ҚР ТЖМ су тасқыны жағдайы туралы сағат 10:00-дегі ақпаратты ұсынды, деп хабарлайды madeniportal.kz....
Таланттар түлеген Тарбағатай интернет тапшылығын тартып отыр
«Өнер білім бар жұрттар,
Тастан сарай салғызды.
Айшылық алыс жерлерден,
Жылдам хабар алғызды».
Ұлтымыздың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің осыдан екі ғасыр шамасы бұрын жазған осынау өлеңін бүгінде білмейтін жан кемде-кем. Әсіресе, «айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызған» дүние кеңестік дәуірде телефон болғаны – Алтынсарин армандаған өркениетке қол жеткен мүмкіндік ретінде мойындалғандай көрінетін.
Ал, бұл күнде заман талабы мүлдем басқа бағытта сипат алды. Ұялы телефон байланысы, интернет желісі – адам баласы үшін ауа мен судай қажеттілікке айналды. Бірақ та оның игілігін көру Жаңа Қазақстан болуға ұмтылған еліміздің көптеген аймақтарында әлі күнге дейін күн тәртібінде тұрғаны шындық. Соның қатарында жаңадан құрылғанына жарты жылға жуықтаған Абай облысының аудандары да бар.
Атап айтқанда, Аягөз ауданының Тарбағатай ауылының кәрі-жасы алыс-жақындағы тамыр-таныс, ағайын-туысымен тілдесу үшін әкімдік пен мәдениет үйі, кітапхана мінгесе орналасқан қос қабатты ғимаратқа келетіні күнделікті әдет болып кеткен. Әсіресе, Өскемен мен Семейдегі жоғары оқу орнында оқитын осы ауылдың студент жастары онлайн оқу тапсырмаларын орындауда қиналып жүр.
Ауыл әкімі Ербол Ережепов заман талабына сәйкес байланыс түрін орнатуға барын салып жүргенімен, интернет ауыл халқының басты арманы болып тұрғанын айтады.
– Тарбағатай ауылдық округінің құрамында ауылдан өзге үш елдімекен бар. Алдымен тұрғын санын айтар болсақ, Ақшоқы ауылында 44, Ортааралда 47 адам тұрады. Малтүгелде 180 адам бар. Осыларды ескере келсек, Тарбағатай ауылы бойынша жалпы, 1500 шамасында тұрғыны бар Аягөз ауданындағы ірі ауыл деп айтуға болады. Негізінен тіршілік көзі – мал ұстау, ірі шаруа қожалықтары да аз емес. Ауыл азаматтарының ынытымағына, халыққа ортақ іс болса, жұмыла кірісетініне қапы жоқ. Әр жылдың түлектері де ауыл үшін қажетті мәселелерді шешуге белсене үлес қосады. Дегенмен, интернет байланысының нашарлығы бәрімізді толғантып отыр. 2007-2008 жылдары «Activ» компаниясы байланыс желісін орнатқан болатын. 2012 -2013 жылдары халықтың өтінішіне байланысты «Билайн» жүйесі іске қосылды. Бірақ, 2019 жылдан бастап, Тарбағатай аумағы тұрғындарын интернетпен толықтай қамтамасыз ету мақсатында «Қазақтелеком» АҚ-ы бұрынғы «Activ» компаниясының желі тарту бағанын алып, орнына жаңадан өз бағанын орнатты. Сол арқылы «Теле-2», «Алтел» және «Activ” үшеуін қатар қойды. Міне, сол уақыттан бері интернет байланысының қызметі нашарлап кетті. Ауыл тұрғындары негізінен activ номерін пайдаланатын. Қазір аталған байланыс түрінің операторы дұрыс жұмыс жасамай, халыққа қиын тиіп отыр. Бұған қатысты аталған компания басшылығына жолдаған хаттарымызға әзірге жауап жоқ. Биыл ауылымыздың төңірегінде «Теле-2» компаниясы үш желі бағанын орнатуды қолға алып отыр. Былтыр жыл соңында жай бастады. Істерін дұрыс аяқтайды деп үміттенеміз. Әзірге ауыл тұрғындары әкімдіктің WiFi желісіне келіп, байланысқа шығып отыр. Басқа амалдары жоқ, – дейді ауыл әкімі Е. Шәкерұлы.
Ауыл әкімі бекер айтпапты. Мәдениет үйінің жайымен танысу үшін үстіңгі қабатқа көтерілгенімізде, дәліздегі терезенің алдына кеп қармақ салып, балық аулап тұрғандай кейіптегі үш бозбалаға көзім түсті. Жөн сұрастырсақ, студенттер екен. Өскемендегі ШҚТУ-да оқитын Думан Әскержанов ауылға желтоқсан айында келіпті. Содан бері осы ғимараттың босағасынан аттау оның күнделікті әдетіне айналған. Өйткені, студенттік есептік құжаттарды ұялы телефонынан интернет арқылы жолдап отырудың басқа жолы жоқ. Бір қызығы ол бағдарламашы мамандығы бойынша білім алып жатыр екен. Алайда, ауылға оралғысы келмейтінін, келешекте қалада қалғысы келетінін де жасырған жоқ. «Бұл тек біздің ауылда ғана емес қой. Қазақстанның әлі күнге дейінгі ортақ проблемасы. Әзірге осылай байланысқа шыққанымызға да тәубе» дейміз, – дейді ол.
Әрине, интернет игілігіне қол жеткізе алмай отырған ауыл тек Тарбағатай емес. Аягөз ауданының Ақши, Қарағаш ауылдарының, осы аудан қарамағына енген Шұбартау өңіріндегі ауылдардың да жай-күйі осындай.
Тек осы Тарбағатай ауылының мәселесін көлденең тартуымыздың тағы бір себебі бар. Бұл ауыл – қазақтың небір марғасқа таланттарының кіндік қаны тамған жер. Аты аңызға айналған әнші-композитор Тұрсынғазы Рахимов туған топырақтан түлеген актер Қанат Жүнісов, Жұпар Ғабдуллина, Медет Салықовтың бүгінде қазақ өнерінде өзіндік қолтаңбалары бар. Ерғазы Рахимов, Асхат Шәріпжан, Мұратбек Тоқтағазин, Талғат Ешенұлы, Серікзат Дүйсенғазин сияқты тағы да басқа таныстыруды қажет етпейтін жазушы, журналистер де жеткілікті. Қамшыдан қысқа ғұмырында ұлты үшін үлкен мәселелердің ақиқатын айтып өткен Рахат Мамырбектің өзі бұл күнде осы ауыл жастары үшін үлгінің қайнар көзі десек те болады. Мектептен арнайы ашылған сынып соның айқын дәлелі.
Міне, қазаққа осындай қадау-қадау таланттарды сыйлаған Тарбағатай ауылының интернет қызметінің тапшылығын тартып, өркениет көшіне ілесе алмай отырғаны өкінішті-ақ.
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,
Абай облысы