Қазақ тарихының өткеніне үңілсек, бұрмаланған беттері кемде-кем. Кім батыр? Кім сатқын? Кім халқы үш...
Сәкен СЫБАНБАЙ: Мұңлық
Қасиетті жердің қандай тылсым жұмбағы бар, әйтеуір дүнияуи ойдың бәрі дүркірей қашып, санаңды лезде салмақты мұң басады. Ел арасындағы ежелгі жырға едәуір қанық болғанымызбен, шырақшы жігіттің майын тамыза әңгімелеген мақамды баяны енді ғана естігендей ерекше күйге түсірді. Кесенеден, келісіп алғандай, үн-түнсіз томсара шығып, қайта аттанған соң да біз әудем жерге дейін ләм деп тіл қатысқанымыз жоқ. Әркім өз қиялымен әуре. Көлік тізгінін ұстаған Әлібек аңыз кейіпкерлері алдынан шыға келетіндей көзін сонау көкжиектен алмады. Ұзақ сапар бойына ұйқы меңдемес үшін оны сергек әңгімемен серпілтпек болған мен сөз басын қалай сабақтарымды білмей отырдым. Бірте-бірте өзімнің де тақтайдай тегіс жолда тербетілген балаша маужырай бастағанымды байқап:
– Ауылға жақындап қалдық па? – дедім еңсемді тіктеп.
– Сәл шыдаңыз, енді аса ұзақ емес, – деді ол қатқылдау үнмен. Оның әлі де ой орманында адасып жүргенін ұққан соң, әрі қарай мен де үндемедім.
Расында да, жорғасынан жаңылмай жүйткіп келе жатқан көлігіміз көп ұзамай жүрісін күрт баяулатты да, солға бұрылды. Ернеуін қамыс-құрақ басқан өзеншені жағалай тағы біршама жүрген соң, мыңға тарта шақырымды артқа тастап, алыс жолдан жеткен біз діттеген ауылымызға келіп кірдік.
Қазақ үшін қашанда ауылдың орны бөлек қой, шіркін! Әсіресе үйінде де, кеңсесінде де төрт қабырғаға қамалып, төрт бұрышты тажалға телмірген біз сияқтылар оның қадірін айрықша сезінер. Сағынысқан анасымен шүйіркелесіп, бауырымен, қоңсы қауыммен қауқылдасып болды-ау деген мезетте Әлібекке: «Тынығарда төсекті далаға салғызшы», – дегенім де сол-тұғын. Тіпті кешкі асты да есік алдындағы аласа тапшанда отырып ішсек деген ой болып еді, «шіркей шіркін мазаны алар» деп, тез айныдық.
Міне, енді масахананың ішінде жатырмыз. Жазғы жылы керімсал тербеген іргедегі жүзім жапырақтарының сыбдыры естілер-естілмес қана. Оның өзін ызғыған масаның ызыңы кейде басып кетеді. Қалың арасынан әредік шекшек шырылдайды. Алысырақтағы арық жақта бақалар тойының қызып жатқаны байқалады. Көрші үйдің қорасы маңынан бір есек ақырып бастап еді, оны ауылдың ана шетіндегі екіншісі қостай жөнелді. Ол басыла бергенде, тағы бірі күні бойғы шеккен азабын айтып, мұңын шаққысы келгендей ішін тарта ақырып, айқай-ұйқайды үдетіп жібергені.
– Ұйықтайын деп, бас қойғанда төсекке ел,
Қайым айтыс бастап кетті есектер!
Әлібектің бұл теңеуіне «алматылықтардан әңгіме тыңдайын» деп, төсегін бізбен қатар салғызған інісі Жәнібек екеуіміз рахаттана күліп алдық.
Бірақ әңгіме әрі қарай өрбімей, біраз уақыт тым-тырыс жаттық. Табиғат тынысын аңсаған біздің мұндай үнсіз қалпымыздан жалыққан Жәнібек:
– Бағанағы қызды танымадың, иә, сен? – деп сұрақты бүйірден қойды.
