Жадыра ШамұратоваҒалия соңғы жылдары «тезірек ұйықтап түс көрсем, түсіме суды шолп еткізген кү...
Әлібек Байбол. Драматург турасындағы триптих
Рахымжан Отарбаев драматургиясы дегенде көз алдымызға Ақсақ темір (Әмірші), Бейбарыс сұлтан, Жәңгір хан, Исатай, Махамбет, Сырым, Ерсары батырлар, Нұралы хан, Қойкелді би, хакім Абай, Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Мария Яковлевна, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Тұрар Рысқұлұлы, Зәки Валиди, Уәли Каюм, Сталин, Феликс Дзержинский, Жамбыл Жабаев, Үмбетәлі ақын, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова сықылды тарихи тұлғалар, ірі-ірі қайраткерлер, ақындар, хандар, өнерпаздар, көсемдер мен шешендер, өмір драмасы, қилы-қилы баталиялар, түрлі-түрлі тағдырлар, жібекше төгілген кестелі тіл елестейтіні рас. Аталмыш автор туындыларын ұлттық код тұрғысын да қарастыру – негізгі мұрат. Ұлттық код – белгілі бір елдің, халықтың менталдық қабаты: салт-дәстүрі, тарихы, тілі, ділі, діні, әдеби әрі мәдени мұрасы, т.б. Философ, мәдениеттанушы, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы Георгий Гачевше айтқанда «ұлттық космос».
Қолымызға жазушының 2013 жылы «Фолиант» баспасынан жария етілген «Айна-ғұмыр» атты пьесалары топтастырылған кітабы тиді. Соның аннотациясында былай делінген-ді: «Тарихтағы табандылық пен тамырдағы тектілікті ұштастыра отырып, адам мен қоғам, тұлға мен тобыр тартысқан замана шындығын бүкпесіз суреттеген автордың әр туындыдағы айтар ойын ойлы оқырман өзі саралар». Ілгеріде қаламгердің прозасымен танысып, бір кісідей тамсанған ек, енді міне драмалық шығармаларын толықтай оқу барысында, оның адам жанының тамаша білгірі, шын мәніндегі сөз иесі екенін байқадық. Өмірде болған, бірақ кейін жер бетінен көшкен елтұтқаларды тірілту – оңай жұмыс емес. Сол кісі боп сөйлеу, сол кісі боп тебірену, кейіпкердің дәп сол мезеттегі күйін бастан кешу – қиынның қиыны. Бұл – жүйкеге жүк боларлық ұзақ толғанысты, еңбекті, қажыр-қайратты, дара дарынды қажет ететін, әбден діңкелететін процесс. Драматургтың бір-бірімен мазмұндас, сарындас үш пьесасына тоқталып өткен ек. Автордың «Актриса» атты екі бөлімді, төрт көріністі комедиясына назарымыз айрықша ауды. Театр директорына Мәдениет министрлігінен телефон шалып, тұтқаның арғы жағындағы жан Гогольдің «Үйленуінде» басты рөлді ойнайтын актриса «Құрмет» орденіне ұсынылатындығын жеткізеді. Басшы мен Бас режиссердің басы қатады: кімді ойнатамыз? кімді ұсынамыз? Туынды әп дегеннен-ақ сүйкімімен өзіне тарта түседі:
«ТЕАТР ДИРЕКТОРЫ: Ол роль жас актрисалардың біріне бұйырар. Орденді өңіріне жарқыратып сол тағар.
БАС РЕЖИССЕР: Тақсын.
ТЕАТР ДИРЕКТОРЫ (кекетіп): Тақсын. Айтуға оңай. Ал сахнада қартайған келіншектер мен кемпірлер ше? Оны кешіре ала ма? Міне, мәселе қайда?
БАС РЕЖИССЕР: Абырой – ортақ, демек, орден де ортақ».
Авторлық ремаркадан-ақ майлы жіліктен бәрі дәмелі екенін аңғарамыз. Ал, сол қойылымды асыға күтіп отырған актрисалардың жайы мынадай, оқып отырып езуіңе еріксіз күлкі ұялайды екен:
«ГАЛЯ: Алақай, классиканы қоятын болдық!
ТАНЯ: Басты роль! Басты роль!
ДАША: Орден! Орден тағамыз!
МАША (өңірін сипап): Мына жерге! Жарқырап тұрады, алақай! (Сосын жүгірісін тежеп, екі-екіден шүйіркелесе қалады).
ГАЛЯ (Таняға): Таня, Гоголь кім еді? Өзі үйленем деп пе?
ТАНЯ: Дура! Ол – драматург. Бірақ, оның мұндай пьесасы барын естімеппін.
ГАЛЯ: Мәдениет министрімен жақсы болған ғой, шамасы.
