Театрдың тууы, тұңғыш спектакльдер, репертуар және режиссура мәселелері1926 жылы қаңтарда ресми түрд...
Авиньон, сенде арман жоқ!
Авиньон – әйгілі провансалдық ақын, Нобель сыйлығының иегері Фредерик Мистраль жырына арқау еткен Рононың оң жағалауындағы Прованста орналасқан, Франция мемлекетіндегі көне қала. Ғасырды ғасырларға жалғаған Сен-Бенезе–саяхатшыларды бірден баурап алатын киелі көпір. Тарихи мекенде жетпіс екінші рет өткізілген «Авиньон» халықаралық театр фестивалі – әлемге есімін тағы да әйгіледі. Театр өнерін насихаттау және халықаралық мәдени байланыстарды дамыту мақсатында ұйымдастырылған фестивальдің негізін қалаған әйгілі француз актері және режиссері Жан Вилар. Дүниежүзінде фестивальдер саны көп және деңгейі әртүрлі. «Авиньон» фестивалі ірі мәдени жоба. Маусымдық мереке – әлем театрларының өнер алаңына айналды деп толық айта аламыз.
Авиньонда өткен алты күн!
Биылғы 72-ші мәрте өткен театр маусымында мың бес жүзден аса театр қойылымдары сахналанды. Үздік үлгілерден үлгі алуға, үйренуге талпынған әрбір театр өз ерекшеліктерімен дараланатынын естен шығарған жоқ. «Ұлы Дала театры» жобасымен Европаның ең ірі бес қаласын қамтыған гастрольдік турне өткізген «Astana Musical» мемлекеттік театры халқымыздың ең көне рухани мұраларының бірі «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклін апта бойы көпшілікке тағы да ұсынды. Ұлттың өзгеден ерекшелігі – төл әдебиеті, өз мәдениеті, салт-дәстүрі. Ұлттың дүниетанымы, болмысы, рухы осынысымен танылады. Бала күнімізде «Қыз Жібек» дастанын оқығанда кейіпкерлер бейнесін өз қиялымыздан табушы едік. «Қыз Жібек» фильмінен кейін Жібек, Төлеген, Бекежан бейнесі тек Мерует Өтекешова, Құман Тастанбеков, Асанәлі Әшімов секілді тұлғалар бейнесімен елестейді. Фильм «қазақ кино өнерінің төлқұжатына айналғанына» ешкімнің таласы жоқ. Экрандағы «Қыз Жібекті» қайталау да мүмкін емес. Классикалық туындыдан кейін «бейненің бейнесін» жасау үлкен жауапкершілік.
«Қыз Жібек» мюзиклі жаңашылдығымен құнды. Мюзикл – әртүрлі жанрдың біртүрге айналуы. Өнердің озығы. Батыста қанатын кең жайған бұл өнер көпшілік алдында қолма-қол көркем көрініс тудыруымен ерекше. Мюзикл – әркелкі әрекеттер әлемі. Сиқырлы сөз өнері, опера, хор, балет, қазіргі заманғы би ырғағы, ұжымдық би, фокус, акробатика – сахнаның ең сәнді көріністері. Өнердің осы түрін кейде қазақ театрының бастауындай көрінетін «Қоянды жәрмеңкесіне» ұқсатуға болады.
«Қыз Жібек» – төл мәдениетіміздің мөрі!
«Қыз Жібек» дастаны – «Қыз Жібек» фильмі, «Қыз Жібек» операсы, «Қыз Жібек» спектаклі, «Қыз Жібек» мюзиклі – өнердің әртүрінде өз өрнегін тапқан жауһар. Ұлттық құндылықтарымызды насихаттау бағытында жанрлардың ешқайсысы да жат болмайды.
