Заманауи балет бағытындағы спектакль екі апта бойы өткен Орталық Азия би фестивалі аясында дайындалғ...
Баланың суретін төлқұжатқа жапсырмайды
Шет елдерге түрлі себептермен жол тартатын ата-аналар балаларының суреттері мен олар туралы мәліметті төлқұжаттарына жапсырып, оларды өздерімен бірге ертіп жүре алатын. Яғни, осы кезге дейін солай болып келді. Бірақ, 2019 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап бұл жағдай өзгеруі мүмкін. Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарына сәйкес, шет елге шығатын балаларға жеке төлқұжат алу міндеттелмек.
Бұл жағдай әлемдегі терроризм мен экстремизм қаупіне байланысты көптеген елдердің өз шекараларын нығайтып, шекарадан өткізу тәртібінің қатаңдауына байланысты туындап отырған сыңайлы. Атап айтқанда қазіргі таңда көптеген елдерде жеке тұлғаны растау үлгілері жетілдірілді. Төлқұжатта цифрлы фотосуреттермен қатар саусақтың таңбасы, көз шарасының кескіндемесі көрініс табатыны рас. Сондай-ақ, 16 жасқа дейінгі балалардан жеке төлқұжат талап ететін мемлекеттер де аз емес. Бұған Еуропа елдерін мысал ретінде алсақ та жеткілікті. Олар мемлекеттік қауіпсіздікті алға тартып, өз шекарасына кіретін барлық азаматтан (оның ішінде бала-шаға да бар) төлқұжат талап етеді. Бұл орайда біздің елден Еуропаға не АҚШ-қа сапар шегетін жолаушылар 16-ға толмаған балаларына жеке төлқұжат жасаттырады.
Бірақ, барлық ел баладан төлқұжат талап етпейтін болғандықтан, басқа да шет елдерге шығатын ата-аналар өз балаларының суреті мен олар туралы мәліметтерді төлқұжаттарына жапсырып, аталмыш елдердің шекараларынан емін-еркін аттап жүр. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, бұл жағдай 2019 жылдың 1-қаңтарынан бастап өзгеруі мүмкін. Ішкі істер министрлігі «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізбек. Министрлік 16 жасқа дейінгі балалар шет елдердің кез-келгеніне шығатын жағдайда төлқұжат алуды міндеттемек.
Айта кетейік, биылдан бастап елімізде төлқұжат бағасы былтырғымен салыстырғанда екі есе қымбаттады.
А. Сейілова