінің қонақ бөлмесіне, күйеуінің кабинетіне барып, онда Дымовпен бірге қозғалмастан отырғанын, тыныштық пен тазалық ләззатына шомғанын, кешінде театрда отырып Мазиниді тыңдағанын қиялдап көз алдына елестетті. Сол сәтте өркениетті, қаланың шуын, әйгілі адамдарды сағынып, жүрегі сыздап кетті. Сырттан кірген қатын түскі тамақ әзірлеу үшін жаймен қимылдап пеш жаға бастады. Күйік иісі шығып, үйдің ауасы түтінмен көгеріп кетті. Ұзын қонышты етіктеріне балшық жабысқан, беттерін жауын шайған суретшілер де біртіндеп келіп, этюдтеріне қарап, тіпті жаман деген күндердің өзінде де Волганың сұлу екенін айтып, өздерін-өздері жұбата сөйлеп жатты. Үйдің қабырғалығындағы арзанқол сағат тынбастан тик-тик-тик деп тықылдап тұр. Суықтан қорғалаған шыбындар алдыңғы жақтағы бұрышта, икона маңында топырласып, құжынасып жатыр, орындық астында, қалың папкалар ішінде тарақандардың жүгіріп жүргені сезіледі...
Рябовский үйге күн батарда қайтты. Фуражкасын үстелдің үстіне тастай салды, өңі қашқан, шаршаған, етігіне балшық жұққан, кіріп келіп отырғышқа отыра сала көзін жұмды.
─ Шаршадым... - деді ол, қасын керіп, көзін зорлана ашып.
Ольга Ивановна оған еркелегісі және ренжімейтінін білдіргісі келіп қасына барды да, үндемей ғана сүйіп, оның ақшыл сарғыш шашына тарағын салды. Шашын тарап бергісі келгені еді.
─ Бұ не? - деп ол денесіне мұздай бірдеңе тиіп шошығандай селк етіп көзін ашты. - Бұ не өнер, маза беріңізші маған, өтінемін сізден.
Ольга Ивановнаны қолымен серпе түрегелгенде жүзінен жиіркенетіні, ызасы көрініп қалғандай болды. Сол кезде тамақ істеп жүрген қатын су құйған табақты екі қолымен ұстап, ептеп қана басып, Рябовскийге алып келе жатыр еді, Ольга Ивановна қатынның екі бас бармағының щиге малынып келе жатқанын көріп қалды. Құрсағын тартып байлаған, үсті-басы кір қатын да, Рябовский ашқарақтана іше бастаған ана щи де, мына өздері отырған үй де, басында қарапайымдылығымен, жарастықты салақтығымен ұнап қалған мына тұрмыс та енді жексұрын көрініп кетті. Осының бәрі нағыз қорлық екенін енді ғана байқап, салқын жүзбен сөйледі.
─ Біз біраз уақытқа айырылыса тұруымыз керек шығар әйтпесе зеріккеннен шынымен ұрсысып қалуымыз да мүмкін. Мұндағы тұрмыс әбден тойдырды. Бүгін-ақ жүріп кетемін.
─ Немене? Тал шыбыққа мініп кетесің бе?
─ Бүгін бейсенбі ғой, тоғыз жарымда пароход келеді.
─ А? Иә, иә.. Олай болса, жүріп кет... - Рябовский, майлық орамалдың орнына сүлгімен сүртініп жатып, жұмсара сөйледі. Мұнда көңілсіз және істейтін жұмысың да жоқ, сондықтан жолыңды бөгегенім - асқан өзімшілдік болар еді. Кідірмей жүріп кет, жиырмасынан кейін жолығысармыз.
Ольга Ивановна нәрсе-қарасын көңілдене жанастыра бастады, тіпті қуанғанынан екі бетіне қан жүгірді. Шынымен-ақ енді суретті қонақ бөлмеде салып, жатын бөлмеде ұйықтап, дастарқан жайып тамақ ішетін күнге жетемін бе? - деп ойлады ішінен. Енді ашуы басылып, суретшіге де реніші тарқаған еді:
─ Бояулар мен қылқаламдарды саған қалдырып кетем, Рябуша, - деді ол. - Қалса, ала келерсің... Мен жоқта жалқауланбағайсың, еңсеңді түсірмей, жұмыс істе. Сен өзің азаматсың, Рябуша.
Сағат онда Рябовский Ольга Ивановнамен қоштасып, сүйді, мұнысы, Ольга Ивановнаның ойынша, пароходта суретшілердің көзінше сүйісіп жатпайық дегені ғой, содан кейін пристаньға шығарып салды. Көп күттірмей пароход та келіп Ольга Ивановнаны алып кетті.