ТАНЯ: Кімді айтасың?
ГАЛЯ: Гогольді.
ТАНЯ: Ой, дура!».
Осы тұрғыда, тәжірибесі толысқан, жасы болса елуден асқан Қызтуғанның назы да заңды:
«ҚЫЗТУҒАН (бірінші топ): Мына мені (өрекпіп) Қызтуған басыммен әлгі өсекші кемпір, көше кезіп Агафьяға бай іздейтін Фекла Ивановнаның роліне бекітіпті. Мұнан асқан басыну бар ма? (Сыңсып жылайды). Заманында Томирис пен Баян сұлуды, Әйгерім мен Ақтоқтыны ойнаған мендей жарық жұлдызға бұл не қорлық?». Төрт келіншек: Галя, Таня, Даша, Маша Агафья Тихоновнаның рөліне таласып-тартысып, репетиция кезінде кезек-кезек бақ сынап көреді. Алайда, рөлді ешқайсысы ойдағыдай сомдай алмайды. Қайтпек керек? Сөйтіп, ақыры айналып кеп таңдау тіс қаққан өнерпазға түседі. Құдай оңдап, «орталарында өңірінде «Құрмет» орденін жарқырата таққан Қызтуған жүр». Құда да – тыныш, құдағи да – тыныш. Комедия финишында Подколесинды ойнаған Арон Арысович «театрдың ішкі бетіне» секірудің орнына «ямаға, оркестр апанына» бір-ақ түседі. Жамбасы сынып, жедел жәрдем шақыртылып, оны алып кетеді. ТЕАТР СЫНШЫСЫНЫҢ көркем бейнесі де көз тартарлық. Репликаларында әзілмен әрленген шындық бар. Шығармадағы заманауи Гогольдің ұстанымы – нық, зілді, іші толған зар-запыран:
«Сендерді арашалайтын халық қалды ма? (Пауза) Ел бар ма сендерде? Өңшең алаяқ».
Пьесадағы «Үйлену» қойылымына әзірлік антураж және «өтпелі әрекет» есебінде алынған-ды. Десек те, екеуі де бір-бірімен қабысып, бір-бірімен үйлесіп тұр. Ер мен әйел арасындағы әрқилы байланыс, театр ішіндегі ахуал, кісі төзімінің сыналуы, кісі сенімі, өнерге деген адалдық, кірпияздық... көп дүние іште бұққан қалпы жатыр. Автор – бәрін тегіс ақтарып тастағысы жоқ, отқа шет-шетінен, аз-маздап отын тастап қоятындай, ыммен-жыммен, айтқансығанси бұра жөнеліп, қапталға қарата ығысып, ишарамен, астармен жеткізгіш. Бұл комедияда жинақылық та бар, көрерменді қыран-топан күлкіге көметін түрлі-түрлі ситуациялар да бар, қара жерді тоқпаштататын қақтығыстардан да кенде емес. Рахымжан Отарбаев «Актрисаның» (негізі, бес актриса ойнайды) формасын сәтті тауып, дайындық пен сахна сыртындағы интригалар тізгіннің екі ұшындай қатар өрбіп-өрбіп отырады, бір деммен, кідіріссіз оқылады. Бұл жерде кейіпкер сөйлеп тұрған жоқ, жан сөйлеп тұр. Бұл – автордың сөзі емес, жанның сөзі. Автор – транзистор, тасымалдаушы, жанның сөзін жеткізуші. Құдайдың құдіреттілігі сонда, Ол үзілуге дайын нәп-нәзік жанды драматургтың кеудесіне енгізгені. «Адам – Алланың ұлы туындысы», – дейміз, ал драматург – қоғамнан тыс туған жаратылыс. Сол атты арқалап, сызат түсірмей алып жүру үшін де жүрек, сезім, табандылық пен талант қажет. Драматург – Алламның хабарын жеткізуші, әлсіздік дендеген әлеуметті, адамзатқа қауіп-қатер төндіретін апаттардан сақтандырушы. Ақын да сондай, жазушы да сондай... әр суреткер сондай. Драматургтармен таласпау керек. Өйткені, Құдай оларға бөлек нәсіп, бөлек нәпақа-ризық берген-ді. Оны иемдену я тартып алу тіпті мүмкін емес. «Бағы бармен – таласпа» дейді, қазақ. Қаламгер – бағы бар жұрт. Себебі, оның аты алтын әріптермен жазылады, тауарихта, есімі өшпестей боп тасқа басылады. Бақ дегеніміз – сол. Ал, оның өмірден көргені, асу-асу қиындықтары – Жаратушыға жету жолындағы ұлы жорық қана, ұлы сапар ғана.
