КІТАП ӨЛМЕСЕ ӨМЕ ҚАПСЫНӨзің білме, білгеннің тілін алма.Көне қазақ қарғысы,Дешті Қыпшақ даласыАлматы...
Амангелді Кеңшілікұлы. Тургенов
Әлем әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан орыс жазушылары туралы әңгіме бола қалса, ең алдымен Толстой мен Достоевский немесе Чехов есімдерінің ойымызға оралатыны жасырын емес. Орыстың үш ұлы суреткерінің артына қалдырған әдеби мұрасынан тағылым алмаған қаламгерді табу қиын шығар. Мен оқыған шетел жазушыларының қай-қайсысы да оларды өнердегі ұстазы санап, шығармашылығына табынып жатады. Дегенмен, осы үш жазушының туындыларына тереңірек үңіліп, зерттеп, саралайтын болсаңыз, Толстойдың да, Достоевский мен Чеховтың да сөз өнеріне айтарлықтай үлкен жаңалық әкелмегеніне, Батыс әдебиетінде бар форманы сол күйінде қабылдап, оны терең мазмұнмен толтырғанына көзіңіз жете түседі. Толстой «Соғыс және бейбітшілік» романының жазылу формасын француз жазушысы Виктор Гюгоның «Аласталғандар» романынан көшіріп алды. Егер Диккенс болмаса, Достоевскийдің романдары да тумас еді. Ал, Чеховтың ғажайып драмалық туындыларының дүниеге келуіне Морис Метерлинктің символистік пьесаларының қатты ықпалы болды. Әділіне жүгінсек, орыс әдебиеті үнемі Батыстан үйреніп келеді. Шындығында Батысты роман жазуға үйреткен жалғыз орыс жазушысы болды, ол –Тургенев. Тургеневтің романдарын оқығаннан кейін Флобер өзінің шығармаларын қайтадан жазып шықты. Тургенев романдарының ең басты ерекшелігі – қысқалығы. Ол ұзын-сонар экспозицияны ұнатпайды. Ол оқырманды бірден болып жатқан оқиғаның ортасына енгізіп жібереді. Онда мінсіз жазылған әңгіменің барлық пропорциясы бар. Оның романдары әрі қысқа, әрі жеңіл, әрі жинақы.
Тургенев романдарының тағы бір ерекшелігі оның полифониялығы. Оның шығармаларын оқу барысында біз еш уақытта да суреткердің кімге бүйрегінің бұрып тұратынын көре алмаймыз. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың орыс жазушыларының ішінде Толстой мен Достоевскийден гөрі бүйрегінің Тургеневке көбірек бұрғанын байқаймыз. Өйткені, орыстың басқа жазушыларымен салыстырғанда Тургеневтен үйренетін нәрсе көп. Өте көп.
Тургенев еш уақытта да өзінің ойын біреуге таңбайды. Толстой, Достоевский мен Чехов туындыларынан соң қорғасындай ауыр ойдың салмағы еңсеңізді езіп жіберетін болса, Тургеневтің әрі кетсе екі жүз беттен аспайтын романын оқып шыққаннан кейін бойың жеңілдеп қалғандай әсер аласың.