Сайын Мұратбек. РАЙГҮЛ

ӘДЕБИЕТ
1862

(Әбу Сәрсенбаевқа)

Жазғы емтихан аяқталып қалған кез еді, ауылдан хат алдым. Әкем жазыпты. Қысқаша ғана амандықтарын білдіре келіп, хаттың ақырында былай депті: «Қарағым, қайтарыңда сенің алдыңнан көлік алып шықпаймын. Станциядан екі-үш шақырым жердегі «Қызыл ту» колхозында менің Жарылғап деген ескікөз досым бар. Соның үйіне барып түс. Өте жақсы адамдар. Егер хабар берсең, алдыңнан шығып өздері де күтіп алар. Ескертерім — үлкендер алдында ерсі мінез көрсетпей, ізет сақтап жүргейсің. Сені ауылға Жәкеңнің өзі жеткізіп салмақ...»

Ол кезде мен әкемнің бұл хатына пәлендей деп мән бере қойғаным жоқ. Алдағы уақиға осы хаттан басталар деу кімнің ойына келсін. Тіпті Жарылғап кім? Мен білмеймін ол қандай досы? Ол жағын анықтап жатудың да ешбір лайығы жоқ еді. Көлік жіберуге мүмкіншілігі болмайтын шығар дедім де қойдым. Асыға күткен соңғы күндер де жетті. Жазғы практиканы өзіміздің ауданда өткізетін болдым. Бұл да мен үшін қуанышты жай еді. Жүрерімнен бір күн бұрын мені кафедра меңгерушісі профессорымыз қабылдады. Ол кісі көңілді сәттерінде студенттермен еркін әзілдесетін ақ жарқын, ашық мінезді адам болатын. Мені күлімдей қарсы алды. Ұстарамен айнадай етіп қырғызған басын екі-үш рет сипалап та қойды.

 — Демек, өз аулыңа баратын болдың ғой? Жолың болсын. Практика кезін дұрыс пайдалан. Көп қыдырушы болма. Қалай, колхоздарыңда қыздар көп пе еді?.. Мүмкін үйленіп келерсің, ә? — деп сөзін әзілмен бастады.

 — Үйленуге ертерек қой,— дедім мен. Осы тұста әке-шешемнің де биыл жаз мені аяқтандырсақ деп талай мазалағандары, «бір қолқанат» жайын айтып жазған хаттары есіме түсіп, сәл қысылып қалдым. 

— Қалай, жігітім, тап бастым-ау деймін, қызарып кеттің ғой, ха-ха-ха... Орнынан тұрған профессор бар денесімен қарқылдап тұрып күлді. Мен жалтаруға тырыстым. Аузыма қалай түскенін білмеймін, бұл арада ешбір реті болмаса да: 

— Практикамды өзіміздің ауылда емес, көрші «Қызыл ту» колхозында өткізсем деймін,— деп салдым. 

— Тоқта, тоқта,— деді ұстазым жұлып алғандай. — «Қызыл ту» дейсің бе? «Қызыл ту», ә?..— Ол енді ұмытқан бір нәрсесін есіне түсіргендей сәл ойланып қалды. Әлден соң басын изеп: — Білемін «Қызыл туды»,— деді.— Жақсы айттың-ау, жақсы айттың. Есімнен шығып барады екен. Сол колхоздан бір сауыншы қыз ғылыми кеңес сұрап маған хат жіберген екен. Жауап жазып қойған едім, ала барып, қолына тапсырсаң... Профессор төс қалтасынан алған бүктеулі конвертті маған ұсына берді. Хатты қолыма алдым да, мен де күлдім. Конверт сырты таза, ешқандай адрес жазылмаған. — Ә, жазбаппын ба? Апырау, сол қыздың адресін қайда қойдым екен? Ол қалталарын, столының тартпаларын ақтарыстыра бастады. Бірақ таба алмады. — Қап, шынымен жоғалтып алғаным ба? Фамилиясы кім еді?.. Ұмыттым, ұмыттым... Ие, ие, таптым, қыздың есімі Райгүл. Ұмытпа, Райгүл, кәне, жазып алшы... Осылайша қыздың аты ғана жазылған хатты қалтама салдым. Бұрын өзім болып көрмеген «Қызыл ту» колхозына жолшыбай соға кетуіме осы хат та бір себеп болып еді. Шағын станцияға сәл кідірген жолаушылар поезы аяғым жерге тиер-тиместен жылжып жүріп кетті. Паровоз бар даусымен ышқына бір айқайлап қойды да: «Қош-қош-ш! Қош-қош-ш!» деп ырсылдай күш алып, төбесінде қою түтіннің шудасын созып бара жатты. Сәлден кейін жүйткіген қалыпта көзден де тасаланды. 