– Қай қызды? – Әлібек қапелімде түсінбей қалды.
– Әлгі біз шай ішіп отырған кезде сүт сұрап келген қызды айтам. Апаммен ғана емес, сендермен де сампылдап амандасып жатыр еді ғой. Сөйлеп қалған пысық қыз өзі.
– Қызықсың, тинақтай қызды қайдан танимын? Мен ауылдан кеткелі жиырма жылдан асты. Қаршадай бала түгілі, қатарласымды шатаспай шырамытсам, шүкір дерсің.
– Бірақ мұның туу хикаясынан хабардар едің ғой деймін де.
– Қандай хикая?
– Енді... ұмыта қоймаған шығарсың, мына Құрышбайдың қызы ғой.
Әлібек үндемеді. Жамылғысын ысырып, басын көтеріп отырды.
– Е-е, сол қыз осы ма еді? – деді сосын. – Өсіп қалыпты-ау. Қай жылы болып еді сол оқиға?
– Бұл қыз биыл сегізіншіге көшті. Әне, есептей бер, қай жыл екенін.
– Ой, Алла-ай! Уақыт деген заулайды-ау, шіркін!
Ол қалта телефонының жарығымен жастығының жоғарғы жағына қойған темекісін іздей бастады.
– Екеуің жұмбақтап не айтып кеттіңдер? Қай қыз? Қандай оқиға? Баяғы бала махаббат хикаясы емес пе? – дедім мен сөзімнің соңын әзілге бұрып.
– Қайдағы махаббат? – деді Әлібек масахананың етегін сілки түре сыртқа сытылып шығып. – Жалпы бұл оқиғада махаббат бар ма, жоқ па – оның өзі белгісіз.
– Ендеше маған да айтып беріңдер, не бар, не жоғын анықтайық.
– Айтам ғой. – Қараңғыда шырпы жарқ етті де, лезде пайда бола кеткен ноқаттай алау шоқ айрықша қызарды. – Қазір, темекімді тартып алайын.
Жастығымды қопсытып-қопсытып алып қолтығыма атып ұрдым да, әңгіме тыңдауға әзірленіп, жамбастап жата кеттім.
ІІ
Алдымен болар-болмас бір ыңыл естілгендей болды. Аш мысықтың әлсіз мияуындай ғана өлімші үн. Бастапқыда елең де етпеп еді, бірте-бірте жиілеген соң, еріксіз құлақ түрді. Жоқ, тым-тырыс. Бұл тарсылдатып қайтадан жұмысына кіріскен. Сәлден соң тағы шықты. Қорасының шатырын жөндеп жатқан Қанат қолындағы балғасын жоғары ұстаған күйі кілт кідіріп, тың тыңдады. Иә, бір дыбыс бар. Жазықсыз жәбір көрген кішкентай күшіктің қинала қыңсылағаны тәрізді ме, қалай.
– Құлағың қалқайып нағып тұрсың?
Дәл жанынан шыққан дауыстан селк ете қалған Қанат балғасын қолынан түсіріп ала жаздады. Бұған мұздай айран әкеп тұрған келіншегі Раушан екен. Аудандық перзентханада акушер болып істейді. Бір айлық демалысына кеше ғана шыққан. «Шөлдедім, тоңазытқыштағы айраннан әкелші!» деп әлгінде ғана өзі сұратып еді. Келгенін қалай байқамаған?
– Тыңдашы, Раушан, ненің үні екенін білмей тұрмын, бірақ бір түсініксіз дыбыс шығады.
Бұл үлкен кесеге толтыра құйылған салқын айранды қылқылдатып басына бір-ақ көтерді. Сосын «уһ, рахатын-ай!» деп, ақжағалданған аузын жеңімен сүрте бергенде, жаңағы дыбыс тағы естілді. Бұл жолы құлаққа анығырақ жетті.
