Ұлықбек Есдәулет:1988 жылы жас қаламгерледің ынтасымен осы қуғын-сүргін және ашаршылық апаты жайлы Ж...
Заида Елғондинова. ҰЛЫ ДАЛА РУХЫ...
Заида Елғондинова, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері
КӨК ҰЛЫ СПИТАМЕН-СЫПАТАЙ, ӨР БАҺАДҮР
«Спитамен, Сыпатай шамамен біздің заманымыздан бұрын 345-326 жылдары өмір сүрген сақ қолбасшысы. Спитаменнің басшылығымен сақтар жаулаушы Александр Македонскийге үш жыл бойы күшті қарсылық көрсетті. Ежелгі грек тарихшысы Арриан Македонскийдің Сырдариядан жүзіп өтіп, сақтарға қалай шабуыл жасағаны туралы жазады: «Спитамен шегінген сыңай танытты. Гректер «қорқып қашқан» көшпелілердің соңынан қуа жөнелгенде, Спитамен кері бұрылып, шабуылға шықты. Гректер өзендегі кішкентай аралға қарай қашты. Спитаменнің атты әскері оларды қоршауға алды да, садақпен атып, түгел қырып салды.»
Омырып ат тұяғы қара жерді
Жаңбырша жауды аспаннан жебелері,
Тізгінін тұлпарлардың тежемеді.
Сағымына сары даланың араласып,
Желкендей желпілдеді кемедегі.
Тізгінін тұлпарлардың босатпады,
Шайқаспен өткізді олар қос аптаны.
Омырып ат тұяғы қара жерді,
Қып-қызыл оттай қылды ошақтағы.
Қырылып сары далада жан кешті өмір,
Шаһитті сағымға орап әлпеште, қыр.
Атылып дұшпанына жолбарыстай,
Сілтеді Спитамен наркескенін.
Сары дала сағым ойнап, жаз аптабы,
Қосынын Ескендірдің азаптады.
Наркескен сілтей-сілтей қансоқта боп,
Тершіді тарта-тарта садақ сабы.
Тәңірдің екі етпей сан бұйрығын,
Тұлпардың шаң қаптырып жал-құйрығын.
Даланың аш бөрісі Спитамен,
Жазасын берді Ескендір қанқұйлының.
Сақ етер жанай өтіп «мүйізінен»,
Ескендір талықсыды күйі үзілген.
Санында қалған ізін сары жебенің,
Күйдірді ұлы сақтың киізімен.
Қосынын үрей билеп, жан сақтасып,
Қалдырды қыр соңында қансоқтасын.
Әлемді жаулаушының беті қайтты,
Сақ жерін жаулаймын деп жаңсақ басып.
Әлемнің жауламады ол қай қаласын,
Жеңімпаз сарбаз қорып айналасын.
Спитамен арыстандай атылғанда,
Тығарын білмей қалды қайда басын!
Бір өзі бір шерікке қарсы тұрды
Сақ елі, қансырама, сен сөгілме,
Қалың жау қопарылды еңсеріле.
Көк ұлы Спитамен, өр баһадүр,
Сиынды Ұлы Күнге*, семсеріне*!
Күн түсі – көк құдайы, қан түсіндей,
Ақ туы Спитаменнің ар түсіндей.
Қосыны жау шерігін қоршап алды,
Ата жау азан-қазан, жан түсінбей.
Сақ сарбаз сан қиырдан сілкіп еді,
Жоқ болды жаулаушының бір түмені.
Жаужүрек Спитамен үш жыл бойы,
Көктегі Күн құдайдай күркіреді.
Осылай бас жаулаушы тайсалған-ды,
Көрмеді ол Спитамендей қайсар жанды.
Жеңімпаз ер Сыпатай – Спитамен,
Астында талау* тұлпар тайпалған-ды.
Бұл өзі сары даланың сүйікті ұлы ед,
Қайғы жұтты, көкірегін күйік шіреп.
Бір өзі бір шерікке қарсы тұрды,
Ұлы Көк, Күн құдайға иық тіреп.
Ұлы Күн, семсер* – ежелден сақтар Күн құдайы мен семсерге табынған.
Талау* – асқан жүйрік, асылтұқымды мініс аты.
Тұлғасы көркем жас батыр
Садақкердей сартылдап,
Наркескендей жарқылдап.
Ақ кіреуке көк сауыт,
Шынжыр бауын алтындап.
Қарағайдан найза саптатып,
Алмаспен оны аптатып.
Көкірегіне шарайна,
Иығына жақ батып.
Алсарыдай* алқынып,
Бір өзі жаудан артылып.
Құранды қос саржаның,
Кірісіне* зар тұнып.
Дұшпанның қайтпас беті деп,
Қан майданның өті деп.
Жан-жүрегі қабарып,
Шағырмақ бұлттай сетінеп.
Түнде ұшатын оқпақтай*,
Көкті көктер шақпақтай.
