Қарлығаш Қабай Нұркен, қалайсың? Баянтауда өткенде ғана жолықсақ та, өзіңді сағынып қаппын...О...
Әйел мінезін мінсіз суреттеген ақын
3308
(Шамшабану Хамзақызы туралы бір үзік пікір) Мен 1986-жылы Үрімжідегі Шынжаң оқу-ағарту институтының физика факултетіне оқуға түстім. Әдебиетке әуестігімнен көбінде әдебиет факултетінің студенттерімен араласып жүрдім. Жас кезінен жарқырап көрініп танылған Ләззат Игісін, Шаһи Байқадам секілді құрбы-достармен тығыз араласып кеттік. Тіпті кей кездерде факултеттің білікті ұстаздары профессор Әуелхан Хали, Шамшабану Хамза қатарлы белгілі кісілердің лекциясына ұрланып кіріп алып дәрісін тыңдап шығатын күндерімізде болатын. Міне, сол жылдардан бастап ақын, педагок-ұстаз Шамшабану Хамзақызын таитын едім. Кейін радиодан, газет-журналдардан жазған еңбектерін үздіксіз оқып жүрдім. Ал, ақын анамыздың жұбайы жазушы, этнограф Зейнолла Сәнік ағамызды онсызда білетінбіз. Қазақстанға келгеннен кейін Зейнолла ағамен онан сайын жақын араласып кеттік. Әсіресе, Қазақстан Жазушылар одағыныда «Әдебиет айдыны» газетінде қызмет етіп жүргенімде ол кісінің шығармаларын жиі-жиі басып тұрдық. Кейін Зейнолла Сәнік ағамыз туралы «Жүрегі нұрлы адам» деген мақала жазып баспа сөзде жариялаттым. Ол мақала артынан кітапқа да енген болатын. Айтпағым бұл зиялы әулетті білгетінімеде 35 жылдың жүзі болыпты.Шынжаң осы заманғы қазақ әдебиетінде Шамшабану Хамзақызымен қатар бір топ әйел авторлар жарыса шыққан еді. Олар әр жанрда қалам тартып оқырмандар жүрегінен терең орын алды. Оларды атап өтер болсақ, Бәтіш Ақынқызы, Райхан Ібінқызы, Ұлыхан Сұлтанқызы, Заһара Нұраділқызы, Рымжан Шәріпханқызы, Ұлжалғас Жәкібайқызы, Жамалхан Қарабатырқызы, Ырысалды Төкеева, Әуесхан Нұрқожақызы секілді замандас қаламгерлері болды. Одан бөлек өкшебасар сіңлілері Нұрила Қызыханқызы, Ләззат Игісін, Азия Мағферқызы, Алмагүл Жұмажанқызы, Гүлнар Қуанбекқызы, Мағиза Құныпия, Фарида Манапқызы, Нұргүл Құмарбекқызы бастаған бір топ ізбасар ақын қыздар сап түзеді.
Шамшабану Хамзақызының өлеңдерін әсіресе, шынжаңдағы беделді басылымдар «Шынжаң газеті» мен «Шұғыла» журналынан оқитын едік. Сол жылдары жарияланған бір өлеңі былай болып келетін: «Болғым келеді» Шекараңды қорғайтын, Батырың болғым келеді. Заманыңды жырлайтын, Ақының болғым келеді. Көрік берер далаңа, Гүлің болғым келеді. Ән-күйіндей қазақтың, Үнің болғым келеді. Бал жиятын даладан, Араң болғым келеді. Қайта туған жас сәби, Балаң болғым келеді. Табиғатқа жамандық, Жолатпағым келеді. Көбелек болып гүліңе, Қонақтағым келеді. Мойнын созған озбырды, Алқымдатқым келеді. Еңбекшіңді сусаған, Салқындатқым келеді. Қарттарыңды қолтықтап, Аттандырғым келеді. Шабыт беріп жырыммен, Шаттандырғым келеді. Әлпештегім келеді, Ұрпағыңды талпынған. Ерсе ақындар ұстаздар, Милиондап артымнан!.. Осы өлеңде айтылғандай ақын апамыздың жандүниесі тұтасымен жарқырап көрініп тұр. Ананың ақпейілі, ізгі ниеті, пак жүрегі бәрі-бәрі менмұндалап ашық айтылыпты. Соңғы қортынды шумақтағы ұстаздық тәрбиешілігі, шәкірттерін баулып баптау жолындағы бүкпесіз көңілі көрініс тауыпты. Артынан милиондап ақын шәкірттер ермесе де, құралақан емес. Сол мен оқып жүрген кездің өзінде