Станцияны жым-жырттық қайта басты. Бұл кезде күн әбден еңкейген. Күні бойғы қапырық ыстықтың қаруы қайтып, ауа салқындай түскен. Мен вокзал сыртына шықтым. Жақын маңайдан «Қызыл ту» колхозына қарай жол сұрап алатын ешкім көріне қоймады. Кітапқа толы зілдей ауыр чемодан қарымды талдырып, әбден зықым кетіп тұрғам. Дәл осы сәтте, шеттегі қоймалар жақтан торы ат жеккен бір арба салдырлатып шыға келді. Жүгіре басып қолымды көтердім. Арба айдаушы: шолақ жең, сары көйлек киген жалғыз ғана қыз екен, кілт тоқтады. Шашы қобырамас үшін тарта салған болуы керек, басында ақ жібек орамалы бар. Мен одан «Қызыл ту» колхозына жол сілтеп жіберуін сұрадым. Қыз қара көздерін жалт еткізіп, басымнан аяғыма дейін асығыс бір қарап алды да:

 — Отырыңыз, - деді, мұндай оқыс жауапқа, қуанғанымнан болуым керек, бірден ұға алмай тұрыңқырап қалдым. — Барсаңыз, отырыңыз тез, ақы алмаймын, - деді қыз екінші рет асыққан үнмен. Арба үстінде күлімсі иісі бар екі үлкен қап жатыр екен. Арт жақтағы бос орынға чемоданымды орнықтырып қойдым да, өзім соның бір шетіне отыра бердім. Менің жайғасуымды күтпестен-ақ арба иесі:

 — А, ну! — деп делбені қағып қалды. Ат жұлқынып кеткенде, шалқамнан түсіп қала жаздадым. Артына бұрылған қыз: — Ұстанып отыр, — деп айқайлап қойды. 

Торы атты cap желгізіп жүріп кеттік. Лезде станцияның қиқы-жиқы көшелерін артқа тастап, тегістеле қоймаған тас жолға түстік. Алдымыздан жазық дала басталады. Жолдың екі жағы да әлі шалғы тимеген қалың шабындық. Кешкірген күннің қызғылт жалқын сәулесіне шомылып, айнала балауса шалғын үсті жасыл күреңдене түседі. Алыстан зәулім теректері бар, шоқ-шоқ боп ұйыса өскен қалың ағашты колхоз орталығы да көрінді. Торы ат жүрдек-ақ екен. Жануар делбе қаққызар емес. Тозаңша құжынаған кешкі шіркейден оқтын-оқтын пысқырынып басын шұлғып тастап келеді. Аяқ алып жүрісі әсем-ақ! Кедір-бұдыр тас жолда бірде ырғып-ырғып түссе, бірде шайқап-шайқап тастап, зірк-зірк еткен арба жүрісі де өте жайсыз. Орнығып отыра алмай, қозғалақтап, қатты мазасызданып келемін. Мұнымды қыз сезді білем, аттың басын сәл ірікті де, өз маңындағы жас шөптен біраз ысырып тастады. 

— Бояуы жұғады демесеңіз, бері шөп үстіне отырыңыз. Менің күткенім де осы ғой. Қызбен қатарласа келіп отырдым. Енді қыз мойнындағы желпілдеген жібек орамалдың ұшы сәл қисайсам менің бетімді қытықтайтын болды. Сүйкімді бір лебіз әкеледі. Арба шайқалғанда, қыз екеуміз иық қағысатын болдық. Әуелгі сәтте мен ептеп қысылып та қалдым. Бірақ қыз бұған көңіл бөлетін емес. Бірте-бірте бойым үйренген соң мен енді иығымды әдейілеп қызға жиі-жиі тигізіп, еркінси бастадым. 

— Атты сонша қинап қайда асығасыз, қарындас, жай-ақ жүрейік те,— деймін. 

— Немене, арба ішіңізді түйгілеп келе ме? — деді. Мен сасып қалдым. 

— Жоға, жоқ... Таныса отыралық, дегенім ғой. 

— Е, танысып құда түспек пе едіңіз? Кеш қалдыңыз... Қыз қатулы қалпына қайтадан келіп, кекесін қимылмен жалт бұрылды да, қырындай отырды. Біраз жүргеннен кейін, мен ат айдауға тілек білдіріп, делбеге қол созған едім, қыз шытынып қалды.

 — Рақмет, мен өзім де айдай аламын,— деп делбені кере, қағып-қағып жіберді. Торы ат бұрынғысынан да қатты жұлқи жөнелді. Үнсіз келеміз. Әлден соң қыз маған әдейілеп бұрылып тұрып қарады. Қадала қалған шарасы кең қарақат көздері мен болымсыз секпілі бар ашаң жүзіндегі маған деген таңырқаушылығы сонша, тіпті мен қысылып қалдым. Сәл езу тартқандай болды. 

— Қателеспесем, сіз күйеу жігіт боларсыз? — деді онан соң. 

— Қайдағы? — дедім тіксіне таңданып. Қыз жүзінде мысқылды күлкі тағы жылт етті. 

— Кәдімгі қайын жұртына келе жатқан... «Қой мына қыз мені, сірә, мазақ етіп келе жатқан болар»,— деп мен бұдан ары сөз қозғауды орынсыз көрдім. Колхоз көшесіне біз кіргенде, күн ұясына қонып, мал өрістен қайтқан кез еді. Ауыл орталығындағы еңселі үлкен ақ үйдің алдына келгенде, қыз арбаны кілт тоқтатты. 