Ольга Ивановна екі жарым тәулік жол жүріп үйіне жетті. Қалпағы мен ватерпруфын2шешпестен жүрегі алып алқына дем алып, қонақ бөлмеге, одан ас бөлмеге өтті. Дымов, сүртүксіз, жилетінің түймелерін ағытқан күні, үстелдің жанында, пышақты шанышқыға жанып отыр екен, алдындағы тәрелкеде шілдің еті жатыр. Ольга Ивановна үйіне кіргенде, болған істі күйеуінен жасыру керек деп, жасыра аламын ғой, оған шамам келеді ғой деп ойлаған еді, ал енді күйеуінің бақытты, момақан жүзбен арсаландап күле қарсы алғанын, көзінің қуана жадырағанын көргенде, бұл адамды алдау - біреуге өсек тағу, ұрлық істеу немесе кісі өлтіру сияқты жауыздық екенін, өзінің олай ете алмайтынын, оған дәрмені жетпейтінін сезді, тап сол кезде болған істің бәрін жасырмай айтып бергісі келді. Күйеуі құшақтап сүйіп болғанын күтіп тұрды да, оның алдына тізерлеп отыра қалып, алақанымен бетін басты.
─ Немене? Не болды, мамасы? Сағынып қалдың ба? - Дымов еркелете айтты.
Ольга Ивановна ұятынан күреңітіп кеткен бетін жоғары көтеріп, жалбарынған кінәлі пішінмен күйеуіне қарады да, бірақ қорыққаны мен ұялғаны шындықты айтқызбай, тілін байлап тастады.
─ Жай... - дей салды Ольга Ивановна. - Мен әншейін...
─ Кәне, отырайықшы. - Дымов әйелін көтеріп отырғызды. - Міне, осылай...
Ольга Ивановна өз үйінің ауасымен құшырлана дем алып, шілдің етін жеуге кірісті, ал Дымов әйеліне елжірей қарап, қуана күліп отырды.
Дымов өзінің алданып жүргенін қыс ортасынан бері сезе бастаса керек. Ол бір кінәсі бар адамдай, әйелінің көзіне бұрынғысындай тура қарай алмайды, кездескенде қуана қарсы алмайды, әйелімен оңаша отырудан қашып, түскі тамаққа өзінің Коростелев деген бет-аузы мыжырайған, шашын қысқа алдырған жолдасын ерте келетін болды. Коростелев Ольга Ивановнамен сөйлескенде өзінен-өзі қысылып, пиджагінің ілгектерін біресе түгелінен ағытып, біресе қайта салып әуре болады, содан соң оң қолымен сол жақ миығын жұлмалай бастайды. Тамақ үстінде екі дәрігердің екеуі де, диафрагма жоғары болса, жүрек кейде іркіле соғатынын немесе невриттің қат - қабаттасқан түрі соңғы кездерде жиі кездесіп жүргендігін, яки кеше Дымов, "қатерлі қаназдық" деп диагноз қойылған өлікті сойып қарағанда, қарын астындағы безден обыр кеселін тапқанын әңгімелейді. Осы медицина жайындағы әңгімелерін олар Ольга Ивановнаны сөйлетпеу үшін, яғни өтірік айтуына жол бермеу үшін ғана айтып отырған сияқты сезіледі. Тамақтан кейін Коростелев рояльға отырады да, Дымов күрсініп, жолдасына:
─ Е, бауырым! Айтатын не бар! Кәне, зарлы бірдеңе тартшы - дейді.
Коростелев екі иығын көтере, саусақтарын тырбита, бірнеше аккорд алып жібергеннен кейін тенор дауысымен: "Орыстың мұжықтары зарламаған - бар ма екен сондай бір жер, айтшы маған", деп әндете бастайды, ал Дымов, тағы бір күрсініп, жағын таяна ойланып қалады.
Соңғы кездерде Ольга Ивановна өзін тым бейғам ұстайтын болды. Таңертең ұйқысынан оянғанда ол әрқашан да жабырқап, енді Рябовскийді сүймейтінін, араларының, құдайға шүкір, үзілгендігін ойына алады. Кофе ішіп алғаннан кейін Рябовскийдің қырсығынан ерімен арасының суығандығы, енді қазір ерінен де, Рябовскийден де айырылғандығы есіне түседі, одан кейін таныстарының айтуына қарағанда, Рябовскийдің көрмеге тамаша бір суретті Поленовтың көңілі сүйетіндей, пейзаж бен жанр аралас сурет дайындап жатқандығы, шеберханасында болып суретін көргендердің бәрінің де ауыздарының суы құрып мақтап жүргендігі ойына келеді. Рябовский ол суретін өзінің, яғни Ольга Ивановнаның ықпалымен салып жатқандығын, жалпы алғанда өз ықпалының Рябовскийге жақсы әсер еткенін ойлайды. Ықпалы оған соншама пайдалы, күшті әсер етіп тұрғанда, енді оны жайына тастап кетсе, ол құрып кетердей көреді. Оның соңғы жолы жылтыраңқы қара сүртүк киіп, жана галстук тағып келгені, момақан ғана:
"Әсеммін бе?" дегені ойына келеді. Шынында да ол бұйра шашты, көк көзді келбетті, көрікті адам еді (әлде солай көрінді ме екен), әрдайым Ольга Ивановнамен өте жылы сөйлесетін.
