ЖЕТІСТІК КЕПІЛІ – ЖОСПАРЛЫ ҚАДАМ

Жаңалықтар
1990


Қазіргі таңдағы басты мақсаттың бірі - төрт түлік малды құраған берекелі елге айналу болар. Сонау қазан төңкерісі мен кейінгі кеңес кезіндегі мал басының қарасы бүгіндері – әрине, жоқ. «Қойды Аустралиядан, астықты Канадан тартамыз!» деп шалықтаған күндер де ұмыт болды. 

Осы орайда уақыт күттірмейтін «Қазақстан Республикасының Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы» дүниеге келуі де заңдылық.

Ағымдағы жылдың 7 айының қорытындысына зейін салсақ: ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,3 триллион теңгеге жетіп,  2017 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 12,5%-ға өсіпті. 

Осы өндірілген өнімнің үштен бір бөлігі Алматы және Түркістан облыстарына тиесілі екен. Бұл жалпы өнімнің 32%-ын құрайды деген сөз.


Мал етін экспорттау


Ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, сыртқы нарық та еліміздің дамуына оң әсер ететіні сөзсіз. Осы орайда 2018 жылы 15,0 мың тонна ірі қара мал етін экспорттау көзделген. Олар Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабия Корольдігі, Катарсияқты елдерге және ЕАЭО, Орталық Азияға  жөнелтілмек. 

Мал етін экспорттауда етті асыл тұқымды ірі қара малының рөлі айтпаса да түсінікті. Елімізде осындай малдың 704,6 мың басы бар. Немесе бұл жалпы мал басының 11 пайызы деген сөз. 

Өткен жылы бұрынғыға қарағанда мал өсімі 15,2% көбейіп, 6745,4 мың басқа жетіпті.  Сол кезде сыртқы нарыққа шығарылған мал еті 5,5 мың тоннадан артып, 90% Ресейге, қалғаны Қиыр Шығыс, Батыс Еуропаға және ТМД мемлекеттеріне экспортталыпты. Соңғы уақытта Қытай Халық Республикасы да біздің отандық өнімімізге қызығушылық танытуда.


Бағдарлама аясы


Қабылданған бағдарламаға сәйкес тұлғалы тұжырымдар түзіліп, келешек қадамдардың айқын жоспарлары шегеленген. Ендігі кезекте етті мал шаруашылығына аса зейін қойылғалы отыр.

Осы орайда асыл тұқымды өнім сапасын арттыру мақсатында жан-жақты қолдау мен бақылау жұмыстары арта түспек. Асыл тұқымды малды асыраудағы материалдық-техникалық базасын жоғарылатып, селекция,  репродукторлар өнімін сапаландыру және асыл тұқымды жануарларды сатып алуға деген ынтаны ояту қолға алынады.

Мал тұқымын жақсартумен қатар оны бордақылау ісі де маңызды. Осы негізде фермерлік және қосалқы шаруашылықтарда асыл тұқымды бұқалар ұстап, тұқым жаңғырту міндеттелінеді.

Сондай-ақ мал сатып алуда да жеңілдіктер қарастырылып, жеке инвесторлар тарапынан мал саудасы инфрақұрылымы жетілдіреді.


Мал өнімдері   

      

Сүт өндіру жолында да отбасылық және өнеркәсіптік сүт-тауарлы фермаларын ашуға қолдау көрсетіліп, оны механикаландыру да қарастырылған. Бұл жерде де селекция  мен асыл тұқымдық репродукторлардың сапалы және мол өнім алуға әсері зор екені ерекше ескерілген. 

Келешекте қой шаруашылығында: қозы еті мен биязы жүн өндірісі басым бағытқа ие болмақшы. 

Қозы етінің үлесін ұлғайту үшін малды жыл бойы төлдету мен өсіру технологиясы қабылданады. 

Жүн өндірісін жолға қою үшін биязы жүнді тұқымдық қошқарлар ұстап, оның селекциялық-асыл тұқымдық жұмысын жақсарту жобаланады. Бұл ретте ауыл кооперациясының әлеуеті арта түсіп, биязы жүнді бастапқы өңдеумен шұғылданатын кәсіпорындарға да серпіліс келеді деген ой бар.

Сондай-ақ өзге де түліктермен қатар құс, бал, марал шаруашылығы сияқты салаларға да жеткілікті көңіл бөлінеді.

Қаққан қазығың жасыл желекке айнала жөнелетін қасиетті жеріміз - жан-жануардың ешбірін өгейсітпей, «бір тал жусанын» аналық ниетпен бұйыртар. Алайда, көздеген биік межелерді алуға - осындай тегеуірінді, талданған айқын жоспарлар ғана кепіл бола алатыны күмәнсіз.



З. Самалбекұлы


Жаңалықтар

Жаңа адамдар Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті деканының қызметтен босатылуын...

Жаңалықтар

Оқиға Есет батыр шағын ауданында болған. Ойын баласының аулаға жүгіріп шығып, көлік астына түскен сә...