Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 2023 жылдың 4-5 мамырында аса көрнекті ғалым, Мемле...
Айт-Ман. Кенжебайдың кені
Бүгін Ұлытау перзенті - ақын, жазушы, драматург, ғалым, аудармашы Кенжебай Ахметов 60 жасқа толды! Төменде досым туралы мақаламды ұсындым.
Бұла жастықтың қай қызығын, қай қылығын айтып тауысарсың?!.
1981 жылы ҚазМУ-дің филология факультетіне оқуға түскенімде, Кенже-Ахам – бүгін 60 асқарды асып өтіп жатқан прозашы, драматург, ақын, ғалым, ұстаз, аудармашы Кенжебай Ахметов 2-курстың тәлібі екен. Жасымыз қарайлас, мақсатымыз орайлас біздер баяғыдан бір-бірімізді іздеп жүрген жандардай арсалаңдап табыстық. Содан жастықтың жазғы бағындағы қайран күндер басталып жүре берген. Әрине біздікі құр сайран емес-тін.
Әсірелеп айтқаным емес, ол кезде көкірегі жүкті жігіттің бәрінің де арманы – Ұлт азаттығы-тын. Әр нәрсенің де пісіп-жетілетін уақыты бар ғой. Бізге де біз дүниеге келетін жылдары Мәскеуде Мұрат Әуезовтер құрған «Жас тұлпар», Кәмел Жүністегі, Зейнолла Игілікұлы бастаған ерлер құрған ЕСЕП(Елін сүйген ерлер партиясы) сықылды құпия ұйымдардың әрекеттері, олардың кейінгі күрделі тағдырлары туралы һікаялар шет-шепірлеп болса да жетіп жататын.
Оның үстіне – қаһарман Б.Момышұлының Алашорда қайраткерлері хақындағы әңгімелерінің әсерлері; М.Әуезов музей-үйінде Рахманқұл Бердібай, Мекемтас Мырзахметов, Мардан Байділдаевтардың ұйымдастыруымен жұма аралатып өтетін «Халық университетінің» дәрістері(біз сол жерде Ә.Х.Марғұлан, А.Ж.Машани, Ә.Кекілбаев, А.Сейдімбек тәрізді ғұламалардың лекцияларын тыңдадық); ұстаздарымыз Рымғали Нұрғали, Сейділдә Ордалиев, Ержан Бектұрғановтардың қаға берісте «осы қалайларымызға» сыбырлаңқырап айтатын құпия кептері; Асқар Сүлейменов, Өтежан Нұрғалиевтер сықылды «қиғаш бұтақтармен» аралас-құраластық, оның үстіне қазақ әдебиетіндегі 60-жж.-ғы соны сілкіністер мен тосын серпілістер: Т.Әлімқұлов, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, О.Бөкеев, Т.Әбдіков, Д.Исабеков т.б.-дың прозаларындағы астарлы ағындар мен поэзиядағы бұлқынған азаттық сарындар құлағымызға күйдей жағып, жүрегімізге майдай жұғатын. Тәуелсіздікке деген табиғи ұмтылысымызды осынау көл-көсір әсерлер байытқан үстіне байыта түскен. Мұның бәрі 1986 жылғы Желтоқсан жұлқынысының алғышарттары екенін ол кезде, әрине біз бағамдаған жоқпыз.
Кенжебай бір қарағанда, біртоғалау көрінгенмен, ақжарқын, әзілқой жігіт-тін. Бірақ біреуден ығуды білмейтін, өз дегені болмаса, басқаның айдағанына көнбейтін және мініңді байқаса, бет-жүзіңе қарамай турап тастайтын мінезі бар-тын...
Ол кездің тәр-тәртібі қазіргіден мүлде бөлек. Рас, маңдайымызға баяғы 20-жж.-ғы С.Есенин, А.Мариенгофтардың «Стойло Пегаса» сынды кафесі бұйырмаса да, таңдайымызға заманның зәһары тимей қалған жоқ. Біздің де сабақтан сытылып кетіп, жиі-жиі бас қосатын орталықтағы «Шолпан», «Думан» сауықханалары, «Ботаникалық бульвар», «Қазақфильм» сыраханалары сықылды мәжіліс орындарымыз болатын. Ол жерлерде уға бу қосылып, не бір қызу кептер шертілетін.