Париж сахнасы. Француз жұрты. Қазақ мәдениетінен бейхабар, тілін түсінбейтін, жанын ұқпайтын жат көрерменге төл туындымызды түсіндірудің төте жолы қалай болмақ. Сахна шымылдығы ашылған сәтте арьерсценада орын тепкен «Дүние тірегі» ғұрыптық рәсім. Ағаш культі – ұлттық рух. Ағаш бұтағына ақтық байлау, ұлт дүниетанымынан бірден хабар береді. Киелі ағаш саясында тізе бүгіп, ғұрыптық киімде аспабын шертіп отырған қыз. Бай тембрлі, ғажайып сазды қасиетті қобыз үні, қазақ даласының мұңын жеткізгендей әсерге бөлейді. Халықтың рухани көсемі, көшпенділер өкілі қарт жыраудың сахнада малдас құрып, қолындағы қалың кітабына үңіліп, дастанды зор дауыспен тебірене оқи бастағанының өзі тыңдаушыны толғандырды. Жібек, Төлеген, Бекежан және басқа да басты кейіпкерлер сомдаған бейнелер көрермендерді бей-жай қалдырмады. Даланың көркі болған қазақ ауылы – сән-салтанаты, ойын-сауығы, ән мен жыры, өңшең шулаған жастар – жастық шақ адам өмірінің ең керемет кезеңі дегенді үнемі еске салады. «Қыз Жібек» және оның құрбылары, Төлеген және оның жігіттері, Бекежан нөкерлерімен сахнаны толтырып, топ болып жүретіні «жалғыздық құдайға ғана жарасқан» ұстанымындағы халықтың философиясынан хабар бергендей. Жібек пен Дүрия, Төлеген мен Шегенің айнымас достығы, қарым-қатынастарындағы шынайылықтарына риза жұртшылықтың көңілін жүздерінен аңғаруға болады. Төлеген мен Бекежанның қақтығысы, ер жігітке тән мінез, бітім, болмыс – бейтаныс көрерменге бас шайқатпай қоймайды.«Қыз Жібек» және оның құрбыларына сүйсінбеген жан жоқ шығар. Құрбыларынан үнемі оқшау көрінген «Қыз Жібектің» сұлулығын, көркіне көрік қосқан киімдерін сипаттаудың өзі бір ғанибет. Сапалы тігілген сахналық костюмдер, қойылымға арналған киімдердің тың үлгілері, әйгілі француз дизайнері Коко Шанельдің қолтаңбасын қайталамаған, сән әлемінде өзіндік салтанаты бар халықтың талғамының еш төмен емес екенін көрсетіп тұр. Қатал әке Базарбайдың өктем дауысы, ашуы, «батамды бермеймін» деп өз ұлынан бас тартуы, дала заңының қаталдығын растап берді. «Қамқа» бейнесі – өз ұрпағы үшін жанын шүбекке түйген ананың алаң көңілі, ащы зары тыңдаушыны тығырыққа тіреді. Әбден қиналаған көрермен көп кешікпей қайғылы сәттің орнайтынын сезіп, жанарларына жас үйірді. Төлегеннің өлгенін естіген Жібектің зары трагедиялық кульминация. Жарқыраған жастардың жайдарлы сәттерінен кейін жабырқаған жүздерін көру – өкініш пен өксік, жауыздық пен өлімнен адамзат баласының еш құтыла алмасын түсіндірген тұсы, көрерменді терең ойға батырды. Бекежанның қолына садақ алып, Жібегіне жылдам жетуге асыққан Төлегенді ту сыртынан атып құлатуы, қызғаныш деген қасиетсіз нәрсенің адамның бойына бітсе, кез-келгенді кез-келген мезетте бақытсыздыққа душар етпей тынбайтыны, жақсылықтан хабар бермейтін қарғалардың қалбалақтап сахнаға ұшып келіп, жамандықты жариялауы, қайғы жамылып отырған жұртшылықтың жүрегін тағы да тіліп өтті. Жібектің Бекежанға қарғыс айту сәті – қазақ тілінің құдіретін түсінген тыңдаушының сүйегін сырқыратты.
«Қыз Жібек» мюзиклін тамашалауға келгендердің (француздардың) бірден түсінгісі келетіні – қойылымның аты – көрерменнің қызығушылығынын еселейді. «Қыз Жібек» типтік образ. «Қыз Жібек» идеал. «Қызға қырық үйден тиым» қағидасындағы қазақ үшін «қыз» сөзі қасиетті. «Қыз» ұлттың келбеті, ұяты, ары. Талантты режиссердің дастан нұсқасындағы Жібектің әмеңгерлікпен Сансызбаймен отасуы, фильмдегі Жібектің өзін-өзі өлтіру оқиғаларынан алыс болуы, біріншіден Жібекті әйел ретінде қабылдамағаны. Жыр идеясы – қыздың лайықты жарға жолығуы, сүйген адамының шаңырағының шаттығы болу тілегі. Ол тілек орындалмады. Екіншіден, фильмдік нұсқа –Жібекті өлімге қимағаны. Режиссер ұстанымында, өлім – өнер үшін жат құбылыс. Қойылым соңында аппақ киіммен сәнденген Жібек пен Төлегеннің қол ұстасып, әлдилеген ән әуенімен көрерменнің алдына қайта шығуы, махаббаттың мәңгілік, ал өлім ұғымының өнер үшін өгей екенін түсіндіргісі келгені. Режиссердің тың тәсіліне ризашылық білдірген әр күндегі көрермен, әркезде де орындарынан тұрып, ұзақ уақыт қол соқты. Адамзатқа ортақ тіл – өнер. Театр тілі – әрекет. Сценарий, әу бастан қазақтың тілін білмесе де, жанын терең түсінгісі келетін көрерменге арналып жазылған секілді. Сөз қысқа, қарым-қатынас тәсілі әрекетке құрылған. Қойылымдағы би сахналары да өте ұтымды. «Жанбы ату», «Аққу», «Гәкку», «Былқылдақ», «Киіз басу» көріністері, қазақ жұртының дүниетанымына сай арман-мұраттарын бейнелейтін қозғалыс пен қимылдар жүйесі, ұлттың көркем ойының бір көрінісі. Би үлгісінің алуан түрін көрсеткен «Astana Musical» мемлекеттік театрының артистері өздерінің жан-жақтылықтарымен француз жұртын сүйсіндірді. Сахнадағы тағы бір көркем көрініс қазақ халқының сөз өнерінің табиғатын танытын хас өнер, ақындар айтысы. Екі топқа бөлініп, айтысып отырған қыз-жігіттердің бірін-бірі қолпаштап қайымдасуы, жиылғандардың ақындарды қолдап «шап», «әруақ», «әттеген-ай» деп бар дауыстарымен еркіндеп, екпіндегендеріне тыңдаушылар да елігіп, қатты –қатты қол соғып, қозғалыңқырап, домбыра дауысына, ырғағына тербеліп отырғандары, қасиетті қазақ сөзінің энергетикалық қуатын сезінгені деп түсіндік.
