Ауылдың ажарын кіргізген азамат

Жаңалықтар
835


Тоқырау кезіндегі қазына мүлкі талан-таражға түскен шақта, қолында билігі барлардың барлығы төңірегіндегі құшағы жеткеннің бәрін астына басып қалуға тырысып жатты. Уақыт өте арам жолмен келген астары желкесінен шығып, Тәңірдің кәріне де іліккендер аз емес еді. Солардың ішінара біреулері расымен кейін есі кіріп, таза еңбек жолына да түскен шығар. Ол жайлы әңгіме бөлек. 

Бүгінгі сөздің жүйесі нағыз еңбектің майталманы, аяқ-асты байып кетті деп айып тағуға келмейтін, ешкімнің ала жібін аттамаған, арда азамат туралы болмақ. Тезекті қағыстырмаса от та жанбайтыны белгілі. Егер істің жәйін білмесең, қандай мандымды шаруа өнбек дерсіз. 



Осы орайда сондай іскер азаматтың бірі саналатын Мәулетбек Қалиев хақында сыр тербегенді жөн көрдік. Сонау 2000 жылдары Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданында ол «Алғабас» шаруа қожалығын құрады. Бүгіндері мал және егін шаруашылығын қатар алып келе жатқан көрнекті де ірі шаруашылықтың біріне айналды. Қазіргі қол жеткізген табыстарына қарап, бұлар о баста негізі берік шаруашылық болған шығар деп те қаласың. Тегі ыждағатты, талмас еңбектің арқасында ұсақтан ірі шығатыны туралы ойлағың да келе бермейді. Осы қалпы тұнып, қалыптаса салған дүние деп қабылдаған ыңғайлы тәрізді. 

Шаруаны алғаш игере бастаған кезде бұл шаруашылықтың базасы аса көзтартарлық емес болатын. Бар-жоғы 35 га егістік, 200 га жайылым, 15 ірі қара мен 30 бас қойды ғана алдына салған жұпыны шаруагер еді. Содан бері бұл шаруашылықтың тасы өрге домалап, ерен еңбек пен бекем сенімнің нәтижесінде иелігіндегі жер көлемі 23 200 гектардан асып жығылады. Ал мал жағына тоқталсақ, баяғы он-он бес ірі қараның орнында бүгіндері Әулиекөл, Ангус, Шароле сынды асыл тұқымды 1800 бас ірі қара мен 367 бас жылқыны жаз жайлау, қыс қыстауында өргізіп жүр. Сондай-ақ жоғарыда атап өткен отыз бас қой саны қазіргі таңда 2880 басқа жеткен. Негізінен «байыс» тұқымды қой өсірілуде. Осының барлығы табанды еңбек пен төгілген ащы тердің жемісі екенін осы шаруа қожалығының басшысы да өз тарапынан айтқан еді. 

Уақыт талабына сай және қарқынды даму жолына түсу үшін бұл қожалық басшысы 2011 жылы мал сою пункті мен ет дүкенін ашып, ал 2015 жылы 3000 бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңын салып, онда бүгіндері 1225 бас өгізше бордақылауға қойылған. 



Осы атқарылып жатқан шаралардың барлығы біздің мемлекетіміздің алға қойған мақсаттарымен тығыз үндесіп жатыр. Ауыл шаруашылығының 2017-2021 жылдарға арналған даму бағдармасының өзекті мәселелерін іс жүзінде жүзеге асырып жатқан келелі істің иесі осы «Алғабас» шаруа қожалығы деп нық сеніммен айтуға болады. Бұл етпен тек ішкі нарықты ғана емес, экспорттық сұранысты да қамтамасыз етуге шамасы бар қауқарлы шаруашылық қатарына жатады.

Сонымен қатар бұл шаруашылық үшін егін өсіру де өте маңызды сала болып саналады. Мұнда негізінен бидай, арпа, сұлы, суданка, жүгері, күнбағыс дақылдары егіледі. Бұл бір жағынан мал азығын дайындауға әсерлі болса, өзге де тамақ өнімдерін өндіруге деген үлкен мүмкіндік көзі сынды. Осы орайда Мәулетбек Қалиевтың айтуынша, қожалық заманауи талаптарға сай түрде, қалдықсыз технология жүйесін қолданысқа алған көрінеді.

 Соның дәлелі ретінде ол былай дейді: 

- Дәнді дақылдардан ұн, комбикорм және өзге де мал азығы өндірілсе, күнбағыстан май сығылады. Біздің алдағы мақсатымыз осы межеге тоқталып қалмай, тындырымды жұмыстар атқару нәтижесінде қожалық көлемін арттырып, кең тынысты еңбекке қол жеткізу. Осы кезге дейін шаруашылықты дамыту мақсатына орай ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында 350 млн. теңге көлемінде субсидия алдық. Бұл қаржы шаруашылықтың қарышты дамуына үлкен әсерін тигізді, - деп сөзін қорытындылады.



Еселі еңбекпен ел экономикасына айтарлықтай үлес қосып жүрген атаулы қожалықта - сексенге жуық адам тұрақты түрде жұмыспен қамтылған. Яғни осынша отбасының әлеуметтік жағдайы қалыпты және ертеңге деген үміті де сенімді деген сөз. Орташа айлық жалақылары жетпіс мың теңгені құрайды. Шаруашылық жұмысын өркенді жүргізуге қажетті техникалық база толығымен қалыптасқан. Сондай-ақ шағын комбикорм зауыты, май өңдеу цехы өз өнімдерін шығарып жатыр. 

Сонымен қатар, Мәулетбек Қалиев бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында әртүрлі қайырымдылық шараларға белсене араласып, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, балалар үйіне де қамқорлық жасап келеді. 

Кәсіпкердің келешекке деген өз жоспары да жоқ емес. Ол 2019-2020 жылдары ет өңдеуге арналған комбинат тұрғызып, халықаралық сапа талабына сай өнімдер өндіріп, тауарларын сырт елдерге экспорттауды көздеп отыр. 

Дамыған отыз елдің қатарынан теуіп орын аламыз деген ниетімізге лайықты қарымды, қажырлы істердің елімізде баршылығы - осындай азаматтардың айбынды істерінен көрініп тұрғандай. 



З. Самалбекұлы



Жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысында зорлау туралы көрінеу жалған хабарлау оқиғасы анықталды, деп хабарлайды ma...

Шоу-бизнес

Продюсер Жан Мұқанов Қазақстанда ең көп гонорар алатын әншілерді атады, деп хабарлайды madenipor...