Бақсылық қонарда кісі қатты қиналады, жанын қоярға жер таппай тыпыршиды, қасиет иесі Жаратушы Жаппар Хақтан медет сұрайды. Көркем шығарма дүниеге келер кезде де қаламгер бұдан кем күй кешпейтіні сөзсіз. Аласұрады, адамдардан алыстайды, оқшауланады, қатпар-қатпар ой үстінде жүреді, өзге тұрмақ өзді-өзінен безіп кетуге әзір тұрады. Тоқсан толғанған кез – тамаша кез. Бұл – көркем туынды туар алдындағы қалыпты үрдіс, үркіп қашатын нәрсе емес. Кейде: «Жазушы болу оңай ғой!..» – деп соғатындар да кезігеді. Сөйтіп, осы тұжырымның түбіне түйе шөктіргісі келетіндер де табылады. Алайда, мұнымен келісе кету қиындау. Себебі, тек қаламгерлік қана емес, жалпы өнер – өмірді тануға, тынбай ізденуге иек артқан феномен. Қанша жыл өмір сүрсең, соншалықты тынбай ізденесің. Рахымжанның «Айна-ғұмыр» деп аталатын екі бөлімді, төрт көріністі драмасының мазмұн-мағынасы – терең. Қазақ, тұтас мұсылман қауымы болған нәрсеге болаттай беріп боп, өткенге өкінбей, қайта шүкіршілік етіп, тәубе қылып, жай ғана: «Әр істің қайыры бар», – дей салады. Мына туындыда да солай... Бір қарағанда, қаладағы пәтерде тұрып жатқан отбасының жайы орынша, қалыпты секілді көрінуі мүмкін. Алайда, үңіле түссек үйдей пәленің барын аңдар ек. Ұйып отырған әп-әдемі шаңырақтың шырқын Кенже ұлы мен оның Әйелі бұзып тұр. Конфликт осы маңда өрбиді:
«ШАЛ (таусыла сөйлеп): Шырағым-ай, осы екеуіңді түсінуден қалдық. Алтын асықтай бала едіңдер. Ал, шынайы мұсылман бола қойыңдар. Сонда олар әке-шешеңді жат көр, бірге туғандарыңнан безіп шық дей ме?
КЕМПІР: Адал астың өзін теріс қарап ішесіңдер. Беттеріңе қарай алмайтындай не жаздық сонша?
ОРТАНШЫ ҰЛ: Бұлардың милары айналып қалған, айналып!
КЕНЖЕ ҰЛ: Ішкендерің – арақ, жегендерің – харам! Жүректеріңе иман қонбаған.
ҮЛКЕН ҰЛ: Сонда кімбіз біз?
КЕНЖЕ ҰЛ: Дінсізсіңдер!». Дәстүр мен дін – бір-бірімен тығыз байланыстағы ұғымдар. Ұлттық кодтың негізгі тұғыры – ата-бабамыздан келе жатқан әдет-ғұрып. Сонғы кездері қазақ қоғамында осы екі түсінікке қатысты көптеген даулы мәселе туындауда. Айталық, дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы осыған байланысты былай дейді: «Дін саласында мақтанып айтатын оң өзгерістер көп кездескенмен көлеңкелі жақтар да жоқ емес. Қазір Қазақстанда түрлі жамағаттар бой көтере бастады. Кейбірі бірден ата-бабаларымыздың сан ғасырлардан бері ұстанып келе жатқан салт-дәстүрлеріне шүйлігіп, байыпсыз пікірлер таратуды әдетке айналдырды». Бұл өзекті және өте нәзік тақырыпты драматург та шығармасына өзек еткен. Қазақы таным бойынша қара шаңырақ қожасы – Кенже ұл (пьесадағы кейіпкер) теріс ағымға бой ұрған-ды. Жазушы ел ішіндегі ушығып, өрттей өршіп тұрған дін мәселесін қозғайды, оған батыл-батыл барады, батырып-батырып айтады:
«ҮЛКЕН ҰЛ: Сақалыңды жұлармын! Желкелеп апарып қаматармын!
ОРТАНШЫ ҰЛ (жер теуіп): Қаралай қара жамылып! Жаманат шақырып! Өз бастарыңа көрінгір!
КЕНЖЕ ҰЛ: Бізде шаруаларың болмасын. Біздің жолымыз басқа! Мақсатымыз бөлек!
ШАЛ: Мақсаттарың аз қазақты алтыға бөлу ме?
ҮЛКЕН ҰЛ: Елді іштен іріту ме?
КЕНЖЕ ҰЛ: Жоқ! Таза мұсылмандық жолды ұстану. Хақ жолын!