Әлбетте, арасында ұлтаралық қақтығыстар да болмай қалмайды. Бірде сенбі күні «тереңдегі шөл» қысып, Кенжебай екеуміз сәскеде журфактың 5-ші жатақханасындағы достарымызға барсақ, олардың «шөлі шыңырауда» болса керек, Кенже Жұмағұлов, сатирик Әлімбай Ізбаев(марқұм), ақын Қайрат Әлімбеков(марқұм) үшеуі «Қазақфильмге» таң атпай тартып отырыпты. Сөйтіп соңдарынан қуып 100-автобусқа мініп, «Алатау» совхозымен шектес жерден жаңадан ашылған суатқа жеттік.
Кіріп келсек, іші алатопалаң төбелес! Үшеуі кіл көпектің ортасында қалған көкжал бөрі құсап, жүндері қомпайып сырахананың төрінде айбат шегіп тұр. Біраз мұш жеп түйтеленіп қалғандары көзге ұрады. Он бес шақты жергілікті орыстар есік жақты бітеп қоршап алған. Алдымызда төртпақ денелі, құж желке біреу оларға қарап жұп-жуан білегін білеп тұр. Ойланатын уақыт қалмаған, Кенжебай екеуміз бірдей әлгі құж желкенің құлақшекесін көздедік. Біздің жұдырық оны сілейтіп түсіре алмады, бірақ тосыннан келген тың күш әлгілерді абыржытып-ақ тастады. Кейін білдік, әлгі төртпақ жұдырықшы «Пономарь» аталатын сол аймақтың «атаманы» екен. «Атаманды» ойлайтын уақыт бар ма тар жерде, не де болса, кетті жұдырық «қыдырып». Сол кезде үш аршылан да жолдарында тұрған орыстарды құлаштай ұрып қоршауды бұзып шықты-ау! Біздің екеу-ақ әрі шағын денелі жігіттер екенімізді көргесін орыстар дүрлігіп соңымыздан ұмтылды. Төбелестің арты тас сыбасуға ұласты. Олар артымыздан ере алмады, біз қайтып бара алмадық. Төмендегі «Дәуіталының сыраханасынан» сарық бастық...
Ұстазымыз Қадыр Мырзалиев бірде сыр қылып айтқан: «Студент кезім. Әлдебір сылтаумен бір жолы қатты іштім. Ертесіне өзімді өзім оңдырмай сөгіп, пәтерге шығып кеттім. Содан кейін жатақханаға жоламадым. Ол менің шығармашылық жұмысымды тұрақты жүргізуіме ұласты...» деп. Кенжебай екеуміз де бір күні «қоршаған ортамызға тақымымыз толмай», «таза шығармашылықпен айналысу үшін» «Гвардейский» көшесінен пәтер жалдадық. Ең ыңғайсыз жері, «жылы орындарыңды суытып қайда барасыңдар?» деген жанашыр достарымызға томсара қарап, томырық мінез көрсетіп кеткеніміз еді...
Пәтердегі алғашқы түн әсерлі-ақ болды. Екеуміз кезекпе-кезек келешек шығармашылық жоспарларымыз туралы қызу-қызу пікірлер айтысамыз. Алайда келесі күні-ақ әлгі қызуымыз суи бастасын. Үшінші түн өте көңілсіз болды. Көжемізді үнсіз іштік. Жатақханадағы дулы өмір жүрегімізді әбден баурап алғанын ұқтық. Сонымен сабақтан соң сәл қысылған кейіппен 8-жатақхананың босағасынан ене бердік. Бізге «неге келдіңдер?» деген пенде жоқ, судай сіңіп кете бардық. Қысқасы, пәтерге бір айға деп төлеген ақшамызды қайтарып алуға да бармадық...