Шой желкесі тоқпақтай,
Жауырыны қақпақтай.
Мысын баспас мың ділдәң,
Дауысы құлақ тұндырған.
Соқса бір сілтеп жұдырығы,
Атанның белін сындырған.
Көкірегін кернеп қатал жай,
Дұшпаны бірден бата алмай.
Тұлғасы көркем жас батыр,
«Қу сұлтаны саһардай».
Алсары* –дала құсы
Кіріс* –жақтың тартпа бауы, кермесі, адырнасы.
Оқпақ*–қамыс арасында тіршілік ететін өте сақ, бірден көзге түсе бермейтін түнде ұшатын құс.
Үзбенді сауыт киініп
«Спитамен өз әйелін қатты сүйді. Жорықтарға бірге алып жүрді. Қанды қырғыннан, қуғын-сүргіннен әбден шаршаған әйелі Спитаменнің Ескендір Зұлқарнайға берілуін сұрайды. Спитамен оған көнбейді. «Жауға берілгенше, өлгенім жақсы» дейді. Сөйтіп, кезекті бір отырыста, әйелі Спитаменнің мас болған сәтін пайдаланып, оның басын шауып, қас жауы Ескендір Зұлқарнайға апарып береді. Сақ даласын үш жыл жауға бермеген есіл ер, сатқындардың қолынан осылайша өкінішпен қаза табады.»
Тарихшы Квинт Курцийдің жазбаларынан
Тұяқты тұлпар тас үгіп,
Киесін жаудың қашырып.
Кере тартқан жебесі,
Ай, жұлдызға асылып.
Үзбенді сауыт киініп,
Күн құдайға сиынып.
Қасарысқан дұшпанды,
Құрбандық қойдай иіріп.
Пәрімдейін* шүйлігіп,
Оқыстан жауға килігіп.
Қара басын хандай ғып,
Қарасына сыйлы ғып.
«Сорабын жолдың сілемдеп»,
Жарақатын күн емдеп.
Жолын тосып кіл бекзат,
Жолын тосып кілең бек.
Тұлғасына таң қарап,
Сұсына жыртқыш аң қарап.
Апшысын жердің қуырды,
Желден жүйрік шабдар ат.
Алдаспан ауыр қылышын,
Айбалта, сүңгі құрышын.
Асынып батыр келеді,
Тұлпардың тежеп жүрісін.
Шағылысып Айға сүймені,
Күйзеліп жаны күйгені.
Қабарып батыр жүрегі,
Өзіне-өзі бүй деді:
«Сауытты садақ бұзар-ды»,
Кеудеме сызық сызар-ды.
Жаудың беті қайтпай тұр,
Алдым жартас құзар-ды.
Сауытты найза тесер-ді,
Қастасқан дұшпан кесел-ді.
Жорық белбеу белдегі,
Оны да қылыш кесер-ді.
Жалаңқат қылыш жалманы,
Қосынымды қойдай жалмады.
Жапырақтай жауған жебенің,
Құрдымға тартсын салмағы.
Қара тер ағып көбеден,
Қызыл қан ағып жебеден.
Бозарып Ай қарап тұр,
Қансоқта болған төбеден.»
Деді де батыр жөнеді,
У ішіп ойдан келеді.
Яксарттың* бойында,
Қалыңдығы қарсы алды,
Желбіреп желмен желегі.
Пәрім* –ителгі тұқымдасына жататын қыран, жыртқыш құс.
Яксарт* – Сырдария өзенінің көне аты.
Ақша бұлттай бұғағы
Ақ бетінен күн сүйіп,
Жарасып көк жорғасы.
Кеудесін шіреп тырсиып,
Көкірегіндегі қос алмасы.
Қой бүлдірген тәрізді,
Шырынды қызыл еріні.
Әрі сұлу, «әрі ізгі»,
Қыз біткеннің керімі.
Аспаннан алтын Ай қарап,
Бал шараптай лебі.
Көркінен жұлдыз тайғанап,
Лекіте күледі.
Көктемнің көркем самалы,
Бұрала басып жүргені.
Жарасып күнмен жамалы,
Қызғалдақтай гүлдеді.
Ақша бұлттай бұғағы,
Ақ тамағы үлбіреп.
Спитамен әрең шыдады,
Жан-жүрегі күлдіреп.
Күлдәрі* жібек желбіреп,
Қыналып көк көйлегі.
Күйеуіне ержүрек,
Майысып майда сөйледі:
«Жаным пида жар үшін,
Қызмет етем күні-түн.
Ел үшін туған арысым,
Үзілмес ұлы үмітім.
Күткенім сенсің зарығып,
Жүрмін ғой жаным аңсап-ақ.
Жабықпа енді тарығып,
Жаныңа шипа бал шарап.»
...Ішіне жұтып бар уын,
Ақ дастарқан жайды әрең.
Жау-жарақ бес қаруын,
Батырдың шешті айламен.
