Биыл «Астана Операның» бас хормейстері Ержан&...
Сырым ҚАШҚАБАЕВ: Келген көрермен айтар ойды өзімен бірге алып кетуі керек...
Астанадағы үлкен өнер ордасы, талғамы жоғары көрерменнің көзайымына айналған шаңырақ – Қ.Қуанышбаев атындағы театр. Қаллеки ұжымының әр бір актерын елорда ғана емес, қалың қазақ жұртшылығы да жазбай танитын деңгейге жетті десек артық айтқандық емес. Театр сахнасы, кино өнері арқылы ғана емес, елордадағы мәдени-рухани шаралардың басы-қасында да осы актерлер көбірек жүретіні сөзсіз. Ал біздің әңгімелескен кейіпкеріміз осы айтылғандардың бәріне бірдей үлес қосып, бәріне бірдей уақыт тауып жүрген тұлға. Сырым Қашқабаев – үздік актер ретінде жастардың «Дарын» мемлекеттік сыйлығын иемденген. Уақыты тапшы актермен Қаллеки театры жазғы демалысқа шығар алдында сұхбаттасып қалған едік.
– Театр сахнасында көптеген образдарды сомдап жүрсіз, киноға да түсесіз, сосын түрлі салтанатты шараларды да жүргізесіз. Жалпы әртіс адамның осының бәріне бірдей уақыт табатынын түсіндіріп өтіңізші?
– Әрине, таңдап алған мамандығым актерлік болғаннан кейін театр мен үшін әрдайым бірінші орында. Қалған дүниелер, мейлі ол кино болсын, мейлі жүргізушілік һәм тележүргізушілік болсын, оның бәрі театрдан бос уақытта жасалатын жұмыстар. Дегенмен, ондай бос уақыт та бола бермейді. Сондықтан да біздің әрбір күнімізде кесте жасалып тұрады десем артық айтқандық емес. Сосын жасыратыны жоқ, той-томалаққа я концертке келіскенде алдымен уақыттың орайын келтіруге тырысамыз. Егер театрдан босамайтын болсам, ол қаншалықты маңызды салтанат болса да одан ерікті түрде бас тартуға тура келеді. Сол үшін мендегі бірінші мәселе – театр. Әйтсе де, театр басшылығына да көптен-көп рахмет айтпауға болмас. Бұл той-томалаққа қатысты емес, басшылық біздің жан-жақты болуымызға әр кез дұрыс көзқараспен қарап, киноға түсу кезінде мол мүмкіндік беріп келеді. «Түсірілім жұмыстары басталды, телесериалға түсетін едім» деп өтініш айтқанда 99 пайызын қанағаттандырып отырды десем артық айтқаным емес.
– Кино және театр актерінің, той жүргізушісінің қолы қалт еткенде айналысатын сүйікті ісі не екен? Сіздің хоббиңіз қандай?
– Мен жалпы қалада өскен баламын. Ес білгелі «асфальтта» ойнадым. Дегенмен, ауыл балаларына көп жерім ұқсайды. Әсіресе, тауды жақсы көріп өстім. Алматыда тұрғаннан соң шығар бәлкім, бала кезіменнен тауға шығуға әуес болдым. Қолым қалт етсе, тауға қарай жалт беріп, табиғат аясында қыдырудан еш жалықпайтын едім. Дегенмен, соңғы бірнеше жылдан бері Астанада тұрып жатырмын, өкініштісі мұнда тау жоқ. Әйтсе де, басқа бір ермек пайда болды мен үшін. Асылбек Қапаев деген курстасым, театрда бірге жұмыс істейтін әріптес досым бар. Сол Асекең кейінгі жылдары мені балық аулауға әбден баулып келеді. Қол босай қалса қоярда қоймай балық аулауға ертіп әкететін. Қазір енді өзім де сол күнді аңсайтын күйге жеттім.
– Өнеріңізге келсек. Сомдайтын рөлді таңдауда сіз режиссермен санасыз ба әлде керісінше ме?
