ШӘКӘРІМНІҢ КЕМЕҢГЕРЛІГІ НЕДЕ?

ӘДЕБИЕТ
917

Аңдатпа

Дала кемеңгері Шәкәрім (азан аты – ШаҺкәрім) Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл. Мерейлі дата орайында азды-көпті мақалалар жазылып, жиын, конференция өтуде, рас. Өкініштісі, ғұламаның қазақ әдебиетіне қосқан үлесі, қала берді, ұлт тарихына сіңірген еңбегі деген тар шеңберді шиырлап, осы тұрғыда ұлықтаудан аспай қалдық. Болды, бітті.

Шәкәрімнің даналық өлеңдерін зейін қоя оқып, ұғынып алуға құлықсызбыз, қолымыз да тимейді. Апыр-ай, жеңіл-желпіге, үстіден қалқуға үйір келетұғынымыз қалай? Саяз жүзетұғынымыз қалай? Тереңірек үңілуге не, уақыт әлі жетпегені ме, әлде халқымыздың ой өрісін өсіру қажетсіздік пе?

Айтып-айтпа, бүгінгі күні данышпанның данышпандығын саралау һәм оны халыққа жеткізу жағы шабан, мардымсыз (осыдан бір ай бұрын Нұрлан Байділдә дейтін біреу «Абай не бітірді? Ештеңе де. Оны ұлықтау да керек емес!» деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Келесі бір сабаз «Не бітірді?» деп Шәкәрімге бас салса, таң қалмайтын шығармын). Осы олқының орны аз да болса толса деген ниетпен қолға қалам алған жайымыз бар.

Шәкәрім кім болған?

Ұзақ жылдар жапанда, Шақпақ шоқы бөктерінде, жалғыз тамның іргесіндегі киелі Обалы биіктің басында отырып, кең сахара кемеңгері Шәкәрім адамның ғана емес, хайуанаттар мен өсімдік әлеміне дейін терең ізерлеген. Жан барына көзі кәміл жеткен жайын былайша айтқан:

Хақиқатты дәл көруге,

Жан көретін көз керек.

Бас көзімен сенделуге,

Бізге рұқсат жоқ, шырақ!

Міне, өстіп тапқан жан сырлары (хақиқаттар) асыл мұраның ең қымбат бөлігі. Адамзат қоғамы хақиқатқа зәру, шөліркеп отыр, қазір. Ендеше алыс-жақын жұрттарға «Шәкәрім – әлемдік деңгейдегі ой алыбымыз, көреген әулиеміз» деп паш етуге қарыздармыз.

«Адамшылық арым барша адам баласына пайдалы деп 30 жыл инемен құдық қазып тапқан хақиқатты неге жіберіп, алдымен осыны басуын неге тіленбейсің деп еркімді билеп, «Жан сыры», «Жаралыс сыры» деген қысқаша қорытындымды тағы жібердім». Шәкәрімнің 1931 жылы Сәбеңе (С.Мұқанов) жазған хатының соңы осы. Қысқаша қорытындым деп Шәкәрім Сәбеңе «Иманым» жинағына топталған 30 тарта шедевр жырларын аманаттаған-ды. Олардың қай қайсы да Құдай бар, жан ажалсыз деген түп хақиқатты паш етеді. Сонымен қатар, «Дене – құл, жан – қожа. Дене – терезе, жан – иесі» және «Өлімнен кейін де өмір бар» деген қағидаға бұлтартпас дәлел-аргумент болып табылады. Автордың «барша адам баласына пайдалы» дейтіні сол.

Шәкәрім жан, Құдай ұғымына Батыс ойшылдары секілді болмыстың «бірінші себебі» деп қарамайды. Он сегіз мың ғалам – жаратылыс Шәкәрімше Тәңірінің Бар және Бір екендігінің айнасы. Демек, ол кәдуілгі ойшыл философтар сапынан емес. Тағы Шәкәрім: «Жүз пайғамбар «мұғжиза» көрсетсе де, Сені (Тәңіріні) көрмей мұсылман бола алмаймын» дейді. Демек, ол барша дін хакімдерінен иығы озық тұр.