Көп жайды есіне түсіріп, біраз ойланып алғаннан кейін Ольга Ивановна киініп алып, қатты қобалжу үстінде, Рябовскийдің шеберханасына жүріп кетеді. Рябовский өте көңілді жасап жатқан, шынында да аса тамаша картинасына қуанышты; ол балаша секіріп, еркелеп, сұраған сөзіне әзілмен жауап қайырады. Ольга Ивановна Рябовскийдің көңілін аударып әкеткен картинаны күндеп, жек көріп тұрса да, сыпайыгершілікпен картинаға бес минуттай үнсіз қарап тұрып, бір ізгі заттың алдында тұрғандай күрсініп, жаймен ғана:
─ Иә, бұған дейін мұндай ештеңе жазған жоқ едің. Мына жазып отырғаның сұмдық екен, -дейді.
Содан кейін Ольга Ивановна Рябовскийге: "Мені сүй тастама, мендей пақыр, бақытсыз адамды аясайшы", деп жалына бастайды. Жылап, қолын өбіп өзін сүйетіндігіне қарғанып ант етуін талап етеді, егер өзінің шарапатты ықпалы тимесе, Рябовскийдің жолдан тайып, азып-тозып кететінін дәлелдей бастайды. Сөйтіп, жап-жақсы, қуанышты отырған Рябовскийдің діңкесіне әбден тиіп болғаннан кейін өзін қорланған күйде сезініп, күймесіне мініп алып, тігіншісіне жүріп кетеді немесе билет жағын қарастыру үшін таныс актрисасының үйіне тартады.
Ал, енді барғанында Рябовский шеберханасында болмаса, онда Рябовскийге: "бүгін келмесең, сөз жоқ, у ішіп өлемін", деп қағаз жазып қалдырады. Сонсоң Рябовский, амал жоқ, қорыққанынан Ольга Ивановнаның үйіне барып түскі тамақты сол үйден ішеді. Рябовский қысылмастан Ольга Ивановнаға күйеуінің көзінше қатты-қатты сөздер айтады. Ольга Ивановна да есесін жібермейді. Бірінің қолын бірі байлап жүргенін, екеуінің де озбыр, біріне-бірі қас екендігін сезіп өшіге түседі, осы істеп отырғандарының ерсі екенін, екеуінің пиғылын тықыр шашты Коростелевтің де түсініп отырғанын ашу үстінде аңғармайды да. Тамақтан кейін Рябовский шала-пұла қоштасып, кетуге асығады.
Ауыз үйде Ольга Ивановна оған көзімен ата қарап:
─ Асығып, қайда бара жатырсыз? - деп сұрайды.
Рябовский тыжырынып, көзін сығырайта, Ольга Цвановнаның күншілдігін қоздырып, әдейі күйдіру үшін екеуі де білетін бір әйелдің атын айтады. Содан кейін Ольга Ивановна жатын бөлмеге барып төсегіне жатады да, іші өртене күйініп, ызалана әрі елден ұяла, жастықты тістелеп, еңкілдеп жылай бастайды. Дымов Коростелевті қонақ бөлмеде жалғыз қалдырып, жатын бөлмеге қысыла, сасқалақтай келіп, жаймен ғана:
─ Дауыстап жыламасайшы, мамасы... Мұның не? Ондайды паш етпеу керек... Сездірмеу керек... Болған іске өкінгенмен түк өнбейді, - дейді.
Екі шекесін сығып бара жатқан күншілдіктің ауыр қасіретін басудың амалын таба алмай, іс әлі де жөнге келер деген үмітпен Ольга Ивановна жуынып, көз жасы жуған бетіне опа жағынып, арбасына мініп алып, мана Рябовский айтқан әйелдікіне тартып кетеді. Рябовский онда болмаған соң одан шығып екінші бір әйелдің үйіне, одан үшіншісіне барады... Әуелгі кезде бұл жүрісі өзіне ерсі сияқты еді, кейін еті өліп кетті, кейде тіпті, Рябовскийді табу үшін бір кеште барлық таныс әйелдерінің үйлерін шолып шығатын болды, ал оның кімді іздеп шауып жүргенін жұрттың бәрі де білуші еді.