— Түсіңіз, біздің ауылдың басқармасы осы,— деді. Мен алғыс айтып, чемоданымды алдым. Қызға соңғы рет қарадым. Ренжігенімді жасыра алмадым білем, қыз күліп жіберді. 

— Ат айдатпады деп қапаланбаңыз, сіз қонақсыз ғой. Жолдың ой-шұқырын білмейсіз, — деді көңілді үнмен. Тағы күлді. Екі ұртының үстінен тұнық судың бетінде үйірілгендей сүйкімді құйындар пайда болды. Осылайша аз күлкісін сый етті де, жүріп кетті. Тынымсыз қозғалып, делбені үсті-үстіне қағып барады. Арбаның қарасы көзден таса болғанша, орнымда тапжылмастан тұрдым. «Әттең... Қыңыр қыз екенсің»—деп түйдім ішімнен. 

Біріндеп ымырт үйіріле бастады. Тымық кеш. Әзірге ауыл үйлерінің арасын анық ажыратқанмен, бүгінгі түннің мейлінше қараңғы болатын түрі бар еді. Көшеде кездескен алғашқы біреуден Жарылғаптың үйін сұрап алдым да, темекіні сора түсіп, төбесін шифермен жапқан кішірек үйге таяна бердім. Қақпа алдында атқа мінгелі тұрған киіз қалпақты қарт адам мені көрді де, бөгеліп қалды. Сәлем беріп, жанына келдім. Қарт оң қолындағы жуан дойыр қамшысын сұр бешпетінің сыртынан қынай буынған жалпақ күміс белбеуіне қыстырып, маған үңіле қарады. Аса бір сұсты адам тәрізді. Қайраты да қайтпаған болса керек. Сол қарына ілген қайың құрығы да еріксіз көз тартады, атан түйені мерт қылатындай ұзын да жуан. Кәдімгі Абай заманындағы Абылғазының қара құрығындай. 

— Уә, жол болсын, балам? 

— Жарылғап ақсақалды іздеп келем,— дедім. 

— Қош келдің делік, Жарылғаптың кімі боласың? Мен абыржыңқырап қалдым, сәл бөгеле түсіп аты-жөнімді айта бастадым. Қарт қалың сақалын бір сипап қойды. 

— Жөн, жөн... Ендеше сол Жарылғабың мен болам. Онан кейін мені әбден сынамақ болған адамдай бас-аяғыма біраз шүйліге қарап алды да, мол денесімен үй жаққа бұрылды. 

— Ұлтуған-ай, уа Ұлтуған! — деді дауыстап. Үйден сабырлы қозғалып, басына қарқарадай етіп ақ орамал оранған ұзын сары кемпір шықты. 

— Мына баланы көрдің бе? — деді Жарылғап қарт мені иегімен нұсқап. Ұлтуған таяп кеп, таныған кісіше жылы шыраймен амандасты. Кемпір мен шал бір уақыт оңаша күбірлесіп алды. «Бүгінгінің жастары... осылай келіп қалған соң қайтесің» — деген қарттың сөздері құлағыма шалынды. Содан кейін қарт маған қайта оралып: 

— Жөн, жөн,— деді бір сәтке аузына сөз түспегендей. — Ал, балам, үйге кіре бер. Мен егін жақты бір шолып келейін... Әй, кемпір, қымыз бер балаға, сусап келген болар. Ас-суыңды да әзірле. Шылым түтінін қос танаулатуына қарағанда, бұл бала оның серігімен де теріс болмас, кемпір. Тентек суды да ұмытпағайсың. Соңғы сөздерімен мені кекеп тұр. Үлкен кісінің алдында түтіндетіп тұрғанымды енді ғана ерсі көріп темекімді табаныма баса салдым. Жарылғап қарт ерге жеңіл мінді де, кеш қараңғылығын жамылып, жорта жөнелді. Ұлтуған шешей байыпты да меймандос адам екен. Маған аса бір жылы мейірім көрсетуге тырысты. Жуынатын су әзірлеп, орамал алып шығып берді. Жуынып болған соң үйге кірдім. Алдыңғы бөлме жұпынылау көрінді. Есігіне перде ұсталған төргі бөлмеге өттім. Нақ төрдегі ақ кереуеттің тұсына кестелер ілінген, ал кіре берістегі сол жақ бұрышта үстіне кітап, иіс су, айна қойылған шағын стол тұр. Төрге төселген сұр текеметтің үстіне оюлы қызыл алаша жайылыпты. Ұлтуған шешей неше түрлі құрақтардан әдемілеп тігілген төр көрпесін салды. Әңгімелесе отырып қымыз іштік. Кемпір азды-көпті өз жағдайларымен таныстырды. 

