Қазақстанның заманауи өнер көрмелері «Рухани жаңғыру» аясында әлемнің үлкен қалаларында көрсетіледі

Жаңалықтар
3404

Еліміздің тарихында алғаш рет халықаралық өнер сахнасында ХХ ғасырдың 30 жылдарынан бастап қазіргі таңға дейінгі отандық бейнелеу өнері мен заманауи өнерге шолу жасайтын «Фокус Қазақстан» кең ауқымды жобасы іске қосылмақшы. Көрмелер мен тақырыптық шаралар 2018 жылғы 18 қыркүйек пен 2019 жылғы 3 наурыз аралығында Лондон (Ұлыбритания), Берлин (Германия), Джерси Сити (АҚШ) және Сувон (Оңтүстік Корея) секілді қалаларда өтеді.


 «Фокус Қазақстан» жобасы «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының Қазақстан өнерін әлемдік мәдени және зияткерлік кеңістікте ілгерілетуге бағытталған «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы шеңберінде іске асырылуда. Жобаның айрықша ерекшелігі — презентациялық бөлімнен және суретшілерге арналған кәсіби–білім беру бағдарламасынан тұратын оны жүзеге асырудың кешенді тәсілі. Жоба заманауи отандық өнердің түрлі көріністерін тудыратын суретшілерге деген шетелдік қауымның қызығушылығын қалыптастыруға бағытталған.


 Көрмелер әртүрлі кезеңдер мен ұрпақтардың суретшілерінің туындыларын көрсетуге, әлемдік өнер сахнасы тұрғысынан қазақстандық өнерді зерттеуге, кеңес кезеңінің және заманауи суретшілердің шығармашылығын зерттеу арқылы ХХ және ХХІ ғасырлардағы Қазақстан өнерінің сипатын айқындауға, сондай-ақ республиканың тәуелсіздік алған кезеңіндегі көркем өнер дәстүрінің жалғасы мен қазіргі заманғы өнердің туындауын көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық музейі шет елдерде қазақстандық суретшілерге арналған арт-резиденцияларды ашуға бастама білдірген. 1-маусымнан 30-қыркүйекке дейін Бетания (Берлин) суретшілер үйінің шеберханалары мен студияларында суретшілер жаңа тәжірибе, білім және дағды жинай алады.

 «Фокус Қазақстан» көрмесінің басты тақырыптары — қазақстандық қоғамды жаһандандыру, феминистік қозғалыс, «жергілікті модернизм» феномені және көшпеліден кейінгі өнер.


 Бес көрме жобасында 80-нен астам суретшінің шығармалары ұсынылады. Олардың қатарында Әбілхан Қастеев, Үке Әжиев, Әубәкір Ысмайылов, Айша Ғалымбаева, Гүлфайруз Ысмайылова, Салихитдин Айтбаев, Жанатай Шәрденов, Оралбек Нұржұмаев, Евгений Сидоркин, Еркін Мергенов және т.б. суретшілер, сондай-ақ, қазіргі заман суретшілері: Молдақұл Нарымбетов, Рустам Хальфин, Сергей Маслов, Алмагүл Меңлібаева, Сәуле Сүлейменова, Ербосыл Мелдібеков, Қызыл Трактор тобы, Ғалым Маданов және Зауреш Терекбай т.б., сонымен қатар Қазақстан аумағында болған әрі Қазақстан өнеріне өз шығармашылығымен үлес қосқан суретшілер: Петр Зальцман (1912–1985) және Татьяна Глебова (1900–1985) — орыс авангарды көшбасшысы және талдамалы өнердің негізін салушы Павел Филоновтың оқушылары мен ізбасарлары, Владимир Стерлигов (1900–1973) — Казимир Малевичтің оқушысы, Сергей Калмыков (1891–1967) — суретші–авангардшы, алпысыншы жылдардың соңына дейін өмір сүрген Күміс дәуірдің жалғыз шебері, орыс авангардының суретшісі Вера Ермолаева (1893–1937) және т.б.