Кейінгі ұрпақ «Шәкәрім кім болған?» деген сұраққа жауап іздерін көре білген әулие ақын «Мұтылғанның өмірі» һәм өзге де шығармаларында өзі туралы мол мағлұматтар берген. Соның бірі – «Көңіл» (1919 ж.) деген өлеңінде өзі жеткен ішкі жетілу, тазару деңгейі жайлы былай дейді:

Тазалыққа тағы кеттім,

Балалықты қуып жеттім.

Жоғары ғаршыдан өттім,

Осыны шындаған, көңіл!

Бұл жерде «жоғары ғаршы» – рух кеңістігі. Шәкәрім 61 жасына баладай тазарған болса, онан кейінгі 12 жыл ішінде руханият Эверестіне көтерілгені таңырқарлық жәйт емес. Оған шығармалары бұлтартпас дәлел.

Міне Шәкәрім кім болған дегенге айтарым әзірге осы. Ол – халқымыздың мақтанышы, есімі ғасырдан ғасырға асатын ой алыбы.

Кемеңгерліктің қайнары қайсы?

Көпке аян, Иасауи бабамыз пайғамбар жасында жер астына түсіп, қалған өмірін қилуетте өткізді. Иә, «қилует» – жер астына түсу. Бірақ бұл сөз сопы монтаны құсап, сәлде үстінде қаракетсіз мүлгуді емес – зор борышты істі атқаруға жанталаса кірісу деген мағынаны білдіреді. Өстіп, түркістандық тақуа таза Құдай тағаланың жолына түсті. Бұл жайында Абай: «Осы жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді» (38-сөз), – дейді. Жаңа заманда Құдай тағала жолымен жүріп өткен әулие, Абай сөзінше «толық адам», Шәкәрім екенін баршамыз да мойындауға тиістіміз деген ойдамын. Қазақ даласында араға мың жыл салғанда әулие Иасауи тәжірибесі жаңғырғанына қараңыз: Иассауидің қилуеттегі қарекетінің керемет жемісі – «Диуани хикмет» кітабы болса, Шәкәрімнің Саятқорада туылған сырлы сөздері – «Иманым» жинағы тап сондай жалпыадамзаттық құндылық. Екеуінде де болмыстың ең түпкі ақиқаттары ашықталған!

Әулие Шәкәрім нанымы: «Жан тән жасар, тән жанды жарата алмас». Және: «Дененің көзі – соқыр, сеніп қалмаңыз», – дейді. Баршамыз да дүниені тек қана дененің көзімен көреміз, ал Шәкәрім кереметі – жан көзімен, көңіл көзімен көргендігі. Әлемге жан-жүрек көзімен қараған соң өзінің жан екенін, Құдай барын қолмен ұстағандай сезінген. Сол хақиқатты халыққа жеткізуге бар күш-қуатын сарқа жұмсаған. Міне Шәкәрімнің кемеңгерлігі неде деген сұрақтың жауабы осы арада демекпін.

Сөйтіп, Құдай жолына жүруді өзіне шарт қылып, кім қадам басты, сол – толық адам. Даналық шыңы тек толық адамға ғана бағынады. Ой алыбы Шәкәрімнің соңғы он жылғы пәлсапалық поэзиясы осының айғағы. Төменде оны асқан кемеңгерліктің, қазақтың қарапайым сөзінше, шынайы әулиеліктің қайнары ретінде қарастырмақпыз.