— Жер ортасынан асып қалған кемпір-шалмыз. Ел ішінде біреуден ілгері, біреуден кейін жүріп жатқан жайымыз бар. Ортамызда ерке өскен жалғызымыз өткен жылы онжылдықты бітірген, қазір сауыншы боп істейді. Елді шулатып жүрген мықты сол,— деп Ұлтуған шешей сөз арасында қызы туралы аса мақтанышпен күле сөйледі. Бірақ шешейдің екі сөзінің бірінде қызын айта бергені маған ұнаған жоқ. Сәлден кейін ол алдыңғы бөлмеге шығып кетті. Төсекке сүйенген бойда маужырап отырып көзім ілініп кетіпті. Қанша мызғығанымды білмеймін, лып етіп жанған шамның сәулесінен ояндым. Біреу перде арасынан сығалады да, басын кері тартып алды. Білегін ғана созып, шамды қайта өшірді. Осының артынша-ақ ауызғы бөлмеден Ұлтуған шешеймен әлдекімнің сөйлескен сөздері анық естіліп тұрды. Шамасы қызы болуы керек. 

— Апа-ау, қонағыңыз мені сынап та үлгерген болар,— деді қыз көңілді үнмен.— Әлгінде станцияға ащыға барғанымда бұл кісі менің арбама отырып келген еді. 

— Құрып қасын, не дейді, сөйлесіп те қойдыңдар ма?!

 — Жоға, мен өзім жол бойы көңілсіз боп, жігітіңіздің сөзіне құлақ асатын мұршам да болмады. «Мәссаған бұл не дегендері?» — деп қайран қаламын. Менің ойымды олардың сөзі қайта бөліп кетеді. 

— Бәрі Жұман ағаның қырсықтығы ғой. Не өзі білмейді, не білетіндердің айтқанына көнбейді. 

— Жә, Жұманды тағы қоқалақтатайын дедіңдер ме? 

— Жоқ, апа десе, сауын сиырларды түнде де жайылымға шығарайық десек, соған қасарысып көнбей отыр. 

— Тек әрі, түнде сиыр жайылушы ма еді? Қыз шешесінің тіксіне таңырқауына рақаттана күлді. 

— Міне, Жұман аға да дәл сіз сияқты. Жайылғанда қандай. Қыз енді шешесіне түнгі жайылым туралы тәптіштеп түсіндіре бастады. Ұлтуған апай қызының тез-тез айтқан сөздеріне тамсанып таңдайын қағады. Енді бір әзірде қызы бүгін кешке барлық жастар жиналып сиыр жаюға баратынын айтып еді: — Жә, үйде қонақ барда қыдырғаны несі? — деді шешесі жақтырмай. 

— Апам қызық осы. Қыдырамын деп отырмын ба, сиыр жаюға барамыз. 

— Бақташысы бар ғой, бақсын. Не үшін еңбек алады?

 — Апа, әй, апа,— деді қызы кейіп,— айтсам ғой, тағы ашуланасыз. 

— Ашуланбай ше? Жетеді енді секектегенің, сен бала емессің, білдің бе? Күлме, бұл сөзге күлетін ештеңе жоқ. Осы уақытқа дейін жүрдің, жетеді енді. Жетті... Ұлтуған шешей соңғы сөздерін даусын көтеріп, қатал айтты. 

— Түу, апа-ай, ақырын сөйлесейші, қонақтан ұят қой... Мына қыздың шешесі мынадай бажылдауық, өзі қандай екен демей ме. - Қыздың ақырын күле тұрып сыбырлаған сөздері ап-анық естілді. Біразға дейін ауыз бөлме тым-тырыс боп тына қалды. Ат дүбірі жерді солқылдата кеп, есік алдына тоқтаған. Біреу аттан гүрс етіп түсе қалды да, аяғына тас байлағандай дүрс-дүрс басып ауыз бөлмеге кірді. Абыр-дабыр қайта басталды. Келген Жарылғап қарт екен. Әлден уақытта мен жатқан бөлмеге кірді. 

— Е, батыр-ау, басыңды көтер, кәне, енді әңгімелесейікші... Қарт менің оқуымның барысын, бітіріп шыққан соң кім болатынымды тәптіштеп сұрады. Орайына қарай сөз арасында колхозды да қосып қояды. Қазіргі уақытта колхоз басшылығында жақсы білімі барлар ғана істей алатындығын қызына дәлелдейді. 

— Бәрі білімде қалды ғой,— дейді ойлана отырып.— Өткен күзде біз жаңа председатель сайладық. Қалай болды десеңші?! Жиналысқа ауданнан бірінші секретарьдің өзі келді. Біз, әрине, алғашқыда ескі бастығымыздың орнынан түсірілуіне қарсы болдық. Бірақ коммунистер мен комсомолдар бірінен кейін бірі сөйлеп, ақыры, қойшы, әйтеуір, әлгі Жұманды (ескі бастығымызды айтамын), өскен шаруашылықты басқара алмайды, білімі жоқ деп, қоярда-қоймай орнынан алды. Кімді сайладық? Осында оқуды бітіріп келгеніне бір жыл болған, өзіңдей жап-жас агроном баланы. Колхоз құрыды дестік. Жоқ олай болмады. Білімнің аты білім екен. Өзі де бір еті тірі болатын. Колхозымыз, желі оңынан тұрғандай, дүрілдеп шыға келді... Көрдің бе?.. Әкеңнен сенің де сондай бір оқуда екеніңді естіп қуандым ғой. Қалай, бітірген соң бастық болар ойың бар ма? — деп әзіл-шыны аралас қарқылдап тұрып күліп алды. 

