Украинадағы Қазақстанның Елшілігі Абайдың қара сөздерінің украин тіліндегі аудармасын жарыққа шығард...
Гүлбақыт ҚАСЕН:Сыр жасырған сырғамды аңыз етіп...
ТАМЫЗ АЙЫМ
1.
Келдің бе, туған айым – тамыз айым,
Елжірер ертегі айым, аңыз айым.
Аптығы еш басылмас ынтызардың,
Аңсасаң алуа жыр тамызайын...
Мен сені құлай сүйгем, жыр-сүмбілем,
Ұғарсың жүрегімнің дүрсілінен.
Кірпігім түн түндігін түре ала ма...
Аялап жарығыңмен жүрсің, білем!
Басайын мауқымды бір.
Еркелеткін...
Күйдіргін. Сарша тамыз өртеп өткін.
Күз келер.
Саруар айым, сағынам ғой –
Аққудың қанатымен ерте кеткін...
...келдің бе, тамылжыған тамыз айым,
Аңсасаң алуа жыр тамызайын!
2.
Тамыз әні,
Жүректе тамыз әні...
Көңіл-көлге бір тамшы тамызады.
Ой құшты ма?..
Балқаштың жағасында –
Жаз қоштасар...
Сағынған жан ұзады.
Тамыз әнім, үзілме!
Арман әнім!
Арман әнім,
Өзіңсіз бар ма мәнім?
Толқыныңмын – мен сенің.
Тербелемін,
Жеті өзеннің кеңейтіп арналарын.
Тамыз әнім,
қанаты сезім-нұрдың,
Бақытымсың аялар,
Өзім - Гүлмін.
Аспан, Жерден
Өлмейтін Өлең іздеп,
әппақ бұлттар арасын кезіп жүрмін!
3.
Тамыз өтіп барады, тамыз өтіп,
Жаз өмірдің сәттерін аңыз етіп...
Гүлсезімім күзде де көз ілмейді,
Аялайды Арманым таң күзетіп.
Тағдырыммен тамызға байланамын,
Жарқыратар Сүмбілем Ай ғаламын.
Құсқанаты тәрізді ғұмырыма
тәуелді жыр.
Мен әнге айналамын.
Тамыз өтіп барады, тамыз өтіп,
Сыр жасырған сырғамды аңыз етіп.
Аққулы көл, күткейсің Алуаңды –
Оралармын жұбыммен жалғыз кетіп...
...тамыз өтіп барады, тамыз өтіп!
4.
Тамыз. Өмір.
Тамыз. Мөлдір өлең-жыр,
Жаз арумен
Қоштаса алмай Өлең жүр...
Тамыз. Тағдыр.
Тамыз. Жарық жұлдыздар,
Ай тым алыс...
Тоңдырғандай түнгі ызғар.
Тамыз. Ғұмыр.
Тамыз. Нəзік гүлдерім,
Не күтіп тұр алда мені?..
Білмедім.
Тамыз. Жүрек.
Тамыз. Өзім.
Тамыз – Мен.
Мəртебелі Жырым менің -
Жалғыз ем...
Жұмекен жыр
«Бір күй шертсем деп едім – шерте алмадым,
енді маған ақылдың бер тарланын»...
Ж. Нәжімеденов
«Бір күй шертсем деп еді»...
Шертсін ақын!
Шартарапты шарлаған кетсін даңқы!
Жүрегімде өлең боп өрт тұратын,
көңілімде тереңдеп дерт тұратын...
Жұмекен жыр – дауасы!
Ләззаттанып, сүйсініп Өлеңнен мың,
Сағынышқа таусылмас бөленгенмін.
Жаным кейде – жансебіл, өлермен гүл,
қайталанып төнгенде төбемнен мұң...
Жұмекен жыр – дауасы!
Бұлт ауса да тау, шыңдар қызықтырар,
Ақылсыз жан армансыз, қызық қуар.
Қызғалдағын даланың үзіп тынар,
әуенімді әдемі бұзып тұрар...
Жұмекен жыр – қорғаным!
Қоңыр үнмен кеудемді толтырамын,
деп тұрғандай: бұл – «Менің топырағым»!
көрсем деп ем теңіздің толқығанын,
жалғыздықта жабырқап, тоқырадым...
Жұмекен жыр – қорғаным!
«Бір сөз айтсам деп еді»...
Үні бөлек!
Үні бөлек Ақынның жыры бөлек:
Күнін күйге, бесікке түнін бөлеп,
Құлын жырдың қойған-ды құнын төлеп,
Тұлпар ойлар жүлде алса бүлінбе бек,
Қуатымен қосады бүгінге леп!
«Қарындасым, мұңайма! Күлімде!» деп...
Еркелетер түсімде Жұмекен жыр...
...Бір күй шертсем деп едім!
***
Өр өлеңім,
Өмірдегі серігім,
Бөбегіндей өбектетер сені кім?
Күміс бедер жыр күймеммен жарысқан –
Сөнбесе екен, сөнбесе екен
Сенімім.
Ана жүрек дұға жасар күні-түн,
Шындық аян. Оқылады бір үкім.
Күннің көркем кірпігіне ілінген –
Өшпесе екен, өшпесе екен
Үмітім.