«Көшпеліден кейінгі көкжиек» көрмесі Лондонда биыл 18 қыркүйек–16 қазан аралығында өтеді. Мұнда шығармашылық тәжірибелер арқылы суретшілер өткізетін көптеген диалогтар түрінде Қазақстанның заманауи өнері ұсынылады. Көрме әлемдік ағым негізінде Қазақстанның заманауи өнерін, сондай-ақ, жаһандану тұрғысынан қазақстандық әлеумет сипатын қарастырады. Көрмеде 31 суретшінің жұмыстары ұсынылады. Кураторлар: Индира Дүйсебаева–Зиябек, Алия де Тизенгаузен, куратор-ассистент Алима Боранбаева және консультант Ольга Сова.


«Нан және раушан гүлдер» көрмесі Берлинде 25 қыркүйек–20 қазан аралығында өтеді. Бұл көрмеде 1945 жылдан бастап қазіргі таңға дейінгі қазақстандық әйел-суретшілердің төрт буынының жұмыстарына жасалған зерттеу нәтижелері ұсынылады. Көрме модернистік және қазіргі заманғы қазақстандық өнер мен мәдениеттің жаңа перспективасын ғана емес, сондай-ақ, посткеңестік және постотаршылдық кездегі әйелдер өнерін зерттеудің кең моделін ұсынады. Сондай-ақ, Берлинде арт-резиденция қатысушыларының көрмесі өтеді. Кураторлар: Дэвид Эллиотт, Рейчил Ритс-Воллох, Алмагүл Меңлібаева.


«Ойлар жинағы: Тарихты ойдан шығару» көрмесі Джерси-ситиде осы жылдың 14 қазанынан 20 қарашасы аралығында өтеді. Көрменің мақсаты суретшілерге ең бірінші коллекция жиюшы мәртебесін бекіту. Коллекция жинау дегеніміз материалдық зат немесе рухани дүние екені маңызды емес, құнды заттарды жинақтау. Яғни, дәл осы суретшілер қоршаған шынайылықтың, қиялдың жекелеген аспектілері болсын немесе әртүрлі бағыттағы тақырыптар болсын, ең құнды дүниелерді жинақтайды. Көрмеде Молдақұл Нарымбетов, Виталий Симаков, Смаил Баялиев, Арыстанбек Шалбаев, Саид Атабеков секілді суретшілерден тұратын «Қызыл Трактор» қазақстандық заманауи өнер тобының туындылары ұсынылады. Көрме жыл сайынғы Азия өнері апталығы (ACAW) аясында Нью-Йоркте өтеді. Куратор — Лиза Ахмади, куратор-ассистент — Владислав Слудский.

«Еуразия қиялы: PostScriptum» көрмесі биылғы 27 қараша мен 2019 жылғы 3 наурыз аралығында Сувон қаласында өтеді. Көрме модернизмнің халықаралық тілін байланыстырған суретшілер туындыларының зерттеулерін және Қазақстан мәдениетінің жергілікті ерекшеліктерін ұсынады. Әлемдік тәжірибеде осындай көрсеткіштері бар өнерді Local modernity — жергілікті новация немесе жергілікті модернизм деп атайды. Яғни, бір жағынан, суретшілер Қазақстандағы өмірді жандандырып, кеңінен аша отырып өнердің жаһандық тілінде сөйлейді. Екінші жағынан, түрлі буын суретшілері қазақстандық contemporary art ізашары Рустам Хальфиннің (1949–2008) «Еуразия қиялынан» кейін жаңа шығармашылық «шынайылығын» құра отырып, новация мен модернизм мұрасын қайта жандандырады.
 Кураторлар: Юлия Сорокина, Шин Ын Янг.


Фокус Қазақстан жобасын ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейі ұйымдастыруда. Жоба жетекшісі — Леонид Кочетов, жоба кураторы — Роза Абенова.



Толығырақ:

facebook.com/focuskazakhstan

instagram.com/focuskazakhstan



Жаңалықтар

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімованың шағымына қатысты алғашқы сот отырысы өтті, деп хабарлайды m...

Жаңалықтар

Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек қаладағы жаңа кітапханалар туралы ақпарат берді, деп хабарлайды madenipo...