Жарылғап қарт атын шөпке қоюға сыртқа шығып кетті де, сәлден кейін бөлмеге қыз кірді. Бағанағы арба үстіндегідей емес, үстіне бүрмелі қоңыр көйлек, аяғына етік киіпті. Денесі енді бұрынғыдан да сұлулана түскен. Бос өрілген ауыр бұрымдарын артына қарай серпіп тастап қояды. 

— Жақсы дем алдыңыз ба? — деді жымиып. 

— Рахмет, өте жақсы демалдым. 

— Ішіңіз қалай тәуір ме? — деді күлімсіреп. 

— Тәуір,— дедім, қаншама намыстансам да, сыр бермеуге тырысып. Мұнан арғы сөздерімді де барынша сабырлы қалыпта айттым: 

— Қарындас, сіз сырт қарағанда, тәуір адам сияқтысыз, бірақ кісіні сыйлау дегенді білмейді екенсіз. Жай айтсам да, сөзім оған ауыр тиді білем, жүзіндегі күлкі ізі кенет ғайып болды.

— Ал сіз ше?..— деді онан соң жұлып алғандай, — сіз де ұялсаңыз етті... студентсіз... Осы кезде сырттан кіріп келген Жарылғап қарт: 

— Жә, неғып тұрсың, бар! — деп қызының сөзін бөліп тастады. Тамақ үстінде әкесі мен шешесі болмаса, қыз сөзге мүлдем араласқан жоқ. Маған өкпелі сияқты. Әлсін-әлсін елеңдеп, сырттан әлдеқандай белгіні күткендей болады. Жақын жерден бір назды әнді бастаған ысқырық естілген кезде, қыз орнынан көтерілді. Жарылғап қарттың қолындағы кесесі стол үстіне тақ ете түсті. 

— Тісің сынғыр, бұл қайсысы екен тағы да жел шақырып жүрген,— деді шытынап. Қыз әкесіне көзінің астымен бір қарады да, сыртқа шығып кетудің ебін таба алмай ішкі бөлмеге кірді. Ысқырық көпке дейін тынған жоқ. Тек даладан әлдекімнің: «Әй! Бұ кім?» — деп жөтеле шыққан даусынан кейін барып өшті. 

— Кеш жарық,— деді есік жақтан сырылдай шыққан солғын дауыс. Ұзын бойлы, кеудесімен емес, қарнымен ырсылдай дем алған семіз адамды шамның сәулесі көмескі ғана көрсетті. Жарылғап қарт кемпіріне қарай ысырыла отырды.

— Уай, жақсы келдің, Жұман, жоғарылат. Жұман басын сұққан қалыпта үйдің ішін көзімен тінте бір қарап шықты да, сыртқа түкірініп тастап, нақ төрге кеп отырды. Ол көңіл үшін темір қасықпен табақты тықырлатып ауыз тигені болмаса, асқа беттеген жоқ. Өкпесі ауру болса керек, отырысымен көкірегі шулап, ырсылдап кетті. Киген киімінің қымбаттылығына қарап-ақ білікті адам екенін тануға болатын. Жарылғап қарт екеуі өзара астықтың шығымдылығы жайын сөз етіп біраз отырды. 

— Мына бала?..— деді әлден соң Жұман маған қарап қойып. 

— Бұл бала,— деді Жарылғап қарт та оның сөзін қайталады, — өзіміздің бала ғой. Екеуі де сөздерінің соңын айтпастан, мен туралы өзара ортақ түсініктері барын аңғартты. Жұман қара шай құйғызып ап, сораптай ұрттады. — Ақсақал, мен өз теріме өзім сыймай, қапаланып келдім,— деді онан соң Жұман күрсіне отырып.— Осы жасыма дейін, міне, дастарқан үсті ғой, не үлкенге, не кішіге, «сен» деп қарамаған жан едім. Білмеймін, елге істеген жақсылықтарым алдымнан жамандық боп шығып жатыр. Жарылғап қарт жүзі тайып, тұқырайып отырған күйі басын изеді. — Несін айта берейін, жаманды-жақсылы біраз жыл болса да, ел ағасы болдым. Соғыстан кейінгі шаруашылығы шайқалған колхоздың дәл бүгінгідей өркендеуіне менің де еңбегім сіңді-ау деп ойлаймын. Қай председатель мен сияқты колхозшылармен тату болды, айтыңызшы құдайшылығын? 

Менің есіме әлгінде ғана Жарылғап қария айтқан әңгіме түсті. "Қызыл ту» колхозының бұрынғы председателі осы екен ғой деп, жорамалдадым іштей. — Енді, міне, фермадан да қуғалы жатыр... 

— Қой ары! — деді Жарылғап қарт шошынғандай басын көтеріп. 

— Солай, ақсақал,— Жұман кеңкілдеп күлген болды.— «Білімің жоқ, мал маманы емессің, ферманы басқара алмайсың», - дейді. 

— Ойбай-ау, осындағы небір сүтті сиырларды әкелген сен емес пе едің? — деді Ұлтуған шешей де шыдай алмай. 

