Қазақ өлеңінің өрен жүйрігі, атақты ақын Сағи Жиенбаев 1934 жылы 14-мамырда Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Жем өзенінің бойындағы Оймауыт ауылында туған. Кезінде «Қазақ әдебиеті», «Ұлан» газеттерінде, «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс» журналында, «Жазушы» баспасында қызмет атқарды. Тұңғыш кітабы «Қарлығаш» 1959 жылы жарық көрді. Отыздан астам жыр кітаптарының авторы. Әсіресе, «Оймауыт» (1975), «Құралай салқыны» (1983), «Бозторғай» (1981), «Іңкәр дүние» (1983) кітаптары елге етене танымал. Батырларымыз – Әлия Молдағұлова, Нүркен Әбдіров, Рақымжан Қошқарбаев туралы дастандар жазды. «Еңлік-Кебек», «Махамбет», «Боранды Едіге» либреттоларының авторы.
А.Байрон, А.Пушкин, М.Лермонтов, Р.Ғамзатов кітаптарын қазақ тіліне аударды, өзінің өлеңдері де неміс, поляк, чех, француз, моңғол тілдеріне аударылды.
Ақынның балаларға арналған да бірнеше кітаптары бар. Өзі негізін қалаған «Ақ орда» журналының жанынан балалар кітапханасын ашты, бүлдіршіндерге арналып көптеген еңбектер шығарылды. Талантты ақын 1994 жылы 15-мамырда 61 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Таяуда Сағи ақынның сүйікті жары Уәзипа Жиенбаевамен кездесіп, әңгімелесудің сәті түскен еді. Осы сұхбат оқырмандар назарына ұсынылып отыр.
– Сағи ағаның балалық шағы да жеңіл өтпеген ғой…
– Сағи ағаларыңның әкесі сол кездегі ауылдық кеңестің төрағасы болған көрінеді. Кешегі қуғын-сүргін кезінде, 1937 жылғы аласапыранды айтып отырмын. Ұсталып кетеді де кейіннен ату жазасына кесіледі.
Сағи сол кезде 3 жаста, ағасы Аташ 6 жаста, қарындасы емшектегі бала екен. Сөйтіп, 3 жасында жетім қалып, тұрмыс тауқыметін тартады. Кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде егін орады, масақ тереді. Сол кездегі ер балалардың бірегей, кәнігі кәсібі ат арбамен шалғайдағы егіншілерге азық-түлік, темір бөшкеге құйылған жанармай жеткізу болған ғой. Ол уақыт көліктің тапшы кезі. Қостағы егіншілерге жанармай да, тағам да ат арбамен жеткізіледі. Еркек атаулының бәрі соғыста, ауылда қалғандары бала-шаға ғана.
– Ағаның анасы қандай кісі еді?
– Сағи сол кездегі дәстүр бойынша әжесінің тәрбиесінде болған. Бұл таңсық болмаса керек. Тарихтан білетініміздей, Абай да, Шоқан да әже тәрбиесін көріп өскен. Қазақ салты бойынша ата-ананың тұла бойы тұңғышы ата-әжесінің асырауына, яғни тәрбиесіне беріледі. Сағиды да сол дәстүр бойынша әжесі бауырына салып өсірген. Әжесіне де, анасына да арнаған өлеңдері көп.
– Ән-күй тыңдаушы ма еді, кімдердің әндерін ұнатушы еді?
–Неге тыңдамасын?! Үйіміздің төрінде домбыра мен дойыр қамшы ілулі тұратын еді. Қазақ сахарасының тумалары төріне әспеттеп домбыра мен сегіз өрмелі қамшы ілген ғой. Себебі домбыра елдіктің күйін шертеді, тұтас тарих куәсі, ал қамшы – ерліктің еншісі. Қазақтар ертеректе етігінің қонышына қамшысын қыстырып жүретін болған. Бұл бір жағынан ит-құстан қорғаныс құралы. Халық әндерін ұнататын. Әсіресе, Ғарекеңнің (Ғарифолла Құрманғалиевтің) даусына елтіп отырушы еді. «Ойыл қайда, Жем қайда, Сағыз қайда, Ұшқыр қиял, жүйрік ат жанға пайда» деп басталатын халық әні «Ақерке» бар ғой. Сол ән Ғарекеңнің тірі кезінде көп шырқалушы еді. Туған жер деген киелі ғой. Бір тойда «Қыз Жібек» кинофильміндегі «Ақжайық» әні орындалғанда, профессор Тауман Амандосов ағаның егіліп жылап жібергенін өз көзіммен көргенмін. «Көп болды Ақжайыққа бармағалы…» деп басталатын ән бар ғой…
– Ол кісінің сөзіне жазылған әндер де бар емес пе?!