– Естідің бе...
– Тұра тұр! Тыныш! – Раушан тәмпіш танауы делдиіп, көзі бақырайып, басы қисайған күйі тың тыңдап қалыпты. Қыңсылаған үн қайыра естілгенде, шошығаны, әлде таңданғаны белгісіз, күйеуіне қарап айқай салды. – Бұл – бала! Сәбидің дауысы!
– Бала? – Абдырап қалған Қанат әуелі ештеңе ұққан жоқ. – Әй, есің дұрыс па өзіңнің? Қайдағы бала? Баланың дауысы осындай болушы ма еді?
– Жаңа туған жас нәрестенің дауысы деймін! Акушер сен бе, мен бе?! – Раушанның сөзінің нық, әрі сенімді шыққаны сонша, отағасының жүзіндегі жаймашуақ бейғамдықтан нышан да қалмады.
– Тектеп-тергеп тұра бермей, тез түс те, іздестір. Қайда жатыр екен сорлы бала?
Сатыдан секіріп түскенімен, Қанат нені және қайдан іздерін білмей, қатты састы. Әлі де әлгі дыбысты аңдып тұрған әйелінің:
– Әжетхана жақты қарашы! Жылдам! – деген сөзін ести сала солай қарай жүгірді. Оның ар жақ, бер жағын, ішін түгел қарады, ештеңе жоқ.
Кенет жаңағы дыбыс дәл жанынан шыққандай анық естілді. О, тоба! Мысық та, күшік те емес, қинала жылаған баланың даусы екеніне акушерлік қабілеті жоқ мұның да көзі жетті. Бірақ қайда? Жан-жағына қараған ол сым шарбақтың ар жағындағы көрші үйдің әжетханасын көрді. Дереу жетіп барып, қоршаудан өрмелей асып, арғы бетке түсті. Сояудай сымның қолы мен тізесін жырып, қанатқанына қараған жоқ. Әжетхананың есігін ашты. Еденінің дөңгелете ойылған тесігіне үңілді. О, жасаған!
Құжынай ирелеңдеген ұсақ құрттарға толы нәжіске шала көміліп, шақалақ жатыр. Құдайдың сақтағаны шығар, әйтеуір басы ғана батпапты. Оның құйттай ғана кеудесінен шығып үлгермеген шыбын жаны үшін шырқырап жатқанын қайдан білсін, былапыт жерге үйір қара шыбын быжынай үймелеп, бет-аузын көрсетпейді.
Қанат бірден «әжетхананы құлату керек» деп шешті. Әйтпесе баланы алып шығу мүмкін емес. Бар күшін салып итерді, жүгіріп келіп иығымен соқты – мығым неме әуелде мызғымастай көрінгенімен, нәті ағаш қой, ақыры қара күшке шыдамай, гүрс құлады. Ашық қалған нәжіс толы шұңқырдың ернеуіне жата қалып, төменге қолын созды – қап, балаға жетпейді! Енді не амал бар? Шұңқырдың топырақ дуалынан тым болмаса аяқ ұшы сәл ілінетіндей бірнеше тепкішек қазу керек. Жүгіріп жеткен Раушанды күрек пен арқанға, інісі Саматты көршілерге хабар беруге жұмсағанымен, ол ешкімді де күте алмайтынын ұқты. Өйткені, сәбидің үні әлсіреп, құмығып барады. Құлаған әжетханадан дереу тақтай сындырып алып, соның ұшымен амалдап, қабырғаны үңги бастады. Құдай қарасқанда, еш күн түспеген дымқыл топырақ бостау екен, өкше іліндірер үш шұқанақты тез жасап үлгерді. Тақтайшаның бір ұшын шұңқырдың арғы жиегіне кірш қадады да, екінші жағын қолтығына тірей қысып, әлгі тепкішексымақтармен жайлап төмен жылжи бастады. Табаны үшінші шұқанаққа тірелген соң, соған нығыздала тұрып, еппен еңкейді. Ойбай, бала қайда? Жоқ! Жүрегі су ете түскен Қанат, қанша жиіркенішті болса да, қолын нәжіске салып жіберіп, ары-бері жүгіртіп көрді. Кенет...