ШАЛ: Иман – жүректе! Сақалда емес! Шолтиған балақта емес! Бүркенген қара орамалда емес!». Қаламгер – Алаштың алға басқан аяғын кері тебетін бойдағы осындай жат қылықтарға, рухани кеселге тіс-тырнағымен қарсы. Оның позициясы анық аңғарылып-ақ тұр. Рахымжан теріс ағымдардың халық ішін ала тайдай бүлдіргенін, жұртшылықтың жік-жікке бөлінгенін, ауызбіршілігінен айырылғанын еш қаламайды, қайта оң жолға – ниеттес, тілектес. Сондықтан да, қазағын қаламымен қызғыштай қорып, ара тұрады. Сөйтсек, кінәрат-кемістік кезінде Шал жақтан да кеткен екен:
«КЕМПІР: Молда болам деп. Жаназа шығарам деп... Марқұмның сауабын алам деп...
ШАЛ: Әкемнен үйреніп қалғаным сол болса қайтем? Жастай қалдым.
КЕМПІР: «Талақ» сүресін жаназада оқып. Ел-жұртты шулатып!
КЕНЖЕ ҰЛ: Солардың бәрі имансыз кеткен. О дүниеге. Оларға жұмақтың есігі жабық. Обалы – сізге!
ҮЛКЕН ҰЛ: Сол олқы тұсты болып (кенже ұл мен келінді нұсқап) осылар өсіп шықты». Драматург осылайша отбасыдағы жағдай-ахуалды теңестіреді-теңшейді. Ілулі тұрған көнеден қалған көз – айнаның тарс етіп жерге құлап, быт-шыт болып, күлпаршасы шығуы – үйдегі ойраннан хабар беретін символ. Сынған әр бөлшегі – әр адам. Сынғанды бүтіндеу – машақаты көп жұмыс, бұған бір ғана адамның күш-қуаты, ерік-жігері жетпес. Мұндағы шаттығы қашқан шаңырақ – пазл сықылды құрама, құрақ көрпедей біртектес емес нышан. Үш ұлы – үш түрлі, оған келіншектерін қосыңыз. Дүние бар, ақша бар, бірақ бақыт жоқ, тыныштық жоқ, бірлік жоқ, татулық жоқ. Ырыс-құт әбден ысырап болған-ды, осынау жайтқа жаны ашитын, жаны ауыратын үлкендер ғана: Шал және Кемпір, қалғаны – арты бар, алды жоқ жалындаған жастықтың, мастықтың буымен жүргендер. Бұрынғының кісілері дұға еткенде: «Иә, Аллам! Малымды, мүлкімді алсаң да, берекемді ала көрмеші!» – дейтіні содан ғой. Берекеден айырылсаң – барлығынан қағыласың. «Бір күн ұрыс болған жерде, қырық күн береке болмайды» деген сөз бекер айтылмаса керек. «Жығылғанға – жұдырық», достарымен сауық-сайран қуып, ақ Прада мініп, Бурабайға жол тартқан Қызы контрабанда – «крупный партия» алып келе жатқан Хаммерге соғылып, уақиға орнына полиция қызметкерлері жетіп, бәрін құрықтайды. «Тауарға» жауапты, соны шетелге тасымалдамақшы болған Наркобароннан маза қашады, ол жанындағыларды майсыз қуырады. Араға Делдалды, Анау, Мынауды салады. Іске Генерал араласып, соңында қылмыскерлерді қамап, Қызды ешнәрсеге ұрындырмай дін аман алып шығады. Драманың әрбір шешімтал тұсында әлгі айна қайта-қайта саңғырлап, көрермен-оқырманды жаман түстен оятқандай боп, селк еткізіп, жіпсіз байлап отырады. «Басы қатты болса, арты тәтті болады» демекші, жаңағы жол апаты орын алмаса, онда заң өкілдері «Алладан кейінгі ең үлкен тергеуші» – Наркобаронды қолға түсіре алмас еді. Ойы бұзық қылмыскер көптен білетін, сырттай ғашық, әдемі, ақылды Қызға қылымсып, оны төсекке тартпақ ниетпен құшақтап, аймалап, ақ тамағынан сүйгіштеп, ағаларының амандығы үшін бейәдеп келісімге келуін өтінеді, қарсыласқан соң күшке басады. Делқұлы Делдал да – көпті көріп, соны көкейіне түйген қу екені беп-белгілі:
«КЕМПІР: Өзің бір иманжүзді бала екенсің. Көмектес. Қызымды босаттыр, шырағым.
ДЕЛДАЛ: 150 мың доллар қираған машинаның құны. Так, көтерілген істі жаптыру үшін (саусағын жыбырлатып ойнатып) 20, жоқ, 30 мың доллар. Так, машина ішіндегі мүлік құны...
КЕМПІР: Ойбай, не дейд, ойбай!
ШАЛ: Осы үйді берсек құтыламыз ба?
ДЕЛДАЛ: Тергеушіні көндіруге болар. Басқасын білмеймін. Ойланайық».