— Қайтесіз, сол еңбегім еш боп отыр ғой. 

— Қайсысы ол сені жарамайды деп жүрген? — деді Жарылғап қарт. Жұман бірден жауап бермеді. Суып қалған шайды самасына дейін аузын толтыра бір ұрттады. Дем алысы бұрынғыдан да гөрі ауырлап кетті. 

— Жастар,— деді әлден уақытта,— басқа болса бір сәрі-ау... Кешегі тұлымшағынан сипап, өзім өсірген Райгүл... Бүгін міне, менімен ерегескендей станцияға да өзі барды. Енді үшеуі де үнсіз қалды. Қыз есімін естігенде, менің есіме профессорымыз жолдаған хат сап ете түсті. Аздан соң ендігісін өздерің біл дегендей, зіл тастап Жұман шығып кетті. 

— Қызым,— деді Жарылғап қарт дауыстап. Ішкі бөлмеден дыбыс болмады. — Қызым! — деді тағы да, бұл жолы да тым-тырыс. — Уа, жер жұтты ма, қайдасың, Райгүл! — деп айқайлап жіберді. Төр бөлменің перде есігін серпіп жіберді де, сұп-сұр боп өңі қашқан қыз шықты. 

— Көке, - деді сыбырлап қана,— cіз маған түсініп барып ұрыссаңызшы. Осы тұста Ұлтуған шешейдің де: 

— Жә, не болды, — деген сабырлы үні шықты. Жарылғап қарт маған көзінің қиығын тастап бір қарап қойды да, ләм деп аузын ашпады. Менің ауыр тыныштықты бұзып сөз бастауыма тура келді.

— Райгүл, біздің профессорға хат жазған сіз емессіз бе? — деп сұрадым. Қыз маған оқыс бұрылды. Кең ашылған жасқа толы көздері жалтылдап, түйіле қалуға дайын тұратын қабақтары діріл қағады.

— Мен... Осылайша Райгүлді таптым. Ұстазым жолдаған сәлемін айттым, хатын тапсырдым. Райгүл әуелде сенімсіздеу қарап, хатты ашпастан әлденеше рет айналдырып қарап шықты. — Адресі жоқ. Тез-тез оқи бастады. — Профессордың өзі жазған,— деді таңырқаса қарап қалған әкесі мен шешесіне.

— Апа, деймін, хатын қалай бастағанын қарашы: «Райгүл, меніңше, сен тентек бала болуың керек...» Мені тентек бала дейді. Апа, сен ғана мені тентегім деуші едің ғой. Қандай жақсы адам өзі... Үлкен қуанышы аядай бөлмеге сыймағандай, Райгүл жүгіре басып сыртқа шығып кетті. Тіпті Райгүлдің әкесі мен шешесі ештеңеге түсіне алмай, аңырып отырып қалды. — Мұнысы не тағы? — деді әлден уақытта Жарылғап қарт. 

— Әлгі бір айтып жүретін үлкен адамынан хат келген ғой, сірә,— деді кемпірі. 

— Жә! Жарылғап қарт ашулы еді. Көзін жапқан ұзын қастары түксиіп кетті. — Мына балаға төсек салып бер, онан соң ана қызыңды тауып әкел! — деп кемпіріне әмір етті.

— Қуаныштың да орны бар... 

— Келіп қалар қазір. Бойжеткен дейміз-ау, әлі бала сияқты,— деп қояды сабырсызданған Ұлтуған шешей. Біраз бой жазу үшін сыртқа шықтым. Жаз айының көзге түртсе көргісіз тастай қараңғы түні. Дәл сол түнгідей аспандағы жұлдыз да жиі болмас. Сипай соққан салқын леп. Даланың салқын ауасы. Кеудеңді кере тыныстап, басың ауған жаққа қарай жүре бергің келеді. Ауыл сыртынан, алыстан ән естіліп тұр. Тастай қараңғы түнде естілген ән қандай! Тек ұйқылы дала ғана емес, аспан әлемі де ән ырғағына қосылғандай. Кей жұлдыздар ән балқытқандай сорғалап ағып кеп, дәл төбеңе жеткенде жоқ болады. Енді бірде жігіттер мен қыздардың көңілді дуы, жаңғырыққан күлкілері анық естіледі. 

— Тентегім, даусыңнан айналдым... Анадай жерде әлгінде ғана қызын іздеуге шыққан Ұлтуған шешей де ән тыңдап тұр екен. Маған төсек түпкі бөлмеге салыныпты. Бағанағыдай емес, бойым сергігендіктен бе, болмаса ауыл жастарының көңілді думаны көңілді қытықтады ма, әйтеуір жатқым келмеді. Әлден кейін қызын ертіп Ұлтуған шешей де келген. Неге екенін өзім де білмеймін, Райгүлдің келгеніне мен қатты қуандым. 

— Ұнатасыз ба? — деді ол кірген бойда бір уыс дала гүлдерін ұсынып. Өзі құшырлана бір иіскеді де, менің алдыма қойды. 