– Сағидың өлеңдеріне жазылған әндердің өзі едәуір. Досқан Жолжақсынов орындайтын «Ауыл қарттары» көпшілікке белгілі. Ауыл демекші, «Оймауытта» осындай кең кеуде қарттар көп болған деседі . Күні кешегі соғыс біразын қыршынынан қиып кетсе, енді біразы аман-есен оралып, елге қызмет етті. Солардың бәрін бір өлеңге сыйғызып: «Болғам жоқ алаң даламда, әулие қарттар болғасын» дейді ғой ақын.
– Ағаның мінезі қандай еді?
– Адал еді, ағынан жарылып айтушы еді айтарын. Бір күні көлігі құрғыр жолда бұзылып қалыпты. Жолшыбай үш жігіт кездесіп қалып: «Көке, біз сізді білеміз, мына көлігіңізді қалдырып кете беріңіз, біз өзіміз жөндеп үйіңізге апарып береміз» депті де, мекенжайын алып қалыпты. Сонан бір күн өтеді. Жоқ. Екі күн өтеді. Жоқ. Үш күн өтеді. Жоқ. Әйтеуір, он күн өткенде әлгі жігіттер көлікті алып келеді. Сөйтсе, өздері Шымкент жаққа ауылдарына айдап кетіпті.
– Өнер адамдарының ішінде кімдермен қарым-қатынаста болды? Достары кімдер еді?
– Өзі Қызылорданың пединститутында оқыған ғой. Өле-өлгенше Нәсіредин Серәлиевпен дос болды, студент кезінен бергі досы сол. Кейде Нәсіредин қалжыңдап: «Сен қыз болсаң мен саған үйленер едім» деп отыратын. Сағидың мінезі жұмсақ еді ғой. Жақында Есенғали Раушанов дейтін ақын інісі «Жұмсақ» деген мақала жазыпты. Айналасының бәрі сыртынан «Жұмсақ» деп атайтын болса керек. Жұмыста да жайлы болған ғой, сірә… Ескендір Хасанғалиевпен, Ғазиза апаймен (Жұбанова) жақсы қарым-қатынаста болды. Ескендірдің елінде – Қаратөбеде де болдық, әкесінің басына барып, дұға бағыштадық. Сағидың елу жылдығында еліне ертіп барды. Сонда Сағидың сөзіне жазылған Ескендірдің туған жер туралы әні тұңғыш рет орындалды.
– Балаларыңыз жөнінде айта отырсаңыз…
– Төрт бала бар. Үлкені–Қарлығаш. Сағи ағаларыңның алғашқы кітабының аты да Қарлығаш қой. Қарлығаштың атын Тұманбай Молдағалиев қойып еді. Ахаңның (Ахмет Жұбановтың да) да «Қарлығаш» деген әні бар ғой. Қарлығаш киелі құс қой, көктемде ең алдымен ұшып келеді. Ұясын мұнтаздай қылып таза ұстайды,қол жетпес биікке салады. Ұясы ұядай, кез келген сәулетшінің дәл сондай қиюластыра алмауы да мүмкін. Гүлнәр, Ақмарал, Ақан есімді ұл-қыздарымыз бар. Бәрі Алматыдағы №12 қазақ орта мектебінде оқыған. Мектепте бәрі дерлік белсенді болды, түрлі үйірмелерге қатысты. Кейіннен жоғары оқу орындарын бітіріп, ғылым жолына түсті, ғылыми атақтары бар. Мамандықтары – заңгерлік. Үлкен қызым Қарлығаш туристік фирманы басқарады.
Сағи ағаларыңның екі сөзінің бірі «Тұқымың жайылғыр» еді. Тұқымы жайылды, айтқаны келді. Немере, шөберелер бар Құдайға шүкір. Шөберенің үлкені Дияр 7 жаста.
– Ағаның өскен топырағы ақын-жазушылардан кенде болмаған ғой…
– Байғаниннің топырағы толған ақын. Нұрпейіс Байғаниннен бастап Жақсылық Айжановқа дейінгі аралықта, Өтежан Нұрғалиев, Бәкір Тәжібаев, Есенбай Дүйсенбаев, Тобық Жармағамбетов, Қажығали Мұханбетқалиев бәрі де бір ауылдың, Байғаниннің түлектері.