Бір жолы Ольга Ивановна өзінің күйеуі туралы Рябовскийге:
─ Осы кісінің пейілінің кеңдігі - ақ жанымды жеп болды! - деп еді.
Осы бір айтқан сөзі өзіне өте ұнап қалды, сонсоң - ақ ол Рябовскиймен екеуі білетін суретшілермен кездескен жерде ері туралы әр уақытта, жақтырмағандай қолын бір сілтеп тастап:
─ Сол кісінің пейілінің кеңдігі - ақ жанымды жеп болды! - деп жүрді.
Тұрмыс сол былтырғы қалпынан өзгерместен өтіп жатты. Сәрсенбі сайын жұрт кешкі мәжіліске жиналады. Әртіс өлең оқиды, суретшілер сурет салады, виолончелист виолончелін тартады, әнші ән салады, ал сағат он бір жарымда әрқашан да ас бөлмесінің есігі ашылып, Дымов ыржия күлімсіреп:
─ Кәне, мырзалар, дәмге рақым етіңіздер! - деп тұрады.
Ольга Ивановна, бұрынғысынша, елден ерекше адамдарды іздейді, табылғандарын місе тұтпай, басқаларын қарастыра бастайды. Бұрынғысынша, тым кеш қайтады, бірақ Дымов, өткен жолғысындай, ұйықтап жатпайды, кабинетінде жұмыс істеп отырады. Дымов сағат үште жатып, сегізде тұрады.
Бір күні кешкісін Ольга Ивановна театрға барайын деп үлкен айнаның алдында жиналып, таранып жатқанында фрак киіп, ақ галстук тағынған Дымов жатын бөлмеге кіріп келді. Бұрынғы қалпымен момақан ғана күліп, әйелінің бетіне қуана қарайды. Жүзі жадыраңқы.
─ Мен жаңа ғана диссертация қорғап келдім, - деді ол отырып, екі тізесін сипалап.
─ Қорғадым дейсің бе?
Дымов күліп:
─ Иә! - деді де, арқасын беріп, шашын жатқыза тарап тұрған әйелінің жүзін көргісі келіп айнаға мойнын соза түсіп, - Иә! - деді тағы да. Маған жалпы патология жөнінен приватдоценттікті ұсынатын түрлері бар. Сыңайлары солай сияқты.
Тап осы жерде Ольга Ивановна да қосыла қуанса, шаттығына ортақтасқан болса, бақыттылығы бетінен танылып, жүзі жадырап тұрған Дымов әйелінің өткендегісін де, қазіргісін де, келешектегісін де кешіретін түрі бар еді, бірақ әйелі приватдоценттіктің де, жалпы патологияның да не екенін түсінген жоқ, бар ойы театрға кешігіп қаламын ба деп соған асықты, сондықтан күйеуіне ештеңе де айтпады.
Дымов екі минуттай отырды да, имене күлімсірей шығып кетті.
VII
Бұл бір аса мазасыз күн болды.
Дымовтың басы қатты ауырып, ертеңгісін шай да ішпеді, ауруханаға жұмысына да бармады, кабинетінде, түрік диванында жатып қалды. Ольга Ивановна, дағдысынша, сағат бірге ауғанда, өзінің nafure morfe этюдін көрсету үшін және кеше неге келмей қалғанын білу үшін Рябовскийге кетті. Этюдінің түкке тұрмайтынын білседағы, әншейін суретшіге баруға сылтау болсын деп жасаған еді.
Ол Рябовскийге қоңырау соқпай кіріп, ауыз үйде галошын шешіп жатқанында, шеберханада біреу, көйлегінің етегі сусылдап, аяғын ұшынан басып жүгіріп өткендей болды, соны байқап қалған Ольга Ивановна шеберхананың есігінен асыға қарағанында, мольбертімен бірге еденге дейін қара коленкор жабылған үлкен суреттің артына кіріп бара жатқан біреудің қоңырқай көйлегінің етегін көзі шалып қалды. Тығылған адамның әйел екендігіне ешбір күмән жоқ еді. Сол жерге Ольга Ивановнаның өзі де талай тығылып еді-ау! Рябовский, сасқандықтан болса керек Ольга Ивановнаның келгеніне таңырқағандай пішінмен екі қолын бірдей соза, зорлана күліп сөйледі:
─ А-а-а-а! Сізді көргеніме өте қуаныштымын. Қандай жақсылық хабар әкелдіңіз?