ол кісінің таңдаулы шәкірттері недәуір көп болатын. Оның алды-артындағы жылдарды қоссақ, милиондап болмаса да, жүздеп саналатыны анық. Ол ұстаздық етіп жүрген жоғары оқу орнынан алдынан дәріс алып, тікелей тәлімін естіген студенттердің арасынан елге аты белгілі қаламгер болып шыққан жазушылар Қабылқақ Күлмесханұлы, Мәулітхан Әбілғазыұлы, Баяхмет Жұмабайұлы, Құсан Қрманханұлы, Ғалия Жөкейқызы, ақындар Әлен Сағатханұлы, Ләззат Игісін, Шаһи Байқадам қатарлы шәкірттері қаншама... Сондықтанда өзіне, тәлімгерлігіне сенген бапкер «Ерсе ақындар, ұстаздар, Милиондап артымнан» деп екіленбей айта алды. Қытай тарихына қарап отырсақ, ойпыл-тойпыл аумалы-төкпелі кездері көп болыпты. Арғысын айтпағанның өзінде бергі біз жақсы білетін бір ғасырлық кезеңінде әлде неше мәрте құбылып, бұрқасындатып өз бұқарасының басына әңгіртаяқ ойнатыпты. 30-40 жылдардағы Сталин мен Шың Шысайдың ұлттықтарға бағытталған «қызыл қырғыны», 45-50 жылдардағы «Шығыс Түркістан» ұлттық қозғалысын жаныштау сәттеріндегі жаныштаулар, 66-76 жылдар дүрілдеп өткен дауылды апатты шақтар ұлттың басына қара бұлт төндіріп, талай жақсы мен жайсаңды мерт етті. Сол «Мәдениет зор төңкерісі» кезінде ауылға жер аударылған Зейнолла Сәнік ағамызбен бірге Шамшабану Хамзақызыда отбасының тірегі бола отырып ауылға бетбұрғаны белгілі. Сол жылдары жазылған мынау жыр жолдарыда уақыттың таңбасы, өмірдің ащы сабағы ретінде тасқа басылып мөр болып қалыпты. Қағазым – жер, Кетпен – менің қаламым, Шеру тартып алғы шепке барамын. Сусындатып шөліркеген шөлдерді, Өзгертемін қақас кейпін даланың. Қағазым – жер, Кетпен – менің қаламым, Таулы ауылға қоныстану талабым. Абзал ұстаз – қарт диқанның қолынан, Мен өмірлік мол тәжрибе аламын. Қағазым – жер, Кетпен – менің қаламым, Аударады бар адамның назарын. Жердің жүзін кетпеніммен кестелеп, Таңқалдырар талай дастан жазамын. Ақындық күй талғамайды, оған ортаның, заманның ықпалы жетпейді. Құдай қалай жаратса, солай бағыт алады. Әрине, сензура, тиым салу болатыны белгілі. Деседе, көкейдегі дарынды, ақындық жүрек үнін ешкім өшіре алмайды. Сол қаламды кетпенге, қағазды жерге ауыстырып үстел жұмысын, жер өңдеу жұмысына айналдырған сәтерде туған өлеңнен біз соны анық аңғарамыз. Мән-мағнасына қарасақ, ұстазда бір, бағбанда бір. Ұстаздың еңбегінің жемісін жеуге ондаған жылдар кетсе, диқанның еңбегінің нәтижесін көріп ризығын жеуге маусым ғана жеткілікті. Ал, екеуінеде табан ет маңдай тер, төзе білетін жүйке керек. Ақынның аузына Құдай сөз салатыны мынадан анықталады. «Жердің жүзін(қағаз) кетпенменен(қалам) кестелеп, Таңғалдырар талай дастан жазамын» деген жолдарға қараңыз!.. Осы шумақтар елу жылдың алдында қағазға түскені белгілі. Содан бергі ғұмыр дастанына қарап отырсақ, әлде неше жыр жинақтары мен ғылыми кітаптар, публистикалық шығармаларын оқырманы мен шәкірттеріне ұсынған екен. Қытайдан түпқотарыла көшіп, тәуелсіз Қазақстанға қоныс аударыпты. Булығып жатқан ойларын, өткір орамды пікірлерін емін-еркін естіртіп отан құшағында таңдамалы кітаптарын шығарып қандастары мен қалың оқырманына ұсыныпты. Алланың берген жасын жасап 80 деген сеңгірге шығып сағынышпен артына қарап, үмітпен арман қанатында