* * *Қалқатай-ау, өкпеліміз біз кімге? Кінәсі жоқ көктемнің һәм күздің де. К...
Бауыржан Омарұлы. Біз үшеу едік...
Алақандай эссе
Біздің дәуірімізде журфакта үш Бауыржан бар едік. Бауыржан Үсенов, Бауыржан Жақып және біз. Тату едік. Тілеулес едік. Сыйлас едік. Бауыржан Үсенов отыздың үзеңгісіне енді ғана аяқ артқан кезінде өмірден өтті. Содан екінші Баукең екеуміз бұйырған белеске бірге беттеп келеміз. Баукемнің бұл турасында жазған «Үш Бауыржан» деген өлеңі де бар...
* * *
Сонымен, Бауыржан Жақып... Абай аулының перзенті. Шыңғыстаудың шайыры. Арқалы ақын. Әлеуетті әдебиеттанушы. Ғибратты ғалым. Даңқты доктор. Парасатты профессор. Шарапатты член-корр...
* * *
Баукеңді дәл осы суреттегі кейпінен, жо-жоқ, суретке анықтап қарайыншы, одан да ілгеріректегі кезінен біледі екем. Сырықтай ғана жіп-жіңішке жігіт. Жасы он сегізде ғана. Бауырмал. Ізетті. Бізден бір курс жоғары оқыды. Жыр қуған һәм жын қуған журфакта бір-екі курстың айырмасы білінбейді. Бір үйдің баласындай араласып-құраласып жүре бересің. Бауыржан салғаннан өлең жазды. Университет қабырғасындағы балауса жырларының ішінен "Ұқсап кеттім сол сәтте менің өзім, Ұзындыққа секірген спортшыға", - деген сыңайдағы бірді-екілі жолдары есімде қалыпты. Ол шынымен де поэзия кеңістігінде ұзындыққа секірді. Жыл өткен сайын жырлары жетіле түсті. "Бейнеңді жүрем жаттап-ап, Жүрегім - фотоаппарат", - деп махаббат лирикасына өзгеше өрнек салды. Онысын көңілі ауған белгісіз аруға: "Сені мендей көп түсірген, Фотограф жоқ әлемде!", - деп шегелеп тұрып ұқтырды. Баяғыда біздің курстың арқыраған ақыны Құтмағамбет Қонысбайдың бесінші жатақхананың бір ақмаңдайына арнап шығарған "Бәрінен жігіттердің алда келгем, Мен саған су да бергем, бал да бергем", - деген өлеңін малданып жүрген бізді Баукеңнің "Сені мендей көп түсірген фотограф болмақ емес бұл жалғанда" деген поэтикалық декларациясы жүдә тәнті еткен-ді. Оны айтасың, бір күні әрі студент әрі бойдақ Бауыржан ақын:
Саған да ашық есік әр,
Менімен келсе жұпталғың.
Келіні болсаң, несі бар,
Ұлы Абай менен Мұхтардың?! -
тұжырымы тосындау бір әдемі жыр жазды. Шынында да, әсерлі. Абай аулының ақын баласы басқа не демек?! Қандай жарасымды! Содан біз де Баукеңе еліктеп, Аралдың атақты адамдары мен "Қан мен тердің" әйгілі кейіпкерлерін тізбелеп көреміз. "Әйтеке мен Әбеңе, Келін болсаң, несі бар?". Жоқ, болмайды. "Еламан мен Мөңкеге, Келін болсаң, несі бар?". Біртүрлі. "Келіні болсаң, несі бар, Судыр Ахмет көкемнің?". Қой, мұндай өлеңнің Шыңғыстаудың бөктерінде туып-өскен Бауыржан досымызға ғана жарасатынын білдік те, оның әйгілі кейіпкерлеріне серік қоспадық. Өлеңге жоламадық сосын.
Ақындығы өз алдына, Бауыржан жақсы ұстаз болды. Журналистер армиясының қалың қолы Баукеңнің алдынан өтті.
Журфак - ақыны көп ауыл. Сол ақындарды аялаған декандар да, аямаған декандар да болды. Бауыржан Жақып журфак деканының орынбасары боп тағайындалғанда:
Ақындардың ішінен
Декан өсіп шықпайтын.
Декандардың ішінен,
Ақын өсіп шықпайтын.
Заңдылық деп түсінген,
Жұрт та мұны құптайтын.
Қызмет қой бұл түбі,
Ақын емес жанға тән.
Б.Жақыпов бір күні,
Болып шықты замдекан!
Ұстаздар да құп деді,
Шәкірттер де құп деді.
Декандығын білмейміз,
Ақындығы мықты деді! -
деп қалжың айтқанбыз. Сол Баукең кейін замдекан тұрмақ, деканның өзі болды. Тіпті бүкіл студент бөлмесіне кіруге асығып тұратын нағыз халық деканына айналды. Күллі журфак оны төбесіне көтерді. Атақ та, абырой да, бақ та, береке де оны өзі іздеп тапты.
Расында да, ол іздесең таптырмайтындардың санатынан емес-ті. Жарасқа ағамша айтсақ, "Тұрады айтқан сөзінде, Келеді айтқан кезінде...". Қарапайым. Кішіпейіл. Ол адамды аялай біледі. Аялай білген соң, саялай білетіндер оның төңірегінде толып жүреді.
Іздегенде оңай табылады демекші, бір-ақ рет қана оны таппай қалдық. Баяғыда Мамытбек Қалдыбаев ағай Светқали, Бауыржан (Үсенов), Нүсіп төртеумізді Бауыржан Момышұлына ертіп апарып, арнайы жолықтыратын кезде Баукең қолға түссеші... Жер жұтып кеткендей жоқ. Тіпті бошалап та үлгермеген бозбала шағы... "Әлгі Жақыпов қайда жүр? Баукеңе үш Бауыржанды ертіп апарсам деп едім", - деп, Мамытбек ағам қынжылып, желкесін қасып, КазГУградтан ұзағанша бесінші жатақхана жаққа қайта-қайта қарайлаумен болды. Бауыржан ұшты-күйлі жоқ. Алпыс бірінші автобустың өзі оның жоқтығына кіжінгендей, "Орбита" ықшамауданына қарай ыңырана тартты. Сөйтіп, бас Баукеңе жас Баукеңсіз бардық. Сол жолы Бауыржан бірге болғанда Светтің белгілі балладасының аты "Момышұлына сәлем бере барған бес шайыр туралы хикая" деп тұрар еді. Е, Бауке... Сол күні қайда болғаныңды әлі күнге дейін сұрамаппыз, сен айтпапсың... Шынымен қайда жүрдің ей сонда? Алпысқа келдің ғой, айта салшы енді...
* * *
Айтпасаң айтпай-ақ қой, аршындап жеткен алпысың құтты болсын, ер Баукем! Аман жүр арамызда!
Суретті түсірген Шүкір Шахай
Мәдениет порталы