- Сізге әкелдім. Хат әкелгеніңізге орай. Енді оның жүзінде алғашқы сәттердегі тұрпайы қыңырлықтың ізі де жоқ еді. Бойынан даланың жұпар гүліндей лебіз еседі. Қан ойнап бал-бұл жанған жүзіне, екі ұртының үстінен ойыла түскен сүйкімді құйындарына қадала қараймын. Ол қымсынды-ау деймін, қабағын шыта қойды. Есіме оның арба үстіндегі сөзі түсті. 

— Райгүл, сіз мені күйеу жігіт деп не себептен айттыңыз? — деп сұрадым. Райгүл әуелде маған қарап қулана күліп қойды да, менің шынымен ештеңеден хабарсыз таңырқап отырғаныма көзі жеткен соң, бөгеліп қалды. — Сіз шынымен-ақ білмейсіз бе?—деді сыбырлап қана,— қызық екен, ал сіздің менде суретіңіз де бар. 

— Райгүл, жат енді,— деді осы кезде ауыз бөлмеден шешесі. Ертеңгісін тұра алмайсың.— Ауыз бөлмеге шығып бара жатып Райгүл есік алдына жеткенде кілт бұрылды.

 — Естірсіз әлі,— деді. Сәл кідірістен кейін тағы сыбырлап: — Ендігі келгеніңізде тура фермаға келіңіз,— деді. Ертеңгі шайдан соң мен кетуге ыңғай білдірдім. Ұлтуған шешей бір-ақ күн қонғаныма риза болмады. 

— Қарағым, үйіңе несіне асығасың. Екі-үш күн қонақ болып қайтсаң етті,— деді кейігендей. 

— Әлі келемін ғой, апа, аманшылық болса тағы талай келемін. Райгүлде де жұмысым бар... 

— Ие, келіп тұр, қарағым. Біздің де қарағанымыз осы бір қыз. Осының келешегін тілейміз. Келіп, кеткен сайын ақылыңды айтып тұр. Жалғыз еркеміз ғой балалық тентектігі әлі басылмаған. 

Сыртта есік алдында кеше кештегі Жарылғап қарттың өзі мініп жүрген ат ерттеулі тұр екен, маған даярлап қойыпты. Қарт атты шешіп әкеп алдыма көлденең тартты да, қарсылығыма қарамастан қолтығымнан демеп өзі аттандырды.

— Келіп тұратын бол, қарағым. Жатсынба, біз де сенің бір үйің боламыз. Құдағи, құдаларға тегіс сәлем де,— деді кемпір тағы да. Күн әлі ыси қоймағандықтан, атты желе шоқырақтатып келемін. Жол бойы ойлай-ойлай ешбір жауабын таба алмадым. Әкемнің «ескі досым» дегені қалай, ал бұл кісілердің «құдағи, құдасы» қалай? Мен еш уақытта естімеген бұл қандай құдасы? Қалайша естімедім? Ауылға келген соң бірер жетіден кейін, жексенбі күні ертеңгісін сөз қозғадым. Әкем атын ерттеп қойған... Шабындықты араламақ болатын. Апам ертерек барып колхоз наубайханасына бір қабат нан салып кеп (ол нан пісіруші еді), ертеңгі шайға жұмыртқа жаққан жылы тоқаш әкелген. Мен шай үстінде әкемнен, мүмкін болса бір ат тауып беруін сұрадым. 

— Онымен қайда бармақсың? 

— «Қызыл ту» колхозына,— дедім мен практикамның жайын түсіндіріп. 

— Бүгін күн демалыс қой, барсаң,— деді апам іле қостап,— қайда барады дейтін емес, ана, Жарылғаптың үйіне барып түседі. 

Дәл осы жерде өзіме жұмбақ болған жайды сұраудың орайы келіп-ақ қалды. 

— Сол кісілер әнеугүні сіздерді құда деп еді, қай жағынан құда болады? — деп сұрадым. Әкем не дерін білмей аңырып қалды. Апам болса басын теріс бұра бере әкейге әлдеқандай ым берді. Байқаймын, стол астынан әкейді түртпектеп те отыр. Ойланып қалған әкем тамағын кенеп: 

— Қарағым,— деп, сөзін бұрын мен байқамаған ерекше бір үнмен бастады.

— Бұрынғының кәдесінде баласына өмірлік жолдасты ата-анасы іздеуші еді. Ал бұл күнде ол ескі кәде болса — қалды. Дегенмен, біз, мына шешең екеуміз, мейлің құп көрерсің, әлде көрмессің, оқуын енді екі жылдан кейін бітіреді ғой деп, сол Жарылғаптың қызына құда түскенбіз. Қызы жаман бала емес. Ата-ананың қадірін де біледі. Тек екеуің ұғыссаң болғаны... Ар жағы түсінікті еді. 

Әкейдің айтқандарын үнсіз тыңдадым, бірақ ештеңе дей қойғаным жоқ. Не дерімді өзім де білмедім. Егер әкем мен шешем басқа бір жағдайда дәл осылайша сөйлескен болса, мен ол кісілерді кінәлап, сөгіп тастаған болар едім. Ал қазір дәл осы сөздерін тыңдай бергім келеді. 