Иесіз өзім кестім кіндігімді…

Алдымен Шәкәрім өмір сүрген, даналық поэзиясы туылған саяси-әлеуметтік хәл жайлы бірер сөз. Батыс Еуропада 19-ғасырда етек алған идеалистік және материалистік таным-ілімдердің күресі соңғының жеңісімен аяқталды. 1925-26 жылдары күллі Кеңес Одағы кеңістігінде атеистік көзқарас күшіне енді. Осылайша Құдайға сену орнын идеяға сену басты. Жер-жерде «Құдайсыздар қоғамы» құрылып, мешіттер жабылды, дінбасылар аяусыз қуғындалды. Идеологиялық қатты толқын қыспағына төтей алмай – қоғамда иман әлсіреп, төменге құлдилады. Абайдың мінезді, тәлімді шәкірті Шәкәрім ғана еркін ешкімге билетпей, қоғамнан оқшауланған хәлде жалғыздан жалғыз ақыл-ой шыңына көтеріле берді. «Құдай бар!» деген иманы беки түсті. Ағынға қарсы жүзу – неткен қайсарлық, табандылық! Ноқтасыз ойлағаны үшін діндарлар «дінсіз», «кәпір» десе, былайғы жұрт «ескінің сарқыншағы», «елден безген – сопы» десіп сырт берді. «Мен өмірде де, философияда да жалғызбын». Шәкәрім 1928 жылы айтқан осы сөзді, ол күнде жас комсомол абайлық азамат С.Қасиманов өзінің естелігінде келтіреді. Сөйтіп, атеизм дәуірінің салтанат құруы Шәкәрім Құдай жолына қадам басқан шаққа тұспа-тұс келді.

Ойшыл ақынның соңғы он жылғы өлеңдерінде автобиографиялық сыр да, сол заманның ауаны да мол. Соның бірі – «Кетермін, артымда сөз, әнім қаларда» сенімі кәміл кемеңгер:

Қайықпен кездім теңіз ауыр күнде,

Қанды опқын, қатты толқын қара түнде, –

дей келе, былайша түйін түйеді:

Иесіз өзім кестім кіндігімді,

Зорға аштым тар үңгірде түндігімді.

Сүрген өмір жайымды түгел ұқсаң,

Сонда анық білерсің кімдігімді.

Айта өтері, «иесіз өзім кестім кіндігімді» деуімен кемеңгер Құдай жолына қадам басқанын айтқан. Діни таным бойынша адам баласы екі рет туады: біріншіде – ана құрсағынан босап, фәни әлемге келеді, екіншіде – пірі (ұстазы) бар мүридтің (шәкірт) көкірек көзі ашылар уақыт жетеді. Оның белгісі – мүридтің мінезі өзгеріп, дүниені өзгеше қабылдай бастайды. Оның қайта туылғаны, яки әулиелік жолға түскені – осы мезет. Мұндай «кіндік шеше» – рухани пір, ие болмағанын, айналасын жанына жат атеистік қоғам қоршағанын ғұлама «Иесіз өзім кестім кіндігімді» деуімен жеткізіп отыр.

Шәкәрім өзінің өмірін, рухы қалай өрлеп, әулиелік жолға қалай қадам басқанын «Қырық жылдан өтіп жасым», «Қырықтан соңғы қырымды», «Өмір үйін тұрғызам деп», «Тура жолда қайғы тұрмас», «Кейбіреу безді дейді елден мені», «Қайғылының ішінде жанар жалын», «Жапанда жалғыз жаттым елден безіп» сияқты жырларына өзек етеді.

Әсіресе, «Иманым» жинағы – Шәкәрім жаһандық деңгейдегі хакім деуіміздің дәлелі. Жинақ атауы оның философиялық «Өмір оқулығы» екенін білдіреді, бір. Екіншіден, жиыны отызға тақау бұл туындылар Шәкәрімнің ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректің иесі – толық адам деңгейіне жеткенінің куәсі.

Осы тұста бір қызғылықты фактіге ат басын бұрайық.

1927 жылы тіршілік, жан (грекше – психика) туралы, бірақ тән көзімен, яғни материалистік тұрғыда жазылған екі оқулық кітап Шәкәрімнің қолына түседі (Семейдегі педсеминарияда оқитын баласы Ахат арқылы жетуі мүмкін). Ойшыл ондағы таным, пайымдар өзі отыз жыл бойы талмай ізденіп тапқан хақиқаттарға кереғар екенін көреді. «Қолда қалам, көзде жас» деп өзі айтқандай, «Психология» (авторы – Кереметский) және «Ой өрісі» (авторы – Баскин) деген орысшадан қазақ тіліне аударылған қос кітапқа сыни рецензия жазуға кіріседі («Тіршілік, жан туралы». «Абай» журналы.1994, №9).