Шынында «айналысам» деген талантты адам жатақханада да жаза алатын. Студент кезіміздегі өлеңдеріміздің көбі сол құттыханада дүниеге келді. Кенжебайдың тұңғыш әңгіме-новеллалары «Құтты қонақ», «Жындыкөбелек», алғашқы хикаяты «Жортуылбасы» сол 8-жатақханада жазылғанына куәмін. Бір қызығы, «Тіл-әдебиеті факультеті» деп аталғанмен, бізде сол кезде әдебиетке мүлде қатысы жоқ студенттер тым көп оқитын. Университетте, тіпті, өз аудиторияларымызда өтіп жататын тірі классиктермен кездесулерден тырағайлап қашып кету үйреншікті жағдай-тын. Оның себебі, әйтеуір жоғарғы оқу орынының дипломы керек болғасын, бәлкім, тіл-әдебиетін «жеңіл оқу» деп есептегесін түскендердің көптігінен шығар деймін. Әрі ол кезде оқуға парамен түсу барынша етек алған. Басқа «дәрежелі» факультеттерден гөрі филфактың парасы «қолжетімдірек» болса керек...
Сондықтан әлгі әмейі топтан шынайы әдебиетсүйерлер тілсіз ұғысып, өзара оқшауланып шыға келетін. Менің өз басым, замандас прозашыларға үлкен құрметпен қарадым. Журфакта Жүсіпбек Қорғасбеков, Жаңабек Шағатаев, Есжан Айнабековтер, филфакта Кенжебай Ахметов, Нұрлан Қамиев, Ермек Аманшаевтар проза жазатын. Мен олардың әрбірінен болашақ Кекілбаев, Мағауин, Бөкеев, Әбдіковтерді көргім келетін. Әрине олар әлгі мен көксеген тұлғаларға ұқсамаса да өмірдегі өздерінің ұстанымдарына адал болып қалды дегім келеді. Тек Есжан ғана өз отына өртеніп, ерте кетті өмірден...
Кенжебай студент кезінде өлең жазбайтын, бәлкім, жазса да білдірмейді. Оның бұл жанрда тарлан ашқан тұсы кейін. Мен тым салдыр-салақ едім. Жазған жырларымның өзі көп жоғалатын. Соларды Кенжебай тырнақтап жинап жүретіні есімде. 1985 жылы көктемде поэзия корифейі Ә.Тәжібаевтың батасымен «Жалын» журналына жарияланған топтамамды осы Кенжебай жинап берген. Бұл жарияланым мені әдеби қауымға ғана емес, күллі қазақтілді жырсүйерлерге недәуір етене етті.
«Жортуылбасы» демекші, қаламгердің үшбу хикаятының өзі-ақ әдебиет аулына қандай жазушы келгенін әйгілеген шығарма-тын. Алайда авторды баласынды ма, сол кездегі беделді басылымдар жариялай қоймады...
Оқу бітіріп елге кеткен Кенжебаймен сонау «балапан басына, тұрымтай тұсына» дейтіндей топалаң жылдарда қатынасымыз үзіліп қалды. 2000 жылдардан бастап қана бір-бірімізден хабар-ошар келе бастады. 2008 жылы қара күзде Семейдегі Шәкәрім қажының 150 жылдығына орай өткізілетін шараға көлікпен кетіп бара жатып Жезқазғанға, ондағы талай жыл көрмеген досыма соқтым. Сол жолы Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл кесенелерінен бастап Жыландыдағы Балмағамбет Балқыбайұлының бейітіне, «Едіге-Тоқтамыс» тауына шейін барып, Ұлытау өңірін шарладық-ай. Сан замана ішімізде шеменденіп қалған сырларды алғаусыз бір ақтардық-ай! Сөйтсем, Кенже-Ахам осынау жылдар ішінде құр жатпапты. Оның кескекті драмалары Жезқазған театрында үздіксіз қойылып жатыр екен.
Бір кезде ұлы Мұқағали бір бөлімін аударған Дантенің «Құдіретті комедиясынан» бастап, Бокаччоның «Декамероны», Л.Толстойдың «Арылуы», А.П.Чехов пен С.Цвейгтің шығармалары, М.Булгаковтың «Ит жүрегі» т.б. әлемнің ғажайып шедеврлері Кенжебай қаламынан қазақша сөйлеп жатыпты және сөйлегенде қандай?! Кенжебай тәржімаларын ізеуірлеп отырып, төл шығарма оқығандай тәнті боласың. Мұндай жатық аудармалар – әдебиеттің ғана емес, ұлттың олжасы десем, әй, шығай маңбаспын...
