​ АЗДЫРАТЫН ЕМЕС, ОЗДЫРАТЫН ӘДЕБИЕТ ҚАЖЕТ

ӘДЕБИЕТ
1712

Әдебиет деген кезде бұрынғыдай селт ете түсуден қалып бара жатқандаймыз ба? Технология өркендеген мынадай шақта ақпарат алу жолдары сан сүрлемді болып, бірінен-бірі оза шапқан индустриялар пайда болды. Ақпарат ақпақұлаққа арналған толассыз сарын екені даусыз. Себебі, бірі кіріп, бірі шығып, бірінің әсерін бірі жойып жатқан аласапыран дерсің. Әрине топан судай қаптаған бұл жойқынның да өз миссиясы бар. «Себепсіз құрай басы сынбайды» деп мақалдап барып, негізге тақырыпқа ауысалық.

Қазақ әдебиетін әлемдік әдебиеттен бөліп-жарып қарауға болмайды. Себебі бәрі бір организм. Ал проблемасы әрине, әрқилы болуы мүмкін. Десек те бәріне тән бір ортақ дерттің бары кәміл. Ендігі сөзіміз осы туралы болмақ.

Көзі ашық адам әдебиетке әйтеуір бір сүйкеніп өтеді. Оның әсерін қалайда сезеді. Соның арқасында оның өмірге деген көзқарасы, рухани болмысы бір арнаға аууы мүмкін. Тіпті, мінез-құлқы өзгеріп, моральдық-этикалық нормалар жағынан да жағымды жаққа бет бұрады. Яғни ол өз ортасында үйлесімді өмір сүруге ынталанады. Әдебиеттің осындай құдіреті күллі халықты адамгершіліктің биік сатыларына көтеріп, мемлекет мәртебесін де асқақтатады. 

Қазіргі таңдағы әдебиеттің басты проблемасы – оқырмандардың  кітапқа деген селсоқтығы, осындай сананы ғажап әлемге жетелейтін кереметтен   негізсіз қашқақтауы. Жалпы кітап, соның ішінде әдебиет әлем бойынша өгей баланың кеспірлі хәлін кешіп жүргендей. Соның салдарынан рухани байлықтан құн кетіп, ой ойлау, оны айту дегеннің өзі күлкі-мазақ секілді.  Ғаламдық мәселені көтермек түгілі, төңірекке ой шолуға шорқақтық танытамыз. Оны бекерге уақыт жоғалту деп санайтын хәлге жеттік. Онанда  өзіңнің күйкі тірлік билеген ішкі әлеміңде өзіңнің де өзгенің де басын қатырмай, соқыр адамша сипаланып жүре бергенің әлдеқайда ұтымды сияқты. 

Ал кітап оқып, әдебиет туралы әңгіме көтере қалатын қауымның негізгі мақсаты: білу мен білімге деген ынтызарлық емес, елге көз қылып, өзінің зиялы ортаға лайық екенін танытуға тырысқан жалғандық. Қатардан қалмау деген далбас. Ол үшін кітаптың мазмұны мен одан алатын тәлімнің еш маңыздылығы жоқ. Ондайлардың мақтанышы - жанр таңдамай, талғамсыз  оқи берген кітаптың саны ғана. 

Қанша күңіренсекте әдебиет өз биігінен ешқашан төмендемейді. Әдебиет – адамзаттың ақ сәулесі. Сәулені сатып, кәсіп ету мүмкін емес. Ол - жан түкпіріндегі дауыстап айта алмайтын, не бір тылсым сезімдердің шұғыласы іспетті. Оқырман жүрегін лүпілдетіп, оларға рухани ләззат сыйлап, өнеге дарытатын ғажап құбылыс. Әдебиет өзін келеке еткенді қаламайды. Бұған тек жоғарыморалдық, сөз саптау мәнері қалыптасқан, эпикалық мазмұндағы  жанрлар ғана жата алады.

21 ғасыр – көксеген биіктің бәріне қол жеткізген, технологиялық өрістеу кезеңі болып саналады. Соның салдарынан адамның рухани жігері әлсіреп, рөлі де төмендеген секілді. Жабайы каптитализм тек ақылы толысып, буыны қатпаған жастарды ғана емес, көрген-білгені бар кемел жастағыларды да адамгершілік қағидаттардан алыстатып, азғындау жолына түсірді. 

Кейбір деректерге қарағанда, жалпы халықтың 10 пайызы елден ерек көріну үшін емес, арнайы өзінің ой-өрісін дамыту үшін ғана әдебиетке ден беретін көрінеді. Туа біткен жазушылық қабілет пен жанкештілік қасиетке ие қаламгердің тудырған еңбегін – адамзатқа Тәңірдің сый қып тартқан рухани азығы, ой-өрісінің дәрумені, іс-қимылының қағидаты деп қабылдау қажет.

Әдебиет - жоғарыда айтқанымыздай, адамзаттың ақ сәулесі деп, жекенің де күллі қауымның да келешегіне жарқын рең беретін, үміт отын тұтатын, бағытынан тайдырмас Темірқазығы сынды. 

Дейтұрсақта қазіргі заман әдебиетінің тағы бір проблемасы - дағдарыс аспектісі. Проза мен поэзияға да қатысты: жанр, сюжет  жұтаңдығы. Сонымен қатар осыған дейінгі әдебиеттегі көрнекті жетістіктерімізді бет-жүз демей қаралау. 

(Бұл хақында келесі мақаламызда айта жатармыз.Өткізіп алмаңыздар.)

З. Самалбекұлы

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...