Драма соңы happy end-пен тынады. Қыз да, бауырлары да аман-сау қалады, Құдай екі жеп биге шықпақ пейілдегі Наркобарон мен сыбайластарының сазайын беріп, олардың қолы кесіліп, мысы құрып, түрменің төрінен бір-ақ шығады. Туындының атауы неге «Айна-ғұмыр» екенін еміс-еміс ұққандаймыз. Күл-талқаны шыққан айна, күл-талқаны шыққан ғұмыр, күл-талқаны шыққан айна-ғұмыр. Өмір – бумеранг, өмір – айна, істегенің алдыңнан шығады, жақсылық істесең – жақсылық көресің, жаманшылық жасасаң – жаманшылықтан азаптанасың, қиянат түбі – Қиямет. Бұны буддизмде карма деп атайды. «Айна-ғұмыр» – карма туралы, адам қолымен істегенін мойнымен көтеретіндігі хақындағы, сол үшін аямай азабын тартатындығы жөніндегі драма. Автор да осы ойды, осы идеяны ары-бері тартқыламай, жұлмаламай, шашпай-төкпей, бұлталаққа салмай, көп сөзге, көпірме-сөзге ұрынбай, нақты, түсінікті етіп жеткізген-ді. Түпкі жағында: «Ей, Сен де абайлап жүр, анық бас, сақ бол!..» деген бір емпең қаққан емеурін-нышан бас көтереді, дәп осы тұста драматургтың дауысы айқын естіледі, жарқын-жарқын шығады. «Айна-ғұмырдан» соң мынадай ой түйдік, төмендегідей тоқтамға келдік: әр шаңырақтың амандығын тілейміз, әр адамның саулығын тілейміз, берекені қашырмаудың қамын жасаймыз. Бұл – бәрімізге ортақ сабақ, өмірлік өнеге. Біз білмейтін я ортада көп айтыла бермейтін шындық бар, бұл – шаңырақ ішіндегі шындық. Әркімнің жан-жаққа жария қылмайтын өз сыры бар. Рахымжан қатардағы қарапайым қазақ отбасының жай-жапсарын, мұң-шерін, наласын бықытын тауып шеберлікпен суреттей алды, мәселе мәнісін ашып берді, көп дүниеге көзімізді айқын жеткізді. Автор оқушыға үміт сыйлайды. Онысы – орынды, ойға қонымды. Төндірген үстіне төндіре беруді қаламаған-ды, қарымды қаламгер. Шығарма шыңырауында әр жамандық артынан бір жақсылық сығалайды деген оптимистік рәуіштегі идея иландырды, бізді. Дауыл-бораннан кейін де бұлт арасынан Күн шықпай ма?! Түнекті жарық ететін де сол – Күн ғой. Көргенін, оқығанын әркім өз парасат-пайымымен парықтар, таным таразысы арқылы салмақтар деген ыңғай байқалады, драмадан. Себебі, финал ашық күйінде қалған-ды.
Кезек жанкешті жазушының «Двойник» атаулы төрт көріністі драмасына да жетті. Каржы полициясының кабинетінде орта жастағы тергеуші үстелде ойланып отыр. Алды – толған қағаз, бойынан шаршау аңғарылады. Өзі – абыржулы, бір нәрсеге қайран қалғандай басын қайта-қайта шайқап-шайқап қояды. Сонан соң телефон түймесін басып, Байды шақыруын тапсырады. Көп папканың бірін суырып ап, ішін арлы-берлі ақтарып-төңкере бастайды. Бір миллиард теңгеге қатысы бар серіктесі – Қашқынбаевтың өліміне (біреулер киллер жалдап, атып кеткен-ді) себепкер деген күдікпен Байды (лақап аты – Байрон, азан шақырып қойған есімі – Баймұрат) Тергеуші тергейді. Онымен ақырғы рет байланыс орнатқан да сол кәсіпкер боп шығады. Бай басқа түскен пәледен қалай құтыларын білмей қатты қиналады, қара терге түседі. Сөйтіп жүргенде үш күйеуден шыққан қарындасы шетелдік жігітпен танысып, екеуі үйленетін боп шешеді. Ағасы мен жеңгесіне таныстыруға әкелгенде Конг – Қонбайдың «шетелдегі өте бай адамдарға двойник тауып беретін» жұмыспен айналысатыны анықталады. «Іздегенге – сұраған». Бай оған жабыса кетеді, бірге бизнесты дөңгелетіп, тапқан табысты қақ жарып, 50/50 күйінде бөліп алатынын ерекше ескертеді. Ойда жоқта жолыға кеткен олжадан кім бас тартсын?! Келіседі. Содан, өзінен аумайтын двойник – егіздің сыңары да табылады, бұрындары Халық театрында, ауданға аты шыққан артист болған екен: «ҚОНБАЙ: Мысалы, шетелде бір бай бизнесмен салықтан табысын жасырыпты. Сотталатын болды. Соған двойник таптым. Ақшасын артығымен төледік.