Ольга Ивановнаның екі көзі жасқа толып кетті. Ұяты мен ызасы қоса кернеп, ана картинаның тасасындағы сиқыр әйелдің - күндесінің алдында миллион берсеңіз де сөйлер емес! Ол әйел мұны мысқылдап күліп тұрған шығар - ау.
─ Сізге этюдімді көрсеткелі келіп ем, - дегенді нәзік дауыспен имене айтқанда еріндері дірілдеп кетті.
─ А-а-а-а... этюд дейсіз бе?
Суретші этюдті қолына алып айналдыра қарап, байқамағансып, басқа бөлмеге қарай өтті.
Ольга Ивановна да оның жетегіне ергендей соңынан бара жатты.
─ Nature morte... бірінші сорт, - деп күбірледі де, соған ұйқас іздегендей, - курорт... чорт... порт... - деп қойды.
Шеберхана жақтан асыға басқан аяқ дыбысы мен жібектің сусылдағаны естіліп қалды. Демек, анау кетті. Сол кезде Ольга Ивановна қатты шыңғырып, суретшіні қолына түскен ауыр затпен төбеден бір қойып шыға жөнелгісі келіп еді, бірақ көзі жасқа булығып ешнәрсе көрмей кетті, ар-ұятына тұншығып, өзін енді бұрынғы Ольга Ивановна емес, болмашы ғана бір қоңыз тәрізді жәндіктей сезінді.
─ Шаршадым... - Суретші еріне сөйлеп, этюдке қарап тұрып, қалғымау үшін басын шұлғып тастады. - Мынауың тәп-тәуір, әрине, бірақ бүгін де этюд, былтыр да этюд, енді бір айдан кейін қарасаң да этюд... Осыдан қалай жалықпайсыз? Сіздің орныңызда болсам, сурет салуды қойып, музыкамен немесе басқа бірдеңемен айналысар едім. Сіз суретші емессіз, музыкантсыз ғой. Қандай шаршап тұрғанымды білсеңіз! Қазір шай алғызайын. ...Жарай ма?
Бөлмеден шығып кеткен Рябовскийдің қызметшісіне бірдеңе деп бұйрық беріп жатқаны Ольга Ивановнаға да естіліп тұрды. Енді онымен қоштасып, түсінісіп жатпау үшін ең бастысы - өксіп жылап жібермеу үшін Рябовский кайта оралмас бұрын ауыз үйге жүгіре басып барды да, галошын киіп көшеге шықты. Рябовскийден де, сурет салудан да, шеберханадан да, өзін булықтырған ауыр ұяттан да біржола құтылғанын сонда ғана сезіп, еркін тыныстады. Сөйтіп бәріне де қош айтысты!
Ольга Ивановна тігіншісіне жүріп кетті, одан шығып, кеше ғана келген Барнайға, одан нота дүкеніне барды. Сол жүргенінде ол Рябовскийге, өз қадірін түсірмей ғана, салқын, қатал тілмен қалай хат жазу керек екенін ойлады, көктемде немесе жазда Дымовпен бірге Қырымға барып, содан кейін өткендегінің бәрінен де арылып, жаңа өмір бастауға бел байлады.
Үйіне кеш қайтты да, киімін ауыстырмастан қонақ бөлмеде отырып хат жаза бастады. Рябовский мұны суретші емессің деді ғой, соның есесіне бұл да оның жылда бір суретті қайталап сала беретінін, күнде бір сөзді қайталап айта беретінін, тоқырап қалғанын, енді одан осыдан артық ештеңе де шықпайтынын, өмір бастауға бел буғанын жазуға ойланды. Оның үстіне, өзінің Рябовскийге тигізген шарапаты үшін оның көп қарыздар екенін, ал қазір Рябовскийдің жаңа картинаның тасасына тығылып қалған әйел тәрізді, талай - талай бейсеубет әйелдердің кесапатынан енді ерсі қылықтар шығара бастағанын жазғысы келді.
─ Мамасы! - Дымов кабинеттен, есігін ашпай ғана дауыстады. - Мамасы!
─ Немене?
─ Мамасы, сен маған кірме, тек есікке жақындашы. Былай болды... Алдыңғы күні ауруханада дифтерит жұқтырып алдым, енді... жағдай қиынға айналып барады. Тезірек Коростелевті шақыртшы.
Таныс еркектердің бәрін фамилиясымен атап үйреніп кеткен Ольга Ивановна күйеуін де атымен емес фамилиясымен атайтын; оның Осип деген атын ұнатпайтын, өйткені бұл ат Гогольдың Осипін және де "Осип охрип, а Архип осип"3дейтін каламбурды есіне түсіретін. Ал қазір:
─ Олай болуы мүмкін емес, Осип! - деп ышқына айғайлады.