Қарт Шәкәрімнің қолына қалам алғызған – «жан жоқ» идеясы. Неге? Өйткені, жан қасиеті – махаббат. Адамгершілік те, ар-ождан да махаббаттан туады. Мінезің қиянатшыл ма – онда жарым адамсың. Тек «ақыл мен жан – мен өзім» деп білген адам ғана қиянатты аулақ серпеді. Нәпсіні ноқталауда өзге жол жоқ, осыны санаға жеткізу қамында Шәкәрім: «Мінезің – сенің тағдырың» дейді. Ессізді есті, қатігезді мейірімді, өзімшіл эгоисті көпшіл қып өзгерту кілті – санада. Егер мінезің өзгерсе, тағдырың да өзгермек. «Жан жоқ» идеясы жас ұрпақты міне осы мүмкіндіктен айырып отыр.

Анығы, аталмыш кітаптар ғұламаға түрлі ой салған. Бәлкім, жаңағы «Иманым» топтамасына енген өлеңдері дүниеге келе бастауына түрткі де болған шығар. Сондықтан ғұламаның «Тіршілік, жан туралы» деген рецензиялық құнды мақаласына және оған ілестіре қалам тербеген осы аттас ұзақ өлеңіне шағын шолу жасауды орынды санадық.

Адамның естігенін айтқаны – нанғаны емес

Мақалаға кіріспе сөзінде Шәкәрім сол заманғы «ақылмен тапқан кереметті өнерлер көп» дей келе, ойын былай қорытады: «Мұнан былай да таңырқарлық өнер табылатынана сенеміз. Бірақ осыншама білімді адамдар осы күнге шейін өзінің кім екенін анықтап білген жоқ. Жаралыстың көзге көрінбейтін қасиеттерін тауып алып, қолданған адамның өз жанын білмегені таңқаларлық іс емес пе?».

Адам мінезінің өзгеруі қиынның қиыны. Оның шарты – өзіңнің «ақыл мен жан» (Абай) екеніңді білу, түйсіну. Осы шартты аталған мақаласында Шәкәрім: «Жан қасиетін анық білсе, сонда адам түзеледі» деп атап көрсетеді. Әйтпесе жоқ.

Тағы айтайық, «Психология» оқулығының «жан жоқ» дегені адамгершілік тәрбиеге де, адамның бақыт сезіміне де кедергі, жалпы қоғам үйлесімділігін бұзады. Шәкәрімнің кітапқа сын найзасын тіктегені содан.

Мысалы кітапта адамға, мейлі, өсімдікке қатысты болсын: «…Жан бар деген ұғым 20-ғасыр адамына тым сылдыр, тым қысыр сөз» делінсе, Шәкәрім: «Бұл жан қасиетінен хабарсыз, надандықтан айтылған сөз. …Мына психологияның айтып отырған қозғалысын біз «жан» дейміз. «Жан» деп қоймай, «білімді шебер Жан» деп атаймыз. Әлемде бәрі бір мақсатпен жаралған. Оны ескермей, «жансыз, білімсіз, соқыр сезім» деген қысыр сандырақ болып шығады», – деп табиғат өздігінен өсіп-өніп жатыр деген заттық идеяны жерге жығады. Жерге жығады дейтінім, әрі қарай тіршілікті жан жасағанына, жан жоқ жерде тіршілік те жоқ екеніне көптеген бұлтартпас қисын, аргументтер келтіреді. Оларға тоқталуды мақала көлемі көтермейді.

Сөз жоқ, «Алла деген сөз жеңіл» (Абай) болған соң көпшілік «әрине, Құдай бар, жан бар» деп мойындайды. Құр мойындау жеткіліксіз. Шәкәрім: «Аузымен құр айтқаны – естігенін айтқаны, нанғаны емес. Шын нанса, қиянат қылмас еді» деп ескертеді. Иә, біздің қоғамға керегі – осы наным! Кемеңгердің даналық мұрасынан пайда алам десеңіз, хақиқатқа наныңыз! Басты сабақ осы екенін ұмытпайық, ағайын.