Айналайын, ақ қанат жыр ардағым,
Алуа өмір. Гүлғұмырда бар ма мін?..
Ең аяулы,
Ең әдемі сәттерде -
Мен сенемін...
Адастырмас Арманым!
Жырым – биік мінберім
Талды қала түні...
жұмбақ сыр басым...
Кім ұрлаған шілде-сұлу сырғасын?
Жапырақтар сыбырлайды жаны бар,
Жүрегі бар...
Өлең – менің сырласым.
Өлеңіме
Еркелейді Түн керім,
Аялайды үлбіреген гүлдерім.
Ақ қанатты періштелер шығарған
Алтын тағым,
Жырым – биік мінберім.
Мен – Гүліңмін,
Бағым сенсің – Өлеңім,
Туғанымда Махаббатқа бөледің.
Тамыз-ару ғұмырының əр сəтін
Өлең ғой деп
өбектеумен келемін...
Көктем сайын
Қызғалдақтай жайнағам,
Күнді сүйгем, қызығатын Ай маған...
Егізімдей аумай қалған, Өлеңім,
Тағдырымды
мен Өзіңе байлағам.
Сені берген
Аллам менің бағыма,
Титтей мұңды қалап алғам тағы да...
Кірпігімнен үзілген ақ моншағым,
Қауыштырар
Өлеңіммен сағына!
Біз екеуміз
Біз екеуміз – Өлең едік...
Үнемі аялайтын,
Аялайтын бақ гүлін саялайтын.
Жүрегіміз Көктем мен Жазды сүйген,
Назды сүйген...
Басқаны қаламайтын.
Біз екеуміз – Өлең едік...
Таулардай асқақ едік,
Асқақ едік, ерлікке бастап едік.
Көңіліміз тəкаппар Күнді сүйген,
Гүлді сүйген нəп-нəзік...
Дастан едік.
Біз екеуміз – Өлең едік...
Мөп-мөлдір, жаңа туған,
Жаңа туған, ақ нұрдан жаратылған.
Түнге еркелер Өлеңмін –
Таңды сүйген,
Мəңгі сүйген Өлеңсің –
Дара туған!
Сипалашы... Қанатымнан...
***
Ашқандай бір əлемде жоқ жаңалық...
Кеше. Бүгін.
Жер мен көктей аралық.
Бəрі таза: көңіл таза, ой таза,
Мөлдіреген
Нағыз өлең – балалық.
Тапқандай бір ғаламда жоқ жаңалық...
Еркелікке қажет емес даналық.
Бəрі əппақ: жүрек əппақ, ар əппақ,
Кір шалмаған
Нағыз өлең – балалық.
Бүлдіршін Жыр,
Сəби Өлең – даралық,
Мың сүріну...
Кешірімді шалалық.
Жұбатшы кеп жылатқанда мына өмір…
Айналайын,
Айналайын,
Ақ періштем - балалық!
Тағдыр таңдауы
Мөлдіреген мен осы,
сезім едім...
Өгей тартып барамын өзіме-өзім.
Есенқұл Жақыпбек
Мүмкін жанды...
Мүмкін бағым жанбады,
Мендік жүрек жүрісінен танбады.
Шындығымнан ажырамай адастым –
таңдағам жоқ...
Тағдыр мені таңдады.
Таңдарыма сенім артқам алдағы,
Маған демеу – «ақсақ» сезім балдағы.
Арманымды сүйреп жүріп сүріндім –
алдағам жоқ...
Уақыт мені алдады.
Жаным менің көктем сайын бүр атты,
Мөлдіретіп айнадайын бұлақты.
Үмітімді үкіледім, жығылдым –
Жылағам жоқ...
Жылдар мені жылатты.
Кімдерге кім
Алтын басын иіпті,
Бағындырам махаббатпен биікті.
«Мөлтілдеген ... сезім едім» білерім –
Сүйгенім жоқ
Өмір мені сүйіпті!
***
Жасылға ғана шөлдедім...
Зайда Елғондинова
Маңайымның бәрі – жасыл.
Өмір де.
Бір жап-жасыл арман бар-ды көңілде.
Аспан сияр айнам бар-ды сиқырлы –
Жүрегімнің төрінде...
Шөліркедім..
Мен де шөлдеп жасылға,
Көктеміме Көктем болып асығам.
Жасын-ойлар Тауға қарай жетелеп,
Өлең-өзен тасыған...
Жағалауда – жасыл өмір іздері.
Жастық мені,
Мен жастықты іздедім...
Бауырға бас,
Майсалы жер шұрайлы,
Сезілгенше Күз демі!
***
Жаралған ең сұлу сезімнен,
Мен – сірә, егізбін өзіңмен.
Нәзіктеу, беймаза жаныма
Үңілдің жүректің көзімен.
Сырым ең, жырым ең үндескен,
Тәтті күй таусылмас бір кешкен...
Әр сәтті бағыма балағам,
Әдемі сағыныш – гүл дестем.
Бір тілек, мың аңсау кернеген...
Мұң-маржан тамшыға шөлдеген.
Әппақ гүл, алуа – бір бейне,
Кестелі
Өлеңнің өрнегі ем!