Есіктің арғы жағынан Дымовтың:
─ Шақырт! Жағдай қиынға айналып барады... - дегені және оның диванға барып жатқаны естілді. Сонсоң ол тағы да көмескі ғана: - Шақырт! - деп қойды.
"Бұл не болғаны? - Ольга Ивановна іштей шошынып, тұла-бойы мұздап кетті. - Бұл қауіпті ауру ғой!"
Тіпті, керегі болмаса да, қолына май шам алып өзінің жатын бөлмесіне барды да, енді не істеу керек екенін ойланып тұрғанында айнаға көзі түсіп, одан өзінің түрін көрді. Қорыққанынан түсі қашып қуарып кетіпті, үстінде келте жеңді жакет, төсіне сары жолақ валан салған юбкасының жолақтары ерсі бұралаңқы, осы түрі өзіне тым сиқысыз, тіпті, жексұрын көрініп кеткен еді. Сол жерде ол Дымовты, оның алаңсыз берілген махаббатын, жас өмірін, тіпті, ол көптен бері жатпағандықтан жетімсіреп тұрған төсегін де аяп кетті. Дымовтың кәдімгі, момақан ғана, бағынышты түрде езу тартып күлетіні есіне түсті. Ольга Ивановна опына жылап, Коростелевке жалынышты хат жазып жіберді. Бұл - түнгі сағат екі кезі еді.
VIII
Ертеңгісін сағат сегізге ауғанда, түнімен үйықтай алмағандықтан басы мең-зең, шашы ұйпаланған, ажары қашқан Ольга Ивановна жатын бөлмесінен айыпты адамдай имене шығып келе жатқанында, алдынан қара сақалды біреу, сірә, дәрігер болса керек, ауыз үйге қарай өтіп кетті. Дәрі иісі аңқиды. Кабинеттің есігінің алдында, он қолымен сол жақ мұртын ширатып Коростелев тұр екен.
─ Кешіріңіз, сізді оған кіргізбеймін. Ол тұнжырап сөйледі. Жұқтырып алуыңыз мүмкін. Және, шынына келгенде, кірудің де қажеті жоқ қой. Бәрібір, ессіз сандырақтап жатыр.
─ Шынымен дифтерит пе екен?. - Ольга Ивановна сыбырлай сөйледі.
─ Көре тұра арандатушыларды, дұрысында, сотқа тарту керек. - Ольга Ивановнаның сұрағына жауап бермей, Коростелев өз бетінше күбірлеп сөйлеп тұр. Қайдан жұқтырғанын білесіз бе? Сейсенбі күні бір баланың дифтеритті жалқаяғын трубка арқылы аузымен сорып алыпты. Сонша не керегі бар еді? Ақымақтық қой... Ессіздік әншейін.
─ Қауіпті ме? Өте қауіпті ме? - деп сұрады Ольга Ивановна.
─ Иә, ауыр түрі деседі. Дұрысында, Шректі алдыру керек еді.
Жирен шашты, мұрыны солпиған еврей акцентті тапал біреу, одан кейін ұзын бойлы, имектеу, дудар шаш, протодьякон сияқтанған біреу келді одан кейін өте семіз, екі беті нарттай, көзілдірік киген жас жігіт келді. Бұлар - жолдасының басында отырып күзетуге келіп жүрген дәрігерлер еді. Коростелев кезегін өткізген соң да кеткен жоқ, аруаққа ұқсап бөлмелерді кезіп жүрді де қойды. Қызметші әйел дәрігерлерге шай әкеліп беріп, әлсін-әлі дәріханаға жүгіріп жүргендіктен, үйдің ішін жинастыратын ешкім болмады. Үй іші жым-жырт, жабырқау еді.
Ольга Ивановна өзінің жатын бөлмесінде отырып, осының бәрі - күйеуін алдап жүргені үшін құдайдың жіберген жазасы ғой деп ойлады. Ауыз ашып сөз қайтармайтын, сырын білдірмейтін, көзге де түсе бермейтін момын, біреуге жел болып тимейтін мейірімді, жуас байғұс ана бөлмеде диванда, қиналса да іштен тынып, үн-түнсіз жатыр. Ал егер ол сандырақтап сөйлей қалса, онда басында отырған дәрігерлер бұған тек дифтерит қана кінәлі емесін, басқа да себеп барын білер еді. Олар ана Коростелевтен сұрай қалса, ол да айтып берер еді, өйткені Коростелевке бар сыр мәлім, сондықтан да ол досының әйеліне бәленің бәрі сенен, дифтерит сенің сыбайласың ғана дегендей қарап жүр. Волгадағы айлы кештер, махаббат туралы сыр ашысулар, жұпыны үйдегі поэзия кештері бәрі де ұмытылды, енді тек еріккендіктен, шолжаңдығынан қалай жусаң да кетпейтін лас, жабысқақ бірдеңені басынан аяғына дейін жұқтырып алғаны ғана есінде...