БАЙ: Ал дейм, ал. Сосын...
ҚОНБАЙ: Аумаған өзі. Түрмеге сол түсті.
ӘЙЕЛ: Әлгі бай бизнесмен ше?
БАЙ: Ол не істеді?
ҚОНБАЙ: Атын өзгертті. Паспорт жаңалады. Сөйтті де өзге елге тайып тұрды». Қашқынбаевтың әйелі де әбден өшігіп алған, серіктесінің үйіне екі кісі жібертіп, араға адам салып, олар атыс шығарып, айқай-сүреңмен бәрінің зәре-құтын қашырады. Алғашында, Бай бықпырт тигендей сүреңсіз халде жүр еді, кейін ісі оңға басты. Бай Двойникты әбден дайындайды: жүріс-тұрысына, киінгеніне, сөйлеу мәнеріне, пішін-пошымына, келбет-кеспіріне шейін мән береді, қадағалайды. Егізі қыжалаттан құтқарса, Бай тапқан табыстың он пайызын иеленетін болып келіседі. Двойник жалғыз қалғанда екі Шайтан келіп азғырады, ойын өзгертеді: «I ШАЙТАН: Ә, солай де. Біз ақшаға дуалап Байдың да жанын сатып алғанбыз. Ол – қазір тірі міскін.
ДВОЙНИК: Мен Бай емеспін. Қайтарыңдар жанымды!
II ШАЙТАН: Қайту жоқ. Жаның тәніңді тастап қашып шыққан.
ДВОЙНИК (аһ ұрып): Мені азғырған Қонбай оңбаған.
I ШАЙТАН: Оның да жанын әлдеқашан саудалап алғанбыз.
II ШАЙТАН: Орнына ақша, арсыздық пен алаяқтықты бердік. Аз олжа ма?
ДВОЙНИК: Байдың қарындасы ше?
I ШАЙТАН (селкілдеп билеп): О, ол қыз жанын жәлептікке айырбастаған.
ДВОЙНИК: Әйелі ше?
II ШАЙТАН: Оны алтынмен арбап алғанбыз. Көзі ештеңе көрмейді, су қараңғы.
ДВОЙНИК: Әкесі? Әлгі шал ше?
I ШАЙТАН: Оны сатып алу мүмкін емес. Адалынан туған. Арам сүт ішпеген. Маңынан жүргізбейді». Адам – мінсіз жаратылыс емес, тек сол мінсіздікке ұмтылушы ғана. Ал, күл – әлемдегі ең таза нәрсе. Кейде адамдар сол күлдей де бола алмайды. Ақшаға, қызметке, боқ-дүниеге алданып, біреулерге арбалып, құрығына ілігіп, артынша зардабын тартқаны. Бай мен Хатшы қыздың арасындағы байланысты Әйелі біліп қояды. Қақтығыс барған сайын үдеп, қоюлана түседі. Двойник бір өзі қалғанда сыртынан торуылдап жүрген, Қашқынбаевтың кегін қуған екі бейтаныс жігіт кеп, киллер жалдағаны үшін, шефті алдағаны үшін, серіктесін өлтіргені үшін, алаяқтығы үшін деген уәжбен оны қорқытып-үркітіп, ұрып, өз кабинетінде атып кетеді. Ол аса ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіледі. Бұл суық хабарды естіген ел-жұрт не істерін білмей үрпиісіп, дағдарып қалады. Бай Қонбай дайындап берген құжатпен шетел асуға дайындалады. Сөйтіп тұрғанда Баймұраттың Әкесі келеді: «Қадірі қашқан тірліктен кейде абыройлы өлім артық. ...Бала кезде, ауыл шетінде қозы-лақ қайырып жүргенде қандай тап-таза едің. Дақ түспеген ақ дәптердің бетіндей едің. Жаңа жауған қардай кіршіксіз едің. Кім боп кеттің, Баймұрат?». Әкесі осы сауалды ортаға тастайды-дағы, соған өзі жауап береді: «Ал, мен білемін. Сендер ақшаның тілін білгенмен, адамның тілін ұмытқансыңдар. Өңшең шайтан иектегендер!». Осы сәтте екі Шайтан қайта көрініп, музыканың ырғағына елітіп билей жөнеледі. Әкесі мен немерелерінен басқасының барлығы дерлік Ібіліске ілесіп, жынды биге басады. Соңғы сөз – драма түйіні: «ӘКЕ (немерелерін құшақтап): Сендер адалмен ауызданыңдар, жарқыным! Келешектің күміс көкжиегі өздеріңді шақырып тұр. (Әке мен бүлдіршіндер билеп жатқан топқа қарап қалады. Олар біртіндеп сахнаны тастап шығады)». Янустай екіжүзді Шайтандарға сенім жоқ, адамдарды алдап-сулап орға жықты, ақыры. Шығармашылық – жұмыстан кейінгі жұмыс не жұмыс ішіндегі жұмыс. Құдайдың «кесілген уақытын игілікті іс жолында жұмсағандарға, халық үшін