Кенет мұның қолына біреу жармасты! Қанаттың тұла бойы түршігіп, дір ете қалды. Жарық дүниеге келер-келместе-ақ тіршілік үшін тырбаңдап күресуге мәжбүр болған қызылшақаның қалайда өмір сүргісі келеді! Күректей қол мен титімдей қол бірін-бірі мықтап ұстады. Бұл суыра тартып алғанда, әбден тұншыққан баланың шар етіп жылауға да шамасы келген жоқ, әлсіз ғана қыңқ етті.
Осы кезде сұмдықтан құлағдар болған жұрт та жүгіре басып жетіп еді. Раушан тіпті үйде ұстайтын бүкіл дәрігерлік асай-мүсейін көтере келіпті: ақжайма, дәке, мақта, спирт, қызу өлшегіш... Ол тіпті өзгелерді де жұмылдырып үлгерсе керек, біреу суық су, біреу ыстық су әкеліп, тап сол жерде баланың үсті-басын тазартты да, қолға іліккен көйлек-көншекпен құндақтап, Саматтың көлігімен перзентханаға алып кетті. Сол кезде барып үсті-басының әлі де сасып тұрғанын байқаған Қанат әйелінің басқа емес, дәл акушер болғанына тұңғыш рет қуанып, жуынуға кірісті.
ІІІ
Әжетхананың гүрс құлап, ойран-топыры шыққанын терезеден көрген Бәдиша «қап» деп, ернін тістеледі. «Жабулы қазан жабулы күйінде қалуы керек еді. Енді мыналар ойда жоқта құпиямызды ашып, құрдымға жіберетін болды-ау. Осылардың-ақ иісшіл итше тіміскіп жүріп, таппайтын бәлесі жоқ!» деп Қанат пен Раушанның әке-шешесінен түк қоймай, бір сыбап алды. «Осыларға не жетпейді екен өзі? Перзентсіз дейтін емес, бес баласы бар. Енді алтыншы ғып, асырап алмақ па? Пәлекетті алысқа апарып та тастамаған екенмін, ешкім таба алмай, үні өшетін. Бірақ қайда апарам? Жол-жөнекей қыңқылдап-сыңқылдап, бақырып-шақырып, мазамды алса, қайтпекпін? Таза масқара сол болар еді ғой. Елге не бетімді айтар ем?».
Ол түкпірдегі төсекте жатқан қызының жанына келді. Оянған екен. Өңі әлі боп-боз. Иегі дір-дір етеді. Жанары дымқыл. Үнсіз жылап жатыр.
– Тәуірмісің? – Бәдиша сұрақты жәй көңіл үшін қоя салғандай, ізінше дабырлап қайта сөйлеп кетті. – Өзіміз осы дәрілерді ішіп-ақ, атша шауып кете беретінбіз. Ертең-ақ қалпыңа келесің. Бірақ ертең деген біз үшін бола ма, болмай ма – міне, мәселе! Мыналар (иегімен оң жақтағы көрші үйді нұсқады) бәрін біліп қойды. Ауданға алып кетті. Ендігі полицияға хабарлаған да шығар. Қанша жасырып-жапсам да, ақыры масқарамыз шығатын болды.
Рас, Аиданың іші біліне бастағаннан шешесі оған үйден шығуға тыйым салған-ды. Әттең, ол қызын мұндай тәртіпке ертерек тәрбиелемеді, сонда, бәлкім, мына сұмдыққа душар болмас па еді. Түн баласы қыдыруы көбейген қыздың суыт жүрісі ақыры осы халге ұласты. Ал бойға бала біткен соң, тыйым салғаннан не пайда? Тыйым салды екен деп, шарана өспей тұра ма?