"Аһ, қандай алдап жүрдім!.. Бәрі де құрып кетсін?" деп отыр ішінен Рябовскиймен араларындағы мазасыз махаббатты есіне түсіріп.
Сағат төртте Коростелев екеуі бірге отырып тамақтанды, Коростелев ештеңе жеген жоқ, тек тұнжырап қызыл шарап қана ішіп отырды. Ольга Ивановна да ештеңе жей алмады. Ойша біресе құдайға жалбарынып, осыдан Дымов жазылып кетер болса, енді адал әйел болуына серт берді. Біресе өз жайын ұмытып, Коростелевке қарап: "Япыр-ай, қарапайым, көрер көзге қораш, айтарлықтай ештеңесі де жоқ, оның үстіне түрі де, жүріс-тұрысы да келіссіз осылар да жер бетінде жүр-ау" деп ойлады. Біресе, ауруының жұғуынан қашып күйеуінің кабинетіне бас сұқпағаны үшін құдай өзін тап қазір атып жіберердей көрді. Жалпы алғанда, өмірінің күйрегеніне, енді ешқашан түзелмеуіне көзі жетіп мең-зең, басы қаңғырып отырған жайы бар...
Түскі тамақтан кейін-ақ қараңғы түсті. Ольга Ивановна қонақ бөлмеден шыққанда Коростелев кушеткада, зер төккен жібек көпшікті басына салып, "Кхи-пуа... кхи- пуалап" ұйықтап жатыр еді.
Күзетке келіп, күзеттен қайтып жатқан дәрігерлердің ешқайсысы да үйдің ішінің жиналмағанын байқаған да жоқ. Қонақ бөлмеде бөгде адамның қорылдап ұйықтап жатқаны да, ілулі тұрған этюдтер де, үй-ішінің ерсі ерекше көрінісі де, үй иесі әйелдің шашын тарамағаны, ұқыпсыз киінгені де еленбеді, - осының бәріне де қазір ешкім көңіл аударар емес. Дәрігерлердің бірі аңдамай бірдеңеге күліп жібергенде, оның күлкісі ерсі және тосырқау шықты, тіпті, жұрт шошынып қалды.
Ольга Ивановна қонақ бөлмеге қайта оралғанда Коростелев оянып, шылым тартып отыр еді.
─ Дифтериті кеңсірігінде, - дегенді дауысын бәсеңдете айтты. - Жүрегі де нашарлап барады. Жалпы алғанда жағдай жаман.
─ Шректі шақыртсаңызшы, - деді Ольга Ивановна.
─ Келіп кетті. Дифтериттің кеңсірікке көшкенін сол байқады. Иә, Шректе тұрған не бар. Шынында Шрек түк те емес. Ол - Шрек, мен - Коростелев, басқа ештеңе де жоқ.
Уақыт өтпей қойды. Ольга Ивановна киімімен ертеден жиналмаған төсектің үстінде ұйқылы-ояу жатыр. Үйдің іші, еденінен төбеге дейін бір үлкен сом темір алып жатқандай, егер осы темірді далаға шығарып тастаса, үйдің іші кеңіп, көңілді болатын сияқтанып көрінеді. Бұл елестің сом темір емес, Дымовтың ауруы екендігі көзін ашқанда барып есіне түсті.
"Nature morte, порт... - деп ол тағы да қалғи бастады, - спорт,..курорт... Ал Шрек ше? Шрек Шрек, грек, врек... крек. Әлгі менің дос-жарандарым қайда екен? Біздің үйдің қайғысынан хабарлары бар ма екен? Иә, құдай, өзің сақта... құтқар. Шрек, грек..".
Тағы да әлгі сом темір... Уақыт өтіп болар емес, бірақ төменгі қабаттағы сағат жиі-жиі соғады. Әлсін-әлі қоңырау дыбысы естіледі, олар - келіп жатқан дәрігерлер... Подносында бос стақаны бар қызметші қыз кіріп:
─ Бибісі, төсек салып берейін бе? - деп сұрады да, жауап ала алмаған соң қайта шығып кетті. Төменде тағы да сағат соғылғаны естілді. Волга бойындағы жауған жаңбыр түсіне кірді, бөлмеге тағы біреу кірді, бөгде адам сияқты. Ольга Ивановна басын дереу көтеріп алса, Коростелев екен.
─ Қай уақыт? - деді Ольга Ивановна. - Үштің шамасы.
─ Қалай?