– Шындығында, бұл шағын өнер ұжымдарында шикіл тартатын үлкен мәселе боп барады. Ал дәл осы мәселеде мен көптеген жас актерлермен келіспеймін. Бір жолы Алматыға барған кезімде кастинг директоры жас актерлердің «мынаны ойнаймын, мынаны ойнамаймын» деген секілді таңдау жасайтынын айтып, өкпе-ренішін жеткізді. Кейбіреулері кілең жағымды образды сомдағысы келетін секілді, кейбірі бірден танымал актер болып шыға келсем дейтін шығар. Егер сен нағыз кәсіби актер болсаң алдына келген қандай да болмасын кейіпкерді сомдауға, оны алып шығуға дайын болуы керек. Оның образын жасауға сен міндеттісін! Бұл актерлер арасындағы жазылмаған заң. «Мынаны ойнаймын, мынаны ойнамаймын» деу актерге тән нәрсе емес. Актер рөлді алып шыға алмайтынын ұғынған жағдайда немесе рөлі ұнамаған жағдайда ғана бас тартуы мүмкін. Бұдан басқа себеп болмауы керек. Мысалы, мұғалімді мектепке шақырғанда ол «мен тек үздік оқушыларға ғана сабақ беремін, өйткені менің қолымнан тек бес қою ғана келеді» деп талап қоймайды ғой. Актер де тура солай болуы тиіс.
– Көрерменге жеткізе алмадым-ау дейтіндей, ойыңыздан шықпай қалған кейіпкерлеріңіз бар ма?
– Мен сахнада сомдаған әрбір рөлдің ішінде бір әттеген-ай жатады. Мейлі ол спектакль бір рет я он рет қойылсын. Алдыңғы қойылымда жақсы шыққан рөл келесісінде тура солай шықпай жатады. Бірақ сол сахнада шықпаған нәрсе келесісінде көрініп жатады. Сосын болды, тура осылай ойнау керек дейтіндей қағида менде жоқ. Өйткені, актер де пенде, не сөзін ұмытып қаласың, болмаса эмоциясы көрерменге жетпей қалып жатады. Осындай кемшіліктерден адамын деп айта алмас едім.
– Бір әттеген-айға мысал...
– Бір әттеген-айым, біздің театрда ұзақ жылдардан бері «Мұқағали» қойылымы сахналанып келеді. Оны менің курстасым, талантты актер Жанқалдыбек Төленбай сомдап жүр. Басында режиссер Болат Ұзақов Мұқағали рөлін сомдауды Жанқалдыбек екеуімізге екі құрамда беріп жүрді. Кейін келе мен өзімнің бұл рөлді Жәкеңнің деңгейіне жеткізіп орындай алмайтынымды түсіндім. Сосын саналы түрде оны ойнаудан өз еркіммен бас тарттым. Бұл актерлік өмірде болған бір ғана жайт. Өмірде болған, қалың қазаққа танымал тұлғаны сомдау қай кезде де қиын дер едім. Себебі, оның көзін көрген адамдар бар. Театрға сол бір кездегі Мұқағалиын аңсап, сол кездегі оқиғаларын еске түсіріп қайтқысы келетін адамдар, ақын замандастары да жиі кездеседі. Ал солардың алдында кейіпкеріміз ойдағыдай шықпаса, сахнаның өзі үлкен сынға ұшырауы бек мүмкін. Бұл біріншіден. Екіншіден, Жанқалдыбектің деңгейінде сомдай алмағаннан кейін ақын аруағына қастандық жасалғандай болмасын деп өзімді тежеуге тура келді. Бұның дұрыс шешім екенін де ұғынамын.
– Кейіпкер сөзін ұмытып қалып, өз тарапыңыздан сөз қосатын сәттер көп шығар?