Нағашы апасы Батан өлең жазатын, сірә, соған тартқан шығар. Апамыздың күні бүгінге дейін көзі тірі, сексеннің сеңгірінде. Қазақтың «Үйдің жақсысы – ағашынан, жігіттің жақсысы – нағашыдан» дейтіні бекер болмаса керек.
Ақын Ізтай Мәмбетовті «Ізаға», жазушы Мұханбетқалиев Қажығали інісін «Қажик» деп еркелететін, Қуандық ағасына да ілтипатпен қарайтын.
Кітапты, газет-журналды көп оқитын… Барған жерінен кітап арқалап келетін, сыймағанын поштамен салып жіберуші еді. Өте таза, аса ұқыпты еді, шалбарының қыры сынбайтын. Тіпті көршіге қонаққа барса да таза киімін киіп, үтіктетіп дайындалып баратын, ылғи «ұят болады» деуші еді.
Шахматты ұнатты, немерелері Айдар мен Әлібекке ойынның түрлі тәсілдерін үйретті. Мен кейде «бұлар балалар ғой, сен ұтыла салсайшы» десем, «жоқ, болмайды, бұлар жеңістің қалай келетінін түсіну керек» деп отыратын.
– Сағи ағаның «Оймауыт» деген өлеңі ғана емес, туған жеріне арналған тұтас бір кітабы бар. Бұл Асан қайғының аузына іліккен Оймауыт емес пе?!
– Әрине, сол Оймауыт, Оймауыттың жиделі тоғайлары…
Қырында киік жайлаған,
Суында балық ойнаған,
Оймауыттай тоғай егіннің,
Ойына келген асын жейтұғын.
Жемде кеңес қылмадың,
Жемнен де елді көшірдің.
Ойыл деген ойыңды
Отын тапсаң тойынды.
Ойыл көздің жасы еді,
Ойылда кеңес қылмадың
Ойылдан елді көшірдің,– дейтін Асан қайғы атамыздың жыр жолдарындағы Жем мен Сағызды, Ойылды бөліп қарау мүлде мүмкін емес-ау, сірә. Халық әні «Ақеркедегі» «Ойыл қайда, Жем қайда, Сағыз қайда» деп басталатын жыр аяғына дейтін ақ жаңбырға ұласып, асқақ ән-нөсердің астында қаласыз, оны басқа емес, Ғарекең орындағасын, несін айтасың?! Оймауыттың тегін жер емес екенін, Асан қайғының жойқын жырынан да анық байқайсыз. Арада жеті ғасыр өтсе да сол баяғы Сағыз – сабасында, Ойыл – орнында, Жемнің жағалауы жұмаққа бергісіз бәз баяғы қалпында Сағидың жасынан жыр жазуына туған топырақтың ықпалы мол болған сықылды.
Сағидың табанының ізі қалған Байсары құмын да басып көрдім, тұңғышым Қарлығаш та қызыға қараған. Құмның өзі аяз сияқты өзгеше өрнек, сан қилы сұлу сурет салады екен ғой. Құпиясын тым тереңде ұстайды. Сағи ағаларыңның да құмға тартқан мінезі бар еді.
Көгілдір Жемнің бойында
Жарқамыс деген ауыл бар,
Мен сонда келдім өмірге
Мен сонда тудым бауырлар, –дейді ғой бір өлеңінде, Жарқамыс та, Жем де, Байсары да ақынның өле-өлгенше көзінен кетпеген таңғажайып әлем. Жемнің желі мен Байсары құмы, Жарқамыстың жағасы – Сағиды Сағи қылған солар ғой.
– Аналарға арналған өлеңдері де көп болатын…
– Иә, «Дамылдап өзендер де, таң атып күн шығады» дейтін әйгілі әнінен бастап, бірнеше өлеңдері бар. Сағидың анасы сауыншы болатын, қарапайым қазақ әйеліне тән қасиеттің бәрі сол кісінің бойынан табылатын. Егін екті, шөп шапты, мал бақты, бала бақты. Баласының қабағын бақты. Енесінің көңілін тапты.
– Ағаның атында Ақтөбеде көше бар екенін білеміз…
– Ақтөбеде көше, Сағи Жиенбаевтың атындағы үлкен кітапхана бар. Кездесулер өткізіп тұрады. Кітапты көп оқушы еді, соны білгендері ме, атына кітапхана берілді. Едіге туралы, Рақымжан Қошқарбаев, Нүркен Әбдіров, Әлия туралы поэмалар жазды. Батырларды өнеге тұтты. Ұрпаққа үлгі болсын дегені ғой.