─ Не қалайы бар? Демі бітуге айналды, соны айтқалы келдім... - деді де өксіп, кереуеттің шетіне, Ольга Ивановнаның жанына отырып, көз жасын жеңімен сүрте бастады, Ольга Ивановна оның айтқанын бірден ұға алмағанымен, тұла бойы мүздап, жаймен, шоқына бастады.
─ Демі бітіп барады... - Коростелев сыңси сөйлеп, жылай берді. - Өледі, ол өзін өзі құрбан етті... Ғылым қандай азаматынан айырылды! - деп опына сөйлеп отыр. - Біздің бәрімізден де артық, асқан ұлы адам еді ғой! Дарын дегенің қандай! Бәріміз де оған зор үміт артушы едік! - Саусақтарын майыстыра қайырып отыр. - Құдай-ау, не деген білімпаз еді, енді мұндай жанды іздесең де таба алмайсың. Оська Дымов, Оська Дымов, бұл не істегенің? Ай-ай, құдайым-ай!
Қайғысы кернеген Коростелев екі қолымен бетін басып, басын шайқап отыр.
─ Шіркін, адамгершілігі қандай еді! - Коростелев біреуге ызаланғандай сөйледі. -Қайырымды, адал жанды, шын сүйе білетін ешбір ақаусыз адам еді ғой! Ғылымға беріле қызмет етті, ғылым жолында ажал тапты. Жұмысты күні - түні бірдей істеді, бірақ оны аяған жан болмады, сөйткен жас ғалым, болашақ профессор, мына... арамза шүберектерге бола қосымша жұмыс істеуге, түнде отырып кітап аударуға мәжбүр болды-ау!
Ольга Ивановнаны көзімен ата қарап, ақжайманы екі қолымен уыстай ұстап, бар бәле осыдан дегендей етіп, тартып қалды.
─ Өзін де аяған жоқ, оны да аяған жан болмады. Иә, енді айттың не, айтпадың не!?
Қонақ бөлмеде жуан дауысты біреудің:
─ Жалғыз адам еді ғой! - дегені естілді. Ольга Ивановна өзінің Дымовпен отасқан өмірін басынан аяғына дейін тегіс, ештеңесін қалдырмастан есіне түсіріп өтті де, кенет оның шынында да, өзі білетін адамдармен салыстырғанда, жай адам емесін, сирек кездесетін ұлы адам екенін ұқты. Оған марқұм әкесінің және барлық дәрігер жолдастарының қалай қарағандығын есіне алғанда, солардың бәрі де Дымовтың даңқты адам болатындығын күн ілгері көргендігін түсінді. Үйдің қабырғалары да, төбесі де, шам да, едендегі кілем де бұған "Кеш қалдың! Кеш қалдың!" деп жымыңдай келемеждеп тұрғандай көрінді. Ольга Ивановна жылап-еңіреп жатын бөлмеден шыға жүгірді де, қонақ бөлмеде тұрған бейтаныс біреуді жанай өтіп, кабинетте жатқан күйеуіне кіріп барды. Дымов түрік диванда белуарына дейін көрпе жабулы, сұлқ жатыр екен. Жүзі адам шошырлықтай солған, жүдеген, тірі адамда ешқандай болмайтын сұрғылт - сарғыш реңге енген, бұл жатқан адамның Дымов екенін тек маңдайынан, қап-қара қасынан, таныс ыржиған күлкісінен ғана тануға болатын еді. Ольга Ивановна жалма-жан оның кеудесін, маңдайын, қолдарын сипалап көріп еді, кеудесі әлі жылы екен де, ал маңдайы мен қолдары жан шошығандай суып қалыпты. Шала жұмулы көздері де Ольга Ивановнаға емес, үстіндегі көрпеге қарап жатыр.
─ Дымов! - деп Ольга Ивановна айғайлап жіберді. - Дымов!
Ольга Ивановна өткендегісінің бәрінің қате екенін, әлі де үміт үзбеу керегін, әлі де жақсы, бақытты өмір сүруге болатындығын, Дымовтың тегін адам емес, дара туған ұлы адам екендігін, ендігі жерде өмір бойы оны төбесіне көтере табынып, құдайдай сыйлап жүретінін айтқысы келген еді...
─ Дымов! - деді ол тағы, күйеуін иығынан жұлмалап, енді оның оянбасына сенгісі келмей.
─ Дымов, Дымов деймін!
Бұл кезде қонақ бөлмеде Коростелев қызметші қызға:
─ Сұрап қайтесіз? Шіркеу күзетшісіне барыңыз да, құдайы жандар қайда тұратынын сұраңыз. Солар өздері жуып, әзірлеп, не керектің бәрін істеп береді, - деп жатты.
1892
Аударған Ғ.Ахмедов