27 сәуір, сағат 18:00-де Семей қаласында Абай атындағы Семей мемлекеттік қазақ музыкалық драма театр...
Мерекелік жаңа қойылым: қазақ халық ертегісі «Ер Төстік» Қуыршақ театрында
Бүлдіршіндердің бақытты сәттер құшағына еніп, қиялына қанат бітіретін қасиетті мекені Алматы қаласының Қуыршақ театры өз көрермендерін қуантудан жалықпайды. Балаларды тек қайырымдылық пен мейірімділікке үндейтін қойылымдар ғана емес, ой-өрісін кеңейтіп, жаңа заман тынысымен үндескен режиссерлік шешімдерге толы спектакльдер де театр репертуарына енуде. Кішкентай көрермендердің шығармашылық қабілетін арттырып, әлемді өзгеше көзқарас пен ерекше идеяларға толы етіп көрсетуге қауқары жететін қуыршақ өнері өз миссиясын орындауда түрлі тәжірибелер жасап келеді. Дәуір талабына сай күнделікті смартфондардан түрлі жат кейіпкерлерге көзі үйренген бүлдіршіндердің назарын жақсыға аударып, қызықты әрі тағылымды қойылымдар ұсынуды Қуыршақ театры өзінің басты міндеті санайды. Аталған міндетін махаббатпен орындайтын мөлдір мекен жаз мезгілінде демалыссыз жұмыс жасап, кішкентай көрермендерді жазғы демалыста да қойылымдарымен қуантпақшы. Сонымен қатар, репертуарда бұрыннан келе жатқан қойылымдардан бөлек, 6 шілде – Елорда күні мерекесіне орай қазақ халқының аңыз-тарихынан бастау алып, өз кейіпкерлерімен бүлдіршіндердің сүйікті ертегісіне айналған «ЕР ТӨСТІК» ертегісінің ПРЕМЬЕРАСЫН ұсынады!
«Ер Төстік» – қазақ ертегілерінің ішіндегі ең көне әрі батырлық үлгідегі туындылардың бірі. Мұнда қиял-ғажайып, батырлық жыры элементтері, тарихи-мифологиялық кейіпкерлер мен оқиғалар кездеседі. Қызықты әрі қатерлі оқиғалардан өте отырып, арманына жететін Төстік батыр мен оның жолдастары Көлтауысар, Желаяқ, Шапшаң, Саққұлақ, Шалқұйрық атты кейіпкерлермен өрбитін оқиға кішкентай көрермендерімізді ерекше әсерге бөлейтіні анық. Аталған кейіпкерлер арқылы өмірде де әрбір қиындықтарды оңтайлы шешуге көмектесіп, жанынан табылатын достардың болуына деген арманға бағытталады. Қуыршақ тілінде сөйлеп, театр сахнасына шығатын кейіпкерлер өздеріне сай мінез ерекшеліктерін тауып, балаларды ғажайыптар әлеміне куәгер етеді.
Халық ауыз әдебиетінің балалар үшін қызықты жанры ертегі болса, батырлық пен қайсарлық, адалдық пен адамдық ұштасқан бұл ертегі балаларды жақсылықтың жеңіске жететініне үйрететін қойылым болмақ. Табиғатпен үндесе отырып жазылатын ертегілер әдепті, еңбекқор, адал болумен қатар, ұлттық салт-дәстүрлерімізді терең танып, ғұрпымызды жаңғыртуға үлкен үлес қосары анық. Театр сахнасы арқылы ұлттық ой мен патриоттық сезімді балаға күштеп таңбай, ертегілер арқылы түсіндіре білу өте маңызды әрі үлкен жауапкершілік жүктейді. Ертегілер патшалығы саналатын қуыршақ театрындағы жаңа премьера бүлдіршіндірді тартымды әуен, қызықты әрі құбылмалы оқиға арқылы өз сырына қанықтыруға асық! Ендеше, тұңғыш астанамыздың іргетасы қаланған айтулы мереке күніне орай өтетін қойылымның тұсаукесерінен қапы қалмаңыздар! Балдырған шақ пен бала күндеріне саяхат жасағысы келген әр көрерменіміз мереке күні ұсынатын спектакльдің көрсетіліміне шақырамыз!
Бейбіт ӘЛКЕЕВА