Қойылымның режиссері PhDдокторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Astana Musical» мемлекеттік театрының көркемдік жетекшісі, Асхат Максимұлы Маемиров.
«Авиньон» фестивалінің көркі – көше шеруі
Көше шеруі – көрермендерді қойылымға шақырудың бір жолы. Әр елден келген өнерпаздар ерекшеліктерін таныту үшін күніне бірнеше рет көне Авиньонның киелі көшелерін аралап, өнерлерін көрсетеді. Әртүрлі киінген театр ұжымдары мен жекелеген артистерден құралған «парад» – фестиваль пиары. Түрлі музыкалық инструменттерін асынып, бет-жүздерін жасырып маска кию, ұжымдарға ұжымдардың, өнерпаздарға өнерпаздардың қосылып, мереке ажарын айшықтай түсуін, нағыз карнавал деуге де болады. Фестиваль – өнер жәрмеңкесі. Өнерпаз өзінде жоқты алады. Өзінде барды береді. Шеру салтанаты өте қызық өтеді. Көше бойы көш түзеген әртүрлі театрлар кез-келген орынды өз сахнасына айналдыра алады. Аспан астында салтанат құрып, көше бойы дастарханы жайылған өнер мерекесін, халықтық мереке Наурыз мейрамына ұқсатуға болады. Француздар өте сергек халық. Тың дүниеге тез құлақ түреді. Жергілікті тұрғындар қол соғудан түк жалықпайды. Ызғып жүрген машиналар, аялдамаға асыққан автобустардың өзі артистердің жолын кеспей, тоқтап тұрады. Бағдаршамдарға бағынып тұрған көліктерге, жолаушы жолағына жүгіріп шыққан акробаттар түрлі ойындарын көрсетіп те үлгіреді. Өнерпаздарға ортақ тіл – өнер. Олардың бірін-бірі құрметтегендері – қолдарын жүректерінің тұсына қойып, күліп амандасып, күліп қоштасқаны. Жетпіс екінші рет құшағын ашып, ай бойы түрлі әуен, түрлі әнмен тыныстаған «Авиньон» аспаны өз өнерпаздарын жыл сайын күтеді.
Қойылымжәне көрермен
Көрермен – түрлі талғамның, өзіндік көзқарастың иелері, өнер туындыларын қабылдайтын қауым десек, шығармашылық ұжымның жұмысына, өнеріне баға беретін де, сыншы да осы көрермен. Авиньон тұрғындары мен қонақтары бір апта бойы «Қыз Жібек» мюзиклін тамашалады. Қойылымның алғашқы күні келген жекелеген көрерменнің, қойылымның соңғы күні қайта келіп отырғаны қатты қуантты. Әсіресе, егде жастағы көрермендердің біздің аудармашыларға бұрылып, «фольклорын сақтаған халық» деп таңдай қаққаны, төбемізді көкке көтерді. Париждегі турист қандастарымыздың, қазақ театры үшін Авиньонға ат басын бұрғандары, өнерпаздарымыздың рухын көтерді. Алғашқы күндері көрерменнің жас шамасы егделеу болса, соңғы күндері француз жастарының көптеп келуі, Қазақстанға деген, қазақ мәдениетіне деген француз халқының құрметі деп түсіндік. Осы сапарға арнайы тіктірілген «Кazakhstan», «Astana Musical» деген жазуы бар футболканы киіп жүрген біздің труппаға аэропортта, дүкендерде, көшелерлерде де «Кazakhstan», «Dimash» деп тамсаған француздардың көңілі, кеудемізге мақтаныш сезімін ұялатты, тіпті кейде көзден тамшының ытқып кеткенін де жасыра алмаймыз. Димаштың есімі әрқайсымыздың төлқұжатымыздай, қазақ деген елдің есімін, өзге елдің есіне тез түсірді. Париждің паң халқы Әміре атамыздың өнеріне де зор ықыласпен қол соғып еді ғой. Табиғаты қазақ халқына ұқсас, тілектес жұртшылықпен «қоштасудың қиын» болғаны рас.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» мақаласы «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы негізінде жүйелі жұмыстар атқарып отырған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне және «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына және төл мәдениетіміздің жанашыры, ұлттық өнеріміздің насихатшысы «Art Ambassadeurs» команиясына «Astana Musical» мемлекеттік театры және оның көрермендері атынан ризашылығымызды білдіреміз.
Жібек Бултанова,
филология ғылымдарының кандидаты,
«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы
«Astana Musical» мемлекеттік театры,
труппа меңгерушісі