Алдымен Аида өзі кездесіп жүрген жігітпен сөйлескен. Ол «дәрігерге барсаң қажет болатын қаражат жағынан қарасайын, ал отау құру туралы ойыңа да алушы болма, екеуіміз олай келіскен жоқпыз» депті. Бұл болмай қалған «күйеу баланы» ебін тауып, «енесімен» беттестірген екен, анау тіпті ат-тонын ала қашып, «қызыңызбен туған күн кештерінде кездесіп, бір-екі рет билегенім болмаса, жолаған емеспін» деп, бетпақ Бәдишаның өзіне бет бақтырмапты. «Қап, бәлем! Көрерміз кімнің жеңерін» деп тістенген Бәдиша жігітті ыңғайға көндірудің түрлі амалдарын ойластырғанымен, ешбірінен қайран болмапты. Екі ортада едәуір уақыт өтіп кетіп, «шарананы алдыруға болмайды, өте кеш, қызыңның денсаулығына зақым келгені былай тұрсын, өміріне қауіп төнуі мүмкін» деп мына жақтан таныс дәрігер шыққан.
Амал жоқ, тууға тура келді. Екі байдан ажырап, ақырында қызы екеуі ғана қалған, елмен аса көп араласы жоқ Бәдишаға бұл халді құпия ұстау қиын болған жоқ. Үйге адам кіргізбеді, Аиданы сыртқа шығармады. Бұрын ауруханада істеген азды-көпті тәжірибесіне сеніп, өзі босандырды. Қос күнәһар дүние есігін жаңа ашқан пәк жанның – періштедей қыз баланың тағдырын жан шыдамас аяусыздықпен алдын ала шешіп қойған еді.
ІV
Дүниеде Құрышбайдан өткен сормаңдай, Құрышбайдан бетер бейбақ, Құрышбайдан асып түсер бақытсыз адам бар ма? Мұның жауабы өзгеге беймәлім болуы мүмкін, бірақ Құрышбайдың өзі анық біледі – жоқ!
Өйткені, бұл бақытсыз, бейбақ, сормаңдайда перзент жоқ. Мұнымен тең өскен тұрғыластардың алды: «Үлкен ұл үйленем деп, үйкеленіп жүр. Ау, оған әжептәуір әзірлік керек қой деп, тәк-тәкпен әрең тыйып отырмыз», – десіп, аз-кем уайымының өзін мақтанышпен айтатын дәрежеге жетіп қалған. Кеш аяқтанып, отбасылық қызық-қырман жағынан кенжелеп жүргендерінің өзі бұ күнде «сен бар, мен бар» деп, мектептегі ата-аналар жиналысынан қашқақтай бастаған. Ал Құрышбайға Құдай мұндай бақыттың бірін де қимай, жақынның талқысына, жаттың табасына қалдырды.
Әйтсе де, Құрекең Жаратқанға жалбарынудан танбады, әулие аралап, кесенелерге түнеді, «уф-суф десе жазылмайтын жара, айықпайтын ауру қалмайды екен» дескен емші-тәуіптердің де алдын көрді. Әйелі екеуі қаладағы дәрігерге де қаралды, жазып берген дәрілерін дерттен құтқарар медет санап, мейлінше сеніп ішті. Ел арасындағы көпбалалы үйлермен көрпе ауыстыру, балағынан бала саулаған батыр аналардың сарқытын ішу, үбірлі-шүбірлі әулеттердің ақсақалдарынан бата алу сияқты қазақы ырым-жырымның да көңілін қалдырған жоқ, жасады. Бірақ еш нәтиже болмады.
Ет пен сүйектен жаралған пенде емес пе, ең көнбіс, ең момын, ең төзімді деген Құрекеңнің де жүйкесі кейде сыр беретін. Тоғайда пада бағатын ол оңашада тағдырына қатты налып, қарадай күйінеді. Жанын жегідей жеген мұңы шыдатпай, мұрны пышылдап біраз жылап та алады.