– Мұхтар Әуезовтің өзі батасын беріпті ғой?
– Мұхаңның «С.Жиенбаевтың бірқатар өлеңдерін ризалықпен оқыдым» дегені бар ғой. Сағи да Мұхаңа арнап бірнеше өлең жазды.
– Соңғы уақытта балалар басылымында қызмет етіп еді…
– Көп жылдар «Жазушы» баспасының поэзия редакциясында қызмет етті. Соңғы жылдары «Ақ орда» атты журнал ашып, басылымның бас редакторы болды. Балаларға арнап «Ақ орда» журналының қосымшасы ретінде «Айгөлек» атты суретті кітапшалар шығарды. Өзі балаларды жанындай жақсы көретін. Көшеден балаларды көріп қалса қасына жетіп баратын, жылап тұрса жұбататын. Өзінің балаларын ұрыспай өсірді. Мен «Сен неге осы балаларға ұрыспайсың?» десем: «Қалай ұрысам, көңілі қалады ғой, өзің айтсайшы» деп қоя салатын. Балалар ауырып не кешігіп қалса қатты мазасызданушы еді. Ұлымыз Ақан жол апатына ұшырағанда менен жасырып, көп уақытқа дейін айта алмапты. Аллаға шүкір, Ақанымыз кейіннен жазылып кетті. Бүгінде белгілі заңгер-ғалым.
– Сізге де өлең арнаған болар. Мерекелерде қандай сыйлықтар ұсынушы еді?
– Кім біледі, кейбір өлеңдерін маған арнаса арнаған да шығар, әйтеуір, өле-өлгенше еркелетіп «Уәзікен» деумен өтті.
Жұрт ақша жетпей, қарыз сұрап жатады ғой. Сонда Сағи: «осы жұртқа ақша неге жетпейді, соны түсінбеймін, біз өмірі қарыз сұрап көрген жоқпыз, үнемдеп жұмсамай ма екен» деп отыратын.
Маған мейрамдарда үнемі сыйлықтар сыйлап, құшағымды гүлге толтыратын, іссапарлардан оралғанда неше түрлі құмыралар, орамалдар, кітаптар әкелетін.Әсіресе, кітаптарды көптеп сатып алушы еді, көтере алмағанын пошта арқылы жіберетін. Мынау соңғы сыйлығы ғой-шашақты ақ жібек орамал, Сағи ағаңның көзіндей көріп мейрам сайын арқама жамылып жүрем, өзі келіп арқама жауып жатқандай көрінеді, көз алдымда баяғы балаң жігіт кезіндегі бейнесі тұрады. Айтпақшы, өзі де бір өлеңінде:
Сақтаулы сонда бейнең мен,
Сонау бір балғын күлкің де.
Енді оны менің кеудемнен
Өшіру, сірә, мүмкін бе?! – депті ғой…
Иә, өзі айтса айтқандай, бейнесі де, күлкісі де күні кешегідей, көз алдымда тұр ғой!
– Кезінде ақынның Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанынан хабардармыз. Оны алмағанына өкініш білдірген жоқ па?
– Мемлекеттік сыйлық – мәңгілік мұра емес, ресми рәсім. Махамбетте де, Абайда да атақ жоқ қой. Сағи сыйлық сұрап ешкімнің алдына барған емес, жоғарыға жалтақтамады, төменмен тіреспеді, өлеңін жазып жайына жүрді… Сол жолы жазушы Қабдеш Жұмаділов алды. Енді бірде: «Иранбек інімізді ұсындық» деп үйге мәз-мейрам болып келді. Сірә, күдер үзген болар, әлде өзін-өзі жұбатты ма екен, әңгіме арасында пәленше-түгенше де лайықты ғой, солардың өзі бірде-бір рет ұсынылмады, мен әйтеуір бір рет болса да ұсынылып, итжуаға іліктім ғой деп отыратын. Атақ-даңққа құмартпады. Адал жүріп, адал тұрды.
Сағидың және оның тұстастарының әңгімелері әдебиет туралы болатын, өзінен үлкен ағаларды Хамаңның (Хамит Ерғалиев), Қалағаңның (Қалижан Бекхожин) өлеңдерін жатқа оқитын.
