Абай туралы ең көп айтылатын сөз қайсы? «Абайдың қозғайтыны – іштің қайғысы». Байқ...
Мұндай форум жарты ғасырға жуық уақыттан кейін қайта өтіп отыр - А. Мұхамедиұлы
ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты халықаралық әдеби форумында сөйлеген сөзі
Қадірменді әдебиет сүйер қауым!
Құрметті Форумға қатысушы қонақтар!
Ағымдағы жылдың ең ірі әдеби жобасы «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты Еуразиялық әдеби форумына қош келдіңіздер!
Қазақ әдебиетінің бүгінгі қал-ахуалы баршамызды алаңдататыны даусыз. «Ел әдебиетін қайтсек әлемге танытамыз?» деген мәселе баршамызға ортақ.
Ендеше түрлі мемлекет өкілдерімен мәдени және әдеби байланыс орнату мақсатында өткізіліп отырған бүгінгі шараның орны ерекше.
Тарихқа көз жүгіртсек, мұндай ауқымды шара елімізде соңғы рет 1973 жылы өткен. Араға жарты ғасырға жуық уақыт салып ел ордасы - Астана Форум қонақтарына құшағын айқара ашып отыр.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өтіп отырған Форумға Еуразия құрлығының белді қаламгерлері шақырылған. Өз кезегінде жаңа замандағы әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерін ел ордасы – Астанада қарсы алу ұлтымыз үшін үлкен абырой және зор жауапкершілік!
Осы ретте, Мемлекет басшысының «Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» деген қанатты сөзін тағы бір еске алуды жөн көріп отырмын.
Бүгінгі шара, мәдениетіміз бен әдебиетімізді әлем жұртшылығына таныстыру үшін берілген бірден-бір мүмкіндік.
Осы орайда, Мәдениет және спорт министрлігінің атынан және өз атымнан Форумның өтуіне атсалысқан, еліміздегі ең алғашқы және ең ірі шығармашылық бірлестіктердің бірі – Жазушылар Одағына үлкен ризашылығымды білдіргім келеді.
Форумға қатысушыларға және оның жұмысына сәттілік тілеймін. Назарларыңызға рахмет!