«Қыл аяғы мына мал екеш малда да ұрпақ бар: қарашы, әне, бұзауына жолап кетсең-ақ енесі анадайдан алакөзденіп, қызғанып өліп қала жаздайды, – дейді сосын ішінен. – Бұ жамандарға да ұрпақ керек екен, бұ бейшаралар да сол өзінен өрбіген ең қымбат жаратылыс үшін жанын қиюға дайын екен. Ал мен ше? Міне, жиырма жылдан асты, даңғыраған даладай үйге кемпірім екеуіміз ғана кіріп-шығамыз. Азанда оразамды аша сала мен малға кетемін, ол күйбеңдеп үйде қалады. Не оңған іс жоқ, не алданыш жоқ. Ойнайтын, бүлдіретін, шашып тастайтын, шаңын аспанға шығаратын бала болмағасын үйде бәрі жинаулы, бәрі реттеулі. Құсадан жарылып өле жаздайтын шығар байғұс. Е, Алла-ай, адам өз үйінің астаң-кестеңі шығып, аткөпір боп жатқанын да аңсайтын күн туады екен-ау. «Өй, мына тұқымың өскірлер қайтеді-ей! Әй, Пәленше, Түгенше, түу, аты кім еді әлгі бұзықтың, жинаңдар ананың бәрін! О, несі-ей! Осыдан әкең келсін!» деп Құдайдың құтты күні бұрқылдап жүретін көрші Қалима қандай бақытты еді!».
«Кешке де сол көңілсіз көрініс. – Сиырлардың шашау шыққанын сәл қайырып қойған ол әлгі үзілген қиялын қайта жалғайды. – Тағы да үн-түнсіз асымызды ішеміз. Қайбір тәбет тартқаннан дейсің. Үміті сөніп, қалауынан қайыр көрмей діңкелеген адамға ас батушы ма еді. Әйтеуір өмірдің заңы, өлместің қамы-дағы. Сонда өлмей, тірі жүргенде кімге керекпіз, оны да білмейміз. Ерлі-зайыптыны ежелгі достан да артық жақындастырар ортақ бақыт – бала екен ғой. Ол болмаса, қанша жақсы көрсең де, жардың әңгімесі жарасымнан қалады екен. Бибішімді де аяймын. Ұрпақсыз қалғанымызға өзін айыптаумен-ақ көз алдымда шөгіп барады. «Әй, бала туа алатын біреуді таптым, сен енді бар, айда, кет жөніңе!» деп, қай күні қуып шығар екен деп, жалтақтаумен-ақ күн кешті-ау сорлы. Құдай куә, ондай ойлар да келді ғой мына жұмыр басқа. Бірақ... қимадым бейшараны. Перзент сүйгісі келген әйел біздің Бибіштей-ақ болар-ау. Елдің баласына емініп, елжіреп-ақ тұрады. Базардан киім сатып алған, бұйым сатып алғандарға қарап, қызығады да күрсінеді. Әрине, ел бай болған соң емес, бар болған соң алады. Өйткені, баласы киеді, баласы оқиды, баласы ойнайды, баласы жейді! Баласының қуанышына керек, қызығына керек, тойына керек. Біз ше? Тапқан-таянғанымызды кім үшін жинаймыз? Кімге дәрі сол дүние? Ертең біз өлгесін-ақ тұқымы тұздай құрымай ма? Әй, бүйткен өмірінің атасына нәлет!».
Құрышбайдың көз жасына тек сиырлар ғана куә. Жануарлардың тілсіз жаратылғаны қандай жақсы, ермек таппай ерігіп отырған егелеріне жеткізіп бармайды. Ал адамдардың алдында Құрекең сыр білдірмейді. Оңашадағы осындай ашынумен басталып, арылумен аяқталып жататын осалдықтардан соң, еңсесін тұқырта езіп, тұншықтыра қинайтын зілмауыр қайғы тарап, сәл жеңілейіп қалғандай сезінеді.