Жасыратыны жоқ, Райгүл маған қатты ұнаған болатын. «Райгүл,— деймін оңашада сыбырлап қана, ол алдымда тұрғандай,— рұқсат етші, мен де сені тентегім дейін». Әнеугүні сыбырлап шақырған Райгүл үні енді құлағымнан кетпей қойды. «Қызыл ту» колхозына келісімен бірден товарлы сүт фермасына бұрылдым. Кішірек қақпадан атты байлап, жаяу кіруге тура келді. Қақпа іші кең аула екен. Қызыл құм төсеп тастаған жөлке жолдар ұзына созылып жатыр. Өрістен қайтқан сиырлар сап-салқын жерге кеп рақат тауып, күйіс қайыруда. Ақ халаттарын жел кеулеп, ары-бері асыққан сауыншылар жүр. Райгүл көріне қоймады. Бір әйелден сұрап едім, бетіме бажырая қарады. — Немене бұл, Райгүлді іздеген жігіттер көбейіп кетті ғой, тіпті,— деді күңкілдеп. «Жігіті не?» дедім шытынып. Аяқ астынан қызғаныш та пайда болды. Әйел мені шеткеректе тұрған кішірек ақ үйге нұсқап жіберді. Ауызғы үйге кіре бере түпкі бөлмеден естілген мынадай бір сөздің куәсі боп, есік алдында тоқтап қалдым. 

— Райгүл,— деді ақырын ғана жігіт үні,— мен бүгін жұмыстан қалып, сенімен әдейі сөйлескелі келдім... Не болды бұл? Алты күннен бері күнде кешкісін барып қақпаларыңның алдын торимын, ылғи ысқырамын. Неге шықпайсың? Әлде менімен жолыққың келмей ме? 

— Бәсе, ұнжырғаң түсіп келгеннен-ақ осылай сөйлесетініңді сезіп едім,— деді қыздың көңілді үні.

— Кәне, түзу қарашы. Ал тағы не айтпақсың? Сөйле. 

— Райгүл,— деді жігіт бұрынғыдан да жай сыбырмен,— сені әке-шешеңнің атастырып қойғаны рас па? 

— Әрине, рас. Тіпті биыл күзге дейін ұзатпақшы да. Білесің бе, кімге, әлгі бір профессордан хат әкелген студентке... 

— Иә,— деді ауыр күрсінген жігіт,— ол студент, білімі бар, ал мен болсам, бір қарапайым тракториспін. Не дейін, өзің біл... Орнынан тұрды білем, орындық қинала сықырлады. 

— Әділ,— деді қыз енді салмақты үнмен. — Тоқта, әуелі тыңдасаңшы! Meн өзім шықпайын деп жүр дейсің бе. Көкем осы күні тым қатал, тіпті жұмысқа әзер жіберіп жүр. Бәрі әлгі бір студенттің... Ол өзі біздің үйге бір-ақ қонды, оның үстіне хат әкелді. Мен оған: «Оқыған, білімді, жақсы жігітсің, ал қалыңдықты әке-шешеңе іздетуге ұялсаң етті» — деп айтуға оқталдым да, ретін таппадым. Ендігіде осы фермаға келіңіз дегем. Келсе, айтам ғой: «Рас, мен сізді сыйлаймын, бірақ...» Бұдан арғы сөздерді естігенде мен тынысым тарылып, қатты күйіндім. Тұра беруге шыдамым жетпеді. Тез кетуге бекіндім. 

Мен бар уақиғаны бастан-аяқ есіме түсірдім. Оймен Райгүл екеуміздің арамыздағы қарым-қатынасты таразылап, айтқан сөздерін талдап шықтым. Иә, арамызда пәлендей дерлік сөз болмапты. Егер сонау бір хат берерімнен бұрын әкесі болмағанда, ол маған бірден қатты айтатын еді ғой. «Ұялсаңыз етті, студентсіз...» деп маған кінәлай қараған кейпі көз алдыма келді. Сыртқы қақпадан шыққанымда, орталықтағы колхоз кеңсесі жақтан «сүйіншілеп» екі бала жүгіріп келеді екен. Мені біреуге ұқсатты-ау деймін: 

— Әділ аға, сүйінші, Райгүл тәтеме облыстан телеграмма... 

Қасыма жақындап келіп жалт берді. Мен балаларды жаңағы өзім шыққан үйге жібердім. «Қош боп тұр, Райгүл». Жолығуға батылым жетпеді, екінші қайтып кездесе алмағаныма қапаландым да. Амал не, келген жолыммен ауылға қарай тартып отырдым. ...Жазғы практикам аяқталып, қайтар жолда облыс орталығына соқтым. Салқын тарта бастаған жаздың соңғы айының бір күні еді. Демалыс паркінде қыдырып жүріп, облыс озаттарының құрмет тақтасына тап болдым. Көзім көп суреттердің орта тұсында тұрған қызға түсіп, тоқтай қалдым. Бос өрген қолаң шашын өңіріне түсіріп, қарақат көздерін кең ашып әлденеге таңырқай қарап қалыпты. Бұл кәдімгі бейнесі көз алдымнан бір кетпеген Райгүл еді.

author

Сайын Мұратбеков

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...