Қаламгердің, ғалымның, ұстаздың әр қырына, азаматтық кейпіне арнайы ғалымдар-әдебиетшілер, замандастар тоқтала жатар, мен бұл жолы оның бір ғана шығармасының бір ғана қырына тоқтала кетуді жөн көрдім.
«Алағай да бұлағай бір дүние» хикаяты автордың әбден кемеліне келгенін әйгілейтін туынды. Жасаған Ие тал бойына таңғаларлық өнер сыйлаған жанның тар заманға тап болғандағы трагедиясы көкірегіңнің көбесін сөгіп жіберердей... Кейіпкердің есімі де – Бұлан. Есімінің өзінен-ақ «Бұлан да бұлан, бұлан сан, – Бұланның санын оқ тесер...» деген Баба-Сарын санаңда бабаурап қоя берердей... Сарыарқаның төріне ақ отауын енді тігіп, шаңырағынан түтіні түзу ұша бастаған қайран өнерпаз қайынжұртының аулында «қызыл» кәзаптардан қашып бара жатқан «ақ» казактардың қолына түсіп қалады. Жолбасшы болудан бас тартқаны үшін оны кәпірлер айдалада «ақтап» кетеді. Қалған 80 жастан асқанша сүрген бұлдыр үміт пен тұлдыр күдікке жем болған зая ғұмыры, кезінде мұны өлдіге балап, жары Бибіні әйел қылып алған інісі Құланның үйінің маңында өтеді...
Прозаны көркем ете түсетін бір тәсіл – ұтымды детальмен әрлеу. Орыс прозасындағы Н.Гоголь, А.Чехов шығармаларынан танымал бұл тәсіл Б.Майлин, Т.Әлімқұлов, Ж.Нәжімеденов, А.Сүлейменов, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Д.Исабековтер прозаларында айырықша көзге ұратын. Кенжебайдың аталмыш хикаятында бұл әдеби тәсіл еш зорлықсыз, табиғи таңбалануымен құнды...
«...Тома екен… Қара жерге өз қолымен табыстап, топырағын табанымен таптағандай етiп құштарлана көмiп қайтқан Тома! Табытқа саларда кигiзген киiмдерiн де ауыстырмапты. Маңдайын бастыра ораған қара шәлiнiң астындағы оң қабағынан сыздықтай құлаған қошқыл қан езуiне iркiлiп қалған. Көгiлдiр көздерiнен ұшқын шаша, мүсiркей қарап, зәрлене күледi...
«Ендi серiксiз болмайсың. Мен жүремiн қасыңда. Әдейi келдiм сол үшiн! Қашпа менен! Қашқақтама! Құтылмайсың бәрiбiр, көлеңкеңдей қыр соңыңнан қалмаймын», – Тома қол созып жақындай түскен. Қарауытып көрiнген қара шәлiнiң аумағы ұлғая бердi...»
Қаламгер Бұланның жантәсілім сәтіндегі хәлін машинаға сүйретіліп өлген қаймана Томаның қара шәлісінің «аумағының ұлғаюы» арқылы берген.
«Сұр жыландай сырғыған сұм жалған-ай!… Қолыңнан келсе, көрсетшi маған бауырыңда булыққан қуанышым мен қайғымды!..
Жылан жылдар аударылып түстi…»
Мұны оқығанда, «аударылып түскен жылан жыл – жүз жыл адам көзіне түспей зорайған аждаһаға, аждаһа – мың жыл пенде назарынан тыс жерде жетілген жуһаға айналып, үскірген лебі мен ысқырған демі жүрегіңді қарып жібереді. 20-шы, 30-шы, 40-жылдары қазақты ұрғынымен һарап қыла жаздаған түпсіз құрдым келеді көз алдыңа...