жұмсағандарға уақыт ішінен уақыт бөліп берем» деген уәдесі бар екен. Тіршіліктің иесі – Алла. Адам Одан алыстаған сайын қараңғылыққа ене бастайды, көзіне шел бітіп, айналасын анық көруден қалады. «Двойникте» де дәл солай. Жанын Шайтандарға сатқан адамдардың күйі әлгіндегідей: былық-шылық, шатақ, арсыздық, бей-берекет, жүйесіз, беяпар тірлік, ақшаның құлына айналу, туған-туыс, дос-жаран, жақын-жуықты табан астында сатып кету, әлдінің әлсізді, нәннің нәрегейді басынуы, өлтіруі, қыруы-жоюы... Тосыннан қызметті бола қалған адам өзгермелі, сусымалы келмек. Драматург бұны Двойниктың монологы арқылы дәлелдейді: «ДВОЙНИК (креслода шайқалып): Рах-хат! Байрон кетті, Бай қалды. Дүние қалай-қалай құлпырады-ә? Күні кеше кім едім, бүгін кіммін. (Мәз болып) Дүрдей боп отырысымды қарашы. Пах, пах! Байдың өзі бас бағып, жылыстап жоғалған жоқ па? Ә, өзін де қатырдым-ау. Кешке қай үйге барам, кімнің қасына жатам деп (сықылық атып). Жылан шаққандай, жылқы тепкендей етіп. Үрейі ұшып кетті (ойланып). Тергеушісі түскірге сөйлесейік, тіпті сырласайық дегенде буыны босап сала берген сияқты. Тамағы тесік, іші қуыс пенде емес пе. Оны осылай жайғастырсам. Сонда бұл көкең сүт бетіндегі қаймақ боп қалқып... жыртыс іздеген кемпірдей жыртиып есіктен сығалағандарға (өз-өзінен қоразданып) «уақытым жоқ, сосын», «тағы бірде», «жиналысым бар, мазам болмай отыр», (еліріп). «Қаңғып жүрген кімсің, айда қайқай!» – деп тойтарып тастасам. Жолын жығып, көзінің отын алып. Әйтпесе, жүгенсіз кеткен қой бұл халықты, қой! Сосын түймені басып хатшы қызды шақырып, шәй алдырып... Ол мықыны құрып, бұралып басып жаныма келе бергенде ту биенің сауырындай құйрығынан сипап кеп жіберсем...». Р. Отарбаев көркем бейне мінезін ойнақылықпен ашады, елестетіп отырып жазады, жаза түскен сайын екпініне екпін қосылатындай, тура. Мұндай өзгеріс, мұндай трансформация, мұндай темпо-ритм, мұндай ырғақ мәнді мәтіннен-ақ сезіледі, қаламгердің өзі ішінде жүріп, аралап, айнытпай суреттеп отырған өмірдің жүрек қағысы аңғарылады, тынымсыз тіршілік қан тамырдай бүлкілдеп-бүлкілдеп тұрады. Бұндай жағдайда адамгершілік, ар дегеніңіз қараңғылық ішінен экзоғаламшардай аса байқала бермейді, көзге көп ілінбейді де. Өйткені, адамгершіл, иманды жан болғаның үшін ешкім ақы төлемейді, салпылдап жүргенің – жүрген, солай. Мына драма сурет өнеріндегі ташизм принциптерін еске салады, контурлары, сызықтары, таңбалары, ноқаттары аса айқын емес, елеусіздеу ғана, алайда айтары – мол, астары – қалың, жасырғаны – көп. Осы кейіпкерлер мекендеген қаладан күй қашқандай, ешқайсында қалжуардай қаттылық, ішкі бекемдік жоқ, әйтеуір мұраттары – біреуден бір нәрсе тартып алу, алып қалу, реті келсе шалып қалу, тәлкек ету, сол сорақылықтан, сол істен ләззат алу, нәпсілерін тойдыру. Хакім Абай берген: «Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы» анықтамасы – сөзімізге айғақ. «Күнәлар шаһары» атты неонуар жанрындағы Фрэнк Миллердың графикалық новеллалары негізінде түсірілген кино бар. «Двойникте» де батпаққа белуарынан батқан кісілердің мүшкіл халі манағы фильмды көз алдыңа елестетеді. Драманы оқып болған соң: «Сонда адам үшін қасиетті, адам үшін киелі не қалды, мына әлемде, мына ғаламда?» деген сұрақтың туындауы заңдылық. Жауап іздейсің, алайда таппай қиналасың. Авторды да осы сауал мазалаған-ау, онда аталған пьеса жазылмас та еді.