кетіп барады. Ол шынында «таңғалдырар талай дастанын» жазды да. «Қазан» деген өлеңінде: Жігері жойқын әйелдер, Әлемді бүгін жайнатқан. Қазанда солар ұстаған, Құрышта солар қайнатқан. Өндіріп ырыс байлықты, Заманның тілін ұға алған. Мың алғыс саған, азат күн, Әйелді көкке шығарған. Қазанда шөлдеп кейде асқа, Кенезесі кезерген. Қара су ғана қайнаса, Дәл іздеп көше кезер ме ең! «Ас – адамның арқауы», Дейді халық ежелден. Түңіледі қазанда, Жалқау әйел, ез ерден! Осы «Қазан» деген өлеңде көп нәрсе меңзелген, астарлы айтылған, Қазан арқылы тіршілік тынысы, өмір ырғағы суреттеліпті. Қазан арқылы тұтас отбасының хал-күйіде кестеленіпті. Оның ішінде бірлік-ынтымақ, ер-әйелдің тұтастығы қосыла жырланыпты. «Түңіледі қазанда, Жалқау әйел, ез ерден» деген жолдар қаншама жүк арқалап, қаншама ой тастап тұр. Қазан жансыз зат, оның сөйлейтін тілі, айтатын аузы жоқ. Бірақ «Заманды баланың ойнауынан, қазанның қайнауынан білесің» деп, қазан қоғамның бейнесін, адамдардың пиғылын, өмір сүрудің барометрін әйгілейтін өлшеуіш. Ақын жаны соны сезіп, өлең жолына сыйғызып оқырманның басын шұлғытады. Қазан жанды образға айналып сөйлеп тұр, еңбекке, тіршілікке құштарлыққа, адамдық жауапкершілікке шақырып тұр. Қарапайым өлең жолдары күрделі филосопиялық барыстан дерек береді. Қазанның арғы жағында ез болмай ер бол, ізденіп, тырбанып, тырысып мал тап. Ал, сол табылған малды, жинаған ризықты қазанға салып тіршілікке арқау ет. Ол үшін еңбекқор азамат, ширақы пысық әйел керек екенін өлең паш етіп тұр. Қазан да пысып, қазаннан түскен тамақтың ендігі келер жері дасдарқан. Дасдарқан тіршіліктің жаймасы, барлық пен жоқтықтың түйіліскен жері. Дасдарқан қонаққа көңіл, көрсетілер пиғыл екені анық. Мәселе дасдарқанға салынған тағамның аз-көптігінде емес, ниеттің қалай болуында. Сондықтан «қонақ тамаққа емес, қабаққа қарайды». Қабақ жаңа ғана айтқанымыздай көңілмен тіке қатысты «далчик». Осы жерде ақын адамды сөйлетіп, үй иесінің мінезімен емес, дасдарқанның «мінезімен» үй иесі мен келген қонақтың ара-байланысын ашады. Қонақтың да түрі алуан болады. Тамақ іздеп кеңірдек қамын күйіттеген қыдырма қонақтар, ермек іздеген мылжың қонақтар, нәпсі қуған жылпос қонақтар, ізгі ниетті ақпейіл қонақтар... деп, жіктеледі. Ендеше үй иесініңде талғамы, шектеулі уақыты, жан қалауы болады. Сол себепті қонақтың сыйпатына қарай дасдарқан мінез көрсететіні жасырын емес. Өмір шындығын ақын өте шеберлікпен бейнелепті. Ендеше жырды оқып көріңіздер! «Дасдарқан» Дасдарқаным пейілімнің айғағы, Құдіреті, бар өзіндік айбары. Адал жанға ақтарыла жайылар, Жақсылықпен келген болса, жайдары. Кердең қағып келсе біреу қылжақтап, Дасдарқаным қалай оны жырғатпақ?! Ұсқынынан үдірейіп бар тағам, Үркер май мен бауырсақта сырғақтап. Жер шарындағы жеті милиярт адамның түр-түсі де, мінезі де жеті милиярт екені ғылымда дәлелденген. Сондай-ақ ол Алланың хикметі. Сол секілді әйелдердің де, мінезі әр алуан, әр қилы. Бұл өлеңде алдынғы өлеңге ұқсамайтын белгілер бар. Мынау шумақтар шарқая, қырсық, беймаза, отбасына да, ортасына да, қонаққа да, қоғамға да теріс мінезді долы бейнені, жүйкесі жұқа тарылып тұратын тарамыс әйелдерді көз алдымызға