Р. деген белгілі ғалым азаматпен саяжайда көрші болдық. Бірде сол саяжайға жиырма метрдей жер қалғанда, көлігін кілт тоқтатпасы бар ма. «Неге тоқтап тұрсың, алдыңдағы жол сайрап жатыр емес пе?» десем үндемейді. Жиырма минуттай тұрдық. Сөйтсем, Р. көршісі екеуі бір нәрсеге келісе алмай жатыр екен. Кейінен «Ұят болады, күнбе-күн көретін адам ғой, көңіліне келіп қалар, ренжіп тұрғанын көрмей-ақ қояйық, мен Р.-ды жайбарақат жағдайда ғана көрсем деймін» деп қарап тұр. Адамдардың көңіліне кір келтірмеуге тырысатын, сезімі де, сол мінезі де, сөзі де көктемнің майда лебіндей еді ғой. Тіпті өзінің бір өлеңінде дәлме-дәл жеткізіпті:
Көктемдей нәзік сезіммен,
Кеудені күйлер тербейді.
Қара бір жердің өзін де,
Қаттырақ басқың келмейді.
Ол ақ жаңбырды, ақ тозаңды, ақ бұлтты, ақ әжесін, ақ боранды, ақ самайлы аналарды, ақ сақалды қарттарды, ақ сөйлеуді, ақ адал мал тапқанды ұнататын. Көктем келген сайын ақ түйенің қарны жарылғандай жадырап жүруші еді. Бала кезінде ақ жаңбырдың астында жалаңаяқ жүгіргені есіне түсе ме, кім білсін. «Қазақта бала жаңбырдың астында тұрса бойы өседі» деген өрелі ұғым бар ғой. Сағидың бойы да, ойы да ақ жаңбырдың астында тұрып жетілген болар. Жетім көңілдің кірін ақ жаңбырдай болып адам баласы шая да алмаған шығар, бәлкім?! Сағидың туған топырағында жаңбыр сирек жауады екен, ал жаңбыр жауған күн айт пен тойыңнан бірде-бір кем түспесе керек. Ауылдағы қызықтың бірі де, бірегейі де сол ақ жаңбыр құйған күн. Ақынның ақын болып қалыптасуына ақ жаңбырдың әсері аса күшті болыпты. Сағидың «Ақ жаңбыр» атты өлеңі де бар ғой.
Тамшы көрмей, тобарсып
қалған қыр да,
Жаутаңдайтын аспаннан
жауған нұрға.
Ақ жаңбырдың астында
жүйткіп жүріп,
Бізде айналып кетуші ек
ақ жаңбырға.
Көңілдің де, беттің де кірі кетіп,
Ағушы едік даланы дүбірлетіп.
Ақ найзағай секілді айқыш-ұйқыш
Ақ жауынның арасын тіліп өтіп.
Аспан жерге түскендей күркірейтін.
Күркіресе-ақ болғаны қыр түлейтін…
Шаң-тозаңнан іштегі арылардай
Көкірек те сондай бір күй тілейтін.
Атамыз қазақ «күн күркіремей өзенге шомылуға болмайды» деп жатушы еді ғой. Сірә, Сағидың көкірегіне көктем ұялатып, жанына жазды жайғастырған да сол алыс ауылдағы ақ жаңбырлар ма деп те ойлаймын өз басым. Ақ жаңбырдың астында қалған балалық белестері, қызғалдақты қырлар, боз жусанды беткейлер түнімен түсіне кіріп, өңінде ойынан шықпайтын, ақын жырларындағы саф тазалық та сол ақ жаңбырлардың аппақ тамшыларынан түзілген болар. Өмір бойы ақ жаңбырдың астында тұрғандай қалтқысыз, қиянатсыз ғұмыр кешті. Сағидың жаны, жүрегі ақ жаңбырға айналып кеткендей көрінеді. Өзі айтса айтқандай: «ақ жаңбырдың астында жүйткіп жүріп, бізде айналып кетуші ек ақ жаңбырға» деп ақ жаңбырдың ақ моншақтай тамшыларынан түзіліп жұпар шашқан жырын елі-жұрты емірене оқиды. Кей-кейде оңаша отырғанымда Сағидың ақ жаңбырдың астында, «жүйтки жүгіріп» бара жатқан балалық шағы көз алдымда келеді, әлі де сол ақ жаңбырдың астында құлындай құйғытып бара жатқандай….
Мүмкін рухы да ақ жаңбырға айналып кетті ме екен, кім білген?! Ақ жаңбырдың астындағы ғұмыр – таза ғұмыр ғой!