Бір күні көкіректегі шемені жібіп, шері тарқағандай боп, кешкі апақ-сапақта үйіне кіріп келгенде, оны өзі ешқашан түсінде де көрмеген, мүлде ойламаған, тіпті армандауға да батпаған бақыт күтіп тұрды. Төргі бөлмедегі төсектің үстінде қасы қаспақтанған, танауы таңырайған қуыршақтай бөбек пысылдап ұйықтап жатты. Оның үстінен төне жаздап, әуестене үңіліп әйелі отырды. Бұған бұрылып қараған жарының жанарынан Құрекең бұрын-соңды сезінбеген ғажайып жарқыл – аналық мейірім ұшқынын көрді. Сол жарқыл Бибішін айрықша ажарландырып жібергендей, көзін тайдырып әкете алмады. «Бибігүл жеңешем босанды! Көрімдік беріңіз, көке!» деп қос қолын ұсына берген Қанатқа да, дастархан жасап жүрген Раушанға да не дерін білмей, состиып тұрып қалды Құрышбай.
Мән-жайға қаныққан соң да, дастархан басында ыстық шаймен тамақ жібітіп, тарсылдай жөнелген жүректің дүрсілі басылған соң да, ол мыналарға қосылып шаттана алмады. Ол енді қуанудың өзінен қорықты. «Жарайды, перзентхана басшылары келісіпті, баланы біздің атымызға жаздырармыз, ал ертең оның не анасы, не әкесі, тіпті болмаса солардың туыстарының бірі келіп, дауласса не дейміз?» . Рас-ау. Туасы соқыр адам ешқашан сәуле іздемейді, өйткені, оның не екенін ұқпайды да, өмірді тұтасқан қара түнек деп біледі. Ал көзі көріп жүріп, ойда жоқта жанарынан айрылса, ол сорлы өмір-бақи баяғы жарық нұрды аңсап, аһ ұрып өтпей ме? Құрышбай мен әйелі де бұған дейін сәби сүйіп, мейірленіп көрген емес. Енді мына періштені бауырына басып, бақыттан басы айналып жүргенде, «Әкеліңіз бері! Бұл – біздің баламыз!» деп дікеңдеп біреу кеп тұрса, нағыз сорлап қалу сонда болмай ма?
Бірақ Қанат пен Раушан жарыса сөйлеп, жабыла түсіндіріп, мұның мұңын тез сейілтті. Бәдиша қызын алып қалаға көшіпті. «Үйімді сатып алам деушілер болса, саудаласа бер» деп арғы қоңсысы Нысанбайға тапсырып кетіпті. Полицияға берілген арыз бойынша қылмыстық іс қозғалған екен, оны ақсақалдар қазақы ағайынгершілікпен тоқтатып, жапқызыпты. Бұған қуанған Бәдиша «баланы ешқашан дауламаймыз» деп, қолхат жазып қалдырыпты...
...Содан бері дүниеде Құрышбайдан өткен бай, Құрышбайдан бетер жомарт, Құрышбайдан асқан бақытты адам жоқ!
V
– Алла-Тағала біреуге көл-көсір дәулет беріп сынаса, біреуге зәу-затты әулет беріп сынайды. Кейде осының бірін мол етіп сыйлағанымен, екіншісіне әбден зар қылу арқылы да пендесін ауыр сынақтан өткереді екен. «Мұңлық-Зарлық» жырындағы Шаншардың алпыс қатынынан бір де перзент көрмей, хан басымен қайғы жұтуы, міне, осыны аңғартады. Мұндай сынға екінің бірі шыдай бермейді. Ал шыдаған, қандай қиындыққа да қарамай құлшылығынан танбаған, төзім мен сабырдың кемел үлгісін көрсеткен адал құлдарына Алла-Тағала ақырында лайықты сауабын жіберіп, мол қуанышқа кенелтеді.