әкеледі. Ондада автор өзі таңдаған тәсілді ұстанып, әйел арқылы емес, шыны-аяқ арқылы сыр шертеді. Тырысқақ қатынды емес, қара қазан, қасық-шөмішті сөйлетіп қойыпты. Сол арқылы тірі жанның мінезін, мінін шымшып тұрып шымбайына батырады. Ал, оқып көріңіздер, көз алдарыңызға әлде бір образдардың қатарланып тізіле қалатыны анық!.. «Шыны-аяқ» Кей әйелдің құрсағында, Жатсадағы айдай ұлан. Байқалады мінезі оның, Шыны-аяқтың айғайынан. Келе жатқан кездейсоқта, Қонақтарын түп қиырдан. Жақтырмаса шыны-аяғы, Кетер мөңкіп тұтқиылдан. Ақылдының аздығынан, Көрсетеді оқыс қылық. Өшін алып тыныш тұрған, Шыны-аяқты соғыстырған. Осы мінез алатын да, Отбасының берекесін. Гүл орнына құшақтатар, Тамам жұрттың келекесін!.. «Жақтырмаса шыны-аяғы, Кетер мөңкіп тұтқиылдан» деп, әрі күлкілі, әрі астарлы ақиқатты алдымызға тартады. Мұндай жолдарды талғампаз ақын, тәжрибелі ана, психолог сыншы ұстаз ғана айта алар еді. Таңғажайып сенсацияларды іздеп басын ауыртпай-ақ, көз алдымыздағы шынайылықтан тамсандыратын өлең жолдарын жазыпты. Жырдың дәлдігіне, нақтылығына қарап еріксіз езу тартамыз. Үлкен жүректі ақын ойшылдықтың арқасында өз ортасынан кішкене ғана оқиғадан, үлкен мәселені туындатып алып кете береді екен. Оған дәлел Ана мен Жер ананы салыстыра суреттеген мына өлең әйелдің шынайы сипаттарын ақтарады. «Жер ана» Тіршілікке жердегі, Тірек болған Жер – ана. Қазынаға қабаты, Сіреп толған Жер – ана. Мәуелеген бау-бағын, Ашып берген Жер-ана. Ұрпағына жемісін, Шашып берген Жер – ана. Тер төккенге еміреніп, Иіп берген Жер – ана. Қамбасына байлықты, Құйып берген Жер – ана! Ананың тұтас сыйпаты мен жерананың қасиеті ортақ. Бірі алып жершары, бірі кішкене ғана нәзік әйел заты. Алайда қасиет жағынан да, ұлылық жағынан да ұқсас. Осы өлеңді оқыған сәттен жүрегіңе өздігінен ән ырғағы құйыла бастайды екен. Өлеңнің ұйқасы, ырғағы, үндестігі, музыкалығы деген осы шығар. Шамшабану Хамзаның жырларынан соны аңғаруға болады. Бұл кісі күшеніп, қиналып өлең жазбайды екен. Оны оқи бастағаннан сезесің, сенесің. Демек, әуел бастан Құдай жаратқан ақын екені даусыз! Өмірдегі тағы бір тартылған желі, үзілмес жіп – Ана мен бала ортасындағы берік бау. Оны ең бірінші Құдай бұйыртқан махаббат пен кіршіксіз сезім. Онан кейін бала мен перзент ортасында туған күннен қалыптасқан мейірім деуге болады. Ол жағынанда ақын аңғарымпаздықпен, сергектікпен жыр жолына түсіріпті. «Ана тілегі» Жүрек бар ма ананың жүрегіндей, Тілек бар ма ананың тілегіндей! Ұрпағым деп көңілінің атызында, Өніп-өсіп жайқалған Жыры егіндей. Қуанасың түлегің қанаттанса, Қажетіне елінің жарап қалса. Биіктерге ұмтылса талаптанып, Оқуменен, біліммен жарақтанса. Бала десе, анада жан қалмайды, Ақ тілекпен таңына таң жалғайды. Ауыр жүгін жүргенде арқалаумен, Қартайыпта қалғанын аңғармайды. Ана болып өмірге перзент әкелген ана, бала болып ана сүйіспеншілігін сезініп өскен ұрпақ бұл мәселені жақсы білуге тиіс. «Бала десе, анада жан қалмайды, Ақ тілекпен таңына таң жалғайды»... Әрине, шын сөз, қалтқысыз да боямасыз өмір ақиқаты. Әйел көркемдіктің символы, ана тіршілікті туындатушы бұлақ көзі, ана арысы адамзатты таратушы, берісі әулетті өркендетуші тектік түйін. Ол – оттай ыстық махаббат, ол – өмірге деген құштарлықты еселеп күшейтетін қозғаушы тетік. Соның дәлеліне мынау жырды оқып көз жеткізесіз. «Аналар-ай!» Жымыңдаған жұлдыздар көктің сәні, Гүл бәйшешек құлпырған шөптің сәні. Әйел деген анасы адамзаттың, Шаңырақта лаулаған оттың сәні. Аналар-ай, аналар, дана халық, Мүсін болып құйылған санаға алып. Ана жәйлі айтар сөз таусылмайды, Бүкіл ақын жазсада қалам алып!.. Ислам шариғаты бойынша, Пайғамбарымыз Мұхаммет(с.