Күлдәрі* – үлбіреген жұмсақ жібек мата.
Майысып майда сөгедей*
Жібек шатыр тіккізіп,
Құлшар мен құлға күткізіп.
Құшағына енді батырдың,
Тілінен бал жұтқызып.
Сылыңғыр сұп-сұр жебедей,
Майысып майда сөгедей.
Батырдың жанын жаулады,
Періден туған немедей.
Саз сырнай да тарттырып,
Құмарлығын арттырып.
Ескендірге жетуді,
Өзіне-өзі шарт қылып.
Дауылпазын жиі ұрып,
Ібіліске сиынып...
Құлшар менен ебейге,
Сыбырлап қана бұйырып.
Құшағында қара түн,
Қапысын тауып алатын,
Қаршығадай тақымдап,
Күшігендей қағып қанатын.
Қылығымен қиылып,
Ниеті, ойы сұйылып.
Жүрегі тастай қабарып,
Өп-өтірік иіліп.
Мәңгіге қанды тор құрды,
Тілінен бал сорғызды.
Назынан сұлу әйелдің,
Спитамен болдырды.
Шапшақтай басы шарадай,
Еркелеп жатты баладай.
Батырың әбден масайды,
Мұңайды үнсіз далада Ай.
Сыр бермей оған таңға оғаш,
«Ғашықпын сендей жанға жас»,
Дегенде сұлу әйелі,
Қып-қызыл болды қарағаш.
Жұбымен тәтті жарасқан,
Қиыспай жалт-жұлт қарасқан.
Шарапқа тойған батырдың,
Басына төнді қара аспан.
Жабықты сонда жаз арып,
Таң да атпай қойды сазарып.
Қайқы қылыш жарқ етті,
Егілді үнсіз аза бұлт...
Сөге*–еліктің ұрғашысы.
Зұлымдық
Әйелдің жүрегінде жара жатты,
Күйініш-сүйініші бәрі азап-ты.
Қуғын менен сүргіннен сана семген,
Бәрінен, бәрінен де зәрезап-ты.
Құл-құтан қорқауша ұлып жан-жағынан,
Жетті ажал сары даладан сам жамылған.
Батырдың басын беріп азбан құлға,
Желпілдеп жамылғысы қан жағылған.
Мақтаған ата жұрты асыл десіп,
Қалың ел таңдай қаққан жасын десіп.
Ескендірдің алдына алып келді,
Әйелі Спитаменнің басын кесіп.
Спитамен жолбарыс боп жаста атылды,
Шайқасты көрсе дағы қасқа түрлі.
«Ер көдек, батыр аңғал» деген сөз бар,
Жауына жықты әйел қас батырды.
Жау жағы қан-шарабын көкіп ішті,
Алды олар берілмеген бекіністі.
Спитамен, қайран батыр, шаһит кешпей,
Өмірден өтті солай өкінішті.
Қантүбіт құлап түсті самғау көктен,
Дәл соған түскен еді таңдау көптен.
Жас батыр бақи кешті, тынды дала,
Жамыратты қызғалдағын марғау көктем.
Даладан асыл кетті, ақыл қашты,
Сатқындар Ескендірмен жақындасты.
Спитамен хан Кенедей бассыз жатты,
Батырмен түнде Яксарт бақұлдасты.
...Жалындап қас батырдың жалқын жаны,
Қалың ел қара тікті* артындағы.
Жартастың жақпарындай сом денесін,
Яксарттың құшаққа алды толқындары.
Қара тікті* – ертеде ержүрек батыр өлім құшса, артында қалған қалың елі найзаға қара ту тігіп, батырды жоқтаған
Спитаменнің рухының қоштасуы
Жаным менің жасыл күннен жап-жарық,
Мазағына қалмап едім еш елдің.
Жүрегімді көріңдерші қақ жарып,
Ақымақты сүйген мәңгі есермін.
Көкірегімді Ай аймалап, түн еміп,
Қиялға да батамын-ау тосын мен.
Сауыт киіп, тұлпар мініп, түнеріп,
Суыт жүрем, торғын жасақ қосынмен.
Мән бермедім сауапқа да сауғаға,
Қалың дұшпан ығысатын жолымнан.
Берілмеген қайран басым жауға да,
Бақи кештім сүйгенімнің қолынан.
Ғашығым ең, жанарымның жарығы ең,
Қара түнді тауысып ек сан ішіп.
Құлай сүйген, құлдық ұрған жарым ең,
Тояттадың енді бүгін қан ішіп.
Сонда да мен кештім сені, кешірдім,
Ет жүрегім сені ойлайды қабарып.
Сүйгеннен соң кеңірдектен кесілдім,
Ғашығымнан болды солай ажалым.
Ойда жоқта тоқтады да есіл дем,
Қайқы қылыш тастөбемде жырғады.
Басымды ұстап кетіп барам кесілген,
Сатқындық пен мекерліктің құрбаны.