– Әлбетте, ондай сәттер өте баршылық. Мұндай жағдай екі қойылымның бірінде болып жатады. Әсіресе, көп ойналмайтын, айына бір рет немесе үш айда бір рет қойылатын қойылымдарда көп кездеседі. Аптасына алты спектакль қойылатын болса, соның барлығында ойнайтын болсаң, біреуінде қалың дәптерді толтыратын сөз жаттайсың. Сонда бір аптада алты қалың дәптерге татитын сөз жаттауға тиіссің. Барлығын жадымда сақтайтындай актердің басы компьютер емес. Үш айда бір болатын қойылымның сөзін дайындық кезінде қайталап аламыз. Бірақ бәрібір сол жағдай орын алады. Мұндайда аяқ астынан сөз тауып, суырып салмалық жасау қасиеті де керек. Сондықтан кейіпкерді өзімізше сөйлету орын алып жатады кейде. Дегенмен, жаттағанды толық айтып шығу міндет емес, ең бастысы қойылымның айтар ойы жоғалмаса болды. Себебі, келген көрермен айтар ойды өзімен бірге алып кетуі керек. Сахнада айтылған ой, сол сахнада қалып қоймаса дейміз. Сондықтан да, айтылатын ойды жүрекке жеткізу үшін ол ойдың да жүректен шыққаны абзал. Осы қағидатты қаперде ұстаймын. Содан болса керек, сахна сыртына шыққан кезде әріптестерім «Әуезовпен қосалқы автор болып кеттің ғой» деп күліп жатады.
– Дегенмен, сомдалған рөлдер ішкі болмысыңызға әсер ететіні анық қой?
– Әрине, әсер етеді. Сахна актердің күнделікті өмір-тіршілігіне де тәрбие береді. Кейде «өмірде кездесетін мынадай сәтте осылай жасаған дұрыс емес екен ғой» деп өзгеріп, мықты сабақ та алып жататын сәттер болады. Түйіндей айтсам, мені театр өнері көп өзгертті. Өйткені, қалада өскеннен кейін бала кезімнен орысша көбірек сөйледім. Сол кезде маған орыса да, кәрісі де бірдей болып көрінетін. Қазақ деген түсінік, ана тіліне қамқорлық деген болмайтын. Анығын айтқанда, бәрі қалыпты жағдай секілді байқалатын. Қазір қарап отырсам, олар сол кездің өзінде қазаққа үстемдігін жүргізген екен ғой. Ал біз оны солай болуы тиіс екен деп қабылдадық. Кейіннен, театрға келгеннен кейін ұлы адамдардың алдынан өтесің, олардың сөздерін санаға сіңіресің, ең ақыры ел мен жер көресің. Қазақстанды ғана емес шетелдерді де талай араладық. Мәскеуге бардық. Мәскеуде жүріп скинхедтерді көріп «неге олар осылай істейді? Неге бізге кері көзқараспен қарайды?» деген терең ойдың тұңғиығына бататынмын. Сондай жағдаяттар адамды өзгертеді екен. Өз жеріміздің иесі біз, қазақтар, Қазақстанның гүлдене дамуына ендеше ең бірінші қазақтар мүдделі болуы керек деген ойға келіп, өмірлік принциптер түбегейлі өзгерген кездер болды. Оның бәрі осы театрдың, киелі сахнаның, ондағы қойылымдардың арқасы.
– Орыс тілді болып есейдіңіз. Рөлдерді сомдауда қазақы иіс жетіспей жататын сәттер бола ма? Мысалы, «неге ауыл баласы болмадым» деген өкініш...
– Болып тұрады. Шындығында, дәл осы жағынан сахнада біраз тығырыққа тірелдім. «Кенесары-Күнімжан» қойылымын дайындаған кезде Болат Ұзақов ағамыз Кененің рөлін маған берді. Екінші құрамға берген жоқ. «Неге олай істедіңіз?» деп сұрадым да. «Мен хан Кенені сенен басқа ешкімге бермеймін. Себебі, сенбеймін» деді. Оның сенімін ақтағым келіп қатты тырыстым, барымды салдым. Бірақ, қатты қиналғаным, образға қазақы иістің жетіспеуі еді. Режиссер Болат ағамыз «Сенің болмысың келіп тұр, эмоция бар, бірақ қазақ пен даланың, жылқының иісі жоқ» дегені әлі есімде. Сол жағынан қиналғаным рас. Сол кезде «әттеген-ай, неге ауылда тұрмадым екен» деген өкініш кеудені кергені де рас. Өзімнің ауыл баласы болмағаныма, жылқының иісін сезіне алмағаныма қатты налыдым. Дегенмен, бойымда қазақтың қаны бар ғой деп өзімді қамшыладым. Ал одан кейін «иіс» шықты ма, шықпады ма білмеймін. Дегенмен, барлығы дұрыс болған секілді. Кейін театр фестивалінде хан Кененің рөлі арқылы «Үздік ер адам бейнесі» номинациясын да иелендім. Дегенмен, жүрек қазақ деп соғады. Дініліміз де, дініміз де қазақ.