Өлеңдегі екі қателік жайында

Енді теология алыбы Шәкәрімнің «Тіршілік, жан туралы» деген сырлы өлеңіне ауысып, сөзімізді сол бойынша өрбітейік.

Өлеңде шын сөздің егесі Шәкәрім пәншіні де (психология, философия ғылымының өкілдері деп ұғыңыз), дін иесі – діншіні де, Абайдың «Мұттакалимин, мантикин, Бекер босқа езедүр» дегені сияқты, қатты сынға алады. Себебі, алдыңғылар: «Ерік пен талап, ой беріп, Ойыңды сөзбен сайратқан, Жан емес дейді». Ал діншілер болса, «рух» – деген ұғымды «жан» деп адасты.

Біздің мақсат – өлеңді тұтас талдау емес, ондағы текстологиялық қос қатеге жұртшылық назарын аудару ғана.

Туындының орта тұсындағы екі жол:

Ол – басқа жанда бар ма таза ақыл?

Сен осыны тұр тыңдап, –

болып басылып келеді (Шәкәрім. Шығармалары. -Алматы, 1988. -229 бет). Өзіңіз де байқаңыз, «Ол – басқа жанда бар ма таза ақыл?» деген алдыңғы жол мағынасыз. Дұрысы – «Ол – басқы Жанда бар ма таза ақыл?» болуға керек. Бұл жерде «басқы Жан» (келесі бір шумақта «бастапқы Жан») деп Шәкәрім Жаратушыны, Құдайды айтқан. Әлемді меңіреу, соқыр күш жаратқан деген «білгіштерге» қарсы уәжін әрі қарай таратады. Мысалы:

Ақылды Жанның мүлкі – әлем,

Тәртіппен өсіп таралды,

Осыны неге білмеген!

Меңіреуде мақсат бола ма?

Ақылға осы қона ма? –

дейді. Осы ретте бүгінгі оқырман көкейінде «Тәңірі я Құдай деп турасын айтпағаны несі?» деген сұрақтың тууы мүмкін. Себебі, 1920-шы жылдары ғылыми орта да, қарапайым халық та «Құдай» сөзін ауызға алуға қаймықты. Шәкәрім де қалыптасқан тарихи хәлді еріксіз ескерген, келешекте еңбегім жарық көрсе шіркін деген үкілі үмітте болған…

Өлеңнің екінші бөлігі:

Жаралыс басы – қозғалыс,

Қозғауға керек қолғабыс.

Жан де, мейлің, бір Мән де,

Сол қуатпен бол таныс,

Әлемді сол Мән жаратқан, –

деп басталған. Бұл жерде «Мән» деген сөзде «Құдіреті күшті Алла тағала» деген мағына бар, оған ешкім де дау айта алмас.

Сөйтіп, Шәкәрім «басқы Жан», «шебер Жан», «ақылды Жан», сондай-ақ «Мән» терминдерін «Құдай» ұғымы орнына қолданғанын аңдаймыз. Осыны білсек, өлеңді дұрыс түсінуге жол ашылмақ.

Келесі айта қаларлық қателікке келейік.

«Тіршілік, жан туралы» өлеңінің жоғарыда сөз болған «Жаралыс басы – қозғалыс» деген бөлігінде мынадай шумақ бар:

Рух деген – дінсіз таза ақыл,

Мінсіздің ісі шын мақұл.

Айуандағы ақыл ол емес,

Аз ғана сөзім – аз тақыл,

Құраныңды оқы нанбасаң.

Қапы кеткендік – шумақтың алғашқы және төртінші жолында. Алғашқы жолда «дінсіз» емес, «мінсіз» сөзі тұруы керек. Бұл арада «дін» сөзінің еш қатысы жоқ. Шәкәрімге керегі – рух пен жан әлемі мінсіз, кемшіліксіз деген ойды жеткізу.