Міне, байдың ерке қызы ару Бибі өзінің сүйікті тұмасының басында отыр. Ол бұл тұма-айнадан мінсіз бәденін ғана емес, мұңсыз болашағын да көретін бұрын. Ал бүгін ше? «Бибiнiң тәттi қиялы «шолп» еткен дыбыс пен iле бетiне тиген сұп-суық тамшыдан оқыс бөлiндi. Селт еткен Бибi секемдене жан-жағына қараған. Әлгiндегi мөлдiреген бұлақ суы демде бозаң тартыпты. Бұлақ ернеуiнен топырақ шаша шоршыған сұрқай бақа қылаусыз сұлулықты қызғанғандай мазасыз тырбаңдайды.
– Түу, бәлекет-ай!..
Кенет әлденеден бойы тоңазығандай дiр ете түстi. Ұялы жанардан үзiлiп түскен қос тамшы жарыса сырғанап, ернiне тиген екен. Алғаш бiлдi – көз жасы кермек татиды екен-ау…»
Бұл жердегі арудың тұнығын ылайлаған сүйкімсіз бақа алдан келер жайсыз оқиғалардың ишарасы ретінде берілген...
Ары кеттік. Сүйгенін алып қашқан Бұландар нағашысының аулынан аттанғанда, тарғыл мысық алдарын кесіп өте береді. Жолаушылар тіксініп қалған. Кенет ақ тазы әлдеқайдан ағып шығып, мысықты қорысқа қарай қуа жөнеледі. Күрт көңілденген Бұлан сүйгеніне былай дейді: «Мынау бiр жақсы ырым болды-ау, Бибi. Тырнағын iшке бүккен тарғыл мысықты адамның адал серiгi ақ тазының қуып жетiп, жәукемдеуi – жамандықты жақсылықтың жеңуi ғой… Ендi бiзге қорқыныш жоқ. Қатал әке қаһарының зәрi сынған екен шынымен, – деп Бұлан әзiлдей күлдi де, тiзгiн қағып, жүрiсiн үдете түстi. Қайтып мойын бұрған жоқ. Мойын бұрса, ши түбiн тiмтiнiп қала берген ақ тазыны, шөп арасымен көрiнер-көрiнбес боп керi зымырап бара жатқан тарғыл мысықты байқар едi…»
Қандай ауыр ишара?! Бұдан соң оқырман қос бейбақтың тағдыры қалай құбыларын тылсым түйсікпен сезіне бастар...
Көкірегін өнердің «жыны» буған Бұлан аманат-жанын Алласына бергелі жатыр. Кенет қаракөлеңке бұрыштан құмыққан әлсiз ызың шықты.
«...Бұлан қарт елегiзе құлақ тiктi. Сол сәт бұрыштағы домбыраға жан бiткендей ызың-ызың үн қосты.
…Ыз-зың-зiң-зың-ң-зың-қ…
«Қасиеттiм-ай!.. Киелiм-ай!.. Иеңдi iздеп қалдың ба? Iздей түс! Iзде…»
Жылдар жылымына жұтылып, талайдан берi тар шанаққа тығылған қасiрет күйiн тұншықтыра беруге бүгiн дәрменi жетпедi ме, яки шектi бойлай дамылсыз жүгiрген қара шыбынның ермегiне айналғанына назаланды ма, қоңыр домбыра ызың-ызың өксiдi…»
Қоңыр домбыраның шегіне шыбын қонғанда шыққан құмыққан үні сенің де өзегіңе өксік болып тығылардай. Бұланмен бірге біржола көшетін Киенің, енді тұтанбастай өшетін Қасиеттің үні ол...
Міне, шығармашылық кемелдіктің бір сыпаты біздің бағдарымызша, осылай танылды. Әрине мақала көлемі көтермейтіндіктен шығарманың басқа қырларына һәм жазушының өзге туындыларына тоқтала алмадық.
Кенжебай Ахметов дәл қазір нағыз толысқан шағында. Ақжелең жастықтан бері тіні бөлінбеген, жігі ажырамаған тілеуқор досы ретіндегі бір өтінішім: енді жұлынды роман дүниеге келтірсе екен! Оған оның шама-шарғасы толық жетеріне еш күмәнім жоқ. Кені сарқылмас Ұлытаудың перзентінің көкірегіндегі кенінің де қат-қат болып тұрғаны шәксіз...
07.02.23 ж.
Көздіойық қонысы
Маңғыстау уәлаяты.
Мәдениет порталы