Тұрғын үй мәселелерін жедел шешудің нақты тетіктері әзірленді, деп хабарлайды madeniportal.kz....
"7-20-25" БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ЕКІ БӨЛМЕЛІ ПӘТЕРЛЕРГЕ СҰРАНЫС АРТҚАН
"7-20-25" бағдарламасы бойынша алынатын баспананың орташа аумағы 62 шаршы метрді құрады, деп хабарлайды "Баспана" Ипотекалық ұйымы. Нарықты зерттеу нәтижесінде, аумағы 62 шаршы метр баспананың негізінен екі бөлмелі пәтерлер екені анықталды.
Сонымен бірге, "7-20-25" бағдарламасы арқылы сатып алынатын баспананың орташа құны да есептелді. Қазіргі таңда ол көрсеткіш 14 миллион 68 мың теңгені құрайды.
Қарыз алушының ортақ сипаты да белгілі болды. Ол - Қазақстан Республикасының азаматы, жас шамасы 24 пен 40 жас аралығында, отбасының ай сайынғы табысы 200 мың теңге көлемінде.
"Қазіргі таңда бағдарламаға қатысқан көптеген азаматтардың өтініштері мақұлданғанын байқап отырмыз. Ол "7-20-25" бағдарламасының көкейкестілігін, дер кезінде қолға алынғандығын және әлеуметтік бағытын айқын дәлелдейді", - деді "Баспана" Ипотекалық ұйымының Басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков.
Қайрат Алтынбековтың сөзінше, жылдық үстемесі 7 пайыз болатын "7-20-25" ипотекасының ай сайынғы төлемі пәтерді жалға алып тұрғаннан арзан шығады.
"Пәтер жалдағаннан көрі, өз баспанаңда тұрғанға не жетсін", - деп қайырды Қайрат Алтынбеков.
13 тамыз күнгі жағдай бойынша, Қазақстан халқынан бағдарламаға қатысуға 15,4 млрд. теңге сомасына 1323 өтініш келіп түскен. Оның жалпы сомасы 9,7 млрд. теңгені құрайтын 843 өтініші банктер тарапынан мақұлданды.
Қазіргі таңда, "7-20-25" бағдарламасының ипотекалық несиесін Центркредит банкі, АТФБанк, Bank RBK мен ЦеснаБанк арқылы алуға болады.