​КҮШТІГЕ ҚУАТ, ӘЛСІЗГЕ СҮЙЕУ

Жаңалықтар
1748

Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болдық деп қуанғанда, ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан жасалатын қолдауға шектеу қойылады дегенді естіп, тосылып қалғанымыз да рас. Әлімжеттінің үкімі дүрілдеген мынадай алмағайып заманда, әр ел өз көрпесіне қарап көсілгені де дұрыс-ау. Осы орайда Қазақстан Республикасының Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған Мемлекеттік Бағдарламасы өз саясатымыздың басымдығын аңғартады.

Соңғы жылдарға жасалған сараптама негізінде өмірге келген бұл құжат - еліміздің ертеңге басар анық қадамдарының кепілі. Мемлекеттік қолдаудың басты бір тетігі – субсидиялау болып табылады. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудағы субсидия тиімділігін көтеру мақсатында оның өлшемшарттары мен нормативтерінің айқын нұсқалары қолданылатын болады. Яғни, өнімнің басымдыққа ие түрлері мен оны өндірудегі өндірістік шығындарды жеңілдетуге жұмсалады.

Өсімдік шаруашылығына қатысты айтар болсақ, өнімді өсірумен қатар, қайта өңдеудегі субсидиялауға өзгеріс енгізудің көздегені - жаңа технологияларды әкелу болып табылады. Бұл дегеніміз, сапалы тұқым, минералды тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау амалдарын пайдалана отырып, өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарына қол жеткізу арқылы өнім түсімі мен сапасын арттырып, өндірісті өркендету. Осындай шаралардың арқасында қайта өңдеуші саланың қуаттылығы толық пайдаланылып, қосылған құны жоғары экспорттық тауарлар үлесі көбейеді. Бұл өз кезегінде өсімдік майы мен қанттың импорттық үлесін азайтуға мүмкіндік береді.  

Минералды тыңайтқыштар турасында да субсидия тағайындау әдістері өзгертіледі. Тыңайтқыштар мен пестицидтердің шыққан еліне қарамастан, теңгелік абсолюттік нормативті қолдану арқылы бағаның негізсіз жоғарылауы тәуекелдерін төмендетіп, қолжетімділік пен оның ассортиметін кеңейтуді қолға алады. Сондай-ақ тек тыңайтқыштар ғана емес, инсектицидтерді, фунгицидтерді, дефолианттарды және пестицидтердің басқа да түрлерін субсидиялау бойынша арнайы заңнамалық қағидаттар енгізілетін болады.

Өзгерістер тұқым шаруашылығына да оң әсерін тигізетін болды. Бірегей және элиталық тұқымдарды қолдау жаңа жолға қойылады. Сонымен қатар, субсидиялау бойынша жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің элиталық көшеттеріне аса назар аударылмақшы.

Осы орайда дәнді дақылдарға бағытталған субсидия тәртіптеріне өзгерістер енгізіліп, бұрынғы қолданыстағы кейбіреулері алынып тасталады.

Азықтық дақылдар, мақта, күріш және жабық топырақ көкөністері үшін базалық субсидиялар орнынша қалып, 1 гектарға арналған субсидиялау жалғаса береді.

Сондай-ақ жылыжайларға байланысты субсидиялаудың екшелген  тәсілдемесін пайдаланып, гектарлық субсидиялау тетігі өзгеріске түседі.

Кооператив жүйесі арқылы өнім өндіруге ынта туғызу үшін өндірістің нақты көлеміне орай субсидия қарастырылады.

Қайта өңдеуші кәсіпорындар өз қуаттылығын толық пайдалана алу үшін және оны шикізатпен қажетті мөлшерде қамтамасыз ету арқылы майлы тұқымдар мен қант қызылшасының 1 тонналық құнын субсидиялау жөнінде жаңа әдіс кіргізіледі.

Ал мал шаруашылығына келсек, төлі бар аналық мал басын субсидиялау басымдыққа ие болады. Барлық жағдайда да субсидиялау талабы өндірістің көлеміне байланысты жүзеге асырылады. Сондай-ақ мал мен құстың асыл тұқымдық санаттары қолдауға ие болып, субсидия нормативтері ұлғайтыла бермекші. 

Қой шаруашылығында биязы жүнді түрлеріне ерекше көңіл аударылады. Оларды дамыту үшін селекциялық-асыл тұқымдық жұмыстар атқарылады. Және асыл тұқымды төлді сатып алуды субсидиялау нормативтері де қайта қаралады. Осы орайда экспорттық сұраныс тудыратын қозы етін субсидиялау пайдалы екені байқалды. Мал тұқымын жаңғырту жұмыстары бордақылау алаңдары арқылы іске асырылады.

Балық шаруашылығына да айтарлықтай қолдау көрсетіледі. Бұрынғы шаруашылықтармен қатар жаңадан құрылғандарының ивестициялық шығындарын субсидиялау көзделген. Сонымен қатар бекіре тұқымдас, албырт және тұқы тұқымдас балық түрлерін өсірудегі азықтық шығындарды субсидиялау да қарастырылған.  

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде шағын және бизнестің бойына қан жүгіріп, қоғамда орта топтың пайда болуына ықпал ететіні сөзсіз. Субсидиялаудың жекеленген көздерін тәптіштеп жатпай, көрнекті деген салаларды тілге тиек еттік. Осы орайда «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы тарапынан бұқара арасында кең түрде пркатикалық насихат жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Әлі бар шаруашылықтардың қуатын тасытар, әлсізге сүйеу болар ізгі қадамға ақ жол тілегіміз келеді.

З. Самалбекұлы

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...

Жаңалықтар

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда ғана қайырымдылыққа аударған қазақстандықтардың қаржысын жымқы...