– Сіз сомдауға құштар болған, ойнағыңыз келетін, бірақ «жеткізбей» жүрген рөлдер бар ма?
– Болашақта күрделі бір образға бет бұрсақ деген арманым бар. Жалпы, адам болған соң арман көп қой. Киноға келетін болсам, ертең соңымда із қалдырып, балаларыма «міне, мен сомдаған рөл, мен жасаған жұмыс» деп ауыз толтырып айтатындай картиналарға қатыссам деген ойым бар. Арман таусылмайды. Бірақ оған қол жете ме, жетпей ме? Бәрі уақыттың еншісінде.
– Қаллеки театры Мәскеуге барды. Өткен жылдары Түркияны тамсандырып қайтты. Сыртта жүріп қазақ театр өнерінің артықтығы мен кемшілігін өздеріңіз байқадыңыздар ма?
– Мен орыс театр өнерін біздікімен салыстыра алмаймын. Біріншіден, олардың театр өнері тарихы тереңнен бастау алады. Ал бізге бұл өнер орыстан келді. Ауылды жерлерде көркемөнерпаздар үйірмелері құрылып, кейін театр болған уақыт әлі бір ғасырдың ар жақ бер жағында ғана. Ал орыс театрының тарихы бірнеше ғасырмен астасып жатыр. Сондықтан салыстыруға келмейді. Түркиямен салыстырғанда біздің мектеп бөлек. Менің байқауымша, түріктер театрға мамандық ретінде қарамайды. Кәсіби тұрғыдан назар аудармайтын сияқты. Олардың спектаклін қарап отырып, тіпті күлкің келеді. Трагедия қойып жатса да, актер ретінде оны қабылдай алмадым. Жасандылық көп, іштей толғаныс жоқ. Образбен сәйкестіктің келетін тұсы тағы жоқ. Жаманды жаман, жақсыны жақсы қылып қана ойнайды. Осы шектеулі екі бояу түрік театрына тән. Арасындағы басқа бояулар мүлдем кездеспейді. Бұл жағынан келгенде біздің театрдың деңгейі әлдеқайда биік қой деп шамаладым.
– Театрды бәрінен бірінші орынға қоятыңызды айттыңыз. Актерлік шеберлікті өмірлік серігіңіз деп қабылдадыңыз ба?
– Иә. Өйткені, бұл театрдан кетем деп бірнеше рет оқталдым да. Кейде уақыт тығыз болып, бала-шағаны көрмей кетесің. Сондай кездерде көп уақытты театрдың алатыны рас. Бас кезінде осы театрдан кетем-ау деп үлкендерге барғанда олар «мұның дұрыс емес, саған кетуге болмайды» деп ескерткені де бар. Сол кезде сөзге тоқтадым. Қазір басындағы айтқанымның бекер екеніне әбден көзім ждетті. Бір-екі үш күн театрға бармасам өзімнен-өзім түңіліп, сахнаны сағынып кетемін. Әсіресе, сахнада бірге жүрген әріптес достарды сағынамын. Шынын айтайын, театрға бір енген адамның одан кете қоюы екіталай.
– Жаныңызға жақын, сізбен үндесіп жатқан әрі жақсы көретін кімнің образы?
– Рөлдердің бәрі жақсы. Актердің сомдаған рөлі іштен шыққан баласы секілді. Бір-екі ай бойы толғанып, оның образын ашқаннан кейін ол саған міндетті түрде жақын болып кетеді. Мен басқалардан бір табан жоғары қоятын рөл бар. Театрға алғаш келгенімде марқұм Әзірбайжан Мәмбетов ағамыздың «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» спектакліндегі Қозы образы менің жүрегіме жақын. Өкінішке қарай, бұл қойылым қазір қойылмайды.
Әңгімелескен Жанкелді ҚАРЖАН,Астана