Экзорцистік тәсілдерді қолдану – уақыт ісі, ситуацияның еншісіндегі дүние. Жаралғаннан емес, Жаратушыдан қорқу керек. Өйткені, өткен өмір – өртенген қағаз. Бәрінің байыбына бару үшін артыңа бір қарайлайсың, өзіңе-өзің есеп бересің, содан соң ғана алға жылжисың. Бұл шығарманың берері көп, ең негізгісі – айтары бар пьеса. Қаламгердің әлеуметтік қабат арқылы адам жанын жалаңаштап, рухани дертті, өзекке шапқан жегі құртты дөп басқаны нанымды әрі әсерлі шыққан-ды. Рахымжан Отарбаев осындай туындылар негізінде ұлттың солқылдаған ауруын анықтап, диагнозын белгілеп, түрлі мәселелердің себеп-салдарын ашып берді, көзбен көріп, көңілмен сезген пенделер қылығын ажуалап, келемеждеп, оларды типаждарға айналдыра алды. Ал, осынау оспадарсыздыққа қарсы тұру, онымен күресу-күреспеу – әр саналы жанның өз еркі. Жазушы – моралист емес. Оның қызметі – көркемдіктен келісті кесте тігу. Автордың пьесаларында формалды атау көп, айталық: Театр директоры, Бас режиссер, I жігіт, II жігіт, III жігіт, Театр директорының әйелі, Театр сыншысы («Актриса»); Шал, Кемпір, Үлкен ұл, Ортаншы ұл, Келін, Кенже ұлы, Әйелі, Қыз, Наркобарон, Генерал, Мынау, Анау, Делдал, Қонақ, Көмекші, Конвой («Айна-ғұмыр»); Двойник, Бай, Әйелі, Әке, Қыз, Конг – Қонбай, Қонбайдың әйелі, Бала, Тергеуші, Күзетші, Хатшы қыз, I Шайтан, II Шайтан, I Жігіт, II Жігіт («Двойник»). Режиссер Питер Брук: «Некоторые драматурги пытаются добиться воплощения своего замысла и своих намерений с помощью ремарок и разъяснений, но, удивительное дело, наиболее талантливые драматурги редко прибегают к дополнительным объяснениям», – деген еді.
P.S. (постскриптум):
Әдеби масканың өз әдебі, айтары тағы бар. Тек соған дұрыстап құлақ түрмек қажет. Көбіне-көп көркем шығарма қыжылдан туады, қоғамдағы, елдегі, әлемдегі жайттарға көңіл толмаудан туады. Біз кей жағдайда қоғами құбылыстарға біржақты ғана қараймыз. Анық-қанығына жетпей жатып бірден инициаторды айыптауға бейімбіз. Жазушының ең басты қорғанышы – қаламы, сонымен ниеті жамандарды жасқаса, шырайлы шығармаларымен жақсыларды жанына магнитше тартып тұрады. Бұл – әдебиетке деген адалдық, Ұлы Сөзге деген құрмет. Адамзат мұңын қозғау әуелі жүректен басталады. Жүрек не затқа ауырса, жүрек шіркін нені қаласа – соны жазған жөн. Өйткені, жүрек алдамайды, ол – шынайы, ол – әділ, ол – адал. «Жүректен шыққан сөз – жүрекке жетеді» деген тәмсіл бар. Кім айтса да, дөп айтқан, жөн айтқан. Жаһанның жағдайын ойлайтын глобалистер үшін маңыздысы – адам баласының амандығы, Жердің бүтіндігі, тұтастығы. Математик, кибернетик, философ Юлий Шрейдер «адамзат әдебиеттен алыстаған сайын құндылықтардың да құлдырайтындығын» айрықша айтады. Себебі, әдебиет – ұлтты, халықты ұйыстыратын фактор. Р. Отарбаев драматургиясында оймақтай болса да көтерген жүгі ауыр-ауыр ойлар, рақымды бастамалар, адамның адамшылықтан безіну сыры менмұндалайды. Ол – жанр талғамайтын қаламгер. Драмаға да, комедияға да, трагикомедияға да, тарихи драмаға да емін-еркін бара алады, жатсынбайды. Сол себепті де, ол көтерген тақырыптар, ол үңілген мәселелер басқа ұлтқа бөтен деп айта алмас ек, қайта керісінше бәріне – ортақ.
Әлібек Байбол