Ақын Тоқтарәлі Таңжарық ақын әрі журналист Серік Боқанның көз жұмғанын айтты, деп хабарлайды madenip...
Мәулен ӘШІМБАЕВ. "ОЙДАҒЫ ІСТІҢ ОРАЙЫ КЕЛДІ"
Бүгін көптен бері ойымда жүрген істің орайы келіп, Төлен Әбдік, Алдан Смайыл, Ұлықбек Есдәулет ағаларым бастаған Қазақстан Жазушылар одағының мүшелерімен және еліміздің зиялы қауым өкілдерімен кездестім. Басқосуда Елбасы Жолдауындағы басымдықтар, оларды халыққа түсіндіру бойынша бірлескен жұмыс бағыттары, бүгінгі әдебиетіміздің ахуалы, жас ақын-жазушыларымызға қолдау көрсету сияқты мәселелерді қозғап, пікір алмастық.
Өздеріңізге белгілі, Жолдауда Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын әрі қарай жалғастырып, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет екенін айтқан болатын. Бұл – әрине, еліміздің руханиятына, соның ішінде әдебиеті мен мәдениетіне жасалған үлкен қамқорлық. Сол себепті де Елбасының ұсыныстарын ақын-жазушылар қызу қолдап отыр. Сондықтан Жолдауда көрсетілген міндеттердің маңызын халыққа түсіндіру жұмыстарынан олар да тыс қалмайды деп сенеміз.
Жалпы соңғы айларда «Нұр Отан» партиясы өз қызметін жаңғырту аясында көптеген жаңа жобаларды қолға алып, жүзеге асыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Соның ішінде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша да бірқатар бастамаларымыз бар. Енді сол жұмыстарымызға ақын-жазушыларды қолдауға бағытталған төрт бірдей жоба қосылып отыр.
Атап айтқанда, партия жас ақын-жазушыларымызды ынталандыру мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әдеби байқау өткізбек. Соның нәтижесінде 5 номинация бойынша 15 қатысушыға жүлде тапсыруды көздеп отырмыз. Сондай-ақ Жазушылар одағымен бірлесіп «Астана» телеарнасынан көрсетілетін арнайы телебағдарлама дайындау ісін қолға алмақпыз. Бұл тележоба форматы мен мазмұны жағынан ақын-жазушыларымыздың заманға лайық жаңа мінбері болмақ. Үшінші жоба – YouTube-те арнайы канал ашып, көрермендерге идеологиялық, тәрбиелік сипаттағы көркем дүниелер ұсыну. Ал төртінші жоба партиялық бастамалар аясында қайта жаңғыртылған кітапханаларда ақын-жазушылармен кездесулер, түрлі шығармашылық кештер өткізетін арнайы клубтар құру. Мұның барлығы рухани жаңғырудың құндылықтарын дәріптеп, елді ортақ мүддеге ұйытуға бағытталған бастамалар. Оларды жүзеге асыру кезінде бүгінгі басқосуда айтылған пікірлердің ескерілетінін атап өткен жөн.
Бүгін осы жобаларды бірлесіп жүзеге асыру үшін және әрі қарай да қоян-қолтық жұмыс істеу мақсатында «Нұр Отан» партиясы мен Жазушылар одағы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Бұл құжатты Елбасының зиялы қауымға, жалпы қазақ әдебиетіне көрсетіп отырған қолдауының нақты нәтижесі деп қабылдауымызға әбден болады. Сондықтан барша жас ақын-жазушыларымызды осындай мүмкіндіктерді мүлт жібермей, аталған жобаларды жүзеге асыруға белсенді түрде қатысуға шақырамын.
madeniportal.kz