Шырақшының көне жыр тағлымынан таратқан көшелі уағызы жадымда қайта жаңғырып келеді. Әлібек достың ауылында аунап-қунап үш күн жатқан соң, жолға қайта шыққанбыз. Мұңлық пен Зарлық кесенелері тұсына тағы да тоқтап, Құран оқыдық. Алда – ұзақ сапар, алыс Алматы.
– Не ойлап келесіз? – Терезеге қараған күйі қалың ойға шомып кеткен екенмін. Мәшинені зорға айдайтындардың емес, жорға айдайтындардың қатарына еркін енетін майталман тізгінші Әлібек маған жымия қарап қояды. – Айта отырсаңызшы.
– Шыны керек, санамда көне дастан мен кешегі естіген хикаям мидай араласып, сапырылысып кетті, – деп күлдім мен. – Бір перзентке зар болған Құрышбайды кәдуілгі падашы демесең, баяғы Шаншарханмен тағдырлас жан дер едім. Жырдағы жаңа туған қос періштені – Мұңлық-қыз бен Зарлық-ұлды – еш шімірікпестен дарияға тастай салатын әлгі мыстан кемпірден бүгінгі Бәдишалардың бейнесін көретіндеймін. Ал соларды суға батырмай, өлтірмей, аман алып қалатын Ғайып ерен, қырық шілтен әулиенің шапағаты тиген бүгінгі ізгі ниетті адамдар – Қанат пен Раушан десем, артық емес шығар?
– Бәрін шебер шендестіре қойыпсыз, – деп күлді ол. – Ал өткенде «бұл хикаяда махаббат бар ма, жоқ па – оның өзі белгісіз» деп едім, оған не айтасыз?
– Мұнда махаббат бар. Қанат пен Раушанның жүрегіндегі адамдарға деген мейірім, ізгі көңіл – махаббат емей, немене? Баланы анық ажалдан құтқарып қалды, тиісті орынға жеткізді: былай қарағанда, олар өз міндетін атқарды, бітті. «Ар жағын өздеріңіз шешіңіздер» деп, тып-тыныш өз тіршілігін жасап жүре берсе де, оларға ешкім кінә арта алмас еді. Бірақ олар бейкүнә сәбидің әрі қарайғы тағдырына да жаны ашыды, өз баласынан кем көрмей асырай алатын ата-ананың қолына тапсырды. Осы шешімдерімен олар ауылдағы жалғыз перзентке зар болып отырған отбасына да шаттық сыйлады. Ал Құрышбай мен Бибігүлдің қарым-қатынасы – махаббат емес пе? Бала сүюден соңғы үміттері сөнсе де, ажыраспапты, бірін-бірі қимапты. Кем дегенде, құрметтеуге тұрарлық-ақ сезім. Олардың әлгі қызды жанындай жақсы көретініне, бар жиған-тергенін соның аузына тосатынына, балапандай әлпештеп, мәпелеп отырғандарына титтей де күмәнданбаймын.
Әудем жердегі жол жиегінен май құю бекеті көрінді. Дәл алдына келіп тізгін тарттық. Әлібек шығып кетіп, жанармай құйғызды да, іргедегі дүкеншеден темекі мен салқын су алды.
– Мәшиненің қарны тойды, енді өз асқазанымызды алдандырудың қамын ойластырайық, – деді сосын өз орнына жайғасып жатып. – Көп ұзамай алдымыздан кафе немесе асхана ұшырасып қалар.
– Айтпақшы, әлгі кішкентай қыздың аты кім екен? – дедім мен тап осы сәтке дейін оның есімін білуді ойламағаныма таң қалып.
Әлібек көлігін дүр еткізіп оталдырды да, маған қарап:
– Мұңлық, – деді.