ғ.с) «Алдымен анаңа жақсылық жаса, онан соң тағы анаңа жақсылық жаса, тағы да анаңа жақсылық жаса. Онан кейін әкеңе жақсылық жаса!» депті. Байқап отырсаңыз үш рет қайталап анаңа жақсылық жасауды өсиет еткен. Жаратқан Алладан кейінгі сыйлайтынымызда, «сыйынатынымызда» ана екен. Перзент әке-шешесінің кім болуына қарамай ардақтауға, аялауға міндетті. Әне сондай ұлылықьты сезінген ақын «Ана жәйлі айтар сөз таусылмайды, Бүкіл ақын жазсада қалам алып» деп, өте дәл айтыпты. Жүрегі нұрлы, кеудесі жырлы ақын ана ұлы ақиқатты дөп басыпты. Осы желіні үзбеген Шамшабану Хамза шағын жырлары мен толғауларын көлемді эпикалы дастандарға ұластырған екен. Оны мына төмендегі шығармаларынан байқаймыз. «Ана ақылы – алтын мұра» деген аңыз дастаны, «Ақжігіт – Айдай» деген ұзақ оқиғалы дастаны оның аналар тақырыбына шындап ден қойғанын көрсетеді. Жалпы ақын көрегендігін мынау шумақтарда алдымызға тартады. Кешегі қыз, бүгінгі ана, жыр жазып отырған ақын тұтаса келе алып поэзия дәриясына айналып кеткенін аңғартыпты. Абай атамыз айтқандай «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» дегеніндей поззия сөздің сұлуы, тілдің мәйегі. Сол секілді адамзаттың ішіндегі ана да сұлулығы жағынан да, сипаты жағынан да нағыз поэзия деуге тұрарлық шындық. Ақын осы жағында ерте байқап, емірене жырына қосыпты. «Поэзия – ер түлеткен анағой», «Поэзия жайқалған бір егістік», «Поэзия шетсіз, шексіз кеңістік», «Поэзия салтанатты ұлы той» деп жырласа еш қашан «бұл өтірік» дей алмаймыз. Әне сондай «Мәңгі бақи таусылмайтын жыр думанды» ана жырласа, оның көрігін ана басып тұрса, оттығында металды ерітіп, темірден түйін түйіп жатса, неге бәрекелді демес ке!.. Ал, оқып көріңіздер!.. Поэзия ер түлеткен анағой, Ана десе, бір бұлқынып қалады ой. Ана жырға алыптарда бас иіп, Шымырлайды, биіктейді санада ой. Поэзия жайқалған бір егістік, Жан-жүрегін жүретұғын өріс қып. Өмірменен өрнектелген тереңі, Поэзия шетсіз-шексіз кеңістік. Өмір көгін қайталанбас жыр қылған, Кеуіп қалған ен даланы гүл қылған. Поэзия салтанатты ұлы той, Мәңгі-Бақи таусылмайтын жыр думан. Тұтас өлеңдер жинағына талдау жасауды міндетім деп санамадым. Ақын ананың аналар тақырыбындағы толғаныстары мен лирикалы пернелерін сөз еттім. Сондықтан да, «Әйел мінезін мінсіз суреттеген ақын» деп, іркілмей айтып отырмын. Олай болатыны ақын өлеңдерінде шынайы суреттер, жанды образдар басым. Осынау сексен жылдық ғұмырының кемінде алпыс жылын жырмен серік, өлеңмен өзектес өткізген ақынның өзі әуел баста айтқанындай «Таңғалдырар талай дастан жазғанына» көзіміз жетіп отыр. Дәулетбек Байтұрсынұлы ақын, ҚЖО-ның мүшесі. Тәуелсіз «Ильһам» сыйлығының, «Қазақстан Халық Ассемблеясына-25 жыл» медәлінің иегері.