Төртінші жол тіпті бұрыс. Дұрысы – «Аз ғана сезім, аз ақыл» болуға керек. Тәңірі рухты адамзат баласына ғана дарытқан, ал айуандар рухсыз, сондықтан оларда сезім де, ақыл да аз. Міне, Шәкәрім осыны паш еткен. Абай да: «Малда да бар, жан мен тән, Ақыл, сезім болмаса» демей ме. Шумақ соңында «Құраныңды оқы нанбасаң» деуімен Шәкәрім «Біз адамға ерекше ақыл силадық» деген аятты еске салып отыр. Гәп сонда, рух – жанның үстіңгі қабаты, былайша айтқанда, оның үстіне киген киімі есепті. Адамдардың бір біріне ұқсамайтын феномен сыры – жан баршада бір, бірақ рух, яки ақыл қайталанбайтындай бөлек болады.

Рух деген немене? Сенсеңіз, бұл әлемдік философия жұмбағының бірі. Адамның өзін танымақтық шарты да осы арада. Шәкәрім: «Діншілдер рух пен жанды бір деп біліп, «жаныңды жолдан қосты» деп күңкілдесе, пәншілдер «жан жоқ» деп тіпті масқара шатасты», – дейді. Адамның өзін өзі танымауы, ұға алмауы – осыдан, рух пен жанды айыра алмаудан туады.

Тоқ етері, рух пен жанды айыру – Шәкәрімнің зор жаңашылдығы, әлемдік ақыл-ойға қосқан сүбелі үлесі. Шәкәрім кітабында сөз болған екі қате сияқты ағаттықтар көп. Алдағы уақытта баспадан шығарушы азаматтар оларды түзетіп басар, ұмытпай ескерер деп сенгіміз келеді.

Қорытынды

Көпшілік «е-е, бұл қияли арман» дерін жақсы білемін, бірақ өзіме аян ақиқатты айтпауға еріксізбін. Ислам я түркі әлемі тұра тұрсын, күллі Жер-Анада Абай, Шәкәрім – руханияттың ұшар биігіне шыққан қос кемеңгер. Жантану, иманигүл һәм кемел адам туралы ілімдерді қалыптастырған өзге данышаның қайсы? Олар адамзат ғасырлар бойы аңсаған – арлы, рухы асқақ адам идеалы тәрбиесінің іргетасы болып қалануға сұранып-ақ тұр.

Гәп сонда, «жантану» ілімі қазіргі кезде техникалық прогресс көшінің шаңына көміліп қалды, мәселен, қай елдің де пәлсапалық оқулығы, Шәкәрім сынағандай нашар, дүниеге бас көзімен қарап жазылған (зат пен рухтың дамуы тең емес, ғаламдық үйлесімділік заңы бұзылуы соның салдары).

Айтпағым, Қазақ елі әлемдік рух пен педагогика саласына серпін беру мүмкіндігіне ие. Біз, қазақ деген халық, неліктен танауы тесілген тайлақтай бөтенге ере, әрнеге еліктей беруге тиіспіз. Онан қашып, ай асты әлемге бір кереметті сыйласақ ше. Креативті тәрбиелік жүйе «Ар ілімін» енгізу – соған лайықты құндылық деген ойдамын. Ол «Өзін өзі тану», «Абайтану», «Дінтану», «Қоғамтану», «Психология», «Философия» сияқты ой-санаға жауапты көп пәнді көктей өтетін жүйе болуға керек. Ортақ өзек – «Жан бар, ар-ождан оның азығы» идеясына пәрменді қызмет ету болуға тиіс. Нәтижесінде адам мінезі түзелмек, қоғамдық сана гүлденбек. Сонда «Жайнар көңіл, Қайнар өмір» (Шәкәрім) дейтін ежелден аңсаған рух сауығуы мен жаңғыруы есікті қақпақшы. Соны рухани-танымдық тәрбие жүйесі ұлттық брендімізге айналары сөзсіз. Әлде хақиқат идеяны сағымға, қиял дүниесіне балап, соқыр көзбен адаса берейік пе? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?..

Асан Омаров,

зерттеуші, философия ғылымының кандидаты. 

Семей.


author

Шәкәрім Құдайбердіұлы

АҚЫН

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...